Жарияланымдар

Тағы да ағам туралы....

Балалық шағым есіме түсіп тоқтай алмай қалдым ғой…
Кенже ағам отбасымыздағы ең кенжесі. Алдында Алланың берген 10 аға-әпкелері бар. Содан ба екен, есерлігі де, еркелігі де басымдау. Бірақ бұзықылыққа қимаймын. Халқымызда айтатын «ақылды тентектіктің» үлгісі шығар. Сабаққа жүйрік. Алдына жан салмайды. Тек есі кетіп Ботаға ғашық болатын бала күнінде. Сол Бота үшін талай қиқарлығын да көрсеткен.
Менің 7 жасымда ма еді, есімді енді біліп жатқан кезімде, папам мен мамам енші алып бөлек кетті. Атам мен әжемнің Кенже ағамнан соңғы кішіболып бауырға басқан қызы болып қолдарында қалдым. Көрген-баққаным Кенже ағам болды. Кенже ағамның соңынан қалмайтынмын. Бар құпиясын Дарханға айтса да қасында мен отыратынмын.
Ағам мен Дархан досы екеуі кешкісін түрлі сылтау тауып, ағамның ғашығы Ботаға бір күні әдебиет сұрап барады, бір күні химия кітабын сұрап барады. Кездесудің сылтауын табады әйтеуір, әйтпесе мектепте бір сыныпта, бір партада отыратын қызға сонша өліп өшкенін түсінбей мен аң-таң, апам да аң-таң.
Бір күні ағам ғашығы екеуі ренжісіп қалыпты. Тағы да есесін қайтармақ болды. Дархан екеуі "Ғасыр жоспарын" құрды.
Сондағысы не дейсіз ғой…
Екі оңбай қалған ағаларым, әкемнің бір тележка етіп уйге әкеп тастаған қарбыздарынан ең әдемілерін, ең үлкендерінен 2 қарбыз алды да, кіші дәретке тостағанға отырып, шприцпен сорып алып қарбызға укол салды. Сөйтіп, екі қарбызды Ботаға апарып, үйінде отырып өз көздерінің алдында Ботаға, мамасына, Ботаның сіңлісіне жегізіп келген ғой.
Фуййййййййййй, жиіркенішті ия?
Мектеп бітірген соң 5 жылдан соң екеуі үйленді. Екеуі ренжіссе, "қарбыз жегізем" деп қорқытады бір-бірін…
Қыздар дейм, жігіттер берген сыйлыққа абайлап қараңдар…
Әрі қарай

Есе қайтару немесе кек алу...

Менің ағам бар. Есімі Кенжехан. Мен мектеп табалдырығын аттағанда ол жоғарғы сыныптардың бірінде 9-шы сыныпта ма, 10-шы сыныпта ма оқитын. Қасында сыныптас Дархан деген досы болатын. Екеуі өте бұзық еді. Қазіргі оқушылар сынып-сыныпқа бөлініп төбелесіп жүретіні олардың заманында да бар еді.Бірде ағамның ғашығы Ботаға көрші үйдегі 11 сыныптағы Қайрат ғашықтық сезімге толы хат жазыпты. Ол хат менің ағамның қолына түскен.
Содан көршінің сұмырай ұлы Қайраттан кек алу операциясы басталып кетті.
Сондағы ағамның ойлап тапқан қаскөйлігі үйіміздің жанындағы көрші үйдің ауласын бақылауға мүмкіндігі бар асханамыздың төбесінде жатады. Бірде Дархан болады қасында, бірде мен болам. Шымкенттің 40-50 градустық ыстығында асхана үйдің шатырында тапжылмай жатудың азабын мен де көргем. Сондағысы Қайратты аңду… Бір күні іске көшкен ағам маған майыстырса сынатын сым берді. Ағамның үйретуімен оқ жасауды үйрендім. Сонымен мен жасаған оқпен рогатка деген бір атқыш қарумен Қайрат далаға шықса атады. Арақашықтық ұзақ болған соң ба, көөөөөөөппп атқан оқтардың біреуі ғана нысана Қайратқа дөп тиеді. Ал ол ауласын басына көтеріп жылайды. Көбінде оның бақшада жүргенінде ғана тигізе алады ағам. Сәл жақындау еді. Біздің оғымызды көрмейді ау, үйіндегілерге «мені ара шақты» деп жылайды. Күліп қойсақ, бізді байқап қояды. Күлкіден жарыла жаздап төбеден түсеміз. Ағамның құпиясын ашып қоймауым үшін, ағама тиесілі тәттінің бәрі менің үлесіме тиетін. Апам баласын «бауырмашыл жүрегіңнен айналдым» деп еркелетуші еді. Апам қайдан білсін қызының шантажынан. Кәмпиттерін ағам бермесе, апама, ең арысы Қайратқа айтып берем деп қорқытатынын…
Ағамның қазақ интернеттеріне кірмейтіні қандай жақсы… Біліп қойса, сазайымды тартқызады. Қазір де сол Қайраттан қорқады ма екен сол ағам…
Ой, Бота-ай!!! Бізді осынша әуреге салған…
Әрі қарай