Алдыңғы жылы мектеп бітіргенімізге 15 жыл толуына орай ауылға барып, сыныптастар болып бас қосқанбыз. 15 жылда кім неге қол жеткізгенін айтқызбай-ақ сыртқы түрлерінен сезіп жатырмыз. Мектептен әріп танып, жазуды үйреніп шыққанына ғана шүкір етіп шыққан кейбір тақтай ми сыныптастардың кейбірі ат тізгінін қолға алған маңызды адамдарға айналған. Бүгінгі күні ескіріп, сарғыш тартқан ескі суреттер секілді өз бояуын жоғалтып алған бір кездердегі сұлу қыздар да кездесіп жатты. Соңғы парталардың бірінде өз-өзімен бейғам отырып, елеусіз сыныпқа кіріп, елеусіз күйі шығып кететін, мыңқ етпей отыра беретіндігін қызық көріп шашынан тартып қалған балаларға жабайы мысықтарша шарылдап, көзі шапыраштанып кететін сүйкімсіз қыз сол күйі бір жігіттің мейіріне бөленбестен, жігіттен хат алып жүрек шымырлау секілді тәтті сезімдердің не екенін білместен мектеп бітіріп, мүлдем алыс қалаға бәрінен жырақтап кетіп қалған еді. 15 жыл өткеннен соң да бітіріп келген шаруасы жоқ, не күйеуге тимеген, не бала тумаған – соқа басы сопайып Жука өзі келді.
Досым деп сыр бөліскен бір қыздың болмағанына, сыныптасым деп біреуінің іздемегеніне қапаланғаным да жоқ.
Өзгеріп кеткенімді көбі айтып жатты, алыс қаладан келгеніме бола ма, әлде шынымен сағынғандары ма білмедім, қол-аяғымды жерге тигізбеді. Үйленіп ажырасып кеткен кейбір жігіттердің көздері мөлиіп мен жақты сүзіп жүргенін сездім. Үйленіп бала-шағалы болса да, мектеп кезіндегі гитаристігін әлі абырой көріп мені сындырып қалуға талпынып жүрген жігіттер де табылды. Қайта-қайта вальске шақырып, тершіп кеткен дымқыл бетін бетіме тақай жүріп, қара жұмысқа икемделіп кеткен күректей қолымен әр дене мүшемді түгендеп шыққан Ержанды бір бұрышта қызғаныштан салфетка тістелеп отырған семіз қатыны барына қарамастан өзіме жақын тарттым.
Мектеп кезінде тентектігімен қоса білімділігі де бар бұл жігіттің бейнесі сыңсыған әуен жүрсе талай қыздың көз алдынан кетпейтін еді, бір-біріне білдірмей ғана терең күрсінетін қыздар. Оның ауызынан өз атыңды естіп қалу өзі бір шала бақыт (себебі қыздарды фамилиясымен атайтын өркөкіректігі де бар еді).
Банкет біткен соң бәріміз Ержанның үйіне қонаққа бардық. Асүйде тыпыршып тұра алмай, мазасы кетіп әлсін-әлсін мені көзімен бағып жүрген әйелін аяу туралы ой да келмепті мен пақырға. Ашуы мен наразылығын ашық білдіре алмай жүрген әйелінің түрінен Ержанның отбасында мінезінің қатал екенін сезіп отырмын. Бойына ішімдіктің қызуы тараған Ержан енді ашықтан ашық мені қызғанып, білегімнен, белімнен ұстап қалғысы келіп айналшықтап жүрген еркектерді темекі шегуге сыртқа шақырып алып кетіп жүрді. Балалықтары әлі қалмаған.
Түннің етегі шала түрілген мезгілде, яғни таң алагеуімде үй-үйге тарастық. Шашылған үй мен жуылмаған ыдыстарға көміліп Индира қалды үйінде (Ержанның әйелі). Ержан қонақтарды шығарып саламын бізбен бірге ере шықты. Үйге дейін жеткізіп тастаймын деп мені бөлек алып кетті.
-Жука, мен сені негізі мектеп кезінде ұнатқам,-дейді. Сөзінің өтірік екенін өзінен гөрі мен анық біліп тұрмын. Ерінімнен сүйгендей болды. Сүйісуді ұмытып қалған шығар, ауылда әйелімен күн сайын сүйісіп жүрген кім бар дейсің? Компьютер сорып тастаған жұп-жұқа, жеп-жеңіл қаланың жігіттерінен жалыққан кезде осындай қара күштің құшағында уатылып кеткің келеді екен. Көгалдың дымқыл екеніне, үстіндегі ақ көйлегіне жап-жасыл шөптің бояуы жұғып қалатына қарамастан, жерге домалай кеттік. Өз тәжірибемде барымен қоса ойымда жүрсе де әлі қолданысқа түспеген махаббат әдістерінің барлығын жасап бағуға тырыстым. Сүюге болатын да, болмайтын да жерлерін сүйіп шықтым. Қолым жеткен жерінің бәрін аялай сипадым, бір уыс болып ықшамдалып, құшағына кіріп кетіп, ғажайыптың бәрін жасадым.
Өзімшілдігінен, қатал мінезінен, бар қайратынан, ауылдағы дүрілдеп тұрған абыройынан, тіпті өз денесінен ажырап қалғандай күй кешіп бір-бірлеп күннің алагеуім сәулесіне сіңіп бара жатқан жұлдыздарға еш мағынасыз қарап жатқан Ержанның көздерінен бұл түннің есінен ұзақ уақыт кетпей, әлі талай мазасын алып, Алматыға қарай аңсары ауып тұратынан болжап та қойдым.