Таңдаулы

Ұмытуға бола ма?



От жүрегім өртеніп, маздайсың-ау түнде,
Сағынып жүр екен деп, жазбасың-ау мүлде.
Сені ақылды деуші едім, ұқсатушы ем гүлге,
Араласып бұлттармен кеттің-ау бірге.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта бəрі дейді ғой,
Қысы да жылы жаздайын.
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?

Көзіңдегі қайтейін, арман тұнған көлді,
Сен аңсатқан күндердің енді.
Сен келердей таусылып атқызамын таңды,
Сағынышым өзіңе өшпейді мəңгі.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта дейді ғой.
Қысы да жылы жазайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?



P.S. Бұрын студент кезімде үйде отырсам бір машина өтті. Осы әнді қатты етіп қойып қойған екен. Атын да басқасын да білмеймін тек есімде қалғаны:
"… Ол жақта бəрі дейді ғой
Қысы да жылы жаздайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?...", дауысы Досымжан Таңатаровтікі. Әдемііі ән, бірақ ішінде бір мұң баррр… Қалғанын тыңдап көрмек ниетпен естіп қалған сөздерімді жазып интернетті ақтардым, таба алмаймын. Бір уақыттары Досымжан Таңатаровқа звондап сұрамақ та болдым. Бірақ сәті түспеді. Алайда әрдайым ойымда жүретін. Содан араға 3-4 жыл салып әріптесім Клара жақында Досымжан Таңатаровпен сұхбаттасуға бара жатқандығын біліп, осы әнді алып келуін аманат етіп жібердім. Сөйтсеееем, әннің аты "Ұмытуға бола ма?" екен. Атын жазсам интернетте тоооолып тұр. Атын білмеу деген осы екен...



Әдемі ән, бірақ ішінде мұң бар… Неге екенін… тыңдаған сайын жылағым келеді… :"


Әрі қарай

Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?

Өмірімнің өткен бөлігіне шолу жасасам, өз басымда да стереотиптердің сынғаны деп айта алатын оқиғалар жеткілікті екен. Бұл жерде нақты айту қиын — олар жалпыға ортақ стереотиптер ме, әлде жеке басымда қалыптасып, бұзылмас деп есептеген принцептер ме. Дегенмен, солардың бірнешеуімен бөлісіп көрейін.

Миф #1. Атырауда тудым, Атырауда тұрамын, Атырауда өлемін
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Қалада тусам да, ауылда өскен мен секілді мәмбеттің болашағы белгілі еді. Өзімнің пайымым бойынша: «Ауылдың орта мектебін бітірген, грантта оқуға шамасы жоқ, әдеби кітаптарды сүйіп оқиды, романтик. Демек, Атыраудағы бір газеттің ортаңқол редакторы болып күнін кешеді. Әйелі көрші ауылдан, немесе университетте танысқан өзі секілді бір малшының, не балықшының қарапайым қызы болады. Екі-үш баласы болады, жасы қырыққа жақындағанда әупірімдеп баспанаға қол жеткізеді. Сөйтіп жүріп елеусіз өмірден өтеді де кетеді. Мүмкін артында 1-2 кітабы қалатын шығар».
Мен бұдан артығын күткен де емеспін, қалаған да жоқпын. Біреу тіпті маған Атыраудағы өмірің 1,5 жылмен шектеледі десе, қарқылдап бетіне күліп кетер едім. Не болды, ал? Бір күні заттарымды бір рюкзакқа тықтым да, қалтамдағы 30 мың теңгемен Алматыға тайып тұрдым. Барлығы әп-сәтте болғаны сонша, есімді қалтамдағы ақша таусылғанда ғана жидым. Атырауға оралуға намысым жібермеді. Алматыда 1-2 жыл жүре тұрайын деп шештім. Ол 2007 жылдың жазы болатын.

Миф #2. Мен танымал болмаймын
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
— Саламатсыздар ма! Эфирде жаңалықтар, микрофон алдында Ернар Бекенов.
Түсінесіздер ме — мен ауылдан бірнеше ай бұрын ғана келген баламын, бойымда мәмбеттігім әлі бар. Маған біреу 1-ші курстың соңында радио-диктор боласың десе, бетіне күле қарап тұрып, жерге «харқ» еткізіп бір түкіріп тастап, бұрылып кетіп қалар едім. Радиоға қайдан тап болдым? Білмеймін, әйтеуір басында өндірістік практика дедім, одан кейін стажировка дедім, тағы бір ай — мен штаттағы радиожүргізушімін.
— Сіз Ернар Бекеновсыз ғой жаңалықтар оқитын?!
Олар мені қайдан таниды? Қызық екен, қалалық «Тандем» радиосының өз фан-клубы бар екен және олар радиодағы барлық өзгерістерді бақылап отырады. Уау! Менің де фанаттарым бар!

Миф #3. Басшылық лауазым маған бұйырмаған
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Сіз 19 жасар бас редакторды танисыз ба? Ол мен. Радиодағы 1 жылдық өмірімде бас редакторлыққа дейін көтерілдім. Екінші курста оқып жүрген кезім еді.
Әлгі газеттің ортаңқол редакторы туралы ойларым миф болып қалды. Бас редактор қайда, қарапайым газетші қайда?

Миф #4. Менің әйелім нағыз қазақ болады
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Мен тілімді сүйемін, мен ұлтымды сүйемін! Орыс тілділермен ешқашан, естисіз бе — ешқашан дос болмаймын. Астраханның бір ауыз қазақша білмейтін қызы? Ха-ха! Ондайлардан алыс жүр, сенің әйелің нағыз қазақ болуы керек.
2010 жыл 8-9 қазан. Атыраулық Ернар мен астрахандық Светаның үйлену тойларына қош келдіңіздер.
Кейде менен әйелім әзілдеп сұрайды:
— Бір ауыз орысша білмейтін, ұлтшыл, ашушаң, жағымды бір қылығы жоқ ауылбайды қалай сүйіп қалдым?
— Білмеймін, өзім де осы сұраққа жауап таба алмай талай таңды атырдым, — деп шын жауап беремін.

Миф #5. Қайын жұрт — жауың
Блог - patick: Блогиада #20. Менің стереотиптерім қалай бұзылды?
Өзімді бөтен адамдармен жарасып кетуі қиын адам ретінде білемін. Оның үстіне қайын жұртпен жақын араласу күшік күйеулікке алып келеді деген сенімде едім. Мүмкін тәрбиеден шығар, әкем мысалы өз қайын жұртымен әлі күнге дейін жақын араласпайды. Әкем менің болашақ әйелімнің ауылына танысу үшін, келінге сырға салып, құда түсу үшін алғаш барып келгенде ашуланып келді:
— Құда қызық адам екен, әлі көрмеген болашақ күйеуді балам деп отыр!
Мен үшін де бұл біртүрлі қылық көрінді. Кейін таныса келе көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Жыл сайын жазда Ресейге қайын жұртқа барамыз. Атам құшақ жая қарсы алып, мен үшін алып қойған сыбағасын береді, сырасын құяды (ол жақта сыра ішімдік болып есептелмейді). Енем де «Балам, қарның ашпады ма?» деп күні бойы құрақ ұшып жүреді. Өмірімде бұндай құрмет көрмеген мен үшін бұл тосын көрінсе де, кейін үйреніп кеттім. Бажам марқұм тіпті бар жұмысын тастап, шекарадан келіп күтіп алатын. Сосын қайтқанша думанды демалыс басталады.

Қарап отырсам, өзгерістердің көпшілігі қазіргі әйеліме қатысты болыпты. Бірақ жеке мен үшін ғана, көпшілігіміз үшін қалыпты емес болып есептелетін тағы бір стереотипті бұзыппын: Ешқашан күйеуі әйелінен кіші болмайды. Иә, әйелім өзімнен 3 жас үлкен.

«Ешқашан ешқашан деме», — дейді ғой орыс халқы. Принциптер мен стереотиптер талай өзгереді екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын өміріңде осындай оқиғалар болады десе сенбес едім. Әлі де талай нәрсе өзгерер, тек ең бастысы өзіңді жоғалтып алмау.
Әрі қарай

Кәсіпқой фотографтан смартфонмен шедевр фото түсіру сабақтары



Америкалық фотограф Лоренц Холдердің «Смартфонмен фото түсірудің 7 трюгі атты» видеосы 5 күнде 2 миллиондай қаралым жинады. Фотограф 3 минуттық видеода смартфонды фото үшін қолданудың қызықты 7 амалын көрсетеді.

Панорама түсіру, көлік ішіндегі түсірілім, бинокль және су тамшысы арқылы макротүсірім, картон штатив және құлақтық арқылы селфи, жасанды көлеңке қолдану, су асты түсіру сияқты қызық әдістерді үйренуге болады.
Әрі қарай

Бейталант суретшіден шұғыл шарж сабақтары

Біз сияқты қаратабан тоғышарлар «фотоприкол», «ентерлет мем» һәм демотиваторларды өзіне жаңалық етіп ашпас бұрын, қалам ұстаған интеллигенттер бір-біріне карикатураның «шарж» деген түрін жиі қолданған екен. Анықтамасында оны "дос-жаран, құрбы-құрдасқа әзіл-қағытпа ретінде салынатын портрет" немесе "танымал тұлғаға арнап салынған сурет түріндегі жеңіл әжуа " деп береді. Шарж адамды зілді кекесінмен тұқыртып, саяси карикатура сияқты сынамайды, кемшілігін бейнелі түрде бетіне басып, табаламайды. Шарж мақсаты — кейіпкерінің кейбір ерекшеліктерін еселеу арқылы жылы жымиту. Сондықтан, оны «мейірімді карикатура» деуге де болады.
Әрі қарай

Садақа. Риясыз көмек дилеммасы

Сана мен сезім: Садақа. Риясыз көмек дилеммасы

Садақа беру — көп діндерде ерікті түрде көмек көрсетуді білдіреді. Дарвинизм тұрғысында, адамдардың қиын-қыстауда бір-біріне көмек қолын созуы — бізді жер бетінен жойылып кетуден құтқаратын әлеуметтік қорғаныс инстинкті.
Садақа беруді өзім рефлекс деңгейінде жүзеге асуы тиіс әрекет санайтынмын. Тек, көшедегі қайыр тілегендердің ұйымдасқан мафия екенін, ал интернеттегі қайырымдылық шарасына сеніп, шұғыл жіберген садақаң кезекті алаяқтың қалтасына кеткенін білгенде, ішің «суиды». Әділ де болғың келеді, шын мұқтаждың жан айқайына үнсіз де қалғың келмейді. Күмәншіл адамның садақаны жүрегіне емес, ақылына жүгініп беруі не бермеуі қаншалықты орынды? Адамның шын ниетін анықтауда айып бар ма?
Әрі қарай

Әлеуметтік эксперимент: адамдардың садақа тастауына қай жағдайдың әсері мол?

Тәп-тәуір киініп алған адам алдыңыздан ақша сұрап шықса, бірінші түріне қарайсыз. Бет-аузы ісіп тұрса, әрине, арақ үшін садақа қимасыңыз анық. Солай ғой? Бәріңіз олай етпессіз, бәлкім. Мен «нанға», «жолға» ақша сұрайтын «пяншіктерді» айналып өтуге тырысамын.
Ал, тәуір киініп алып, қолына бағалы телефонын ұстаған адам ақша сұраса ше? Оның шынымен қиналып тұрғанына сенесіз. Жақсылық жасап кетуіңіз әбден ықтимал. Менде осылай «кенет қинала қалған» адамдарға аяушылық сезімі көбірек оянады.

Көшеде ән айтып, аспапта ойнап отыратын жандарға ешқашан ақша тастап көрмеппін. Рас, жанында отырып, біраз өнерін тамашалап аламын, «сау адам қайыр-садақа сұрамау керек» деп ойлайтын болармын. Сіз ше, тамашалаған өнерді садақамен бағалап кетесіз бе осы?

Ал, киерге киімі, ішерге асы болмай қалып, көшеде тіленіп отырған жандарға ше? Аяқ-қолы сау болса, мүлде назар аудармаймын дей алмаймын, өте сирек қайырымдылық жасаймын. көше жағалаған мүгедектердің еңбек етуге мүмкіндігі аздығын ескеріп, бес-он тиын садақамды қиып жататыным бар.

Демек, адамдардың қайырымдылық жасауына аяушылық сезімі, оның ішінде де тым қиын жағдайлар көбірек әсер ететін сияқты. Оған мына экспериментім дәлел бола алады.


Есіл жағалауында өнеріне ақша тіленіп отырған адамдар ғана болғандықтан, жиналған бар қаржы соларға салынды.
Әрі қарай

Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Эпилог ретінде:
"Садақа" тақырыбына жазба жазу тапсырмасы берілген алғашқы 5 күн бойына білім базамда бұл ұғым жайында дерек-
тердің, қатысты материалдардың жоқтығына көзім жетті. Тіпті - мүлдем идеясыздық... Бірақ, шегінерге жол жоқ
еді: артымда - тар жолдың тайғағын кешкен "тағдырым", алдымда - абырой мен жауапкершілік тұрды...

Асыл дініміз Ислам әлемінде «Садақа» ұғымы:
Садақа — Алла Тағаланың ашуына ұшырауынан сақтаушы, қателіктерді өшіруші, тозақ отынан сақтаушы, қиямет күні әркім өз теріне малшынатын аптап ыстықта иесіне саюшы, мейірімділік сезімді оятушы, жүректі жұмсартушы ең ізгі амал;
деп келеді екен… «”Садақа және зекет” кітабы, 19 бет (авт. Нұрлан Анарбеков) »
Қайырымдылық жасаудың садақа мен зекет атты түрлері жайлы тіпті жалпылай базалық түсініктің аздығы мен «бір бастаған істің қыр-сырын толық меңгеріп алу» принципімнің себебінен, Астана қаласындағы: «Нұр Астана» және "Әзірет Сұлтан" мешіттеріне арнайы осы тақырыппен бас сұқтым.

«Нұр Астана» орталық мешіті

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Орналасуы:
Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 36
Ауданы:
3930 ш.м.
Сыйымдылығы:
≈10 000 адам
web сайты:
Үммет.кз

Осы мешіттің наиб имамы Төлеби Оспан ағамызбен сұқбаттасудың сәті түсті.

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - СадақаАссалаумағалейкум Аға.
«Садақа» тақырыбында жазба жазу үшін блоггерлік сараптама жасап жүр едім. Жалпы, осы тақырып жайында не айта аласыз? Дінімізде садақа жайлы не делінген?


Уағалейкум ассалам уа рахматуллахи уа баракатух.
Дінімізде садақа жайлы көптеген аяттар риуаят етілген:
«Жасырын не ашық түрде көп садақа беріңдер, ризықтарың көбейеді, көмекке ашық болыңдар дұғаларың қабыл болады.» (Ибн Мажә);
«Ілімділер ілімінен, мал-мүлкі барлар мүлкінен садақа берсін.» (Ибни Сүнни);
«Бір дана құрма да болса садақа ретінде беріңдер, өйткені ол аз да болса аштықты кетіреді және судың отты сөндіргені секілді күнәларды жояды.» (Ибни Мүбәрәк);
«Садақа нәпіл ораза тұтудан да құнды.» (Байхаки);
«Садақа ретінде берілген бір үзім нан Аллаһу та’аланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді.» (Табарани).

Садақа беру — жүрегінде иманы бар нағыз мұсылманның, оның пайдасы мен Алла Тағаланың берер мол ризығы мен берер абыройынан үміт еткеннің ісі. Қандай да бір жағдай болмасын садақа беру міндет. Тіпті, Құдайға шүкір, қазір кез-келген жанның ең болмаса жарты келі бидай бере алатындай жағдайы бар. Сондықтан оны жүрек пен ардың жағына қалдырдық.Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Аға, Сіздердің мешіттеріңіз тарапынан мұқтаж жандарға қандай садақалар беріліп жатыр? Қандай шаралар ұйымдастырылуда?

Біздің мешітке Астана қаласының Есіл ауданына қарасты материалдық жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарды қамтамасыз ету (бейресми) міндет етілген. Әрине, мешітіміздің есігі — оны шынайы көмекке зәру боп қаққан жанның әрбіріне ашық.
Бізде, аудандағы сондай көмекке зәру жандардың, оның ішінде нақты мектеп жасындағы 250 баланың тізімі бар. Мойнымызға сол балаларды мектепке дайындау жүктелген. Мешіттің кіреберісінде орналастырылған «Мектепке жол» атты акциясынан және жекелей тұлғалардан түскен қаржылар — тура осы балалардың несібесіне бұйырғалы тұр. Керек-жарақты бәрін алып, сақадай сай дайын отырмыз.Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Орташа есеппен 1 баланы киіндіріп жарақтауға кеткен қаржының шамасы қандай болды?

(қолына сатып алынған заттардың есеп-фактурасын алды) Әр баланың жас шамасына қарай, сыныбына қарай — оған жұмсалған қаражаттың да орташа соммасы әрқалай. Атап айтар болсақ:
1 балаға:
Дәптер/қалам және т.б.с.с. жарақтар — 2000 мен 2600 теңгенің шамасында;
Дорба (сөмке) — 1300 бен 4400 теңгенің арасында;
Мектеп формасы (ақшасы қолына беріледі) — 13000 мен 30000 теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Міне, осындай дайындықпен алдағы тамыз айының 26 күні, тізімдегі барлық жандарды осы мешітке шақыртып, арнайы табыстайтын боламыз.

Әңгімеңізге рақмет. Алла істеріңізге береке берсін.

"Әзірет Сұлтан" мешіті

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Орналасуы:
Астана қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы
мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысы, нөмірсіз
Ауданы:
17 700 ш.м.
Сыйымдылығы:
≥ 12 000 адам
web сайты:
Мүсілім.кз

"Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы өзінің жеке кабинетіне қабылдап, барлық сұрақтарыма толық жауап берді.

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - СадақаАға, қайырымдылық жасаудың ізгі амалдары деп садақа мен зекетті білеміз. Осылар жайлы айтып беріңізші.

Дініміз Исламда садақа мен зекеттің екеуінің орны бөлек. Садақаны — міндет, зекетті — парыз деп білгеніміз жөн. Зекетті арнайы жандар ғана бере алады, ал садақаны кез-келген жанның беруіне болады. Зекет жылына бір рет, садақа көңілдің қалауымен беріледі.Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
"Әзірет Сұлтан" мешітіне қойылған садақа жәшіктері жайлы сұрайын деп едім.
Мешітке бас иіп кірген әрбір адам осы садақа жәшігіне азын аулақ болса да тиын тебен тастамай шықпаса керек. Осы жәшіктер қалай бақыланады, қорғалады, кімнің назарында? Сол сұрақтарға жауап берсеңіз.


Мешітімізде жалпы саны әр жайға орналастырылған 10 садақа жәшігі бар. Аптасына бір бет ондағы түскен қаржыны мешіттен жалпы саны 7 адамнан кем емес құрылатын арнайы комиссия шешіп отырады. Ол комиссияның құрамына: мешіт имамы, бухгалтері, және міндетті түрде ерікті жамағаттан 2 адам кіреді. Жәшіктің аузын жабарда әр жолы комиссия мүшелерінің қолы қойылған қағаз жабыстырылып, мөрленіп отырылады.Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
«Мешіттен садақа жәшігі ұрланыпты» дегенді жиі естіп жатамыз. Ол жәшіктердің қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?

Меніңше, қауіпсіздік шаралары жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілген. Мешітте барлығы 76 камера орналастырылған. 3 ауысымда күзетшілер қызмет етеді, әр ауысымда — 7 адамнан. Ол жәшіктердің салмағы да біршама ауыр, тіпті 2-3 адамның орнынан қозғалтуға шамасы келмесе керек.Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Жауап бергеніңіз үшін рақмет айтамын. Алла разы болсын!

Сонымен -

Садақа — әрбір жанның жүрек қалауы мен арына қалдырылған игі шаралардың бірі. Дініміз — садақа берушілерге аса бір құрметпен қарайды. Садақа берудің де түр-түрі бар: қаржылай, біліммен, көңілмен, заттай т.б.
Бастысы — жүректе тап-таза ниет пен Алланың адал жолын танитын иманның болуы.
Осы жазбамды оқып отырған әрбір адамнан ертең мектепке барар дайындығы жоқ мектеп балаларына көмектесулерін сұраймын. Астанада болсаңыз жүріп жатқан «Мектепке жол» акцияның телефон нөмірлерін ашық қалдырдым. Сіздің де қалаңызда/ауылыңызда осы тектес шаралар жүріп жатқан болар. Қолыңыздан келсе көмектессеңіздер екен. Алла разы болсын!

Қайырымдылықтың ең ізгі амалы — Садақа

Блог - abzalsariyev: Қайырымдылықтың ең ізгі амалы - Садақа
Әрі қарай

Мусор беріп жіберу

XXI ғасыр дәстүрлері: Мусор беріп жіберуМусор беріп жіберу — ХХІ ғасыр қала қазақтары арасында кеңінен дамыған дәстүр. Мусор әдетте үйден шығып бара жатқан еркектерге әйелдер тарапынан беріледі. Келіншектер күйеулеріне, қайныларына, ұлдарына береді.

Бұл дәстүр арқылы әйелдің еркекке құрметі, сенімі, сүйіспеншілігі паш етіледі. Сондай-ақ қазақтар үйден шыққан мусор арқылы үйдегі негатив энергия, нашар аура, керек емес артық заттар, қоқыстардан құтылатынына сенеді. Үйге келетін жаңа берекеге орын ашылды деп қуанады қазақ әйелдері.

Мусорды үнсіз алып кету — дәстүрді құрметтемегендік болып саналады. Сондықтан үйден шыққалы тұрған жауапкершілігі мол, салт-дәстүрге берік еркек «Мусор бар ма, ала кетейін» деп өзі сұрап алады немесе әйелдер жағы «Тоқтай тұр, мусор беріп жіберейін» деп бұл дәстүрге деген мұқияттылықтарын көрсетеді.

Мусор беріп жіберу — қазақ отбасындағы бала тәрбиесінің де бір бөлшегі. Буыны бекіп, бұғанасы қатая бастаған ұл балаларға жастайынан мусордың жеңіл түрлері беріледі. Ата-аналар әдетте бұл жауапты істі мәртебемен орындаған ұлдарын мақтап, мадақтайды. Осылайша дәстүрге бейімделе бастаған жас ұрпақ жауапкершілік сезініп, өзін үлкен өмірге дайындай бастайды.
Әрі қарай

Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?

Жазбамды бастамас бұрын бірден ескерте кетейінші. Осы посты «су ішкен құдығына түкіргеннің кері» деп түсінбеңіздер, мен бар болғаны өз тәжірбиемде кездескен қателіктерді тілге тиек етіп отырмын.
Байқап та отырған шығарсыз, әңгіме бір кездері өзім жұмыс істеген Munara.kz сайты жайында болмақ. Өзіміз кездескен қателіктер мен қазақ интернет-журналистикасында көзге түсетін проблемаларды тізіп көрдім және бұл – менің субъективті көзқарасым

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Контент

Munara.kz жаңалықтар сайтының редакциясы блогерлерден тұрды. Тіпті меншіктік тілшілердің өзі блогерлердің арасынан таңдалды десе де болады. Аршат Ораз, Данияр Алан, Айжан Байтанова, Эльвира Ерғалина мен 15 тілшіден тұратын команда «ақпарат мұнарасын» 7-8 ай сүйреді. Бірақ…
Бірақ, бізде дизайнер, аудармашы, SMM-менеджер, редактор, аймақтық тілшілер болғанымен, өз қаламызда, Алматыда журналистіміз болған жоқ. Сондықтан Астана мен Алматыда болған оқиғаларды кешігіп жазатын болдық. Тіпті, әлемде, елімізде болып жатқан жаңалықтардың бәрін кешігіп салатын едік (арасында жанталасып, біз бірінші жариялап жіберген материалдар болды енді). Шапшаңдық жетіспейтін. Оған «лижбы зарблады алсам болды» синдромы кінәлі сияқты. Ешкімнің жаны ашымайды.

Бірінші жариялау қайдан болсын, оқиға болып жатқан жерге интернеті қосулы ноутбукты емес, диктофон мен фотоаппаратымызды арқалап барамыз. Оқиға біткен соң асықпай кеңсеге қайтамыз. Жол-жөнекей шәй ішіп алуымыз да мүмкін. Сосын барып материал жазуға кірісеміз. Біз «жариялау» деген тетікті басқан кезде, орекеңдер ол оқиғаны талқылап, жілігін шағып, майын ішіп отырады. Жазбамыз жаңалық емес, ескілік боп шығады. Контент тұсында жіберілетін тағы бір қателік — қазақ интернет-журналистикасында сараптама жоқ, тың деректер жазылмайды. Журналисттерде өз бетінше іздену деген шынымен де жоқ, елден ерек материалдар сирек, өте-өте сирек жазылады. Көбіне пресс-релиздегі ақпараттарды «азық қылады». Өзіміз де сөйттік кезінде.

Сөйтпегенде қайтеміз, интернеттің не екенін біліп, PR жағын қатырғанымызбен, журналистік тұсқа келгенде тырнақ шұқылап қалатын едік. Журналистер де тап солай (бәрі емес): жазу жағын қатырғанмен интернетті жетік түсіне де, қолдана да білмейді. Жұмысына, жазбасына шығармашылық ретінде емес, механикалық жұмыс ретінде қарайды, құдды бір жұмысқа жегіп қойғандай. Көп журналистерде объективтілік жоқ, «дайын асқа тік қасық» болғанды жақсы көреді көбі. Танымал адамның Инстаграмға жариялаған бір фотосының өзінен үлкен материал шығаруы мүмкін. Мысалы, кеше ғана Роза Әлқожаға Инстаграмдағы қолданушылары «арықта» деген екен, соны үлкен сайттарымыздың бірі ауқымды жазба қылып жазды. Оған екінші бір танымал сайт жауап қайтарып тағы жазба жазды. Яғни, материалды бір жерден алып, екінші жерге қоя салады; салыстыру, сараптау, зертеу жағы кемшін. Мұнараның кезінде ескермей, қазір байқап жатырмыз

Несін айтайын, Мұнараның мультимедиалық жағы «онша емес» болды. Уникал фото тым аз еді, гугл әжейдің жиған-тергенін сарқып біттік. Жалғыз Мұнара ғана емес, қазақ интернет-журналистикасының көбі солай, фотоға назар аудармайды. Тақырыпқа сай фотоны өзі түсіргеннен интернеттегісін қоя салғанды оңай көреді.

— Серғали, қазақ интернет-журналистикасындағы контент неге орыстардікінен кеш шығады? Қазақтардың жайбасарлығына жабамыз ба?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Серғали Балажан
— Иә, қазақша жаңалықтар орысшадан қарағанда сәл кешігіп шығады. Оның негізгі екі-үш себебі бар.Ең негізгісі — өтетін жиын, іс-шаралардың барлығы дерлік, өкінішке қарай, орыс тілінде өтеді. Қазақтілді журналистер оны түсініп, аударып боламын дегенше, орыстілді журналист дереу жариялап үлгереді. Екіншіден, интернет журналистикада қазақтілді мамандар әлдеқайда аз. Қазақтілді ақпараттық порталдардың да санын арттыру керек. Үшіншіден, қазақ журналистері орыс журналистеріне қарағанда ынжықтау, жасықтау. Бір маманнан пікір алу үшін бірнеше күн артынан жүруі мүмкін, спикері сылтау айтса соған көніп, қоя салады. Пікір білдірмеймін десе де көне салады. Қазақ журналистерін еріншек, жайбасар деп айта алмаймын, еңбекқор әріптестерім көп.


Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Сайттың техникалық жағы

Мұнара сайты оқырмандарға жол тартпай тұрып сіздер көргендегіден мүлде басқа дизайнда болған. Бәленбай қаржыға жасалған нұсқасы редакцияның қолдануына өте ыңғайсыз болды әрі дизайны көз тартпады. Сондықтан Аршат өз қалтасынан қаржы шығарып, Wordpesтің шаблонын орнатты. Әрине, нөлден бастап жасалған сайттармен салыстыруға келмесе де, ыңғайлылығы олардан кем емес еді. Сайтымыз жиі шабуылға ұшырап, ара-тұра құлап қалатын.
Біздегі (бәрі демейін) көп сайттар жасалуына, техникалық жағына қаржы қысылып бөлінгендіктен осындай қателіктерге жиі ұрынады. Яғни, сайт жиі ашылмай қалады немесе оқырмандары көбейген сайын ашылуына салмақ түседі.
Ақылы плагиндердің түр-түрін сатып алып, оқырмандарға жайдай жасап қоятындары да жоқтың қасы.

— Аршат, қазақ интернет-журналистикасы техникалық тұрғыдан ақсап тұр. Оған себеп білікті маманның болмауы ма?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Аршат Оразов
— Техникалық тұрғыда басты мәселе — жоба менеджерлерінің болмауы. Редакциялар техникалық жағына немқұрайдылық танытады, арнайы маман басқармайды сайт істерін. Сондықтан да жүйелі жұмыс жоқ. Нәтижесінде арзанға жасалған нашар сайттар, жұтаң контент, әлсіз SMM көрудеміз. Яғни, жоба-менеджерлігі жоқ деуге болады. Басқарушылардың дені — тек журналистік тәжірибесі бар адамдар, ал интернет істері бойынша біліктіліктері төмен. Сондықтан да интернет-редакциялар әлі газет редакциясы деңгейінде.

Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Қаржы және PR

Munara.kz сайты қаржыландыру жағынан кемшілік көрген жоқ. Тіпті, аймақтардан 15 тілші алып, оларды қажетті техникамен қамтамасыз ете алды. Бірақ, «әттең-ай» дейтін бір тұсы — тілшілерге төленетін гонорар материалдың мазмұнына қарай емес, көлеміне қарай төленді. Колумнистердің еңбегі газеттегідей әріп санымен емес, көрілім санымен бағаланса, оқырмандар саны көбейер еді. Жазбадағы символ көбейген сайын алатын қаламақың да көбейетінін білсең не істейсің? Әрине, «көбәріптікке» жол бересің. Сала-құлаш жазбаны ешкім оқығысы келмейді, қазір халыққа қысқа-нұсқа жазба керек. Адамдардың талғамы өсті ме, әлде еріншек боп бара ма, инфографика, фото, видео арқылы жеткізілетін шағын ақпараттарға құмартып барады.

Ақша демекші, ұзынқұлаққа сенсек, тіпті қазақ интернет-журналистикасының тізімін бастап тұрған бірнеше сайттар тендерден күреп ақша алады екен-мыс. Өкініштісі – ол теңге құжаттағыдан тыс мақсаттарға жұмсалып жататыны. Соның салдарынан командадағы адам саны қысқарады, жарнамаға қаржы бөлінбей қалады, тағысын тағы жалғаса береді.

— Ақберен, сіздіңше, қазақ интернет-журналистикасында ақша дұрыс игеріле ме?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Ақберен Елгезек
— Қазақ интернет журналистикасында игерілетін ақша жоқ қой)) Үкіметтің беретін тендері айлықтан аспайды. Дамуға ақша қалмайды.


Жарнамаға қаржы бөлінбеген соң, жұрт ол сайт туралы естімеген соң бұрынғы ақпарат алып жүрген «жылы орнынан» қозғала қоймайды. Танымал сайттарға баннер орнатып, PRлату қазақ интернетінде ақсап емес, тіпті мүгедек болып тұр. Бренд жасауға ұмтылмайды (бәрі емес). Бірнеше жылдық тәжірбие мен танымалдықтан соң өзі-ақ брендке айналар деген ойдың лебі сезіледі. Біз Мұнараны баннер орнатумен танытпасақ та, көрінген жерде айта жүріп-ақ елге таныстырған сияқтымыз. Брендке айналдыра алар ма едік, ол сайттағы қызметіміз қыршыннан қиылып кетті.
Мүмкін SMM жағы мықтырақ болды ма екен, әйтеуір Қазнетдода жарысында интернет-БАҚтар арасында бірінші орынға ие болды Мұнарамыз. Жұрт дауыс берді. Басқа онлайн-БАҚ сияқты үздіксіз сілтеме лақтырып, лентадағылардың «қанын ішкен» сияқтымыз басында. Кейін уақыт интервалын реттедік. Тіпті, төте жазумен аударып алып, Қытай қазақтарының сайтына ақпарат салып кетіп те жүрдік. Олар фотоны көру үшін біздің сайтқа өтетін, қандай қулық, ә? Қазақ интернет-журналистикасындағы сайттарға көп оқырман қажет болса, міндетті түрде сайтқа төте жазу нұсқасын орнату керек. Өйткені, шетелдегі қандастарымыз Қазақстандағы жаңалықтарға сусап отыр. Біздің, яғни қазақтардың интернетінде SMM деген нәрсе тек сілтеме бөлісумен ғана сипатталатындай. Сайттың аудиториясын, оларға не қажет екенін, қай ақпараттар көбірек оқылатынын, жалпы статистиканы бақылап отыратын мамандар аз.

— Жалғас, қазақ интернет-журналистикасында жарнама арқылы табысқа белшесінен батып отырған сайт жоқ. Неге?
Блог - aikarakoz: Қазақ интернет-журналистикасындағы қателіктер немесе блогерлерден құралған редакция неге құлады?
Жалғас Ертай
— Себебі — көп. Әр қайсына ежіктеп отырғым да келмейді. Бірақ, негізгілерін атап айтуға болады. Бірінші, мазмұнның сапасы нашар. Ешкім ол мазмұнмен санасқысы келмейді. Екіншіден, жаңалық жасайтын сайттардың жасаған материалдары, көп жағдайда, журналистиканың нормаларына сай келе бермейді. Интернеттің беріп отырған мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды десе де болады. Бұның бәрі — сайттың мазмұнына қастыстысы. Одан өзге, үшіншіден, интернет журналистикадағы дәстүрлі журналистика өкілдері, көбіне, техникалық жағынан ақсап жатады. Сәйкесінше, тақырыптың қойылуы, оның іздеу жүйелеріне бейімделуі, суреттердің қарапайым авторлық құқығының сақталуы сияқты нормаларды қадағалай бермейді. Ал, бұның бәрі, сайттың имиджіне кері әсер етеді. Ол, өз кезегінде, жарнама берушінің алдында сапалы сайт ретінде бағасын жоғалтады. Осының бәрі, нәтижесінде, жарнама берушілердің қазақша сайттарға қызықпауына алып келеді. Одан өзге, мысалы, сайттың жетекшілерінің өз аудиториясын зерттемеуі, олардың қалауын қадағаламауы, олардың сұранысына сай мазмұн ұсынбауы сияқты проблемалар да жетіп артылады. Осы мәселердің кешені жарнама берушілердің назарын аударуға кедергі болады деп айтсам, артық емес шығар.

Жоғарыда жазылғандардың Мұнара сайтының қазіргі жұмысына еш қатысы жоқ. Өйткені, ондағы блогерлерден құралған редакция қазір тарап кетті. Жаңа құрам басқаша жұмыс істейді. Бірақ, «ақпарат мұнарасының» дәл қазір ашылмай тұрғаны көңілге кірбің ұялатты. Қазір кездестіріп жүрген қателіктерді тізіп шыққаныммен, жазбамды бір ғана сөйлеммен аяқтағым келеді:

БЛОГЕРЛЕР ЖУРНАЛИСТ БОЛА АЛМАЙДЫ.


Суреттер интернеттен алынды.
Әрі қарай