Маған ұнаған ұзын әнек не қысқа әңгіме

Көктіреудің жерлеуі

«Ойбай, Көктіреу Әреңтұрғанов қайтыс болды!» — деп күрсінген елде есеп жоқ. Мәйітті жерлеуге алып жүрген көліктің артынан қара құрым қара мәшинеге сан жетпейді! Осынша қара көлік көктен түсті ме деп есің шығады. Сөйтсек, жерлеу кезінде көштен қалғысы келмегендер қызыл, сары, жасыл көңкелерін қараға сырлап, бояп үлгірмегені қара балшыққа көлігін бір аунатып алып қатарға қосылған екен. Қаралы митингте өксігін баса алмай, ардақты ағасына асыл сөзін арнаған ағайын сай сүйегімізді сырқыратты. Әсіресе, Көктіреу көкесінің арқасында адам болған Киізқазық Жергекіргеновтың, Майлыжер Жалағановтың, Көңілшек Көпбергенованың жүрек жарды жан айғайына егілмеген жан қалмады. Қаралы митингте қабырғасы қайысып, қайғыға батқандардың ішінде Кеңірдек Тоймағанов, Жалғанды Жалмағанов, Әділдік Көрмегенов, Әліпби Танымасов сынды еліміздің бетке ұстар белсенділері де болды. «Айналайын Көктіреу ағам-ай, енді көкті кім тірейді? Енді мені кім сүйрейді?!» — деп аңыраған Тіреусіз Жүреалмасовтың зарынан кейін, көрнекті ақын Арнаубек Одабайдың сөзіне жазылған Күйсыйлап Әнжазардың «Көшеде жатқан Көктіреу жоқ» атты патриоттық әнін елімізде ең көп сүйілген әнші Хошиіс Еміренгенова орындап бола бергенде, табытта жатқан Көктіреу көкеміз ризашылық өксігіне шыдамай шашалып, орнынан тұрып, өзі үшін өкіре жылаған көпке алғысын білдірді! Ақыры, ағасын қара жерге қимаған Майлыжер Жалағановты көкесінің орнына жерлеп, Көктіреу Әреңтұрғановты қолтықтап, қаралы қауым артқа қайтты. Бейіт басынан қайтқан ақ мәшинеде есеп жоқ! Жалт-жұлт етеді!

© Асқар Наймантаев
Әрі қарай