Жарияланымдар

О, махаббат!

Махаббат… Бұл – әлемді өзіне бағындырған ұлы күш, адамды ақылға сыйғысыз әрекетке апаратын құдірет иесі. Махаббатты бастан өткерудің өзі – үлкен бақыт. Алайда, ыстығы мен суығы, ащысы мен тұщысы, қуанышы мен қайғысы бір мезгілде ұштасқан махаббатты бағындыра алу мүмкін де, мүмкін емес те. Махаббат адамды барлығына да үйретеді: мейірімділікке, қарапайымдылыққа, игі істер жасауға, ғажайыпқа сенуге, қызығушылыққа, құмарлануға, шаттануға, әдептілікке, әдемілікке, сыпайылыққа, батыл болуға немесе керісінше, жек көрушілікке, қызғаныштан жауыз әрекеттерге баруға, сенімсіздікке, әлсіз сезімге, бітпес дауға әкелуі мүмкін. Махаббат сезімі – табиғаттың тылсым әлеміне қатты ұқсас дүние. Табиғат құбылыстары қанша зерттелсе де, ашылмаған сырлары әлі қаншама! Ал махаббаттың адамдарға берер сыйы қаншама! Махаббаттың шынайылығы – адам қашан және кімге ғашық болатынын біліп болмайды. Махаббатың үшін өлу қиын емес, өлуге тұрарлық махаббатты жолықтыру қиын.

Махаббатын күтетін жандар үшін!

Тағдырдың тауқыметін қаншалықты көрсеңіздер де, мойымай, Алланың нәсіп еткенін қанағат тұтып, күткен махаббаттыңыздың мәңгілік болуына тілектеспін! Ең бастысы махаббатқа баста қалай сенсеңіздер, сол қалыптарыңыздан ажырамаңыздар!
Әрі қарай

Жаңа жылмен құттықтама сен мені!


Жаңа жыл мерекесі дегенде ойыма бірінші желтоқсанның 31-нен қаңтардың 1-не қараған түні келетін. Ғажайыпқа толы Аяз атасымен ерекшеленетін бұл мерекені барынша жақсы қарсы алуға тырысып, алдын ала дайындалып, мәз-мейрам болып жататынымыз есімде… Ауылда керемет шыршалар мен әсем шырағдандар болмаса да, көтеріңкі көңіл күйдің әсерінен ондай жоқшылықтар еленбей де қалатын. Үйдегілердің рұқсатымен аулада өсіп тұрған қараталдың шағын бұтағынан шырша жасайтынмын. Оны да ағам әрең дегенде үйдегілердің айғайымен істейтін. Бір ренжіп, бір қуанып, әйтеуір оны үйге қойып бергеніне риза болып, еңбек сабағында жасаған ойыншықтар мен базардан сатып алған жылтырақ нәрселермен орап безендіретінмін. Қазір еске алсам сол кездегі жаңа жылды қарсы алған кездерім өте қарапайым, бірақ бақытты сәттерімнің бірі екен.
Арман қуып, алдыма қойған мақсатпен Алматыға келдім. Қалалықтардың жаңа жылды тойлауы өзгеше екен. Ауылда жоқ деген шыршалардың да, ойыншықтар мен шырағдандардың да түр түрі болғанымен, ауылдағыдай мейірімді, абыр-сабыр болып жатқан жұртты көрмейсің. Ол менің табиғатыма жат құбылыс еді. Бірте-бірте жаңа жылды тойлауға деген құлшынысым бәсеңдей бастады. Биылғы жылы да туған-туыстарға азын-аулақ сыйлықтар жасадым да, достарымды хабарласып, кейбіреулерін агент арқылы құттықтай салдым. Күндер әйтеуір өтіп жатты… Бір күні әріптесім Ерқұлан шағын блогына былай деп жазыпты: «Алла жалғыз! Тумады да, өлмеді! Иса — оның баласы емес! Пенде еді. Туған күнін тойлайтұғын „Құдайдың“, Жаңа жылмен құттықтама сен мені!». Бұл өлеңді оқыдым да, ойладым. Расында да мен өзі нені тойлап жүрмін деп… Жаратушы бір Алла, Мұхаммед оның елшісі дегеніммен, мына тойлап жүргенім оған қарама-қайшы, менің бұл жүрісім екіжүзділік емес пе?! Жаңа жылымыз Наурыздың қадірін енді түсінгендеймін.

Наурыз мерекесі мен үшін наурыз көже ішумен шектелетін. Биылғы жылдан бастап өзіміздің жаңа жылымыз Наурызды ерекше тойлауды мақсат еттім. Ауылда жүргенде жаңа жылды қалай керемет тойлайтынымыз әлі есімде, сол кезді аңсап жүр едім. Енді жаңа жылымыз Наурызды тойлауға сондай құлшыныспен кірісемін! Маған сәттілік тілеңіздер, бауырлар!
Әрі қарай

Батыс жастарды неге үйретеді?

Еліміздің егемендік алғанына жиырма жылға жуық уақыт болды десек те, батыстан үйренуімізді қоймай келетініміз тағы бар. Бүгінгі күні жастарды қойғанда, қарттарымыздың да еліктейтінін қайтесің?! Бір қарттарымыз үйінде отырып тырнағын жасатуға маман шақыртып жатса, енді біреулері уақытының көп бөлігін көшеде семішке сатумен күнелтуде. Ата-аналардың баласын қалайда өсірем, жеткізем деген ойын іске асыру мақсатында, отбасындағы бала тәрбиесіне айтарлықтай көңіл бөлуге уақыты да жоқ. Сонда жастар тәрбиені көгілдір экранның бетпердесіне айналған батыстан алмағанда қайдан алсын… Бұрынғының заманы емес деп, бағалы салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды тұншықтырып, көштен қалмаудың амалын іске асырудамыз. Алайда, сол заманауи батыстың тәлім-тәрбиесі бізге жеткілікті пайда әкеліп жатыр деп те айта алмайсың. Адамдардың арасында мейірім-шапағат қалмаған. Бір-біріне қайырым жоқ заманда әркім өзінше өрге ұмтылса, оның зардабы кімге тиетіндігі ешкімнің де ойына кіріп жатқан жоқ. Қара нан мен қара суды қанағат тұтып отырған ауылдағыларды ұрлаған малы үшін 10 жылға соттап жатса, халықтың кедейленуіне бірден-бір себеп боп жүрген шенеуніктер халық қазынасын тонағанда шара қолданып жатқан бірде бір үкіметтік органды көрмейсің. Санамызда батыстан қалмауымыз керек деген пікір мықтап бекіп алған. Батыс мәдениетінің ұлттық менталитетімізге жат тұстарын сіңіріп, керісінше, үлгі алатын тұсына келгенде ақсап жататынымыз тағы шындық. Бала тәрбиесі бесіктен дегенмен, сол бесікке баласын жатқызуға намыстанатын өз қазақ ағайындарымыз болып тұрған жоқ па… Өскелең ұрпаққа үлгі болатын бұрынғының қарттары қайдасыңдар деп аһ ұрасың. Жастар – еліктегіш, толық бекімеген жаңа буын. «Аш қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан,»- демекші, бұл құбылысты жастардың тарапынан жиірек көріп жататындығы шартты нәрсе. Қазіргі жастар бізді тыңдаудан қалды дейтіндер де бар, сонда жастар бұл ұлтымызға жат қылықты қайдан алады деп ойлайсың-ау… Шын мәнінде, барлығы да отбасынан басталатынын бәріміз де жақсы білеміз. Батыс, батыс дей бермей, ең бастысы: «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!».
Әрі қарай