Қайшылық

Жайраң қағар сәттері бар мұңның да,
Жәудіркөзім жалған емес, тоқ күлсең.
Бір әкенің қызы болып тудың да,
Бір ақынның өлеңі боп кеттің сен.

Серуендесек екеумізді қимай бақ,
Мұңға батып кетуші едің әз үндім.
Бір сорлының маңдайына сыймай қап,
Бір бақтының маңдайына жазылдың.

Тағдыр солай заманыңды жазғырма,
Кемдік етсем, кермиығым кешіргін.
Бір жүрекке есіміңді жаздың да,
Бір жүректен есіміңді өшірдің.

Көшесімен жүрсең-дағы қаланың,
Көңілімді өміріңе жол қылдың.
Бір жанардың тұтаттың да алауын,
Бір жанардың қоламтасын сөндірдің.

Болмысына еніп кеткем тек күздің.
Көкейімді жегідейін кемірді ой.
Өкпе айтуға қақымыз да жоқ біздің,
Қайшылықтан құралатын өмір ғой.
Әрі қарай