Қаламгерлер журфактықтармен кездесті

Кеше білім қарашаңырағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің № 5 жатақханасында оқу жылының бастамасы ретінде факультет деканы Есберген Алаухановтың ұйымдастыруымен келелі кеш өтті. Мазмұнды шараға елімізге есімі белгілі қаламгерлер, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Нұртілеу Иманғалиұлы, «Заң» газетінен Бекжан Әшірбаев, Аманхан Әлім, «Үркер» жастар журналынан Қуандық Түменбайлар келді. Жиынның мақсаты – биылғы жаңа оқу жылына бағыт алған болашақ журналистерге алғы буын ағалардың дәрісін тыңдатып, ақыл кеңесін алу. Басқосуды ашқан журналистика факультетінің деканы мұндай тәлімі мен тәрбиесі мол кештің бізге өте қажеттігін айта келіп, қаламгерлерге сөз берді.
Әуелгі сөзді тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы алып, студенттік жылдарында көрген қиындығы мен қызықтарын баяндай келіп, журналистерге екі қажеттілік, бірі – білім, екіншісі – мінез керектігін тілге тиек етті. Ал, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай құзырындағы басылымға журналистика факультетінің студенттерінің де атсалысқаны жөн екенін айтты. Бұдан кейін Заң газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаев студенттер қауымын жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, «Қазіргі көзіміз ашық, көкірегіміз ояу кезеңде журналистер түрлі себептермен бұқара халықтың мәселесін шешіп, олардың құқығының қорғалуына себепші болады. Өкінішке қарай, сөз киесін арқалап жүрген қаламгерлер өз құқығын өзі қорғай алмай жатады» деп қынжылыс білдірді. Журналист, ақын Аманхан Әлімнің тұщымды пікір, салмақты сөзі болашақ журналистердің көзқарасын айқындап, сөз өнеріне өзім деп қарауға тәрбиелегендей болды.
Факультет басшысы һәм ұстаздар қауымы алдағы мезгілдерде де мұндай ғибратты шаралардың көптеп өткізілетініне сөз берді.
Әрі қарай