Шыңғыс Есенамановпен сырласу
Қазіргі заманда қыз баланың араласпайтын шаруасы жоқ. Әмбебап болғаннан ешкім зардап шекпеген шығар, енді. Сол себепті ара-арасында футболға да қызығамыз. Сіздерге ескіріп кеткен жаңалықпен бөліспекпін. Шамамен 1 ай бұрын, үй тапсырмасы ретінде, республикалық деңгейде жүлделі орын алған бір спортшыдан сұқбат алу керек болды. Бәріміз жанталасып іздей бастадық. Сөйтіп, менің кейіпкерім кім болды? Қызық болса, сұқбатыма көз жүгіртіп өтіңіз! ^=^
Шыңғыс Есенаманов — «Тұлпар» футбол командасының бұрынғы капитаны, Қазақстан құрамасының вице-капитаны, қазір "Қайрат" мини-футбол клубының ойыншысы. 2012 жылы маусымның ең үздік ойыншысы атанып, араға үш жыл салғаннан кейін қайтадан осы номинацияның жеңімпазы болды.
— Шыңғыс, естуімше, сіз Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университетінің (КЭУК) түлегісіз. Не себепті қаржыгер емес, футболист болуды таңдаңыз?
— Балалық шақтан бері футболға құмармын. Қарапайым балалар сияқты алаңдарда ойнап жүрдім. Ақырында қалай кәсіби спортшыға айналып кеткенімді білмей қалдым. Қазір футболсыз өмір, өмір емес. Ол — өмірімнің үлкен бір бөлшегі.
— Қазір физиотерапиялық ем қабылдап жүрсіз. Инстаграм парақшаңызда «аздаған жарақат алдым» дегенсіз. Қашан және қалай жарақат алып жүрсіз? Қандай жағдаяттарда?
— Бізде енді онсыз болмайды. Көбіне дайындықтар мен жарыстардан аламыз. Иә, шынымен ем қабылдап жүрмін. Жаттығу кезінде аздап буындарымды зақымдап алдым. Қазір, шүкір, бәрі жақсы. Жаттығуларға да бәріне қатыса аламын.
— Ең бастысы — денсаулық! Сізге тезірек жазылуыңызға тілектеспін. Жазда маусымның ең үздік ойыншысы атаныпсыз. Құттықтаймын! Бұл сүйінші хабармен sport.kz интернет-порталымен бөлісіпсіз. Сонда «Хочется что-нибудь выиграть» дегенсіз, ойға алған мақсатыңызға жеттіңіз бе?
— Рақмет, бұл тосын жаңалықтардың бірі еді. Иә, іштей сездім. Бірақ осы маусымның ең үздік ойыншысы болатынымды естігенде қуанып кеттім. Жоқ, әлі армандаған мақсатыма тек шындалудамын. Бар ынтамды салып, болашақта жүзеге асырсам, нұр істіне нұр болар еді. Бәрі өз уақытымымен болады. (жымиды)
— Сонда қандай арманға шындалудасыз?
— Менің арманым Қазақстанның чемпионы болу. Негізі, егер Бразилияға ұтылып қалмағанда, бәрі оңай болушы еді. Бірақ ештен кеш жақсы демекші. Әлі талай жеңісті күндерімізді көп болатына сенемін!
-Білуімше, сізде екі кішкентай ұлдарыңыз бар. Болашақта оларды Қазақстан құрамасының ойыншылары ретінде көре аламыз ба?
— (Езу тартып, күлді) Иә, ұлдарым бар. Негізі қалай жауап берерімді білмей тұрмын. Себебі, үлкен ұлым боксты жақсы көреді. Кішкентайым, әлі ештеңеге қызықпайды. (жымиды) Бірақ әлбетте олардың футболист болғандарын қалаймын. Егер басқа спортқа қызықса да қарсы болмаймын.Олардың қалауы бәрнен маңыздырақ.
— Әлбетте, балалардың орны әрқашан бөлек болған, ғаламторда бір қызық пікірге көзім шалынды. Осы пікірге қалай жауап берер едіңіз?

— Енді бұл жерде ешкімді кінәлауға болмайды. Себебі егер Тұлпарда бұрынғы ойыншылар қала берсе, жастар не істейді? Талай талантты жас футболшылар бар. Оларға да өздерін көрсетуге мүмкіндік беруіміз керек.
— Сізбен толық келісем, ал енді Тұлпардан кеткеннен кейін қазіргі жаңа тобыңызбен қарым-қатынастарыңыз түзу ме?
— Аллаға шүкір, бәрі де жақсы. Олардың іштерінде де Қарағандының адамдары бар. Бір-бірімізді қолдап жүреміз. Басында аздап қиын болса, қазір бір отбасының балаларындаймыз.
— Кейде бәрін тастап кеткіңіз келеді ме?
— Пенде болған соң әр түрлі жағдайларға тап боламыз, бірақ ешқашан өмір бойы жиған-тергенімді тастап кетуге дайын емеспін. Ондай күндерім болмады десем де болады.
— Ал, енді, ең соңғы сұрағым. Шетелде болған ең қызық, ыстық естеліктеріңізбен бөлісе кетсеңіз.
— Футболдың арқасында көптеген елдерді араладым. Бір қызығы оларды бөліп жармаймын, өткізген әр сәтім ыстық естеліктерге толы. Әр ойыншыға ең бастысы — туған еліне жеңіспен оралу. Бұл ұмытылмас шақ. Міне, осы ойындардың арқасында қызықты жайттарға кезігіп жүреміз. (Күлді)
Шыңғыс, алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін мың да бір алғыс! Бұл алғашқы сұқбат емес деп сенемін. Болашақта ойға алған армандарыңыз орындала берсін! Амандықта жолығайық!
P.S.: Шыңғысты тек футболист ретінде танитынмын. Оның өзі сырттай ғана. Ал, сұқбатасудан кейін, ойым мүлдем өзгерді. Бір ескеріп кететіні спортшылар тұйық болып келеді. Менің кейіпкерім іштегі бар ойын жасырмай ақтарып салды. Сұрақтарыма толық жауап берді. Көпшілігіне ойнау шеберлігімен көзге түссе, мен оны қамқор әке, адамгершілігі мол, өте қарапайым адамның бейнесінде тани білдім.


Футбол- жер шарындағы ең бәсі биік саналатын аламан дода. Он бір жүрек, бір мақсат, бір мүдде! Жан алысып, жан беріскен ойыншылар ордасы. Ешқашан өлмейтін әрі өшпейтін спорттың айрықша түрі. Бірақ қазақ топырағында аталмыш спорт түрі жарық дүниеге келмей жатып, бақилық болған. Тірі болған күннің өзінде ауыр науқас. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендейін, біршама уақыттан бері отандық футбол жайлы айтып-айтып біраз адамдар қажып кеткелі қашан! Тегі қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Шет ел футболына қарайсың да, қайран қаласың! Тепкендері гол, құлағандары фол. Иә, бұл-нағыз футбол, ағайын! Қашан өзгені емес өзімізді мысалға келтіреді екенбіз? Құпияға толы қазақ футболының қалы қалай? Отандық футбол тасын қалай өрге домалатамыз? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітіп көрелік.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген қайран қазақ атам. «Кубаньды» құрдымға кетіріп, «Теректің» түбіне жеткен Красножанға қалай ұлттық құрама тізгінін ұстатуға болады? ҚФФ-ның ғана қолынан келетін кезекті сенсация. Шторг пен Беранектің күйін кешіп, ақыр аяғында қара шапанды арқалап кететіні анық қой. Соқыр бапкерден басқа не күтесің?! Ішкі біріншілікте біраз нәтижеге қол жеткізген ойыншылардан гөрі қосалқы құрамда тек орындық жылытқан жалқауларды артық санаған жаттықтырушыны сынамаған пенде жоқ. Красножан келгелі жасыл алаңнан қарадомалақтардың қарасын көру арманға айналды. Ұлтжанды емес ұлтшыл орыс бапкерінің құрамасында тек орыстардың ойнайтыны айдан анық. Тізімге ілінетін бес қазақтың біреуін ғана негізгі құрамнан көресің. Жанға бататыны да осы. Бұл не деген сұмдық? Қазіргі өгізаяң қалпымыздан арылу үшін ұлттық құрамадағы қазақтардың шоғырын көбейту керек. Жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Сонда ғана жеңістің тәтті дәмін татуға болады. Бұның жолында Красножан құрбан болуы тиіс болса, оған да барудан тайынбау керек. Өзіндік ойын манерасын әлі қалыптастырмаған, тактикалық қателіктерге жиі бой алдыратын бапкерге де керегі сол. Ұтылудан шаршамаған Красножаннан, егемен елімізге жанашыр, қаны қазақ бапкердің баптағаны баршамызға тиімді. Тіпті болмаса талай команданың футболын ұшпаққа шығарған Моуриньо мен Хиддинк секілді білікті бапкерлерге арқа сүйеген абзал. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда болса, соңғысы сонда» екенін естен шығармаңыздар!
Сүреңсіз ойындарға тек бапкерді айыптау әбестік. Ойыншылардың кәсіби шеберлігі өте төмен. Физикалық тұрғыдан қарастырғанда да жетісіп тұрғандары шамалы. Жауырыны жерге тимеген, нар көтерген қазақтың 90 минутқа шыдай алмағаны қай мазағы? Моральдік те дайындығы еуропалық ойыншылардың деңгейінен көш кейін. Алаңда бір-бірінің тілін түсінбейді. Соның салдарынан пас алмасудағы қателіктері шаш етектен. Үреймен ойнайды. Сылбыр қимылдайды. Жан-жақты дайындықтың жоқтығы көзге ұрып тұр. Адам тойып семіреді, бұлар әбден ақшаға тойған жатып ішерлер өңкей! «Доп ойнаған тозар» дегенді сылтауратса керек, мүлде ойнаудан қалды. Тіпті ойынды өз мойнына алып, дирижерлік ететін мықты бір футболшыны көрмейсің. Марадоннаға еліктеген кешегілер бүгін Месси болды. Қара қазағыма еліктеп, бой түзетін бір қазақ футболшысының табылмағаны жүректі қан жылатады. Дегенмен, Исламхан, Қонысбаев секілді серкелер жүрекке аз да болса сенім ұялатады. Қазақстан құрамасы футболшылары, барлығы өз қолдарыңызда!
Талай команданың обалына қалған Қазақстандық арбитрлар алқасы жайлы да айта кеткен жөн. ФИФА мен УЕФА түзіп шыққан қағидалар кітабында төрешінің қателігінен матчты қайтадан ойнап шығуға рұқсаттың жоғы айтылған. Яғни төреші пенальтиді дұрыс белгілемеді немесе ойыннан тыс қалған сәтті дұрыс анықтамады деп, команда басшылары мен құзырлы органдардың матчты қайтадан ойнатуға хақы жоқ. Бұл қағида тура Қазақстанға арнап жазылғандай. Егер біздің елде төрешінің қателігінен кеткен ойынды қайта ойнайтын болса, біріншілік бел ортасына жетпей, бір маусымды 3-4 жыл ойнайтынымыз сөзсіз. Келісілген ойындарды да кездестірдік. ФИФА мен УЕФА-ның тізімінде бар бір Қазақстандық төреші жоқ. Көрші ел Өзбекстанның Равшан Ирматов бастаған төрешілер тобы ӘЧ-да қызмет көрсетеді дегенде, барлық БАҚ өкілдері бұл күтпеген оқиғаны жарыса жазған еді. Әйтсе де, өзбекстандық төреші дүбірлі доп додасының барысында өзінің білікті маман екенін дәлелдей білді. Алыстағы Африка мен Бразилияда міндетін абыроймен атқарған арбитр талайға үлгі бола білді. Ирматовтан үйрен, ҚФФ төрешілері!
Жанкүйер! Жаныңды беріп, күйіп кету деген сөз емес пе? Күймек түгіл қарпайым ойынды көруден аулақпыз. Стадионда жанкүйерлердің аздығы бәрімзіді қынжылтады. Орташа есеппен үш мың адам жиналады екен. «Бәрібір ұтыламыз» дейтін Қазақстандық жанкүйерлер лапылдаған отқа қалай май құйып жүргендерін өздері де білмейді. Жанкүйерлер толы болса, футболшы да рухтанып, иығына үлкен жүк артылғанын сезер ме еді? Жанкүйер болмаса олар кім үшін ойнайды? Қазақстан командаларында фан-клубтың өзі толық құрылып біткен жоқ. Ал, Еуропаның командаларының басым бөлігінде «12» нөмір берілмейді. Оны арнайы жанкүйерлерге арнаған. Алаңдағы 11 ойыншы ғана емес, жанкүйерлерді де он екінші деп санайды. Еуропа жанкүйерлерінің мәдениетінің жоғарылығы соншалық, түрлі анимациялар жасап, клубтың гимнын шырқап, үлкен-үлкен банерлерге дем берер қанатты сөз жазып, қолдарынан келер көмекті аянбайды. Қазекең болса, отырып алып балағаттағаннан басқа не білсін. Туған елінің футболын ары ысырып жүргендер қатары аз емес. Қазақстанның атағын, абыройын, ар- ұятын әлем алдында қорғап жүргендер үшін қам жейтіндер аздығы жанымды жегідей жейді. Ұлттық құрамаға қолдау көрсетейік, ағайын!
Комментатор мен асаба егіз ұғым. Тойды төңкеретін де, көмкеретін де асаба болса, матчтың мәні мен сәнін келтіретін комментаторлар. Жоғарыда айтылған дерт қазақ комментаторларына да жұқса керек. Бейдауа сырқат-ау шамасы. Тыңдаушының құлағына түрпідей тиетін орыс тілінен алынған калька сөйлемдерді жиі қолданады. Футбол десе қаны қызбайтын, спорттан хабары шамалы адамның матч тізгінін ұстап, талқылағаны күлкілі естіледі. Жаттанды сөз, таныс трафарет, жанама әңгіме, артық күлкі-қазіргі қазақ комментаторларына тән қасиет. Ойын біткенше миллион рет кешірім сұрайтыны да бар. Мағынасы майысқан сөйлемге әуес. Қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан, дархан даласы сияқты ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тілін қолданбай, өзге тілден аударма іздеп, әлек-шәлегі шығатындай комментатор мырзалардың басына не күн туған? Қазақи қалжыңы мен тапқыр теңеулері, өткір сын, ирониясы қатар жүретін, спорт саласынан сауатты комментаторлардың аздығы көңілге кірбің түсіреді. «Дайын асқа тік қасық» болмай, ізденіп, талаптанып, жаңа леп, спорт санасына соны серпін сыйлаңыздар, комментатор көкелер!
«Футбол саясаттың жетегінде кетпеуі керек» деп, шыр-пыр болған Мишель Платинидің сөзінде жан бар. Елімізде саясаттың спортқа ықпалы зор. Керісінше өкімет футболға қолдау көрсетіп, дем беруі шарт. Осыдан бірнеше жыл бұрын бірлескен Спорт басқармасы футболды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасады. Инфрақұрылымды жаңғыртуды бастамаға алғандарын жарияға жар салды. Нәтижесін көзбен көріп, құлақпен естіп жүсіздер. Әбден былыққа батқан, жемқорлық белең алған, футболдан бейхабар басшылықтан кері кетпесек, ілгері жылжымаспыз!





















