Жарияланымдар

Бір сәттік қиял немесе параллель ғаламшарда

Yйде отыра беріп ішім пысып саяхатқа шықпақ болдым. Алдымен Жапонияға қарай жол тарттым. Төте жүріп отырып Токиоға бір ақ тоқтаппын.Көше толған абыр сабыр адамдар. Бәрі бір жаққа асығып бара жатқандай көрінді. Содан бір жапонды тоқтатып алып сұрадым.
Оу аға мына адамның бәрі қайда бара жатыр?
Ой ана бұрышта жаңадан Бешбармақ хаус ашылыпты соған кетіп бара жатырмыз. Тез бармасақ орын қалмай қалады. Бешбармағы керемет деп жеген адамдар айтып жеткізе алмай отыр. Ал мен асығыспын бауырым деді де ағаң алщаң басып кете барды.
Аа солай ма деп таңғалып тұрып қалыппын. Содан не болса да мен де барып көрейін деп қалың тобырға ілесіп кеттім.
Көп ұзамай ақ әлгі айтқан жерге келдім. Кезектегі адамдардың ұшы қиыры көрінер емес.Есік алдында ою кәзекей киген екі жапон жігіт қолдарында бір бір құман, келген қонақтарға саумайкім деп қолдарына су құйып ішке кіргізіп жатыр.
Қазақ болғанымның пайдасы тиіп кетті де баяғы қазақпыз ғой ға салып ішке кезексіз кіріп кеттім… Ойдоойт деген ай кең залда ине шаншып қоятын да жер қалмапты. Қалқада тұрған қос колонкадан Құрманғазының күйі құйылып тұр. Қос етек көйлек киген жапон қыздары ары бері жүгіріп жүр. Жапондықтар бес саусақтарынан аққан майды жалап жіберіп етті ұрып отыр. Тіпті қазақтардың қол жалайтын әдеттеріне деиін қалай үйреніп алған десейш…

Сөйтсем кәдімгі қазақтың бешпармағының ол жақта аяғы жерге тимей тұр екен. Жапондықтарың балықтарын бір шетке ысырып қойып, қазақтың майлы етін тұтынуды сәнге айналдыра бастапты. Инстаграмды ашып жіберсең екі жапонның бірі «Бүгін үйге доставкамен бешпармақ алдырдық. Besh.kz қа рахмет тез жеткізіп берді, сыйлыққа бір литр қымыз да бар екен» деп бір бірімен жарыса жарнамалап жатады.Көшеде кетіп бара жатқан жігіт жанындағы сүйіктісінен «Жаным бүгін не жейміз» деп сұрай қалса ,қыз наздана еркелеп « Беш жейікші» дейді.Көше тола арнайы бешпармақ дайындайтын мейрамханалар, не керек күнде біреуі ашылып жатады екен. Ірі қара малды қазақстаннан ұшақпен алдыру қолайсыз болғандықтан, жапондықтар жаңа мал өсіру шаруашылығын қолға алғалы жатыр екен.
Содан не керек Токионы аралап болып ендігі Кореяға қарай бағыт алдым.
Азын аулақ қолжүгімді қонақ үйге қоя салып, Сеул көшелерін аралауға шықсаааам…
Алдымда кездескен биік ғимараттың бір жақ бетіне тұтастай бетмай жарнамалап тұрған сұлу қыздың суреті жапсырылыпты. Қыз бір қарағанда көзге таныс ұшырады. Сөйтсем кәдімгі өзіміздің Баян Есентаева. Таңданысымды жасыра алмастан көзімді уқалап жіберіп тағы қарадым.Шатаспаппын… Келе жатып алдымда кезіккен ғимараттардың бәрінде өзіміздің қазақ жұлдыздары. Ерлерге арналған шаш өсіру су сабынын жарнамалап тұрған Лұқпан ағамыз, сақал мұрт қыратын ұстараны жарнамалап тұрған Нұрлан Абдуллин ағамыз, көзілдірік жарнамалап тұрған Қайрат Нұртас.Келе жатып мектептің қасынан өткен кезде үзіліске шыққан бір топ қыздың әңгімесін құлағым шалып қалғаны.
Төреғали оппаның жаңа әнін естідің бе?
Жоқ мен Қайрат оппаны ғана тыңдаймын, жақында киносы да шықты деп естігем енді бізге де тезірек келсе екен эх Қайрат оппа…
Қыздар 91 тобы жаңа ән шығарыпты тыңдап көріңдерші…
Ой қойшы сол 91 ді біздің Корей эстрадасына ұқсаған бәрі бір сарынды поп әндер, киімдері де бір стиль… Төреғали оппаның әндерін айтсаңшы шіркііінн, сахнаға оюлы киім киіп шығып жүрегім қазақ дегенінің өзі неге тұрады… Оқу бітіріп қазақстанға барам да Төреш оппаны тауып алып екінші әйелі болам осыдан қара да тұр…
Ой саған қарамайды ол
Неге?
Қазақ қызға үйленем деп өзі айтып жүрген жоқ па
Бірақ ия… эхх жаңа куәлік жасатам ба қайтсем екен…

Общым Корей елінде қазақ эстрадасы аспандап тұр екен. Біздің жұлдыздарды танымайтын адам жоқ. Интернет теледидар бәрінде жүр… Базардағы жұрт Ернар Айдар, Төреғалидің суреттері басылған плакат, футболка, жастық, саптыаяқ сатып байып жатыр… Корей әншілері әндеріне сұраныс азайып енді ол байқұстар қазақша әндерге кавер жасап айтудан басқа амал қалмапты…
Келесі бағыт сырға толы Индия елі болды. Дели қаласын күні бойы аралап, көрікті жерлерін көріп енді қонақ үйге қайтпақ болдым… Қап сайтан! Қас қылғанда қонақ үйдің әдресін ұмтып қалыппын… Енді қайттім? Салым суға кетіп селқос аяңдап келе жатырмын… Бір кезде бір үйдің жанынан өтіп бара жатып қыстыға жылаған әиел адамның даусы естілгендей болды. Басымды көтеріп көз салсам дауыс әргіректегі қарапайым үйден шығып жатыр екен. Жаздың ыстық күні есікке тұтқан жұқа пердені ашып қарасам ар жағындағы кішкене бөлмеде жалғыз әйелден басқа ешкім жоқ. Жылап отырған да сол екен. Байқұсты сонша мұңға батырған не болды екен деп барлап қарасам, көзім теледидарға түсті. Көгілдір экранда, Меруерт апам Өтекешова иең қайда ақбозат деп көз жасын көлдетіп жатыр екен. Сөйтсем қарапайым үнді әйелі біздің Қыз Жібекке қосылып көңілі босап отырған болды. Бір кезде мені байқап жалт қарады. Қорқып айқайлай ма деп күдіктеніп енді кете берген кезде, әлгі әйел тоқтатып алды. Аман саулық сұрасып жағдайымды айтып едім,қал қалдың астына салды.Құдайы қонақсың ғой деп қояды. Қазақша киноларды көп көреді екен. Қазақ дәстүрлерін бәрін біліп алыпты. Бұрын балам қаладан дискі әкеліп беруші еді, енді кабел телевидиние қостырып көрім болды,әлгі қазақстан телеарнасынан керемет телехикаялар береді деп әңгімесін айта жүріп қазанға ет салды.Менің атым қожа, Батыр Баян, Махаббат бекеті бәрін тегіс көріп тастапты.Бір кезде алдыма буы бұрқырап бір табақ ет келді. Соғымнан қалған ұзынсарыға сақтап қойған пілдің сүр еті шығар деп қоям ішімнен. Сөйтсем сауып, ой тойыс табынып отырған жалғыз сиыры екен. Қойшы сонымен қасиетті малдың етіне тойып алып, күрең масала шайдан сораптадық ау отырып. Таңертеңгісін апам сыбаға деп сыртында Ерке Есмахан суреті бар бір пакет етін беріп шығарып салды.Айтып тұрмын ғой дәстүр пәстүрдің бәрін біледі деп…
Ияя бұл менің қиялымдағы параллель ғаламшарда болған жағдай. Екі мың отызыншы жыл екен деп бір кездері Асылбек Боранбай ағамыз армандап жазған еді. Сол екі мың отызыншы жылға да таяп қалдық. Енді қалған 23 жылда өзгеріс бола ма екен. Қазақ өзін әлемге таныта ала ма екен. Әлем қазақты мойындай ма екен. Әлде сол бұрынғыша жаттың қаңсығын таңсық көріп өтер ме екен бұл қазақ…
Әрі қарай

Жүрегіңнің дүрсілі

Шіркін сенің жүрегіңнің дүрсілі ай…
Сонда жатыр мен ұқпаған тылсым ой,
Соғып тұрған жүрегіңнің дауысы,
Жауып тұрған ақ жауындай тыншымай…

Жүрегіңнің соғып тұрған дүрсілі,
Жасырғандай жан дүниеңнің бір сырын,
Не құдірет тыңдай қалсам бір мезет,
Кететіндей сезім атып бүршігін.

Моцарт па Бетxовен бе ұлы шын…
Ұлы болса ұлы шығар бірі үшін,
Ғаламдағы ең ғаламат әуен бұл,
Жүрегіңнің дүрсілдеген дыбысы.

Қағып тұрған жүрегінңің дыбысын,
Ести қалсам таусылардай тынысым,
Үнтаспаға жазып алып тыңдасам,
Құлағымның бір қандырып құрышын.

Бұл өмірде бәрі жалған бәрі сын,
Тек шынайы маxаббатың әні шын,
Бауырыңа басшы мені бір сәтке,
Тыңдайыншы жүрегіңнің қағысын…
Әрі қарай

Айқынның өлеңдерінің мәтіні неге айқын болмай тұр?

Жақында Кенжебек Жанәбіловтың орындауында «Адалдық өткелі » атты әнін тыңдап отырып досыма, мына әннің сөздері қандай керемет деп тамсанып айтсам, досым «білмейм ән текстіне назар аудармаймын, маған әдемі әуен болса болды» деп жауап қайтарды.Соған қарап қазіргі жастардың барлығы әннің мәтініне назар аудармайтын болған ба, не тыңдап жүргендерінен өздері де хабарсыз ба деп ойладым.Өйткені қазір қазақ эстрадасында мәтіндері сапасыз, мәнсіз әндер көбейіп кетті.Мысалға, Қазақ эстрадасының «жарық жұлдызы» Айқын Төлепбергеннің жаңа (мүмкін ескі болар, мен жақында естідім) «Сен барда » деген әнін естіген боларсыздар. Сәл бұрынырақта дәл осы әншінің «ПаҺ паһ» деген әнінің сөздері белгілі қоғам қайраткерлері мен ақындар тарапынан қатаң сыналып, басы дауға қалған болатын. Бірақ Айқын мырзаның бұл оқиғаға қатты қайғырып қапаланбаған ұқсайды. Неге десеңіз келесі әндерінің сөздеріне аса қатты мән бере қоймапты. Төменде «Сен барда» әнінің сөздеріне қараңыз





Сұлу жүзіңнен, нәр аламын мен
Мас болып калып, тәтті деміңнен
Бұйра шашыңнан айналдым еркем
Қара қасың жерге төгілген.

Алғашқы үш жолға қатты сын айтпай ақ қояйын, ұйқастыру жағынан Қалқаман Сариннің деңгейінен жер мен көктің арасындай арақашықтықта болса да әйтеуір мәні бар сияқты. Ал төртінші жол. Қара қастарың жерге төгілен. Бұл жолдарды кім жазса да сұлулық салонында қастарын жұлдыртып жатқан қыздарға қарап шабыттанып отырып жазған болу керек. Басқа анықтау таба алмадым.

Жүрегім тулап, кеудем от болды
Күйіп, жанып турып, күлі шыгып, тұт болды.
Жаным балқыды, жаным айыққандай
Саған ғашықпын айтам жасқанбай.
Жаным айыққандай, тұт болды деген сөздің мағыналарын түсінбедім. Қазақ тілінің сөздік қорында жаңа ұғымдар еніп кеткен бе?

Сен барда, батырмын
Сен барда, ақынмын
Келші, келші күлімдеші
Әніммен, тәніммен мен ғашықпын

Қайырмасына no comments

Қос жанарыңнан,қиғаш қастарың
Беліңнен қылдай, жаным балқыды
Қара шашыңа жарасып бұрымың
Қуантар көзді тәтті қылығың
Ерніңнен сүйсем кұмарым қанбас
Ақыл есімнен тандырады, мені біраз
Махаббатым да сен, жүрегім де өшпес
Ағын сумен жуса дағы кетпес.

Хмм қара шашыңа жарасып бұрымың… Шаш ол шаш, бұрым сол шашты сәндеу үлгісі. Бұрым сол шаштың өзінен жасалып отырса, ол қалай шашқа жарасуы мүмкін? Әдетте мына шаш үлгісі саған жарасады деп айтады емес пе? Шаш үлгісі адамды сұлуландырады, ажарландырады, бет пішінін өзгертеді. Белгілі бір шаш үлгісі шашқа емес адамның өзіне жарасу үшін жасалады. Сондықтан бұл жерде тал бойыңа жарасады бұрымың десе орынды болады.
Жалпы әннің мәтінін тұтастай алып қарайтын болсақ, бірінші класс оқушыларының жазған шимай шатпағы секілді.Қазір сыншыл ақындар Төреғалидің әндерінің текстіне тиісіп жүр. Бірақ бұрын айтыскер ақын болған Төрештің әндерінің сөздері, мынаған қарағанда шедевр.
Жарайды мен кәсіби критик емеспін. Сөздің жілігін шағып, майын ішкен тіл мамандары, ақын- жазушылар бұл әннің мәтінін талдап кеп жіберсе қателер шұбырып шығатыны күмәнсіз. Айқынның әндеріне мәтін жазатын кісі не шегеді екен?)))
Әрі қарай

Қыз бала үшін өмірдің мәні тек қана тұрмыс құру емес!

Көптен бері мазалап жүрген бір мәселе бар еді, соны қозғап жіберсем. Бұл мәселені негізі қозғалмай келе жатқан мәселе деп айтуға болмайды. Көгілдір экран көрермендерінің көңілін аулау үшін көрсетілетін «Пендеміз ғой», «Әйел бақыты », «Ашығын айтқанда» сынды не түрлі ток шоуларда, сарапшылар мен психолог мамандар қолдарын ары бері сермеп, айтысатын тақырыптарды бірі… Ол қыздардың тұрмыс құруы, не болмаса әжемнің үйге киетін тәпішкесіндей жалпақ қазақ тілмен айтатын болсақ, байға тию болмақ....Әрине бұл менің екі жыл бұрын барахолкадан алған джинсы шалбарым секілді тізесі шығып кеткен тақырып екенін білемін. Дегенмен мен осы айтылып айтылып жауыр болған тақырыпқа өз ойымды білдірсем, басқалардың ойын тыңдасам деген ниетпен жаздым.Байға тиюді осы өмірдің ең үлкен жетістігі деп санайтын нәзік жандылар әсіресе қазақтар арасында жетіп артылады. Өйткені қазақ отбасында тәрбиеленген қыз бала міндетті түрде «Қыз мұраты-кету», «Қыз өз үйінде қонақ» деген идеологияны жастайынан санасына сіңіріп өседі. Содан бой жеткен шағында тұрмыс құру оның мойнына болат құрсау болып киіледі. Ол енді өз теңін іздеп, қалайда күйеуге тиюдің амалдарын қарастырады. Әрине ,әйтпесе ертең ел жұрт не дейді? Бәленшенің қызы байсыз қалыпты дегенді естігенше тірідей өлген артық емеспе? Солай ғой? Өз өзіне сенімді, батылдаулары үстіне бар жақсысын іліп, түнгі клубтарды жағалайды. Ал енді сәл пәл қарапайым, ұялшақтары құрбы құрдастары арқылы немесе тіпті торап арқылы да «бақыттарын» табуға тырысады.Содан өмір бойы сол «бақытының» қас қабағына қарап, отымен кіріп, күлімен шығып, онсыз да қамшының сабындай қысқа өмірін жаттың жағдайын жасаумен өткізеді. Қыздардың басым бөлігі үшін шынайы бақыт осы екеніне күмәнім жоқ. Өйткені олар оны махаббат деп біледі. Бекболат Тілеухан ағамыздың сөзімен айтатын болсақ «Махаббат деген оттаған». Махаббат деген құбылыстың мерзімі екі үш жылдан аспайтынын психологтар әлдеқашан дәлелдеп қойған.Содан кейін оған «бір біріне үйреніп қалғаннан кейін» немесе «балалар үшін » деген айдар тағылып, ол жай ғана екі адамның бір үйдегі тұрмысына айналады.
Қазақ қоғамы қашан да әйелдерді еркектерден төмен қойып келген. Қазақ халқының салт дәстүрі, адамның жеке басының бостандығына қол сұғады. Яғни қыз бала қалағанынша өмір сүрудің орнына міндетті түрде тұрмыс құруға мәжбүр. Өйткені ертеңгі күні өзіне де, әке шешесіне де сөз тиеді.Басты фобия осы. Еуропа демей ақ көрші ресейдің қоғамына қарасақ, бәлен жасқа дейін тұрмысқа шығуың керек деп қыздарды қыспаққа алып жатқан ешкім жоқ. Ол жақтың қыздары өз бетінше еркін өмір сүреді. Ешкімге тәуелді емес, өзін өзі күтеді, сүйікті ісімен айналысады.Байың жоқ деп мүсіркей қарап, не табалап жатқан жан баласы жоқ. Себебі ол қыздың өз таңдауы. Ал айналасындағылар оған түсіністік танытады. Қазір маған «Онда неге Ресейге барып тұрмайсың » деушілердің де табылып қалатынын ішім сезіп отыр. Бірақ мен Қазақстанды,қазақ халқын жақсы көремін, және өз елімде өз қалауымша өмір сүргім келеді.Бірақ бұл жақта қыз боп туылсаң қиын.
Жақында Орал- Алматы жүрдек пойызында орыс әйелмен әңгімелесіп бардым.Оның әңгімесінен күйеуімен ажырасып кеткеніне көп жыл болғанын түсіндім.Ажырасу себебін сұрағанда, күйеуінің өзіне қол көтергенін айтты. Сол оқиғадан кеиін сезімі су сепкендей басылып, әлгі адамның бірнеше мәрте жалынып, кешірім сұрағанына қарамастан, кетіп қалыпты.Мен оған қазақ қыздар болса кешіріп, жүре беруші еді дедім.Өйткені біздің қаракөздер, «байдан қайтып келген» деген сөзден өлердей қорқады.Ал ол қорқыныштарын «жарыма деген құрмет » деген сөзбен әдемілеп жасырып қояды.Үлкендер қыз балаға бата берген кезде «Арқа сүйер азаматың болсын» деп жатады. Кешіріңіздер, бірақ қазір «азаматсыз» қыздың арқасы құлай қалатындай заман емес. Жігіттердің қолынан келетін нәрселердің барлығын дерлік қыздар меңгеріп алды. Машина жүргізу, пойыз, ұшақ жүргізу, керек десеңіз ерлермен тең дәрежеде автомат асынып, әскер қатарында жүрген нәзік жандылар да аз емес. Сондықтан қазіргі заманда еркекке иек артпай ақ өмір сүруге әбден болады.
Жақында Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер » атты естелігін оқыдым. Ол кісінің жары, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан оны үнемі әзілге қосып, кекетіп отыратын көрінеді. Бір күні қонаққа Бақытжан ағаның жолдасы жұбайын ерте келіпті.Бақытжан ағаның әдеттегідей әйелін мұқатып отырғанын көрген досының өркөкіректеу әйелі «Ужас как она терпит ?!»десе Бақытжан аға «Ол үшін Зейнеп болу керек » деп кеңкілдеп күліпті. Жалпы «Шуақты күндерді» оқи отырып өзімнің де келін болғым келіп кетті.Зейнеп ападай келін болу әрбір қазақ қызының қолынан келері анық. Оған тек бір нәрсе Бақытжан ағадай күйеу керек екенін түсіндім. Бақытжан аға Зейнеп апаны қанша мазақ қылса да оның бәрі құрмет пен сыйластықтан екенін түсіндіріп айтып, әйелін әрқашан қадірлеген.Көпке топырақ шашқаным емес алайда қазақ жігіттерінің көбі ұсақталып бара жатқан секілді.Жоғарыда айтқандай қазақ қоғамында еркектер әйелдерді өздерінен төмен санайды. Cөйте тұра «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді», «Ақылды әйел күйеуін патша етіп, өзі патшаның әйелі болып жүреді ақылсыз әйел күйеуін құл етіп өзі құлдың әйелі боп жүреді», «Еркекті адам қылатын да, надан қылатын да әйел » деп бар жауапкершілікті әйелдің нәзік иығына арта салады. Сонда әйел босаға аттағаннан кейін үй тірлігін істеп, бала тапқанымен қоса күйеуін де адам қылу керек екен. Ал әйелдің жағдайын кім ойлайды сонда? Сөз болады деп не төркініне айта алмайтын ол әйел ақыры өз ішінен тынып, шаршап, қартайып кетеді. Қазақ әйелдерінің бетіне әжім тез түсіп басқа ұлт әйелдеріне қарағанда кәрі көрінуінің басты себебі осы.
Енді сіздерге тағы бір мысал келтірейін, жақында интернет желісінде бір жігіт маған достығын ұсынды. Өзім интернет арқылы таныса бермейтін болғасын қабылдамадым.Тағы жіберді. Бұл жолы қабылдадым. Сөйлесіп кеттік. Әңгіме барысында әскери екенін, шекарада жұмыс істейтінін айтып нөмірімді де сұрап алды. Содан не керек әлгі сабаз күнде кешке звондайтын әдет тапты. Бірақ әңгімесі түзу секілді көрінді.Бір күні әңгімеміздің тақырыбы қыздар мен жігіттер жайында болып кетті. Ол маған қазіргі қазақ қыздары неге шетелдіктерге тұрмысқа шығады деді. Мен оған өйткені сендер шетелдіктер сияқты қазақ қыздарын сыйлау білмейсіңдер, көңілін таба алмайсыңдар дедім. Сендер қыздарды өздеріңнен төмен санайсыңдар,қалай болса солай қарым қатынас жасайсыңдар дедім.Екеуміз біраз тайталасып ақыры әңгіме менің ренішіммен аяқталды.Екі үш күннен кейін тағы звондап кешірім сұрады.Арада он күндей уақыт өтті.Менің үйдегі демалысым тамамдалып Алматыға қайтпақшы болдым. Ол да Алматыға жақын бір елді мекенде тұрады екен.Кездесейік деді. Жарайды деп Алматыға қашан түсетінімді, әпкемнің үйінде болатынымды айттым. Ол болса «әпкеңнің үйін қайтесің, екеуміз квартира жалдайық » деееп тұр. Осыған деиін жөні түзу деп жүрген жігіттің сондай сөзіне қалай ашуың келмесін. «Жоқ мен сенімен ешқайда бармаймын бұдан кеиін хабарласушы болма»дедім.Сөйттім де нөмірін желідегі парақшасын бәрін өшіріп тастадым. Телефонын көтермеген маған «Саған не болды неге сөйлескің келмей қалды » деп жазып жіберіпті.Мен болсам «Сенің квартира деген әңгімеңнен қай есі дұрыс қыз сенінмен сөйлеседі »дедім.Ол «Мен тек қана сенің маған арнап тамақ жасағаныңды қалап едім, ойың таяз екен, соны ғана ойлауға ақылың жетті ма» деп кінәні маған аударып өзі судан таза сүттен ақ болып шыға келді. «Ешкімге жамандық тілемеп едім, қыз керек болса мына жақтан ақшаға жалдайтын едім ғой» деп аяқ астынан мүләйім бола қалды. Ашуым келіп «Саған керек қыздар Сайна мен Сейфулина да көп. Сәттілік. Құдай қыздарды сендей адамдардан сақтасын!»деп жазып жібердім.
Ия осындай жігіттердің ертең біреуге жар болып, біреуге әке болатынын ойласам денем түршігіп кетеді. Сонда Қазақстанның болашағы осындай өзімшіл, надан жігіттердің қолында ма? Олай емес екендігіне сенгім келеді…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мен шынымен де тұрмыс құрғым келмейді. Және де тұрмыс құру өмірдің мәні деген стереотипті пікірмен келіспеймін.Жо жоқ бұған себеп жігіттердің осалдығы немесе жақсы жігіт таба алмаймын ау деген қорқыныш емес.Жасым жиырма төртке енді келді.Әлі де жақсы жігіттер жолығады білемін.Жай ғана мен өз өмірімді өз қалауымша өмір сүргім келеді. Әлем тілдерін үйреніп, саяхаттап, әке шешеме көмектесіп, өзіме ұнайтын іспен айналысқым келеді. Өзім үшін өмір сүргім келеді. Және де тұрмыс құру өмірдің мәні деген стереотипті пікірмен келіспеймін.Ал енді маған лақтыратын помидор мен жұмыртқаларыңды дайындай беріңдер.
Әрі қарай

Бұрым хикаясы

Әлфия бір үйдегі төрт қыздың артынан ерген сүт кенже болатын.Ол ес біліп, етек жиғалы бері үйдегі бес әпкелі сіңлілілердің біреуі де шаш өсіріп көрген емес. Әлфияның жалғыз арманы, иықтан төгіліп тұратын қолаң шаш еді. Бірақ өкінішке орай бұл орындалмас арман ғана болып қалды.
Себебі, Әлфияның әкесі қыздарына шаш жіберуге қатаң тиым салып қойған.Бүгінде әкесі елуді еңсеріп, егде тартса да көру қабілеті әлі де нашарлай қойған жоқ. Әркез қыздары үйге келген бойда, ол ең алдымен бойжеткендердің шаштарына, содан кейін ғана жүздеріне зер салады.
Бір жолы үйге Әлфияның екі жыл бұрын шалғай жерге ұзатылып кеткен ең үлкен әпкесі қыдырып келді. Әлфия әпкесін көрген бетте таңданысын жасыра алмады. Өзі бұрынғыдан бетер сұлуланып кеткен бе қалай? Бойында әлдебір өзгеріс бар секілді. Анықтап қараса әпкесі шашын өсіріп, онысын қақ ортасынан жарып, қос өрім етіп өріп алыпты. Әпкесінің жотасында бұлғақтаған бір жұп қап қара жылтыр бұрымдарға Әлфияның қызыққаны соншалық, қайта қайта қолына алып ұстай берді. Осы кезде үйге әкесі де келіп қалды. Үлкен қызын көрген сәтте жүзі сұрланып кетті. Тіпті сәлемдеспей жатып, ол тұңғыш қызына түскі астан соң шашын кесіп тастауға бұйырды. Әпкесі үндеген жоқ. Түскі ас аяқталды, алайда оның шашын қиятын ойы да жоқ секілді. «Өзім әрең дегенде өсіріп алған шашыма қайшының ұшын да тигізбеймін, онсыз да бұл үйде көп тұрақтамаймын ғой, ертең ақ қайтып кетемін» деді.
Бірақ кешке таман күтпеген оқиға орын алды. Үлкен қызының әлі ұзын шашпен жүргенін көрген әкесі, қайшы әкеп бір ақ сәтте бұлғақтаған қос бұрымның тағдырын шешті. Қайшының қыршылдаған даусы естіліп, жып жылтыр шаштар жерге сусылдап түсіп жатты.
Сөйтіп білектей бұрымдардың иесі болған Әлфиянің әпкесі әп сәтте, қысқа шашты қуыршаққа ұқсап қалды.
Әкесінің ұзын шашқа деген өшпенділігін себебін Әлфия түсіне алмай қойды. Анасынан сұрап еді, ол да жарытып аузын ашқан жоқ.
Сол күні кеште Әлфияның шыдамы шегіне жетті. Әрі әкесінің қойған әділетсіз қатаң талабына ашуы келген ол, үйінен жүгіріп шығып, жақын дүңгіршектен бес алты тал шаш буғыш сатып алып келді. Содан басындағы енді өсіп келе жатқан қысқа шаштарын шашбуғышпен екі жерден буып алды да, қалғандарын білегіне тақты.
Кешке әкесі де жұмысынан қайтты. Әлфия жүгіріп астыңғы қабатқа түсті де оның алдына барып тұра қалды. Әкесі әдетінше қызын құшағына алмақ болып ұмтыла беріп, бір сәт кідіре қалды. Содан Әлфияның басындағы шашбуғыштарды көріп кері шегінді. Ашуланған әкесі оның шашындағы шашбуғыштарын күшпен тартып алды. Кішкене қызының қолындағы шашбуғыштарды көрген кезде ол тіпті ыза болды да Әлфияның қолынан қыса ұстап тұрып білегіндегі шашбуғыштарды жұлып алды. Шашбуғыштың біреуі өткір ұшты әшекеймен безендірілген болатын, онысы аңдаусызда Әлфияның білегін жырып өтті. Әлфия әкесінің оқыс қимылынан үрейленіп жылап жіберді.Дауысты естіген анасы кеп, қызын бөлмеге ертіп әкетті.
Әлфия әкесіне әбден ренжіді.Не үшін елдің бәрі, шаш өсіріп, күніне сан алуан шаш үлгісін жасап, сұлуланып жүрген кезде, бұл еркекшора секілді қысқа шашпен шолтаңдап жүру керек? Бірақ әкесінің суық көзқарасын көрген сәтте ол ләм дей алмады.
Айлар мен жылдар өз кезегімен жылжып өтіп жатты. Әлфия да бой түзеп, сәмбі талындай бұралған бойжеткен болды. Бір жолы ол қаладағы арнаулы фотостудияға барып, суретке түсті. Фотосуреттің әдемі шыққаны сондай фотограф оның бір данасын студиядағы кішкене көрмеге қойып қойды. Әлфияның қуанышына шек болған жоқ. Ол суретті қолына алып отбасылық фотоальбомға салып қоюға үйіне асықты.Үйге жеткен ол ең алдымен фотоальбомдарды алып шықты. Үш фотоальбомның екі кішкенесі әпкелерінің суретімен толып қалыпты. Тіпті сурет жабыстыратын орын да жоқ екен. Енді қалғаны ең үлкен фотоальбом. Бұл әкесінің фотоальбомы болатын. Негізінде оны ашуға ешкімнің қолы бармайтын. Азырақ ойланған Әлфия бар батылдығын бойына жинап, барқытпен қапталған дәу қара альбомды ашып ақтарыстыра бастады. Бұл суреттерді ол тұңғыш рет көруі екен. Әкесінің бала кезіндегі, оқушы кезіндегі, әскерде болған кезіндегі ақ қара суреттер альбомға қатар қатар жабыстырылыпты. Арасында тіпті әкесі мен шешесінің үйлену тойында түсірілген суреттер де бар екен. Соңына жете берген кезде кенеттен Әлфияның көзі бір суретке түсті. Суретте ай десе аузы, күн десе көзі бар белгісіз бойжеткен күлімсіреп тұр. Сұлу жүзінен нұр тарап тұрғандай. Қап қара жылтыраған ұзын шаштарын, қос бұрым етіп өріп біреуін алдына, енді біреуін артына жіберіп қойыпты.
Бұл кім болды екен? Анасы дейін десе, түрі сәл келіңкіремейтін секілді.Әлфия суретті алып дереу әпкелеріне барып сұрады. Олар да бұл суреттегі сұлудың кім екенінен бейхабар болып шықты. Бір білсе сол бірдеңе біледі ау деген үмітпен ол анасын іздеді. Біра анасы жауап берудің орнына салқын ғана: «Альбомды жинастырып орнына қой, ендігәрі оған жолама» деді. Әлфия бұл құпияның шешімін таба алмағанына қанша мұңайса да, әкесінің қаҺарынан жасқанып, фотоальбомды алған жеріне қайтып қойып қойды.
Бұл жұмбақтың шешуі көп ұзамай белгілі болды. Күндердің күнінде әкесі Әлфияны ертіп қала шетінде орналасқан кішкене қыстаққа келді. Ескі үйдің әлдеқашан сыры кеткен темір қақпасын қағып тұрған кезде Әлфия әкесінен: «Бұл кімнің үйі?» деп сұрады. « Әжеңнің үйі» деді әкесі жай ғана. «Әжемнің үйі? Әжем баяғыда ауырып қайтыс болып кетті деуші едің ғой?» деген сұраулар Әлфияның ойын қанша мазаласа да ол әкесінен сұрауға бата алмай,үнсіз тұрып қалды. Осы кезде есік ашылып екеуі ішке кірді. Бұларды самайын ақ шалған, өңі егде тартқан қарт ана қарсы алды. Бұны көре сала қарт кемпір «құлынымдап» бауырына басып, маңдайынан иіскеді. Әкесі де « Қане балам әже дей ғой енді, бұл да сенің әжең болады!» деді. Үйге кіре берісте Әлфия төрде ілініп тұрған суретті көзі шалды. Бұл өткен жолы альбомды аударып отырып көрген суреттің үлкейтілген түрі болатын. Сол ақ екен Әлфияның суретке деген қызығушылығы арта түсті. « Демек бұл суретке мына «әжемнің» де қатысы бар болды ғой? Әйтпесе неге іліп қояды? Бұл суреттегі қызды, танитын адам бар болса, сөзсіз осы «әжем» болу керек! Мен одан міндетті түрде бұл суреттің сырын сұрап білуім қажет!» деп ойлады ішінен. Ол енді осы жұмбақтың шешуін таппаққа бекінді. Әкесінің көзінше сұрауға батылсызданған Әлфия, оңтайлы сәтті күтіп отырды. Шәй ішіліп болып, дастарқан жиыла бергенде әкесі, темекісін тұтатып далаға шығып кетті. Осы мезгілді пайдаланған ол әжесінен: « Әже, ана төрде ілініп тұрған суреттегі кім?» деді. «Ее қарғам ай!» деді кейуана бір күрсініп алып. « Бұл суреттегі сенің туған әжең, менің үлкен әпкем. Жасында елге танымал сұлу да өнерлі қыз болатын. Атаң екеуі бас қосып, отау құрғандарына бірнеше жыл болған кезде соғыс басталып кетіп, атаңды соғысқа алып кетеді. Қолында төрт жасар баласымен қалған әжең, қай жұмыстан болсын бас тартпай, құлшына еңбек етіп, өмірдің ыстық суығын кешіп жүреді. Біраз уақыттан соң атаңнан келетін хаттар легі де сирей бастайды. Сөйтіп жүргенде әжеңе жасы егделеу тартқан, әйелі мерез ауруынан өліп кеткен, ауыл бастығы болып жүрген кәрі шал сөз салады. Күйеуінің аман есен оралатынына күмәнданып көрмеген әжең болса, оның сөзін керек қылмай, алдынан кесіп өте шығады. Сұлу да тәкаппар келіншекке ойы кеткен ауыл бастығы, оны қалай да қолға келтірудің амалын қарастырады. Сөйтіп бір күні ашуға булыққан ол «өз еркімен келмесе, күшпен ұстап әкеліңдер» деп, жендеттерін жібереді. Өзіне іздеу салынғанын естіген әжең, баласымен бірге қайда жасырынарын білмей, қорадағы үйіліп тұрған тезектің арасына тығылып кіреді. Кеш батқан шақта, бүкіл ауылдың үйлері мен қора қопсыларын толығымен тіміскілеп тексеріп шыққан жендеттер, енді әжеңнің үйін соңғы рет мұқият қарап шығуға бел буады.Бір кезде үш төрт адам қораға қарай бет алады. Жиналып тұрған тезекті әрі бері айналған олар, алакөлеңкеде ештеңе де көре алмай ақыры кетпекші болады. Есіктен енді шыға бергенде, ішінде көзі өткір біреуі, тезектің арасынан жылтырап тұрған қара бұрымға көзі түсіп, «Әне ол! Ұстаңдар» деп айғай салады. Осылайша әжеңді ауыл бастығының жендеттері ұстап әкетеді. Ал баласын, төркіндерінің қолына өткізеді. Бірақ өкінішке орай әжеңнің тағдыры бақытсыз болды. «Өлсем де қаусаған шалға әйел болмаймын!» деген әжең, екінші күні, ауыл шетіндегі өзенге суға кетіп өлді. Міне,әкеңнңің бұрымға деген өшпенділік сезімі осыдан қалған, шырағым!» деп аяқтады әңгімесін қарт кемпір. Бұл хикаяны ұйып тыңдаған, Әлфия әкесінің жүрегінде орын алған қайғысын енді түсінгендей болды.
Әлі күнге дейін Әлфия жібектей сусылдаған ұзын шашты арман етіп келеді. Бірақ әкесінің ескі жүрек жарасының бетін тырнап алуға қорқып, тек қысқа дөңгеленте қиылған қысқа шашына қанағат қылып жүр.
Әрі қарай

Әкемнің арманы

Әкемнің арманы
Ағам екеуміздің ортақ қызыл ағаштан жасалынған шағын ғана кітап сөреміз бар еді. Сол кітап сөресінде сапқа тұрған әскердей болып, қаз қатар тізілген алуан түрлі ертегілер, тарихи шығармалар, әңгімелер бас аяғы жүзден астам кітап
Әрі қарай

Қар жауып тұр...

Далада қар жауып тұр. Ақ ұлпалар ауада қалықтап, «қысқы вальс» биіне жаттығу үстінде. Үрімшінің көше тазалықшылары мен бірінші курс студенттерінің қолына амалсыздан күрек ұстатқан бұл қардың жауғанына бір аптадай уақыт болып қалды. Пердені ысырып, терезені аштым. Менің құрқылтай ұясы секілді кішкене бөлмеме салқын желмен еріп қысқы тымық, таза ауа лебі енді. Жоқ, кешіріңіздер, таза емес. Тымық та емес. Үрімшінің ауасы бұлай суреттеуге мүлдем сәйкес келмейді… Дұрысы машина түтіні, мұнай зауыты мен металлургия зауытының түтініне жол бойы тізбектеле орналасқан ұйғыр саудагерлерінің қой еті кәуабының түтіні, одан қала бере қытай асханасынан шыққан чоу дофу (сасық сүзбе) иісі, бұрышта дүнген шал сатып отыратын қақталған тәтті картоп иісі, араласқан ауа лебі. Осы бір қысық көз қытайлар мен мұртты ұйғырлар мекендеген кішкене қалашыққа келгелі бір жылдан астам уақыт өтіп кетті. Үйренген секілдімін… Алғаш аяқ басқанда еденнің бес батпан кірін көріп жүрегім айнып енді келместей боп кері бұрылып кеткен дүнген асханасы, казыр жиі барып тұратын жеріме айналды. Тұңғыш рет ұйғыр самсасының дәмін татқанда,ішінен үлкендігі бас бармақтай құйрық май атып шыққан кезде, үш күн бойы ас атаулыны аузыма алмағаным есімде, ал қазір таңғы асқа не жеп жүр деп ойлайсыздар?.. Бірінші рет автобусқа отырып айналаны тұмшалаған қолаңса иісіне шыдамай түсіп кетіп жатақханаға дейін таксилетіп жеткенім есімде, қазір ол иіс те«моңғол әтірі» деген ресми бренд атқа ие болып, үйреншікті иістердің қатарына заңды түрде қосылды. Жаңадан келгенімде көзіме аса жабайы көріген қысы жазы басынан алуан түсті орамал (орамал неғұрлым реңкті болса соғұрлұм «сәнді») мен бұтынан гамаж тастамайтын (гамаж шамасынша қалың болу керек, оның сыртынан қара шұлық пен қызыл туфли киіп алсаңыз сізден өткен «сәнді» адам жоқ) ұйғыр бойжеткендері мен үстіне «моңғол әтірін» сепкен (ондай әтіріңіз болмаса соңғы сән үлгісінен қалып қойдым дей беріңіз, және ұйғырдың «крутой» жігіттерінің мазағына қалу қаупі бар)қиылған,қара мұртты ұйғыр бозбалалары да күнделікті күйбең тіршіліктің бір көрінісі болып кетті.Бұл қалаға енді келгенде қалыпсыз болып көрінген, түскі асын ішіп отырып, ащы бұрыштың әсерінен танауынан аққан сұйықтықты барынша қатты дауыспен шығарып тастап, ары қарай тамақтана беретін, немесе уақыт тығыз болып бара жатса, жұмысқа не оқуға кетіп бара жатып жолда тамақ жей беретін, автобуста отырып уақытты бос өткізгісі келмей қалтасынан тістеуігін шығарып тырнағын алып отыратын қытайларға да, күннің ыстық суығына қарамастан көтенінде кең жырығы бар шалбар киіп алып, асыр салып жүретін қытай бүлдіршіндеріне де, кітап дүкенінде не кітапханада тізілген кітап сөрелерінің арасында жерге отыра кетіп кітап оқитын, отырған жерінде оқулықты құшақтаған күйі қаннен қаперсіз ұйықтай беретін қытай студенттеріне де көзім үйреніп кетті.
Үйрендім… бәріне де… үйренгенім соншалықты жалығып кеттім… Күнделікті қайталана беретін көріністерден, бірізділіктен… Бірқалыпты сұрықсыз сұрқай өмірімнен… Еңсемді басқан бір ауыр нәрсе… Сағыныш сияқты… Ия шынымен сағыныш… Туған жерге сағыныш.....Қазақстанға деген сағыныш....Қанша жерден пафосты естілсе де бұл шындық…
Далада қар әлі жауып тұр. Толастайтын кейпі жоқ. Түнімен жауатын секілді…
Әрі қарай

Қайырымды қайыршы

Қыстың шымырлаған аяз күндерінің бірі. Жұмыстан қайтып келе жатып, жол шетіндегі дүңгіршектен журнал сатып алмақшы болдым. Сұраған журналымды алып берген сатушыға әмиянымнан мың теңгелік қағаз ақшаны суырып алып ұстата бергенімде аяқ астынан қатты жел тұрып, ақшамды ұшырып алып кетті. Алайда алысқа әкете қойған жоқ, бірнеше метр қашықтықта жерде қайыр сұрап отырған қарттың алдына барып түсті. «Қап!» — деді сатушы «Енді ол қайтармасы анық!». Мен енді не істеймін деп ойлап үлгергенше, әлгі қария қолына ақшаны қысқан күйде, жаймен орнынан тұрып бізге қарай аяңдап келе жатты. Жанымызға келген ол ештеңе деместен ақшаны маған ұсынды. Мен оның ақша ұстаған қолын қысып тұрып « Бұл сіздікі»,- дедім. Ол « Рахмет» деп ақшаны екі бүктеп ескі шапанының қалтасына салды да, бұрылып ақырын адымдап кете барды.
Сатушы маған таңырқаулы жүзбен қарап қалыпты. Мен әмиянымнан тағы бір мың теңгелікті алып беріп тұрып «Ол өте жақсы адам!» дедім. Ол маған қарап « Сен де өте жақсы адамсың» деді.
Мен күліп жібердім. Жел басылып, ауа райы да жылына бастады. Көк аспандағы жарқыраған күн, айналаға шуағын төгіп тұрды.
Әрі қарай

Қашанғы елге мазақ болып жүреміз?

Кеше кешқұрым әдетімше қазіргі жастардың жиі жиі бас қосатын жері, кейбіреуінің тіпті тұрақты мекен жайына да айналып кеткен әйгілі әлеуметтік желілердің бірі vkontakte ні кезіп отырып мына мақалаға көзім түсті www.zakon.kz/4599530-izvestnyjj-rossijjskijj-bloger.html. Алманың атасы аталған алып шаһарымызға, қай жел айдап келгені белгісіз, Ресейдің атағы жер жарып тұрған (ел солай дейді өз басым атын бірінші рет естіп отырмын) блоггері Илья Варламов келіпті-мыс.Әлемнің әр түкпіріндегі қалаларды кезіп, алған әсерлерімен өзінің блогында бөлісіп жүретін Илья бұл жолы конференцияға қатысу үшін оңтүстік астанаға табанын тірепті. Сонымен сонау Мәскеуден апорт иісі аңқыған көшелер мен көкпен таласқан мұнаралары бар көркем қаланы бір көрсем деген арманын арқалап келген Варламов мырзаның үміті алданған секілді.Ия біздің аяулы Алматымыз мәскеулік блоггердің көңілінен шықпай қалыпты. Жол қозғалысы бір тәртіпке келтірілмеген, көшелері тазаланбаған, бір қалыпты сұрықсыз сұрғылт ғимараттары мен, көз тартарлық көркі жоқ ескі үйлері бар, қарапайым кеңестік қала деп сипаттапты ол өзінің Esquire деген журналға берген мақаласында. Шетелдік қонақтардың біздің еліміз туралы бұндай пікір білдіруі бірінші рет емес. Естеріңізде болса осыдан бір екі жыл бұрын «Барыс» хоккей командасының капитаны канадалық Кевин Даллменнің әйелі Стейси Даллмен де өз блогына біздің қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер жайлы сөз еткен еді. Сол үшін де еліне қайтарылды. Оны істеп отырған кім? Әрине билік басындағы «бәкеңдер». Қайдағы бір шетелдіктің сандырағына сенбеңіз бізде бәрі жақсы деп, ішінде ботқасы былығып жатқан қазанның бетін жылы жауып қана қойды. Кеше Фейсбуктан ақын ағамыз Ақберен Елгезектің Мәңгілік ел бағдарламасына байланысты жариялаған мақаласын оқығам сондағы мына жолдар есіме түсіп кетті. ««Мәңгілік ел» месседжі маған сырты сырланған, бірақ бояудың арғы жағында тот басып, шіріген «бақытты коммунизм» идеясын елестетті». Шынымен де біз қазір дәл осындай сырты бүтін іші түтін «бақытты коммунизмде» өмір сүріп жатырмыз. Айқын дәлел ретінде Астанамызды алып қарауға болады.Қаланың қақ ортасы көз жауын аларлықтай көрікті болғанымен, шет жағындағы аймақтарда не болып жатқанында жан баласының шаруасы жоқ.Әркім өз қара басының қамымен әуре. Пара беріп диплом алсам, пара беріп үлкен қызметке тұрсам.Қазақтың қазіргі қас жауы болып тұрған парақорлық пен жемқорлық. Оны бас қалада 8 ай қонақ болған Стейси Даллман ханым да, оңтүстік астанамызға екі ақ күнге қонақ болып кеткен, Илья Варламов көріп үлгерді. Оны бүкіл әлем біледі десем, қателеспейтініме сенімдімін. Барлығына көз жұмып өз өзімізді алдап жүрген тек өзіміз ғана. Егер елімізде осы екі жауға тойтарыс берсек біз Сингапур, Вьетнам елдері секілді теңдікте тұрмыс кешер едік. Дамыған елміз деп көңіліміз марқайғанымен, шындыққа да бір сәт көз салған жөн.Жат көз сыншы дейді. Қашанға дейін шет елдіктерге мазақ болып жүре береміз?
Әрі қарай

...

Жүрекке құйып жыр мүсін,
Айтайын саған құнды сыр,
Ұмытпай оған жеткізші,
Өтінем сенен жыл құсы!

Бір ауыз сөзге жарымай,
Тұрсың ба әлде танымай?
Сезімімді оған жеткізші,
Жалынам саған жарық ай!

Сенсің көктен тамған нұр,
Берейін жазып арман жыр,
Ұстатшы көрсең қолына,
Өтінем сенен ақ жаңбыр!

Жұлдыздарменен сырласқан,
Жазайын құрап жыр дастан,
Кездессең оған жеткізші,
Өтінем сенен түнгі аспан!
Әрі қарай