Көктем - ана!

Босанғандай бұтақтарым бүр жарды

Қолын бұлғап тал шақырды құстарды

Тіршіліктің белгісі ғой

Оянды

Көктем — ана қолда деді ұшқанды

Сәукелесін киіп алды сарғалдақ

Қыр төсінде қызғалдақтар ән салмақ

Қиыршық құм жел қуалап күлгенде

Ауыл дедім көктен түсіп қалған бақ

Жер көрпесін имене ашты шөп керім

Көрді күннің қақ маңдайдан өпкенін

Күн құшады қара жерді жұмақ деп,

Жер елжіреп дем бердің дер көктегі үн.

Сай-салалар бозбаладай тебіскен

Жүгіргендей мал қайтқанда өрістен

Таудан аққан апам сынды сол өзен

Қолындағы бармен елмен бөліскен

Бұлт – тостақтан шашу шашты аспан да,

Домбыра үні шықты жерді басқанда

Үйіп едік, жылтырынан жинап ап

Көктеммін деп жазу жазды тастар да.

Балалықтың иісіндей таң лебі

Бұл ғұмырым, ғұмыр емес бал ма еді

Әр тал шашым раушан болып гүлдеп тұр

Көктем-ана, құшағыңа ал мені.

Жұлдыз БЕЙСЕК
Әрі қарай

Көктем деген - бір сенің қолыңдағы ғұмырым ба?..

Көктем деген кім өзі?

Өзің бе екен,

Өзіме қадалатын көзің бе екен,

Даланың кеудесінен сен гүл үзіп,

Еркелейтін, ұялшақ кезім бе екен.

Бұл дауыс па?

Дүниеде бармын деген,

Қараңдаршы жүректе жандым деген,

Аялаңдар, жоғалтып алмаңдаршы

Қар сияқты,

Енді мен қармын деген.

Көктем деген көк майса шалғын ба екен,

Бүр атарын білемін талдың неден…

Жаңбыр салды бейнесін әйнектерге,

Сен мені жүрегіңе салдың ба екен?!..

Шымшықтарды үркітіп, сай жағалап,

Бөліп ап енесінен тайды аралап

Бұл, әлде, бейқам бала шағымыз ба —

Жұлдызды қызықтайтын, айды алалап

Апам да шалын түртіп назданатын,

Атамыз жер иісіне мас болатын

Бұл — біздің ақпейіл ме,

Жаңбыр төксе,

Жаңбырға шомылып ап мәз болатын.

Көктем деген кім өзі?

Өзім бе екен,

Сәттерім бе бақытты сезінбеген…

Айдың жарығындағы, түсімдегі

Саған айтамын деген сөзім бе екен?!

Әлде, өрімін тарқатқан бұрымым ба,

Далада ойнақтаған құлыным ба?

Желмен бірге жүйткіген,

Көктем деген –

Бір сенің қолыңдағы ғұмырым ба?!

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.
Әрі қарай

Ұмыттың ба?

Өзіңді іздеп ағады жұлдыз жерге
Көктемнен де сұрадым, қыс, күзден де
Жазды күн жусан иісін жұтып тұрып,
Мені есіңе алдың ба гүлді үзгенде.

Ақша бұлттар толқытып көңілімді,
Кеудемдегі оятса елігімді
Сені ойладым,
Ал сен ше, ойладың ба,
Жаңбыр сүйіп алғанда ерініңді

Бейнеңді сап айға наз, қылық — құмға,
Кірпігін көтереді үміт мұнда
Көктем сенің шерткенде терезеңді
Мені есіңе алдың ба?
Ұмыттың ба?

Қарашығы көзімнің тұнып мұңға,
Жұбатамын жүректі жуып жырға
Хабарыңды тосамын күннен, түннен
Ұмыттың ба сен мені
Ұмыттың ба?

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.
Әрі қарай

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген...

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,
Ұрламашы,
Ұрламашы күзімнен
Неге келіп мазалайсың түсіме,
Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

Ақ шәлі едім,
Ақ бұлт жерге түсірген,
Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.
Қарайтпашы, қарайтпашы жанымды
Қабағыңа қатқан мұздың жүзімен

Жаңбыр ма едім
Жолдарыңа жауатын,
Талып кетті,
Талып кетті қанатым…
Мен қонатын биік енді белгісіз,
Мен киетін киім де енді қара тым.

Құс тартатын ноталарын қайғы — әнім
Жүрегіңде болған едім…
Қайдамын?..
Жылатпашы,
Жылатпашы жанарды
Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,
Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың
Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,
Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.
Әрі қарай