Бірыңғай мектеп формасы турасында 2 мәселеге 2 шешім

Білім және ғылым: Бірыңғай мектеп формасы турасында 2 мәселеге 2 шешім

Биыл бірыңғай мектеп формасы біраз шу болды. Формалардың бағасы мен сапасы және діни мотивтегі киімдерге тыйым салынуы турасында әсіресе. Мұндай даулар алдағы уақытта да болмауы үшін Білім және Ғылым Министрлігі нақты шаралар қолдануы тиіс деп ойлаймын. Бұл тұрғыда өз ұсыныстарымды жазбастан бұрын мамандардың пікірлерін қарап шығайық.

БҒМ былай дейді:

Форма білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс, сондықтан «мектеп формасының үлгісі мен түсі классикалық стиль талабына сай болуы, біркелкі әрі ашық емес, ұстамды реңкте және үш түстен артық түсті араластырмай тігілуі тиіс».
Қыс мезгілінде ұлдар мен қыздарға «водолазка» мен тоқыма бешпет, ал қыздарға бұған қоса, сарафан киюге рұқсат етіледі. Ал жылдың өзге мезгілінде ұлдар – пенжек (пиджак), бешпет (жилет), шалбар, жейде, қыздар — классикалық үлгіде тігілген көйлек, шалбар немесе юбка, бешпет пен пенжек киюі тиіс.
Хиджаб, ниқаб, бурка (киiзден я терiден жүнiн сыртына қаратып тiккен жеңсiз шапан), пәренжі, сикх сәлдесі мен иудей тақиясы («кит» деп аталады) сияқты белгілі бір діни конфессияға қатысты белгілері бар киім киюге тыйым салынады.

Евгений Цай — «Қамқорлық» ұйымының жетекшісі
Мен бірыңғай форма болғанын құптаймын, бірақ бұл мәселені азды-көпті болсын, дұрыстап шешу керек қой. Мүмкін оны алуан түрлі үлгіде және сапалырақ етіп тігу керек шығар әрі мұндай қатаң шектеу қойылмауы тиіс деп ойлаймын. Мүмкін жұрттың шамасы жететіндей қара костюм-шалбар болғаны жөн шығар, әйтпесе бұл шаруа біреулер үшін ақша жасау көзіне, бизнеске айналып кетеді. Шенеуніктер «балалардың қамын ойлап жатырмыз» деп жар салады, ал іс жүзінде өз қалтасының ғана қамын ойлайды, балалардың есебінен пайда табуға тырысады.

Айнұр Әбдірәсілқызы — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры
Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар. Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ.

Досай Кенжетай — философия және теология ғылымдарының докторы, профессор
Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Бүгінгі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан, орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар мектептен білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.

Мұхитдин Исаұлы — теология ғылымының докторы, исламтанушы
Мектеп – киелі орын. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы «хиджабқа» сәйкес келмейді деп, бүлдіршін сәби баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды. Баланы мектепке жібермей «жаһил» ету, яғни қараңғы, надан ету – ең үлкен күнә. Ілім алмаған ұрпақтан күні ертең «жаһил», қараңғы қоғам шығады. Біз осыны мықтап түсініп алуымыз қажет.

Ершат Оңғаров — философия және мәдени антропология ғылымдарының Ph.D докторы, исламтанушы
Біріншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді.
Біз діндар азаматтарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз, өйткені бұл қадам орта мектептердегі киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім болып табылады.
Екіншіден, жалпы орта мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім формасы туралы жаңадан шығарылған бұйрықты бұра түсіндіріп, қолдан дау жасап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Елімізде берік орныққан тұрақтылық пен тыныштыққа қызғанышпен қарайтын белгісіз топтар осы бір сәтті пайдаланып, ақпараттық құралдар мен түрлі әлеуметтік желілер арқылы ел арасына бүлік салуға тырысуда. Сондықтан, әрбір іске сабырмен, байыппен қарау керек.
Үшіншіден, ҚМДБ заң бойынша діни бірлестік болып есептеледі. Ал діни бірлестіктер мемлекеттік мекемелердің саясатына араласа алмайды. Бұл – заң талабы. Діни басқарма қоғамнан бөлек өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттің шығарған әрбір заңына дін қызметкерлері қашанда құрметпен қарайды.
Төртіншіден, ҚР Білім және ғылым министрлігі шығарған бұйрықта мектеп формасының үлгісін қоғамдық кеңестер, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі бірлесе қарап, өз ұсыныстарын айтуларына болатындығы көрсетілген. Яғни қыздарының ұзын етек-жеңі бар, мектептің талаптарына сай киім киюін қалайтын ата-аналарға өз ұсыныстарын айтуларына мүмкіндік қарастырылған. Мен осы орайда жергілікті мектептерде киім үлгісін қабылдауда мұсылман жамағатының да тілегі ескерусіз қалмайды деп сенемін.

Айдар Әбуов — философия ғылымың докторы, профессор
Бұл, ең біріншіден, мемлекеттің әртүрлі этникалық және конфессиялық ерекшеліктерге ие азаматтардың ортақ білім алуына жағдай жасау қажеттілігінен туындайды. Егер мемлекет белгілі бір діннің мүддесіне басымдық берер болса мұндай жағдай басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болар еді. Ал екінші жағдайда, яғни барлық конфессия өкілдеріне білім беру мекемелерінде киімге қатысты толық таңдау беріліп, еркін форма ұсынылатын жағдайда әрбір конфессия өкілдері өздерінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысып, оқушылар арасында қайшылықтықты қарым-қатынас орын алған болар еді. Мектеп формасына қатысты бекітілген жаңа талаптарға жекелеген діндар азаматтардың біржақты сыни пікір танытуы көрініс беруде. Мұндай сыңаржақ көзқарас ұстануды қате деп санаймын, өйткені әрбір діндар азамат өзінің діни сеніміне барынша құрметпен қарайтын мемлекеттік органның ұстанымдарына түсіністік танытып, өз бойындағы рухани-адамгершілік қағидаттарды жетілдіруге және толық білім алуға талпынуы тиіс. Ең бастысы, бұл талаптар мектеп оқушыларына ғана қойылып отырғанын ескеруіміз қажет.

Әлбетте, бірыңғай форма қазіргі заман талабы. Бірақ, осындай мәселелерді қазірден шешіп алмаса болмайды деген ойдамын. Сондықтан бұл 2 мәселеге менің ұсынарым мыналар:

1. Форма дизайнын, түстерін БҒМ өзі бекітіп, нақты бір пішінмен кәсіпкерлер палатасында реестрде тұрған мекемелерге тапсыруы керек. Бір пішін, бір сапа, бір баға. Ал жеке мектептер ғана өз эмблемаларымен өз формаларын шығара алатын болады. Формалар 3 типте болуы тиіс деп ойлаймын: бастауыш, орта және жоғары сыныптар. Әр қайсысының түстерінде және дизайнында аздап ерекшелік болса — оқушының қай сыныптарда оқитыны белгілі болады.

2. Діни атрибутикамен мектепке келуге болмайтыны белгілі. Бірақ діни дәрістерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектептер ашып, бұл мәселені шешуге болады. Ондай мектептерге оқушы қыздар орамалмен барар еді. Дінмен қатар басқа қатарластары сияқты өзге пәндерді де бірге оқып шығады. Түркиядағы «Имам хатип» мектептерін мысалға алуға болады бұл тұрғыда.
Әрі қарай