Көктем күнделігі (жалғасы)

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі (жалғасы)

(Басы)

Оныншы көктем
Алматыға шынымен ғашықпын! Өткен жаз отбасымызбен «Алма-Арасанда» демалдық. Содан әлі айыға алмай жүрмін. «Жазды қалай өткіздің» деген шығармада біраз көсілдім. «Күз» бен «қыс» тақырыптарындағы шығармаларға да Алматыны кірістіргенім есімде. Енді, «Көктем» туралы жазыңдар дегенде, мұғалімім «Алматыны қоспай-ақ қой» деді. Алматыны қоспағанда Атыраудың көктемі туралы не жазасың? Көктемде маса шығады, балшық болады, ол кепсе, шаң көтеріледі деп пе?! Құралайдың кезіндегі жаңбырды жазуға болатын шығар, сосын. Әжемнен амалдарды үйрене бастадым, «әлхам» мен «құлқуалланы» жаттап жүрмін. Бір күнде жаттап алуға болады ғой, бірақ, жазда сатып алған «Dendy» ойнаудан қол босамай жүр.

Он бірінші көктем
Бастауышпен қоштастық. Биыл да жазда Алматыға барамын ба деген асқақ арман болған. Папымдар олай болмайтынын айтты. Сосын, жергілікті «Құлыншақ» газетінің жас тілшісі ретінде Астананы көрем бе деген үміт болды. Алайда, «Жас Астана – жас жеткіншектер көзімен» халықаралық фестиваліне де бара алмайтын болдым. Жасым кіші деді. Жазда бөлеммен бірге жергілікті «Тұлпар» лагеріне баратын болдық. Көңіл-күй жоқ…

Он екінші көктемім
Бесінші сыныптан бастап, математикадан тереңдетілген гимназия сыныбы болдық, Құдай ұрғанда. Үшінші тоқсан да үшке шығатын сияқтымын орыс тілі мен математикадан. Есесіне, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен үлгерімім жөнделіп келеді. Үйдегі кітаптардың ішінде де қызық шығармалар бар екеніне көз жеткізе бастадым. «Sega» ойнаудан да қызығырақ па деп қаламын кейде…

Он үшінші көктем
Бұл көктемде жақын адамыңды жоғалтудың не екенін сездім. Әкемді меңдеген дерт – Ауғандағы соғыстың салдары – «Бехтерев ауруы» деп жүргеніміздің, ғылыми тілде «анкилозирдеуші спондилоартрит» – неден туындайтыны белгісіз һәм жазылмайтын ауру – екенін кейін білдім. Дәрігерлер жиырма жеті жасында оған бұл диагнозды қойғанда, «әрі кетсе, он жылдай ғұмырыңыз қалды» деген екен. Қысқасы, бұл көктем осындай көңілсіздеу болды…

Он төртінші көктем
Осы көктемнің де көңілсіздеу болатын түрі бар. Жұма сайын әжем үйретіп кеткен «құлқуалланы» әкеме қосып, әжеме де бағыштайтын болдым. Кітап оқу сиреді, далаға шығып, соңымнан шешем іздеп шыққанша үйге қайтпайтын әдет пайда болды. Темекі тартып ұсталып қалатыным да осы көктем-ау деймін. Әлде, келесі көктем бе екен?! Осы екі көктем бір-біріне қатты ұқсас.

Он бесінші көктем
Өткен қыста кітапхананың үздік жас оқырмандарының бірі ретінде Алматыдағы әлдебір жиынға барып қайтқанымның айтып тауыса алмай жүрген қызығы болмаса, бұл көктемде де сол – тірліктің негізгі штрихы темекі тартуға, былтыр жазда үйренген арақ ішу мен шөп шегу қосылды… Осы тоқсан информатикадан «үш» шығатын болар. Өткен тоқсан әупірімдеп төртке шыққам. Мұғалімім ренжулі: мектепішілік пәндік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, оған бармай қалып едім. Бірақ, айтарлықтай проблема туғызып жүрген жоқ, ол мен үшін: орыс тілі мен алгебраның қасына қоса салармын. Проблема: гитарамды сындырып алдым. Енді, біздің үйде Высоцкийге, Визборға, Табылдыға қосылып ешкім ән айтпайды. Көшеде – Петлюра мен Цой.

Он алтыншы көктем
Биыл көктемде Махамбеттің 200 жылдығына арналған сыйлықтың иегері болдым. Не сыйлық екеніне сол кезде мән бермеп ем, қазір де есіме түсіре алар емеспін. Есімдегісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектепішілік олимпиададан қалалыққа жолдама алып, қайтадан ұйықтап қалуға мүмкіндік берген, қалалық Абай оқуларынан бірінші орын алғызған «Махамбет туралы толғауымның» ақысы ретінде, дипломға қосып, былғары портфель мен жиырма бес мың теңге ақша берді, орталық стадиондағы түлектердің қоштасу кешінде, облыс әкімінің өзі. Ия, Әбішке ме, Иран-Ғайыпқа ма, әйтеуір, біреуге еліктеп, осындай шұбалаңқылап, басын аяғына жазып, аяғын басында келтіріп жұмбақтағансып баяндау секілді қыршаңқы жазу стилі пайда болды, осы көктемнің аяғында. Бұдан, өздеріңіз түсініп отырғандай, мен осы көктемде «бірдеңелер» жаза бастадым… Әлгі ақшаға бірден барып, мамама телефон алып бердім. Осылайша, тоғызыншы классты тәмамдағаным туралы куәлігімдегі үш «үшті» жуып шайғандай болдым. Қуанышты жаңалық бір бұл емес: мамам, биыл Алматыға барамыз деді.

Он жетінші көктем
Бұл көктемде сыныптың балалары былтырғыдай емес, жайдарылау сияқты. Өйткені, алда, емтихан да, аты белгілі болса да, заты беймәлім – тестілеу де жоқ. Орыс тілі мен информатикадан жағдайды реттедік, сынып жетекшім де геометриядағы үлгеріміме бола, алгебрадағы бағаларымды көтеріңкіреп қоятын сияқты. Бірақ, бәрібір, бақылаулар баяғыша, «екі мен үш». Ол – маңызды емес. Маңыздысы – мен шын ғашық болып қалған сияқтымын. Білмеймін, бұрынғылар бала махаббат болған шығар, әлде басқа ма, әйтеуір, бұл жолғы күй мүлдем бөлек. Бұрын қалай байқамай келгем, оның әдемілігін, ақылдылығын… Жоқ, оны тартымды қылатын бұл қырлары емес… Неше жыл бір сыныпта оқып келеміз… Әскери комиссариат тексеруінен соң, «кім боласың?» деген сұраққа ақыры жауап тапқандаймын. Алматыдағы әскери оқу орындарының біріне түсіп көремін.

Он сегізінші көктемім
Әскери болмайтын болдым. Өткен жазда бір қолайсыздау оқиға орын алып, әскери өмірге жол жабылды. Алматыға, мамам мен папам оқыған КазГУге құжат тапсыратын шығармын. Тестілеуден соң көреміз, енді… Былтыр көктемде оянған махаббат, сол жылдың күзінен аспады. Биыл мектеп бітіреміз: ата-аналар жиналысы сайын, «балаларыңа репититор жалдаңдар! Тесттен құлап қалмасын» дейді мұғалімдер. «Сонда он бір жыл бойы, мектеп не үйретті?!» деп мамам екеуміз бір-бірімізден сұрап қойдық. Репититор жалдамайтын болдық. Оның ақысына гитара аламын. Бірақ, «дені дұрыс ән» үйрену керек, мама үшін.

(жалғасы бар)
Әрі қарай

Көгілдір көктем

(Көктем туралы толғау. Ой.)
Көктем – жыл басы. Сірә, мынау дөңгеленген Әлем де дәл осы жаймашуақ көктемнің бір күнінде жаралғандай…
Әрі қарай

Қош келдің, мем-көктем!

Қазақша веб-комикс: Қош келдің, мем-көктем!
Көктем, көктем. Келуі қиын оның. Әсіресе Астанаға. Қай уақытта кетіп қалғанын түсінбейсің сосын. Бір қарасаң жаз тұрады жайнаңдап. Жарайды, ол бөлек әңгіме. Ал осы «көктем» дегенде не келеді көз алдымызға? Соған тоқталайықшы...
Әрі қарай

Қарбалас

Көктемді түрліше сипаттауға, суреттеуге және жазуға болады. Бұған әрине, біздерге жылулық сыйлайтын осынау мезгілмен қоса келетін түрлі мерекелер мен мейрамдардың да әсері баршылық. Не десек те «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей қытымыр қыстан әйтүп-бүйтіп шыққандар көктем мен жаздан бір үміт күтері анық.
Салыстырмалы түрде қарасақ қала көктемі мен дала көктемі мүлде бөлек. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегенге салар болсақ біздің Арқаның нағыз көктемі осы сәуірде келеді. Сай-салаға жайқала шыққан қызғалдақтар мен сарғалдақтар сәуірдің орта белінен аса, мамыр айының басында дала көктеміне ерекше бір сән беретіні рас. Көкке ауызы тиген қозы-лақ бір мезгіл енесін ұмытып, асыр салатын мезгіл де осы. Бірақ, бұның бәрі сәуір айында.
Наурыз айы далалықтарға ең қарбалас шақ. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін» мезгілі. Қора маңына жинаған шөбінің таусылуға таяйтын, әлдеқалай қыс ұзарып кетсе саусағын мұрнына тығып қалу қауіпінің жоғарылайтын кезеңі.
Дегенмен, биылғыдай қар күрт еріген жылдары дала қазақтары қорадағы ірі қараларын, қой-ешкілерін қарайған қырат жаққа бағыттап жібереді. Жілік майы азайып шыққан малдар сай-саладағы іргесі сөгіле қоймаған қарларға үйелеп қалып жататын оқиғалар да кездеседі. Ертеңгілік инедей жылтырап жатқан жылғаның суы, сай-саладан келіп қосылған қар суымен өткел бермес өзенге айналатыны да көктемнің осыбір айына сәйкес келеді екен. Таңертең жайылымға кеткен малдарын кешке өзеннен бері өткізе алмай, ат сауырынан асатын, сең-сең мұздар жүріп жатқан өзеннен бес-алты атты адам сиырларды қақпайлап өткізтудің азабын сөзбен жеткізті мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Екі көлік соғылып қалса, таяққа сүйенген адам тайып құласа қалта телефондарымызды суырып алып, қызық үшін видеоға түсіріп, интернетке салатын біздердің ол жанталасты, қарбаласты видеоға түсіріп тұрғанымыз ауыл адамдарының алдында ұят қылық. Биылғы көктемнің осы қарбаластарының барлығын өзім арқылы тағы бір сезініп шыққаныммен мен сіздерге бұл жазбамдағы қарбаластардың барлығын суретпен немесе видеомен бере алмауымның себебі осы.
Бұл мал шаруашылығымен айналысатын дала қазақтарының көктемгі тірліктерін суреттейтін жазба. Бұдан бөлек ауылдағы ағайындардың көктеммен қоса келетін егін науқанына дайындық секілді басқа да бітпейтін тірліктері бар.
Әрі қарай

Көктем күнделігі

Блог - nurbergen_makym: Көктем күнделігі
Көктем… Тым қатты оригинал болу қиын шығар бұл тақырып төңірегінде. Мектепте оқып жүргенде ең ұнатпайтын тақырыбым жыл мезгілдері туралы шығарма жазу болатын. Қазір де, бұл тақырып мен үшін «таңғы алты мен түскі он екі аралығындағы уақыт» жөнінде бірдеңе жаз дегенмен бірдей. Тіпті, соңғысы, сәл оригиналдылау көріне ме деймін. Өйткені, мен көктем туралы сіз білмейтін бір нәрсені айта аламын дей алмаймын, менің қадірлан оқырманым. Мен бұл өмірімде көктемді бар болғаны 28 рет көрген екенмін. Алғашқы кездесулеріміз есімде де жоқ. Сол себепті, алғашқы абзацты сол көктеммен алғашқы кездесуіміздің алғашқы әсерлерімен бөлісудің орынына пайдаланды дей салыңыз.
Әрі қарай

Көкпекті (видео)

Наурыздың 30 нан 31іне ауған түні Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті елді мекенінде тосын оқиға орын алды. Ауылдан әрірек орналасқан су қоймасы күрт еріген қар суынан деңгейінен аса көтеріліп, 810 үйлі ауылдың 4-5 көшесі түгелдей су астында қалды. Әзірге ертеректе саман кірпіштен салынған 19 үй адам тұруға жарамсыз деп табылып отыр. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша бұл үйлердің иелеріне мемлекет тарапынан шаршы метрі жағынан дәл келетін жаңа үйлер салынады. Үйден бас тартқандарға ақшалай өтемақы төленеді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының материалдық шығындарын есептейтін комиссия құрылған. Бұл комиссия он күн ішінде тізім жасап, сол тізім бойынша тұрғындар материалдық көмектерге қол жеткізе алады.
Қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың саны 5 адам. Облыс әкімі Бауыржан Түйтеұлы әрбір қаза болған адам үшін туыстары мен жақындары 1 млн. теңгеден алатынын тілге тиек етті.
Әрі қарай

Көктем келе жатыр...

Блог - kozildirik: Көктем келе жатыр...

… Жаз еді. Жадыраған. Тіршілік иесі жан рақатында. Ертең де, арғы күні де жаз тұра беретін сияқты көрінетін. Әрқашан. Өзгермей. Әрине, арасында күн бұлттайтын. Жаңбыр да жауатын. Ол жаздың жаңбыры болған соң артынан көк шығып, айнала одан сайын құлпыра түсетініне ешкімнің күмәні жоқ еді. Бірақ тарих тегершігі көнсін бе… Қазақтың жазы соңғы ханы –Кенесарының басымен бірге солтүстікке көшіп кетті…
… Күз. Бүрсеңдедік. Етек-жеңді жинадық. Теріскейден соққан жел ықтыра бастады. Қатты бұрқасыны қарсы тұрғандарды жұлып кететін. Киіз үйіміздің етегін тартқылап, түндігін төңкере бастаған соң жер қазып, тастан үй қалап, жатаққа айналдық. Ескі шапан арқамызды ызғардан сақтаса, алыстан жіберілген шен көңілге жылу бергендей ме еді… «Алаш» деп Әлихан сынды күн шыққан кезде артынан табиғат жылып сала берердей көрінген…
… Бірақ артынан қыс келді. Қаһарлы. Айналаны сіресе қымтаған қардан бірдеңе болжау мүмкін емес. Сана кіреукеленген. Қыстың ығымен жүріп, ықпалына берілмесең шыбын жаның тілге келіп, бақұлдасып үлгермейді. Аязға қарсы тұрып, боранымен алысқандар, алысқысы келгендер табылды. Бірақ олардың қайда кеткенін көпшілік түсінбей қалды. Қар кеткенде бір хабары болмаса…
… Табиғат ғажап. Ғажап шебер. Әлемнің жартысын орап алып, оны ешкім мызғыта алмас деген қытымыр қыстың соңы желтоқсанда басталар деп ешкім ойламаған болар. Жылымық. Ия, қазір жылымық бар. Жылдан жылға көктемнің иісі сезіліп келеді. Бәйшешектеріміз де гүлдеді. Әзірге нәзік, бірақ… Олар біздің бәйшешектеріміз ғой! Қыстың бұрынғы қауқары болмаса да арасында қар аралас жаңбыр жауады. Соңғы қаһары ма, әлде шарасыздықтың көз жасы ма… Ол маңызды емес, бастысы санамыздағы көктемнің ескегіне желкенімізді тоса білейік…

Коллаж жасаған Janasil
Әрі қарай

Көктемгі жеңіл пикап

Махаббатизация: Көктемгі жеңіл пикап
Көктем келе жатыр ғой. Інішектерге қызбен сөйлесіп кетудің бір-екі амалын айта кетсем бе деймін. Қызбен танысу оңай, ал әрі қарай әңгімені жүргізіп кету, оған ұнау, сеніміне кіру, оны күлдіре алу қиын нәрсе негізі. Мынандай тәсілдер қолданатынмын:

ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ТӘСІЛ
— Ақтөбеденсің бе? (дейсің өз жағыңның атын айтып)
— Жоқ, ***дан. (Мысалы Қызылорда, Семей, т.б дейді)
— Ааа, мен әдемі қыздар тек Ақтөбеде болатын шығар десем… (деп өтірік таң қалған боласың)
 (ұялып күледі өзінше, сосын келесі сұрақты өзі қояды)
— Тек Ақтөбеде ғана емес қой әдемі қыздар. Өзің Ақтөбеденсің бе? (қыз уже әңгімеге дайын, өзі сұрақ қоя бастайды)
— Иә, Ақтөбеденмін. Сендер жаққа барып көрмеппін, барғым келеді. Қандай күшті жерлер бар? (деп оның өз жері туралы мақтануына мүмкіндік бересің)

МАМАНДЫҚТЫҚ ТӘСІЛ
— Мұғалім емессің бе?
— Жоқ
— Ааа, сені мұғалім екен деп қалдым
— Неге олай ойладың?
— Білмеймін, сөздерің анық, даусың жарқын және бір мейірім байқалады. Жақсы мұғалім бола алар едің деп ойлаймын
(Қыз әрі қарай өзін мақтауға кетеді. Негізі мұғалім болуға мүмкіндігі болғанын, кафедрада қал деп айтылғанын, бірақ мына жұмысты таңдағанын айтып кете береді)

ЗОДИАКТІК ТӘСІЛ
— Суқұйғышсың ба?
— Жоқ.
— Ааа, Суқұйғыш шығарсың деп қалып едім…
— Неге олай ойладың?
— Ақылды қыз сияқтысың. Суқұйғыштар ақылды болады ғой
 Жалғыз Суқұйғыштар ғана ақылды ма не? Балықтар да сондай (деп өзін өзі мақтауға кетеді. тек тыңдап отыру керек шыдап)

Жалғастырамыз
Әрі қарай