Кесенелер тарихына қарай отырайық...

Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін Тараз жерінде әулиелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, өңірдің атын асқақтатып тұр. Олардың арасынан бірінші тілге тиек болатыны – атақты Айша бибі кесенесі. Ол ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші болып саналады. Әулиелі Әулиеата өңіріне аяқ басқан адамның бәрі ең алдымен осы кесенеге келіп, тәу етпей кетпейді.

Бүгінде бұл кесене ЮНЕСКО тізіміне алынған. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Кесенені қайта қалпына келтіру үшін Түр­кіс­тан филиалының қайта жасаушы шеберлері тер төк­ті. Қолы ұсынақты шеберлер үш жыл бойы ескі тех­но­логиялы пештерді пайдаланып, 72 түрлі белгі са­лынған плиткалар дайындады. Кесененің іргетасын қа­тайтып, қабырғаларын көтеріп, алғашқы кейпіне кел­тірді. Күмбездің ішкі және сыртқы желкендерін жөн­деу де ұзақ уақытты талап етті. Көнеден жеткен ке­се­ненің бұрынғы қалпын бұзбай, бүгінгі күнге үй­лес­тіру де асқан шеберлікті талап еткен-тін. Ақыры сеніп тап­сырылған ауқымды жұмыс ойдағыдай ат­қа­рылып, ха­лық игілігіне ұсынылды.

Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен бұл ескерткіш ең кереметі болып саналады. Ескерткіштің сыртқы бетіне қаланған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таңғалдырарлықтай… Аңыз бойынша, Айша бибі асқан сұлулығымен қатар, ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол әйгілі шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы болып келеді. Сұлу Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Айша бибінің кім екені жөнінде ғасырлар сорабынан жеткен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы. Айтулы аңызға құлақ түрсек, Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағ­даласады.
Әрі қарай