Еркек арманындағы әйел бейнесі

«Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» демекші, әрбір еркектің жүрегінде өзінің өміріне өң берер бұрымдысы болатыны әмбеге аян.
Осы орайда ғалымдар әлем бойынша ауқымды зерттеу жүргізіп, нәтижесі бойынша еркек кіндіктілердің қандай қыздарды жақсы көретінін анықтағандай болды.
Өмірлік серік іздеп жүрген 70 мыңнан астам еркек аталған зерттеу сұрақтарына ойлану үшін көп уақыт жұмсапты. «Талғамға талас жоқ» демекші, әрбір ер-азаматтың пікірі әр түрлі болды. Дегенмен, көпшілігінің өз аруына деген сипаты бір арнада тоғысты.
Ақыры қаншама азаматтың іздеген қызының түр-кескіні де анықталды. Олардың талғамына – көзі көгілдір, шашы ұзын және сарғыш түсті, бойы 172 см, салмағы 60 кг тартатын қыздар сәйкес келді. Олар көзіне анда-санда ғана көзәйнек киіп жүреді. Сонымен қатар, баласы жоқ, өзінің жеке тұрғын үйі болуы керек. Бөріктілердің ойынан шыққан қыздың үй шаруасына мықты болғандығы да қаперге алынады. Бірнеше жігіттің үмітін үкілеген арулардың тағы бір ерекшелігі – олар жан-жануарларды жақсы көріп, клубқа барғанды ұнатуы қажет. Бәрінен де ең басты талап – темекі тартпауы керек.
Бұл әлем еркектерінің көзқарасы. Ал, қарғатамырлы қазақтың қарадомалақ жігіттерінің армандаған бұрымдысы қандай екен? Осы мәселе аясында біз бірнеше азаматтардың ой-пікірін білдік. Нәтижесінде, олардың талғамына шашының түсі қара, қос бұрымды, қарақат көз, көзәйнек тақпайтын қыздар сай келеді екен. Қазақ жігіттерінің «Қыздардың тән салмағына емес, мінезінің салмақты болғанына, бойының биіктігіне емес, ойының биіктігіне қараймыз» деген сөзі қуантты.
Әрі қарай