Қашқын тағдыры немесе тіріні өлікке айналдырған қу соғыс

«Қашқын… үйде туып қызығыңды түз көрген тіршіліктің несі сән. Жүрген де әйтеуір итшілеп. Қалбаң етіп көтерілген қара құстан да, жалп етіп жасырынған жапалақтан да сескеніп күн кешкен ғұмырдың мәні не? Қоян екеш қоянға да ит қосып қуғанда құтқарып кетер жымы бар, ал мұның қашқын атанғанда барар тұрағы қайда? Сорлы сауысқан да қар үстіне бірер секіріп із тастаушы еді, мұнда ол да жоқ. Бір елес, көрінбес көлеңке».
К. Жүністегі «Көксеңгірдің тасында» повесінен

1941-45 жылдары соғыс кезінде Қазақ Республикасынан 1 196 164 адам майданға аттанды. Соңғы деректер бойынша Қазақстан бұл жылдары 602 928 ұлдарынан айырылды (оның ішінде 125 500 таза этиникалық қазақтар). Әскери бөлімдермен қоса, ҚазКСРО-дан еңбек армиялары да жасақталды. Оған 700 мыңдай адам жолданды. Сонымен, соғысқа кемінде әрбір 4 қазақ жұмылдырылды. Қазақстандағы мобилизация пайызы Кеңес одағындағы ең жоғары көрсеткішке ие болды және нацистік Германиядағы мобилизациядан екі есе көп болды. Ал соғысқа аттанған қарапайым ауыл қазағы бұл соғысқа дайын ба еді?
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Қашқын тағдыры немесе тіріні өлікке айналдырған қу соғысСоғыс өнерін меңгеріп, қару қолдана білуі былай тұрсын, тілді түсінбегендіктен қарапайым командалардың өзін ажырата алмады. «Лежать» десе, қалшиып тұрып немесе өре түрегеліп, баудай қырылғандары да болды. Оқтан аман қалғаны тұтқынға түсіп, «тірі өлікке» айналды. Сол кездері «қашқын», «халық жауы» атанғандар да аз болған жоқ. Тағдыр тәлкегіне түскен сондай жанның бірі – Дауылбай ақсақал туралы әңгіме ел арасында айтылушы еді.
Ол кісі сол сұрапыл жылдары соғысқа аттанды. Өмірінде қару ұстамаған ауыл қазағы үшін соғыста ерлік көрсету былай тұрсын, не үшін, кім үшін күресетіні де беймәлім еді. Қандастарының қапияда оққа ұшып, сүйегі далада қалғанын көргеннен кейін түйген ойы ма, әлде жаны үшін қорқыныш па, кім білсін, "өлсем өз елімде өлемін" деп майданнан қашқан екен. Ол кездері «қашқынның» өзіне де, жақындарына да тыныштық жоқ. Тіпті соғыс аяқталғаннан кейін де қашқын атағы бала-шағасына маза бермеген. Ауылдың селсоветінен бастап, бригадиріне дейін көрген сайын «қашқынның» баласын қамшының астына алып, сабап кететін, — дейді әкем.
Дауылбай Қарағанды облысы, Ағадыр ауданында туып өскен. Соғыс басталғанда ол жиырмаға енді толған жігіт еді. Бұл кісінің тағдырын жазушы Кәмел Жүністегі «Көксеңгірдің тасында» повесіне арқау еткен. «Иә, бұл Көксеңгірге сонау керман-орыс соғысы кезінде орыс патшасы сасқанынан қазақтан солдат алатын болғанда да, көтеріліс жасай алмай қалған осы маңның біраз жігіті қашып бой тасалаған. Өлсек өз жерімізде өлеміз дескен. Ол қашқындар мен мұның арасы өзгеше боп тұр. Олар топ-топ көп еді, әрі елмен байланысын үзбеген, күндіз тауда, түнде үйде дегендей хал кешкен еді. Бұл жалғыз».
Ел аузындағы деректер бойынша соғысқа дейін үйленген екен. Алғашқыда жақындарымен жасырын араласып тұрған. Бірақ, үкімет адамдары артына түсіп, аңдумен болған. Содан мүлдем елмен қоштасып, түз тағысына айналған. Соғыс жылдарында елден жырақ кеткенімен, сырттағы малшыларға жәрдемдесіп тұрды. Өз күнін өзі көріп, ешкімнің ала-жібін аттамады. Өзі ірі денелі, қайратты адам болған деседі. Тіпті сол кезде мұны қуған милицияның өзі аздап Дауылбайдан сескенетін еді. Әкемнің айтуынша артынан қуған милицияға: «Қарағым-ау, мені қуып босқа мерт боласың ғой, одан да кері қайт» дейді екен. Соғыс аяқталса да, Дауылбай үшін бұл жеңіс өміріне өзгеріс әкелмеді. Қайта елден одан әрі жырақтап кетті. Дегенмен, халық та оны жазғырмады. Ауылға келгенде ешбірі «міне, қашқын» деп үкіметке ұстап бермеген. Дауылбай ақсақал да ел ішіндегі жағдайдан хабардар болғанға ұқсайды. Жазушы Кәмел Жүністегі бұл кісімен кездейсоқ жолыққаны туралы былай әңгімелейді: «Ауыл ішінде келе жатсам, салт атты, өңі сұсты бір кісіні байқадым. Ол да маған жақындағанда жүрісін бәсеңдетіп, қол берісіп амандасты.
– Жүністің елге оралға ұлы сенбісің? – деп сұрады. Ол кезде мен сібірден айдаудан келген кезім еді (Кәмел аға 1962 жылы қазақ жастары арасында құрылған, Елін сүйген ерлер партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде саяси айып тағылып, Сібірдегі лагерьде болып, 66 жылы босаған). Ауыл ағаларының бірі деп ойлаған маған қасымдағылар ол кісі өтіп кеткен соң, оның атақты Дауылбай екенін айтты».
Дауылбайдың әйелі соғыстан соң басқа біреуге тұрмысқа шыққан деседі. Ал шешесі бертін келе қайтыс болған екен. Оны жерлеуге Дауылбай өзі келеді. Сақал-мұртын өсіріп, түрін өзгертсе керек, «қашқын» атанғанымен анасын өз қолымен арулап шығарып салады. Дауылбайдың ажалы да оғаш. 1980 жылдары қайтқан екен. Бұлақ басында үйелеген жылқысын тұрғызам дегенде, атының тұяғы маңдайына тиіп, ажалы содан болған деген деректер бар. Сөз соңында айтарым, тарихты қайта зерттеп, жаңаша көзқараспен қарауға талпынып, әр оқиғаға жаңаша баға беріп жүрміз. Ал, кеңестік көзқараспен «халық жауы» атанғандар осы күйеден арыла алар ма екен…
Әрі қарай

Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу

Тау етегінде мимырт жатқан кенттің локальды сенсациясы тарағанына біраз болды. Осы аймақтың маңдайына біткен «есі дұрыс» үш арудың қалаға тұрақты түрде кететінін ауылдың алты ауызы әңгіме қылып жүр. Ауылдың жеті өсекші қатынында факт жүзінде жеті ауыз, осы жеті ауыз — алты ауыз болып тұр. Бұлар барда Отау-тв ауылда әркез екінші орында. Сондықтан сенбеске шара жоқ.
Сұлулықтың әлемді құтқаратыны рас болса, біздің үш қыз бер жақта тылдағы гуманитарлық көмектің о жақ, бұ жағында қап қойғандар. Бұл үшеудің асып бара жатқан сұлулығы болмағанымен, не бай, не құдай алмайтын бикештердің қатарында таңдау да көп емес, негізі.
Есесіне, олар ауылға аты мәлім, аса белсенді-белсенді қыздар болатын. Азғын қиялдарыңа дерт бермесін, дегенмен, белсенділігі — бірі музыканың шебері еді. Там-тұм концерттерге шығып, баянда құйқылжыта ойнайтын қара торы қыз болатын. Даусы қыз үшін жуан болғанымен, әу дейтіні де бар. Әрине, Қайрат Нұртас емес, дегенмен, шешесі де «пезнес» біреу емес, бар болғаны қарапайым сауыншы ғой. Қарапайым ғана сауыншы. Жалпы, қысқаша айтсақ, айырмашылығы — баласын емес, зеңгібабалықтарды сауатынында.
Екінші қыз тігінші боп қызмет атқарған, салмақты (екі мағынасында да), алпамсадай шикіл сары қыз еді. Тігін жұмысынан алдына жан салмайтын. Әу баста бұны «кәсіп қылам» деп ойламаған; "әйтеуір қандай да бір сублимация ғой" деп кірісіп көрген еді, кейін кәнігі шеберге айналды.
Үшінші құрбы, шүйкедей ғана қайсар қыз балгерлікпен айналысатын. Негізі, бұл қыздың шешесі бал ашушы еді, содан үйреніп, шешеге қарап өскен түрі. Әу баста өзінің жап-жас басымен бал ашуға ары жібермей жүрген, алайда кейін бәрі сәбидің дәрет хикаясындай аяқталды… Жіберіп қойды. Айтпақшы, қызының қалаға болашақ сапарына орай шешей бал ашыпты. Жартысы қойдың нәжісі, жартысы көлдің майтасы секілді сенімді ақпарат көздеріне сүйенген ол қызының жолы болатынын болжапты. Негізі шешей клиенттерінің тоқсан пайызына жолы оңғарылатыныны жайлы сәуегейлене беруші еді… Бірақ туған қызына?.. Бәлки, шынымен жолы ашылатын шығар… Бәлки, туған қызы емес шығар…
Ә, иә, сонан соң екінші қыз бұл балшы аруға туыс боп келетін. Осындай бір үштік… Кедендік одағыңдысс!..
Айтып-айтпай не керек, ауылда осындай жол жүру жайлы әнгіме жүріп тұрған. Міне, бүгін дәл сол күн, қалаға жол жүретін шақ та келді. Әне-міне дегенше, ауыл іргесіндегі аялдамаға ұқсатып жасап қойған көліктің ескі тіркемесінің маңына сапарластар жиыла бастады. Ауылдағы жалғыз автобусты күтушілердің арасында біздің үш сылқым да бар. Көп күттірген жоқ, далаға мүрде, қалаға адам тасып жүрген сары пазик кемпір-шал, бала-шағаны тиеп, алып шаһарға жол тартты.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
***
Жақымның қала іргесіндегі көлік бекетінің маңында бекер келмегені анық еді. Әдеттегідей көгілдір шетелдік көлігіне отырып алып, қыз-қырқын қарамақ ниетімен торуылдап жүрген. Ескі пазиктың бекетке тоқтағанын көріп, мырс етті. «Ох пілә, винтаж!» деді ішінен.
Автобустан түскен үш қыз қолын көтеріп, такси тоқтатты. Көгілдір мәшине көлденең келіп тоқтай қалды. Күтімі келіскен көліктің рөліндегі бітімі келіскен жігіт қыздардың көзіне оттай басылды.
— Такси ма?-деді пысығырақ қыз.
— Да, тоски.
— Такси деңіз,-деп жымиды екінші қыз.
Жақым қара көзілдірігін сәл түсірді.
— Садитесь.
Қыздар айғырдай жұтынып тұрған жас жүргізушіге қарап жымың-жымың етті де, көлікке жапа-тармағай отыра бастады. Баратын жер жайлы базарласу да, жол құны жайлы саудаласу да жоқ. Сондай бір ақымақтық үйлесім, лирика. Мимими.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
Жақым көрер көзге етжеңді, денелі азамат еді. Фитнеске де фитна тудырмайды, штангіге де кет әрі емес. Тар мәйке кисе, өзін «качок» сезінетін кей жігіттердей емес, шынымен-ақ бұлшық етті жігіт болатын. Сонсоң қыз-қырқынға қыз-қырғын салатын жігіттің репутациясына сай, шашы артқа қайырылған, сақал-мұрты қиылған еркек болатын. Иә-иә, ол бір Аустрияда Еуробайқауға іріктеу әлі өтпеген, беттегі қиыңқы түк еркек үшін абыройлы кезең еді.
Қазанұлы жайында тағы не айтпадық? Жақым қазақша білмейтін жігіт еді. Бірақ қазір онымен кімді таңғалдырамыз, біз Қазақстандамыз ғой.
Қыздардың барар жерін межелеп алған соң, Жакым темекі қорабын алып шығып, ішінен бір тал суырды да, құшырлана тарта бастады. Милиграммдаған никотин басына шауып, құрыс-тырысы жазылғандай болды. Сонсоң алдындағы айнаға көз тастап: «Я вам не мешаю?»-деп сұрады.
— Жоға, тарта беріңіз.
Негізі, «Иә, кедергі, темекіні өшіріңіз» десе де, өшірмес еді. Әншейін әңгіме болсын деп сұрап жатқаны.
— Давайте знакомиться. Меня зовут Джакомо. Можно просто Джэк.
— Тура шетелдегідей ат екен.
— Сэндер де ат экэн. А как тебя зовут?-деді секси дауыспен пысық қызға.
— Гүлайым.
— ОО, гуляим, че, погуляем?
Қыздар шиқылдап күлді. А, я, біреуінің даусы жуан екенін айтқан ек қой, ол қарқылдап күлді. Келбетті жігіттің кескініне қарап, аккордеоннан басқа ешкім ештеңе тимеген музыкант қыздың төсі дір-дір ете қалды.
— А тебя как зовут?
— Бегайым.
— Оо, бегайым, че, побегаем?
Қыздар тағы да күлді. Бегайымның шикіл сары өңі қызарып кетті.
Осы кезде үшінші қыз Ибалы менің атымды қашан сұрар екен?-деп, жаутаң-жаутаң етіп отыр еді.
— А тебя как?
— Меня зовут Ибалы.
Бұл жолы Жақым үнсіз басын шұлғыды. «Очень приятносын» да айтқан жоқ. Моветон!
Мүмкін, ішінен айтқан да шығар. Тәуіп қой, қыз біле жатар.
— Какими судьбами в городе?
— Жұмысқа тұрамыз, сол, үшеуіміз жан құрбымыз. Бірге үлкен қалаға келіп, бірге жұмыс жасасақ деп едік.
— А, че, у вас одинаковая специальность?
— Жоға, мен әншімін, композитырмын.- Осы жерде «ох тырық, қатты айтып жіберген жоқпын ба композитырмын деп?», біреу ала көзбен қарағандай өзінен өзі күмілжіп кетті. — Бегайым тігінші болған, Ибалы бал ашады. Сооолл…
Әлгіннен үнсіз отырған Ибалы сөзге араласты.
— Ал сіз кім болып істейсіз? Биллайнда істейсз ба не?-деп сұрады айнаға байлаулы матаның жұрнағына қарап қарап.
Жақым мырс етті:
— Да нет, это Георгиевская лента.
— Сөйтіп кім болып істейсіз?
— Кэм болып эстемедим мен? И садовник, и шофер, медбратом болып эстэдым…
«Жылтырап тұрғанымен, қара жұмыстың да шетін көрген екен, ә» деп ойлап қойды ішінен Бегайым.
Жақым сөзін жалғады:
— И вот, карьерный рост у меня… Сейчас организатор я. Вот у вас же разные специальности. Кто вас щас возьмет всех трех на работу? Эшкэм алмайдээ… Вот я могу. Как раз ты певица, и петь будешь, и ртом работать. Ты гришь тігесің хорошо, а ты тастармен жұмыс жасайсың… и… и все подруги. Это работа прям для вас… На начальное время, қалада по крайней мере… Плачу хорошо. На место работы апарамын, алып қайтамын… Че, кэлэсыңдер мэ?
Үш ару үнсіз бір-біріне қарады да, "Әйтеуір бірдеңеден бастау керек қой, мұндай мүмкіндік көшеде жата ма?" деп тоқайласқандай:
— Біз келістік,-деді.
***
200 ат күші жауынгер ақын атындағы көшеге қарай жүйткіп бара жатты.
Әрі қарай