Ерлан Оспан, IT маманы: Жаңалықты телеарнадан емес, микроблогтан ертерек білеміз

— Ерлан, сарапшылар жыл басында «2011 жылы қазақ интернетінің дүмпуі болады» деп болжап еді. Сіздің ойыңызша, қазақ интернетінің өрістеу динамикасы көңіл көншітіп жатыр ма? Қазірше бұл сала көбіне тек өзіңіз сияқты энтузиастардың арқасында тілін қазақшаға бұрап жатқан жоқ па?
— «Сарапшылар» неменеге сүйеніп «дүмпу» болжағаны мен үшін жеті қат жердің астындағы құпия. Серпілістің қандай алғышарттарын көріп, «дүмпу» туралы қорытындыға келді екен? Ал қазақ интернетінің өрістеу қарқынына келетін болсақ, мұнда әділдіктің шыңы орнаған деп білемін: біз қандаймыз — интернетіміз де сондай.
Қазақтілді интернетті дамытуға құзырлылар да, құлықтылар да кейде арты шаманизмге ұласатын әрекеттер жасайтын сияқты. Ақшамен көмкерілген дауылпазды сабалаған топ отты айналып жүгіріп жүр. Барлығы аласұрып, бір тылсым формула іздеуде.