Екі рет жеңіс әкелген тұмсық немесе Отан қорғаушылар күніне оффтоп
Мүйізтұмсықтың мүйізі.
Әлі күнге дейін мүйізтұмсық мүйізінен жасалынған ыдысқа у қосылған шарап құйылса бұрқылдап қайнайды, мүйізден жасалынған ұнтақ ауыр толғақ кезінде оңай босануға көмектеседі, оба ауруын емдеп жазады, адамды жасартып, терісін балғын етіп, бет жүзінің әжімін кетіріп, ең бастысы еркектің қуатын қалпына келтіріп, күшіне күш қосып айғыр етеді деген сенім бар, наным бар, қысқасы сондай соқыр дүмшелік бар. Осы себепті де мүйізтұмсықты аулап, мүйізін жұлып, не қырқып алып, одан қанжарға сап жасап, не ішін ойып қуыс етіп, шарап құйып ішеді, ал бұтағы оянбай қиналып жүрген бейбақ болса, мүйізін ұнтақтап күнде ішеді. Сонымен, әлем халқы, соның ішінде Орта Азия тұрғындары, араб елдері әсіресе Қытай медицинасы құдайдай көріп, сеніп келген мүйіз расымен де сонау мифологиялық кейіпкер Дарамүйіздің (единорог) ұрпағы ма?Мүйізтұмсықтың мүйізі-ешқандай да сүйекті зат емес, талшықты зат. Бір-біріне қабыса,өріле, тығыз бірігетін кератин депи аталатын талшықтардан құралады. Көшеде кеуіп жататын аттың тұяғын көргендер бар шығар. Сондағы ат тұяғының неден тұратынын білген адам мүйізтұмсық мүйізінің де құрамын біледі. Ат тұяғы не, мүйізтұмсықтың мүйізі не, екеуі де бір құрамға ие, кератин деген заттан тұрады.