Мен үшін Қазақстанның алғашқы символдары

Бұған дейін де жазып едім негізі: Менің өскен ауылым Қазақстан территориясында болғанымен, Ресейдің медиа-ықпалын көбірек көрді. Өйткені, бізге отандық телеарналар 2004 жылы ғана келді. Сондықтан да шығар, орыс арналарынан "Қазақстан", "қазақ" деген сөз естілсе, селк етіп құлағымызды түріп, кейін естімегендермен бөлісіп: «Телевизордан Қазақстан туралы айтты», — деп қуана айтып жүретінбіз.

Мектеп жасындағы Patick те "үлкен жерден" кеш жететін жаңалықтарға, өзгерістерге сусап жүретіндердің бірі еді. Осы орайда, бала кезімде есте қалған, біздің ауылдың тұрғындары үшін Қазақстан символы болған тұлғалар туралы айтсам деймін.

1. Василий Жиров.
«Мә, Жиров деген боксер шығыпты. Керек болса Тайсонмен де төбелесемін депті. Чемпион мира екен», — деген әңгімені түнгі балық аулауға шыққан жігіттер айтып отыратын.
Блог - patick: Мен үшін Қазақстанның алғашқы символдарыФотосурет: sports.ru




















Оны экраннан көретін күн де келді бір жылдары. Ресейдің Бірінші арнасы Василий Жировтың бір америкалықпен жекпе-жегін трансляциялады. Түн ортасында болғанына қарамастан, трансляцияны күтіп жаттық. Қателеспесем, Вася ұпай санымен жеңіліп қалды. Бірақ оның алып денесі, жолбарыс түстес формасы, комментатордың «Балхашский тигр» деп атағаны кәдімгідей үлкен әсер етті. Ол менің Қазақстанмен байланысы бар алғашқы қаһарманым еді. Іштей ол боксшылардың бәрін жеңіп, атағы жер жарса екен деп соның тілеуін тілеп жүретін едім.

2. Сергей Филимонов
2004 жылғы Олимпиада ойындарының трансляциясын көрдік. Әрине, ресейлік телеарналар өздерінің спортшылары қатысқан жарыстарды көрсетті. Жалғыз «алтын» алған Бақтияр Артаев екенін білемін, бірақ оның төбелесін көре алмадық. Георгий Цурцумианың күресін шет-жағалап көрсеткендей болды. Бірақ, маған рух берген — ауыр атлет Сергей Филимонов.
Блог - patick: Мен үшін Қазақстанның алғашқы символдарыФотосурет: vestnik-belovo.ru





















Әлі есімде — алшаң басып шыға келеді де, штанганы ешбір қиналыссыз көтеріп тастап, алшаңдаған күйі кетіп қалады. Өзі үнемі күлімдеп тұрады. Алған күмісі мен үшін алтын медальмен бірдей болды.
Орыс комментатор «Сергей Филимонов» деген есімді трансляция кезінде бәрінен де көп қайталағандай болды. Жүрек лүп-лүп етіп, таңертең бәріне айтып беруге асықтым сол түні.
Өкінішке орай, Сергей спортпен тез қош айтысты.

2000-шы жылдардың басында спортшыларымен ғана емес, өнерлі жастарымен де таныла бастады. Солардың бірі:
3. Дильназ Ахмадиева
Блог - patick: Мен үшін Қазақстанның алғашқы символдарыФотосурет: tengrinews.kz



















2002 жылы Дильназ «ОРТ» телеарнасынан жыл сайын көрсететін Юрмаладағы «Новая волна» сахнасына шыға келгенде, бөлмеде теледидар көріп отырған 10 адамның 9-ы ауыздарын ашып, не таңғаларын, не қуанарын білмей жеңіл-желпі шок алғаны есімде. Неге тоғызы? Өйткені біреуі үйдің қожайыны. Өзі өте қиқар адам еді. Көрші-көлем шағын ауылдағы теледидары бар жалғыз үйге жиналғанда, үйде кім қожайын екенін көрсеткісі келіп, жұрттың қалағанын емес, өзі көргісі келген арнаға ауыстырып жібереді. Отырасың сосын, "қызық болып жатқан каналға" ауыстыруын Құдайдан тілеп. Неге құдайдан? Өйткені әлгі қожайын өлсе де ауыстырмайды.
Сөйтіп, көршінің теледидарынан үзіп-жарып, концерттің шет-жағасын көргендей болдық. Мен үшін Қазақстанды эстрада саласынан алғаш танытқан Дильназ Ахмадиева. Кейін музыка дүкеніне, Интернетке қол жеткеннен кейін оның әндерін, әнші туралы мәліметтерді іздеп жүретін болдым.

4. Иван Бреусов
Блог - patick: Мен үшін Қазақстанның алғашқы символдары
















Бұл бір енді үлкен дастанға татырлық әңгіме. Қазақстандық әнші Ресейдің «Фабрика звезд-4» реалити-шоуында пайда болысымен-ақ, бар шаруа кейінге қалды. Әр жұманың кешінде шоудың қатысушылары концерт береді, қорытындысында бір адам жарыстан шығарылады. Иван Бреусов «Фабрикада» 6 аптадай болды (егер қателеспесем). Шоудан шығып қалғандағы ауылдың күйзелісін көрсеңіз — мектепте сол күні сабақ өтпеді, мұғалімдер мен оқушылар сабақ үстінде Иванды талқылаумен болды.
Кейін «Фабрика звезд» қатысушылары айтқан әндердің жинақтары шықты. Иванның «Сердце скажи» әні хитқа айналды. Күнделік-дәптердің мұқабасында суреттері шығып, соны ұстау сән болды. Очм, ақпараттық изоляция кезіндегі осындай болмашы нәрселердің барлығы үшін біз үшін үлкен жаңалық, қуаныш еді.

Иван Бреусовтың жарыстан шығатын күнгі әні («Сердце скажи»):


P.S. Айтпақшы, Қазақстан арналарын көретін, үлкен ауылдарда тұратын ағайын «Тоғысқан тағдырлар» деген отандық сериал шықты, керемет деп мақтайтын. Ресейдің «Граница. Таежный роман», «Участок», «Улицы разбитых фонарей» секілді треш-сериалдарын көріп жүрген біз үшін әлгі қазақы сериал туралы есту таңсық та қызық еді. Кейін, оған да қол жетті. Бір сериясын көргеннен кейін ештеңедан құр қалмағанымды түсіндім, «Участогым» бәрібір артық екен.
Әрі қарай