Таңдаулы

Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Блог - MeihuaZheng: Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Журналистер компанияңыз туралы жағымсыз мақала жазса нендей әрекет ету керек?

Жағымсыз мақала үш жағдайда жазылады:
1. Нақты себеппен – сіздің компания шынымен косяк жасап, сынайтын ісіңіз жария болғанда.
2. Редакциялық ұстаным – газеттің не арнаның сондай бір жынды принципі бар – кім туралы болсын бірдемесін қисық айта салу.
3. Тапсырыс – бақталас компаниялардың, үкіметтің, қандай да бір стейкхолдердің мүддесі үшін сіздікіне наезд жасау.

Тағы бір фактор бар – топас журналистің біліксіздігі, яғни тақырыпты жете түсінбегендіктен кей ақпаратты бұрыс не теріс түсініп, не болса соны жазуы мүмкін. Бірақ біз мұны «редакциялық ұстаным» категориясында қарастырғанымыз жөн, өйткені соңғы сөз дегенмен бас редактордың еншісінде.

Әрине, компанияның басшылығы жағымсыз мақалаларды өте ауыр қабылдайды. Кей бастықтар болады, арнайы жиналыс ашып, бүкіл коллективпен талқылап, ақыры баспасөз хатшысын жұмыстан шығарып жіберуі де мүмкін. Жалпы, шыны керек, бастықтардың 90%-і – натуральный қояншықтар. Түкке тұрмайтын көп нәрсені трагедия деп санайды. Ол енді бөлек әңгіме, оларға мүмкіндігіңше жоламауға кеңес берем. 500 мың төлеймін десе де келіспе ондай адаммен жұмыс істеуге – жұмыс сияғы болмайды, 146% ГАРАНТИЯ!

Сонымен, компанияңыз туралы жағымсыз мақала жарияланды немесе сюжет көрсетілді.
Алдымен шыққан материалдың зияндық шегін анықтап алайық
.

Төмен деңгей:
Компания өкілінің сөзін бұрмалауға тырысу, қандай да бір жағымсыз сипат беру (Мысал: Бәленшеев мырза оқулықтардың уақытында жеткізілмеуінің себебін айтып ақталмақ болды, Пәлен Түгеншеев сұрақты түсінбегенсіп, ары кете барды ). Тақырыпқа қатысы жоқ дерек келтіру (Мысал: Денсаулық сақтау министрі Пәлен мырза дәрінің бағасы өспейді деп уәде етті. Өссе де, өспесе де, министр айлығы азайып қалмасы анық).

Орташа деңгей:
Компания өкілінің қате ақпарат беруі (әрине, қасақана емес болса), қойылған сұраққа мардымды жауап бере алмауы, журналиске дөрекі жауап беруі, журналистік сауалға дер кезінде жауап бермеуі (ҮШ КҮН!!!), компания өкілі қандай да бір шараға шақырып алып, қатты кешігіп келуі, басқа тараптың сіздің компания/компания өкілі туралы жаңсақ дерек беруі.

Қауіпті деңгей:
Компания өкілінің компания саясатына немесе мемлекет заңына қайшы әрекеті, компанияның заңсыз әрекеті, компанияның табысының төмендеуі, халықаралық рейтингтің төмендетілуі, стейкхолдерлердің (компания қызметін реттейтін құзырлы орган, тұтынушы, акционер, серіктес, бұрынғы қызметкер, т.с.с.) компания қызметіне сенімсіздік білдірген пікірінің жариялануы

Осы ретте маңызды ремарка жасай кетейін: егер сіз баспасөз хатшысы бола тұра, ең басты басшымен тікелей қатынаспасаңыз – бекер жұмыс істеп жүрмін дей беріңіз. Имиджге қатысты кез келген мәселе, сұрақ, ұсыныс гендирмен тікелей талқылануы қажет. Әрине, егер сіз баспасөз қызметіндегі кіші хатшының үшінші көмекшісі болсаңыз, бұл қағиданың сізге қатысы жоқ. Ал егер жалғыз болсаңыз – осы есте болсын.

1. Төмен деңгейлі опасян материал бойынша сіз өзіңіз әрекет етіп, оны қалай реттегеніңіз жөнінде басшыны ескерте салғаныңыз да жарайды. Мысалы, жоғарыда айтылған мысалдағыдай еткен болса, журналиспен тікелей хабарласып, не себепті олай жазғанын сұрауға болады. Қандай да бір қосымша сұрағы бар ма екен, соны анықтап, алдағы уақытта эксклюзив ақпарат берем деп «құпия» айтуыңызға болады. Бірақ, уәдені орындауды ұмытпаңыз! Мұндай приемнан кейін журналист әдетте жаман жазбауға тырысады, егер қисық жазуды редакторы талап етсе, сізге мүмкіндігінше хабарлауға тырысады. Ал кей жағдайда ешқандай әрекет етіп те қажеті жоқ – әлдебір ешкім танымайтын газет-сайттың сандырағына жауап беру міндетті емес, жай ғана игнор.

2. Мақала зияны орташа деңгейде болса, әдетте арнайы релиз дайындап таратқан жеткілікті болатын кездер де болады. Жаңсақ дерек? Окей. Дұрыс деректі келтіріп, релиз жазасыз, таратасыз. Жақсы араласатын журналистермен тікелей байланысып, осы ақпаратты бөлек жариялауды өтінсеңіз, әдетте олар беттен қақпайды. Егер ешкім жариялағысы келмесе – асылып өлетін түгі жоқ, сайтыңызға әдемілеп іліп қоясыз, әлеуметтік желіде таратасыз. Бірақ бұл ШҰҒЫЛ түрде жасалуы керек. Бір жұмыс күні ішінде.
Компания өкілі журналиске дұрыс жауап бермесе (қазақша не орысша сөйлей алмады, дөрекі жауап берді, т.с.с.), ол журналисті жеке кездесуге шақырған дұрыс. Шайға. Барынша сыйыңызды көрсетіп, барлық сұрағына тайсалмай жауап берсеңіз, әдетте негатив өзінен жоқ болады. Тек сыйластық орнату жеткілікті. Ал дөрекі жауап берген қызметкермен өзіңіз жеке инструктаж жүргізіңіз.
Өз шарасына өзі кешігіп келген компания өкілі барлығы өткенсін редакцияларға шағын презент беріп жіберсе – норм. Кешірім сұрап, хат жазу қажет емес, ұяты болса оқиға орнында сұраған шығар. Коробкадағы пряник, тәттілер жинағын беріп жіберу – журналистердің көңілін көтереді, ал компания одан кедейленіп қалмайды. Мұндай жағдайлар ілуде бір ғана болады ғой, сондықтан қалаңыздағы редакцияларды кәмпит жегізіп семіртіп алам деп қорықпаңыз.

3. Компанияңыздың қызметіне, беделіне, келешегіне, табысына шын қауіп төндіретін материалдар әдетте жылдық айналымы миллиардтаған теңгеден асатын табысы бар компанияларға, әсіресе банктерге төнеді. Қауіпті деңгейдегі зияны бар мақаланың ықпалын жою үшін жалғыз сіздің немесе басшылық тарапынан ғана әрекет етуі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда компаниядағы антикризистік стратегия бойынша қимылдау қажет. Көп жағдайда салдарын жою үшін арнайы компания жалданады. Жеке басымнан мұндай оқиға өтпегендіктен, бұл жөнінде айтарым болмай тұр.
КЕЙС: Былтырлары Каспи банктің үлкен кризиспен (банктің банкрот екендігі, депозиттерді тез арада шешіп алу керек деген жаппай смс таратылуы) қалай күресіп, оны қалай жеңіп шыққан жөніндегі материалдарды іздеп қарап шығуыңа болады.

!!! Есіңізде болсын: Журналистермен дұрыс қарым қатынас орнату – баспасөз хатшысының ЕҢ бірінші және ЕҢ басты принципі.
Әрі қарай

Жаңалықтар математикасы

Кез келген өнім секілді тележаңалықтар да тұтынушы, яғни көрерменге дайын күйінде жеткізіледі. Бірақ, ең қысқасы бес минут, ұзақ дегенде бір сағатқа созылатын жаңалықтар бағдарламасының дайындалуы да тұнып тұрған математика. Енді, күн сайын түбір астын шығарып, матрица түзіп жатқанымыз шамалы. Дей тұрғанмен, математика элементтері біздің жұмыста жетерлік.
Әрі қарай

Кәсіпқой фотографтан смартфонмен шедевр фото түсіру сабақтары



Америкалық фотограф Лоренц Холдердің «Смартфонмен фото түсірудің 7 трюгі атты» видеосы 5 күнде 2 миллиондай қаралым жинады. Фотограф 3 минуттық видеода смартфонды фото үшін қолданудың қызықты 7 амалын көрсетеді.

Панорама түсіру, көлік ішіндегі түсірілім, бинокль және су тамшысы арқылы макротүсірім, картон штатив және құлақтық арқылы селфи, жасанды көлеңке қолдану, су асты түсіру сияқты қызық әдістерді үйренуге болады.
Әрі қарай

Бейталант суретшіден шұғыл шарж сабақтары

Біз сияқты қаратабан тоғышарлар «фотоприкол», «ентерлет мем» һәм демотиваторларды өзіне жаңалық етіп ашпас бұрын, қалам ұстаған интеллигенттер бір-біріне карикатураның «шарж» деген түрін жиі қолданған екен. Анықтамасында оны "дос-жаран, құрбы-құрдасқа әзіл-қағытпа ретінде салынатын портрет" немесе "танымал тұлғаға арнап салынған сурет түріндегі жеңіл әжуа " деп береді. Шарж адамды зілді кекесінмен тұқыртып, саяси карикатура сияқты сынамайды, кемшілігін бейнелі түрде бетіне басып, табаламайды. Шарж мақсаты — кейіпкерінің кейбір ерекшеліктерін еселеу арқылы жылы жымиту. Сондықтан, оны «мейірімді карикатура» деуге де болады.
Әрі қарай

Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес

Сыбайлас қамқорлық: Қазақтың e-журналистикаcына кіріспе. Қыңырдан 40+1 қырсық кеңес
Қазақтың интернет кеңістігінде әлдекімдер түк өсиет-өнегесі жоқ шытпақтарын тізіп, қасына сапасыз сурет қойып, күлегеш қыстырып, ойнақы бір атау тауып, әр бұрышқа сүйкей салғанды мәртебе көретін болыпты. Онысымен қоймай, журфактың табалдырығын түсінде де көрмеген бейбақтар қазақтың қасиетті қара журналистикасына сын айтатынды да шығарыпты. Еріккен сарттар интернеттің қыр-сырын кейбір дәстүрлі журналистерден бұрын меңгеріп алғанына мастанса керек. Ендеше, журналистердің де ғаламторға жазба мәтін, видео және фото материалдарын дайындауды үйреніп, кімнің кім екенін көрсететін кезі келген сияқты. Төмендегі 40 қырсық кеңесім жаңашылдықтың қиын-қыстау жолын таңдаған жас талапкерге көмекші боларына сенімдімін.
Әрі қарай

Жұмыс күшінің миграциясы немесе "Келімсек болу қандай-ды?"

Жұмыс үшін шетелдіктерге ең жайлы ел болып әзірге Қытай танылып тұр. Бұны анықтаған сауалнамаға сәйкес, көбісі жалақысы жоғары болмаса да, ондағы арзаншылыққа, еңбек атмосферасы мен қауіпсіздігіне қызығыпты.
Жұмысшыларды ең көп экспорттайтын көршіміз бұл жағдайға қаншалықты қуанышты екенін білмеймін. Маған аса қызық та емес. Тек қазақтардың жұмыс бабымен басқа елге көшуге қалай қарайтыны және өзімізде еңбек етіп жүрген шетелдіктердің Қазақстанды жұмыс істеуге қаншалықты жайлы деп есептейтіні қызық болды.
Әрі қарай

Жүйкеңіз қалай? Жүрегіңіз аман ба?

Блог - abzalsariyev: Жүйкеңіз қалай? Жүрегіңіз аман ба?
Мен де жұрт қатарлы бойында абыройы мен кемшілігі қаз қатар өрілген қарапайым пендемін.

Басқалар секілді күнделікті әртүрлі категориядағы стресс туғызатын жағдайларға душар боламын, сосын ашуланамын… уайымдаймын…
Әрі қарай

Журналист-блогерден жас журналист-блогерге кеңес

Блог - Marco: Журналист-блогерден жас журналист-блогерге кеңесЖаңа медиа дәстүрлі журналистиканы ауыстырады деген әңгімені алғаш естігелі бері төрт рет министрлер кабинеті алмасыпты. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай Қазнет секілді қолданушысы аз ортада блогосфера ТВ мен газет-журналдарды ауыстыратын емес, қосымша құрал ретінде ғана пайдаланылуда.
Әрі қарай

Блоггинг және 8 фитнес стратегия

Блог - Gastarbaiter: Блоггинг және 8 фитнес стратегия
Блог жүргізу және фитнес, хм-м…
Мұндай тақырыпты мен «фитнес гуруы» немесе шекесінен нұр төгілген блогосфераның соңғы апостолы атағына дәмеленгендіктен таңдағаным жоқ. Фитнестің кей қағидалары мен тәсілдерін саналы не бейсаналы түрде қолдануым маған бір кездері блог жүргізуде үлкен пайдасын тигізген. Кейбірі мен үшін әлі де тың, әлі де пайдалы. Сондықтан, оларды өзіңізбен бөлісудің мүмкіндігін мүлт жібергім келмейді. Ендеше, жаттығушының ырсылы мен пернетақтаның тынымсыз тырсылында нендей ортақ нәрселер бар екен? Көрелік.


Әрі қарай

Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін
«400 аттың күші ойыншық па саған, а?! Бір тонна артсаң да, мыңқ етпейді менің „Доджым“. Тіпті бар ғой, кранды сүйреп шығарады батпақтан». Өзінің ерекше құрмет тұтатын, көңілінде өшпес із қалдырған көлігі туралы сұрай қойып едім, Канадалық бастығым, әдетінше, көліктерінің техникалық сипаттамаларын тізе жөнелді. Карданды коленвалдан ажырата алмауым себепті, Митчтің тізіп шыққан техникалық егжей-тегжейлеріне «па, шіркін!» деп, тамсануға біраз күш жұмсадым. Оған қоса, кранды сүйреп шығарудың күнделікті қажеттілігіне де күмәндандым. Дегенмен, Митчтың әңгімесі, соншалықты зеріктірмеді: кейбірі өзімнің естеліктеріме тұздық болса, кейбірі асып түсті. Әсіресе, арқасы қозып кеткенде, өзінің 80 мың долларлық пикабын "Қызтартқыш магнитім менің" деп еркелеткен жері еріксіз жымитты. Митч және оның «Доджы» сізге қызық болса, алдағы абзацтарда тағы бір кезігерміз, ал әзірге тек мынаны біліңіз — төмендегі тізімде, көліктерді тек есіме түскен реті бойынша ғана орналастырдым. Ал қай көліктің бұл хитпарадта оза шапқанын анықтау, қадірменді оқырман, өзіңізге бұйырсын.
Әрі қарай