Түркия Супер Лигасында бәсеке қызып тұр

Түркия Супер Лигасында бәсеке қызып тұр. Қазір бірінші орында Трабзонспор, ал екіншіде одан екі ұпай айырмасымен Фенербахче. Фенербахче гол санымен өткен аптаға дейін көш бастап келе жатқан-ды. Бурсаспор тең ойнап оларды маңызды екі ұпайдан айырды. Бірақ бұл Фенербахченің соң сынағы деуге болады, өйткені ол мықтылардың бәрін жеңген-ді. Алдағы аптадағы қарсыластарын онша азулы деуге келмейді. Ал Трабзонспордың бүгін Галатасараймен, онан кейінгі апталарда Бурсаспор, Газиантепспор, Ескішехирспормен кездесуі бар. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады деген, Галатасарай үсті-үстіне жеңіліп, қазір он үшінші орынға тұрақтады. Һәм Кубоктан, һәм чемпиондықтан үміті үзілген Галатасарайдан жанкүйерлер тек Фенерді жеңуді өтініш қылып еді, амал қанша, ойын Галасатарайдың басымдығымен өткенімен нәтиже көңіл көншітпеді. Мұнан кейін Галатасарайдың басынан Хаджи кетіп тынды. Әрине, көрген адам Фырат Айдынустың Фенербахчеге бүйрегі ашықтан ашық бұрғанын байқамай қала алмас еді. Бірақ, болған іс болды. Бүгінгі Трабзонспормен ойналатын матчта Галатасарай жеңісті өз қолымен Трабзонға береді деп күтілуде. Әрине, жеңсе өзіне жақсы, жеңбесе Трабзонға жақсы. Егер Трабзон бүгін ұпай жоғалтса, жағдай қиын. Бурсамен ойналатын матчта Бурса жеңісті беруі де мүмкін, бермеуі де. Өткен жылы Бурсаны чемпион еткен дәл осы Трабзонспор-тұғын. Фенермен соң минутқа дейін тіресіп, ұпайдан айырған. Сондықтан Бурса жақсылық қылып, беруі ғажап емес. Бірақ өзі биыл тағы да чемпиондықтан үмітті болғасын, бермесе таң қалмаймыз. Әрине, Трабзонсор: Жеңісті бізге бере қойшы,-деп тіленетін команда емес, былай да басымдықпен алуы мүмкін.
Фенерді Трабзон өткен жылы Кубоктан да айырған-тұғын. Сондықтан биыл Фенер ТС-ның алдын орау үшін аянып қалмайтыны анық.
Қалай десек те, бүгінгі ойын-шешуші ойындардың бірі. Өз басым Трабзонның жеңгенін қалап-ақ тұрмын, бірақ Галатасарайдың тағы да ұпай жоғалтатынын ойласам жүрегім ауырады.
Әрі қарай

Түркия Супер лигасында жағдай нешік?

Түркияда елдің басты бәсекесі Супер Лига үшін тартыс қызып тұр. Кезеңнің алғашқы жартысында қарсылас шақ келтірмей, басқаларынан қара үзіп кеткен «Қаратеңіз дауылы» Трабзонспор екінші жарты басталғалы алғашқы қарқынын жоғалтып алған секілді көрінді. Ол дәл қазір «үш дәудің» бірі Фенербахчемен алғашқы орынды бөлісіп тұр. Екеуінде де 54 ұпайдан бар. Үшінші орында ел чемпионы Бурсаспор. Сырттағы ойыны ел көңілін көншітпегенімен, «қолтырауындар» алғашқы үштіктен әлі де түспей келеді. Төртінші орынға Кайсериспор жайғасса, бесінші орында – Газиантепспор. Түркия кубогында да Галатасарайды тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алған Газиантепспор супер лигада да жұлдызды команда атанып тұр. Екінші жарты басталғалы жеңілістің ащы дәмін татпаған командадағы аяқдопшы Дженк Тосынның аты гол королі Фенербахчелік Алекстен кейінгі баспасөзде ең көп жарияланатын есімдер сапында. Үш дәудің бірі Бешікташ алтыншы сатыны қанағат тұтса, Галатасарай он біріншіде келеді. Шетелден қанша мықты алғызғанымен Бешікташ пен Галатасарайдың бұл сезонда жағдайы оңалмай тұр. Галатасарай сырт алаңда ылғи жеңіліске ұшырап жүрсе, Бешікташтың екі жақта да жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Бір қызығы, Галатасарайдың 15-інші қаңтарда үлкен даумен тұсауы кесілген жаңа мекені Түрік Телеком Арена әзірге «арыстандарға» жеңілістің ащы дәмін татқызбады.

Төрешілер де күн тәртібінде. Галатасарай мен Буджаспор матчында «арыстандарға» екі айқын пенальтидің берілмеуі, Трабзонспор-Бешікташ матчында Бешікташ қақпашысының өрескел қимылына қызыл карточка көрсетілмеуі, Фенербахче-Генчлербірлігі матчында орынсыз жерде Фенерліктерге пенальти берілуі секілді шешімдер жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің наразылығын туғызуда.

Анадолының бүкіл футболсүйер қауымы келесі аптаның жұмасы Галатасарай алаңында ойналатын Галатасарай-Фенербахче матчын асыға күтуде. Бешікташты 4-2-мен тізерлеткен канарейкалардың арыстандарға қалай қауқар көрсететіні 18-наурызда белгілі болады.
Әрі қарай