Жарияланымдар

1 күн

Жанталас… Күнделікті күйбең. Нағыз түскі ас уақытында жұмыс қызады әйтеуір. Бүгін міне сәл ертерек қолым босап, тамақтанып отырмын. Ой шіркін! Хандардың ауқаты ғой мынау…
Бір сэндвич, биг-бон және қара шай. Әрі жұмыс компьютерімнің алдында. Бүгінгі күні ғана емес, жалпы уақыт болмағандағы істейтінім осы. Романтика тұнып тұрған.
Қызмет істейтін жерім – Астананың сол жағалауындағы көркіне көз тойматын зәулім ғимарат. Соның ішінде осылай отыратынымды кім білсін. Сыртқа шыққанда түк болмағандай шікірейіп, «қызметкер» бола қаламыз…
«Қой, астамдық жасамайын. Мүлдем түстене алмайтын болып жүрсем не істер едім?»-дегім келеді кейде. Бірақ, 20 жыл бұрын «қытай бич пакетімен түстенемін» деп ойладым ба деееееп ауыр ойға күмп етем…
Әрі қарай

Астана шынында да Венеция болғысы келіп жүр

Өткен сенбіде өткен жауын елорданың коммуналдық қызметтеріне тағы бір ескерту жасады. Түс ауа басталған жаңбыр көше-көшенің бәрін суға толтырды. Су болғанда қандай. Көліктер жүріп емес, жүзіп өткендей көріністе. Адамдардың көбісі бірінші кездескен ғимаратқа кіріп паналаса, асыққандары малмандай су болғандарына қарамастан жүгіріп бара жатыр.
Есесіне такси айдағандардың тілеуі берді. Аялдамаға жете алмағандары солардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұған дейін айдың басында дәл осындай жауын болып, қаланың біраз жерінде көлік жүре алмайтындай жағдай орын алған болатын. Сол кезде тіпті кейбір жаңа ғимараттардың да шатыры су ұстамай қалған. torgai.kazjur.kz/2012/06/29/%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0-%d0%b2%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%86%d0%b8%d1%8f-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0-%d0%bc%d0%b0/
Көшедегі су тартқыш шұңқырлардың барлық суды сорып үлгірмеуі – коммуналдық қызметтердің жұмыс істемейтіндігін көрсеткендей. Таксиге артық ақша жұмсап, көліктерін жөндетуге ақша шығындағандар болса – қала билігіне рахмет айтыңыздар. www.youtube.com/watch?v=mxjv25S4Rsw&feature=youtu.be
P.S. Ең дұрысы осы кезден қайық сатып ала беру керек пе деп ойлап қоямын. Кім білсін…
Әрі қарай

№28 автобус – армандар орындалатын мекен

Астанадағы қоғамдық көліктердің басты ерекшеліктерінің бірі осы. Әсіресе таңертең жұмысқа баратын уақыт пен кешке үйге қайтатын кездерге не жетсін, шіркін.
Аялдамада арқа-жарқа сөйлесіп тұрған адамдар, қажетті автобус келгенде әңгімесін ұмытып жапа-тармағай есікке ұмтылады. Ең бастысы есіктің алдына жету. Одан кейін өздері-ақ көтеріп мінгізіп жібереді. Кіргеннен соң да қарманудың қажеті шамалы. Иін тірескен адамдар арасында құламақ түгелі, дем алуың да оңай емес.
Жә, армандарға көшейін…
Өзің бір аяғыңмен тұрып, ілігерге қара таппай келе жатқанда әзілдейтіндер де табылады. «Қарындас, бұл сіздің қалтаңыз емес!» деп жанындағы қызды әжуалап жатқан жігіттер, «ой апай, сіз қырыңызбен өтсеңіз де, былай өтсеңіз де 2 адамның орнын алады екенсіз» деп толық кондукторды күлкіге айналдырған қулар да осы жерде.
Кеше кешқұрым 28-і автобусқа отырып, дұрысы тұрып келе жатқанда бір ағамыз «менде арман жоқ» деп жар салсын. Достары не болды десе, «4 жас қыз маған құлап жатыр» деп мәз. Жүргізуші тормозды басқан сайын бар адам алға тықсырылып, сол 4 қыз тағы ағамызға қарай еріксіз қисаяды. Ай, «менде арман жоқ» деген ессіз айқай одан қаттырақ шығады-ай шіркін.
Қапырық ыстықта лүп еткен желді аңсаған бізге ол ағамыздың арманы ерсілеу көрінді. Алайда, соны қызықтаймыз деп аялдамамызға жеткенімізді де байқамай қалдық. Сонысы үшін рахмет!
Сіз мінген автобуста орындалған армандар болса жазыңыз, өтініш…
Әрі қарай

Астанадағы ұлттық қабірстан

Астанада ұлттық пантеон болады. Елорда шенеуніктерінің айтуынша, зиялы қауымға арналған қабірстан осы жылдың соңында қолданысқа берілмек. Жаңа нысан ұлттық нақышта тұрғызылып, барлық дін өкілдеріне ортақ мәдени орталыққа айналуы мүмкін. Қазақстан Италия, Түркия, Әзірбайжан және Куба сынды елдер қатарына қосылса кәне. Соңғы жылдардың өзекті тақырыбына айналған түйткіл былтыр Смағұл Садуақасовтың сүйегін әкелген кезде мүлдем ширықты. Сол кезде алаштың ардақты азаматын жерлейтін жер таппай, 4 ай бойы жерлей алмаған болатын. Сол уақытта бірқатар зиялы қауым өкілдері Астананың жанында ұлттық қабірстан құруды ұсынған. Қазіргі кезде қолға алынып, жобасы жасалып жатыр-мыс. Бұл әкімдіктегі шенеуніктердің айтқаны. Бірақ, бастапқыда айтылған Қабанбай батыр кесенесінің жанынан емес, басқа жерде пайда болуы ықтимал. Өйткені, ондағы топырақ құнарсыз. Әрі қаладан да алшақ. Қысты күні қар басып, қолайсыздықтар келтіреді. Әзірге 3 орын қарастырылу үстінде. Белгілісі – пантеонға делінген 500 гектар жердің 4-ке бөлінетіні. Бірінші бөлігінде мұсылман дінін ұстанған игі жақсылар жерленбек. Христиандар мен яһудилерден шыққан қоғам қайраткелреліне де орын қарастырылған. 4-і бөлігі қарапайым халық үшін.
Мұнда ұлттық қабірстан пайда болған күнде тамыр-таныстықпен белгісіз жандарды жерлеуге жол берілмей ме деген сұрақ туындайды. Оны болдырмау үшін, тиісті құжат жасалу керек дейді бастамашы топ өкілдері.
Айта кетерлігі, жаңа жоба ірі мәдени нысан болады деп жоспарланған. Қабірстан тек тәу ету үшін емес, келер ұрпаққа тарихтан тағылым беретін орталық болуы тиіс. Бұл пікірді молдалар да қолдап отыр. Мұхамбет пайғамбар с.ғ.с мен оның сахабаларына да арнайы қабірстанның болғанын алға тартады. Тек, шет елде қалған зиялы қауымның бәрін бірдей орнынан қозғау дінге қайшы. Көмусіз қалған немесе бейіті қорланған жағдайда ғана орынды болмақ. Ондайлардың тізімінде Кейкі батыр, Кенесары хан бар. Егер де пантеон ашылып жатса – көмусіз бабалардың сүйегі алғашқылардың бірі болып туған жерге қайтарылады.
Бастама көтерілгеніп, билік қолға алғанымен халық арасында қызу талқыға түспей отыр. Сондықтан, әлі қанша әңгіме шығары да белгісіз. 1tv.kz/kk/news/video/10072012/panteon

Бақытнұр Әлібай
Әрі қарай