Жарияланымдар

Еркектер қандай әйелдерді ұнатады?

Оcылай екен...: Еркектер қандай әйелдерді ұнатады?Сонымен, еркектерге ұнайтын әйелдің жиынтық бейнесі қандай екен?

Шашы

ИӘ: еркектер талғамының биік шыңында иықтан сәл төмен түсетін, әдемі, жұпар аңқыған, сәл толқынды бұйрасы бар шаш тұрады екен. Шаштың түсіне қойылатын талап бір жерден шықпайды, алайда, шаштың түсі шаштаразда боялған емес, табиғи болғаны абзал. Шаш қою үлгілері арасында каре мен жинақы кешке лайық шаш үлгілері басым тұр. ЗЫ:
Әрі қарай

Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар

Алдымен тұтқынға түсіп, содан соң Францияның қарсыласу қозғалысына қосылған түркістандық әскерлер тақырыбы аз зерттелген. Бұл материалдар сақталған Ресей архивтері әлі күнге дейін құпия, ал батыстағыларына көп зерттеушілер қол жеткізе алмайды. Жанар Канафина деген әріптесім қазақтардың Батыс Европадағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы тақырыбын зерттеп жүрген аз ғалымның бірі — тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Меңдіқұловамен кездесіп, архивтерден соңғы кездері не табылғанын сұрап-білген еді.

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар

1999 жылы Гүлнар Меңдіқұлова “Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Зерттеулер онымен аяқталмады. Қазіргі таңда ол "Қазақтардың Батыс Европа елдерінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы" атты жобаны басқарып отыр. 2015 жылғы қарашада Гүлнар Меңдіқұлова Франция архивтерінде жұмыс істеп, сол жақтан қазақтардың француз қарсыласу қозғалысына қатысқанын куәландыратын құжаттар табады. Ол құжаттар осы уақытқа дейін хабарсыз жоғалып кеткен деп есептеліп келген адамдардың есімін жаңғыртуға мүмкіндік береді.

— Іздеу жұмыстарын неден бастадыңыз?

— 2009 жылы Францияның Қарсыласу қозғалысы музейінде “Defense de la France” газетінде жарияланған бір фотосуретті тауып алдым. Онда жалаңаш, аштық пен концлагерь азабынан арып-ашқан азиялық ер адамдар бейнеленген. Суретке «Орыс тұтқындар» деп жазылған. Олар кім? Есімдері кім? Осылайша соғыста тұтқында болған қазақтар мен түркістандықтарды Франциядан іздеу алғаш басталды. Шамамен сол кезде Тілдер мен өркениеттер институтында (INALCO) Мұстафа Шоқайдың архивінде қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік тұтқындардың тізімдері табылды. Бұлар — 1941 жылғы қазан айында неміс концлагерлерінде болған совет әскерлері мен офицерлері еді. Және, олар хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде есепте тұрғаны және әлі де тұруы әбден мүмкін. Оларға деген лагердегі қатынас сұмдық болды: сырт келбеті мен сүндеттелгені үшін еврей деп қабылдап, ондап, жүздеп қырып отырған.

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
Мұстафа Шоқайдың архтивіндегі тізім. Тұтқындар арасында қазақтар, өзбектер, тәжіктер бар…

“Большевиктік індетті жабайы тасымалдаушылар"

— Мұстафа Шоқай концлагерлерге барғанында, советтік тұтқындардың жай-күйін көріп шошыған. 1941 жылғы қазанда эмиграциядағы досы Уәли Қайымханға былай деп хат жазады:
«Соғыста тұтқынға түскен отандастарымыздың жағдайы ауыр да азапты екені енді жалпыға белгілі болып отыр. Барлық жерде олар астың нашарлығы мен киімнің тапшылығын — көбі тіпті жартылай жалаңаш қаңғып жүр, баспана жоқтығын айтып шағымданады — қазан туды ғой, ал олардың көбі әлі күнге дейін тәулік бойы ашық аспан астында жүреді, түнде өздері қазып алған "қасқыр апанын" паналайды… Ең қорқынышты көріністі Дембица лагерінде көрдім. Онда тек кавказдықтар, түркістандықтар және волга-оралдықтар, яғни күнделікті «вохеншау» насихаты кинотеатрларда большевиктік індеттің «жабайы» тасымалдаушылары деп атайтындар тұрады. Оны есіме алғаным тегін емес… Біздікілермен алғаш сөйлескеннен-ақ ондағы лагерь тіршілігінің сұмдық суреттерін көрдім. Тоқтаусыз ату… Біздікілердің, сондай-ақ тұтқын татарлар мен кавказдықтардың айтуынша, осында келген 40 мың адамның 25 мыңы ғана тірі екен, қалғандары қаза тапқан...»

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
«Defense de la France» газетіндегі фото

— Жаңа не таба алдыңыз?

— Бұрынғы әскери тұтқын болған түркістандықтардың Франция Қарсыласу қозғалысына қатысқаны туралы жаңа құжаттар, карталар мен фотосуреттер табылды. Мысалы, 1944 жылғы айқын емес екі фотосуретте Тулузаның азат етілу құрметіне өткен парадтағы Бірінші совет партизан полкінің саппен өтіп бара жатқаны бейнеленген. Суретте полкта болған (бұл туралы суреттің сыртында жазылған) екі қазақтың және Гусейнов текті кавказдықтың бет-бейнесін ажыратып көруге болады. Сондай-ақ, Норвегия архивтерінде сақталған әскери тұтқындар тізімін де анықтау мүмкін болды. Алдыңғы жарияланымдардың арқасында Франция Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар туралы қызықты құжаттар мен материалдар табылды.

— Шетел архивтерінде жұмыс істеген қалай екен?

— Тулузаның муниципалдық архивінде қиындау болды, өйткені ондағы бумалар дұрыс сақталмайды екен. Олар өзіміз үйреніп қалған біздің архивтердегі сияқты жылдарына қарай жүйеленбеген. 1945 жылғы құжаттар 1950 жылдардың құжаттарынан кейін тұра береді. Норвегия архивтерінде істердің көбі цифрлік форматқа көшірілген, бұл зерттеушілердің жұмысын көп жеңілдетеді.

Франция аспаны астында
— Қазақтар Францияға қалай барып жүр?

— 1943 жылы немістер совет армиясының негізгі майдандардағы жеңістері салдарынан қиыншылық көре бастады. Оның үстіне, түркістандықтар мен өзге ұлт өкілдерінен құралған легиондар совет әскеріне қарсы соғысудан бас тартты. Сондықтан оларды оккупацияланған аумақтарда партизандарға қарсы немесе Польша мен Германиядағы лагерлерден Францияның оңтүстігі мен солтүстігіне көшіріп, шахталарда пайдалану ұйғарылды. Оларды сол жақтағы, Кармо мен Альби маңындағы лагерлерде ұстады. Алайда, мұнда да, совет әскері жақындап келе жатқанын естіген әскери тұтқында қол қусырып отырмады. Фрацуз қарсыласу қозғалысына қатысушылардың бірі, мамандығы бойынша жәрігер Ахмет Бектаев «Франция аспаны астында» атты кітабында Кармо маңындағы лагерде астыртын коммунистер ұйымы құрылғанын, оны өзі және украиналық Петр Дьячук басқарғанын айтады. Ұйым мүщелері француз партизандарымен (макизарлар) байланыс орнатып, 1944 жылғы 16 шілдеде лагерь қарауылдарын өлтіріп, түркістандықтар қашып шығады.

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
Тулузаның азат етілу құрметіне өткен парадтағы Бірінші совет партизан полкінің саппен өтіп бара жатқаны. 1944 жыл. Суретте полкта болған екі қазақтың және Гусейнов текті кавказдықтың бет-бейнесін ажыратып көруге болады.

Париждегі Ұлттық архивтен Бірінші совет партизан полкінің құрылуы туралы хаттар, естеліктер мен құжаттар табылды. Ол полкте қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында грузиндер, украиндықтар және басқа да ұлт өкілдерімен иық тіресе қатар шайқасқан. Қазақтардың француз қарсыласу қозғалысына қатысқаны туралы архивтен табылған Ахмет Бектаевтың 1968 жылы жазып кеткен хаты болмаса, отандастырымыздың осындай ерлік істері туралы білуіміз екіталай еді.

Француз маркизарларымен қатар шайқасқан Исмаилов, Қарамергенов, Мұхамеджанов, Абдуллаев сынды қазақтар мен түркістандықтардың есімдерін таптым.

Францияның оңтүстігін азат етушілердің фотосуреті сақталған екен. Онда Бірінші совет партизан полкі Тулуза азат етілгеннен кейінгі парадқа қатысуы бейнеленген. Ол парадқа генерал Де Голль да қатысқан. Ахмет Бектаевтың естеліктерінен белгілі болғандай, түркістандықтар бірнеше партизан тобының құрамында болған екен, оның ішінде «Сталинград» тобы да бар және біздің сарбаздарды көбінесе «моңғолдар» деп атайды екен. Альбидегі Тарн департаментінің архивтерінде француз маркизарлары партизан топтары, қазақтар шайқасқан «Сталинград» тобы бөлек белгіленіп, «Моңғолдар» тобы бөлек белгіленген карта тауып алдым.
Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
Француз қарсыласу қозғалысының архивтерінен табылған карта

Альбидегі француз архивінен қазақтардың Қарсыласу қозғалысына қатысқанын растайтын ресми құжаттар таптым. Бұл — 1945 жылғы мамыр айында болған жағымсыз оқиғаға байланысты полиция департаментінің хаттары. Францияның оңтүстігін азат етуге қатысқан бірнеше түркістандық мамыр мейрамын атап өту үшін дәмханаға барғанында жергілікті тұрғындардың бірі оларға «моңғолдар» деп тіл тигізеді. Сол жерде төбелес басталып, араласқандардың бәрі полиция бөлімшесіне түседі. Батырлар тұратын лагердің коменданты Зунум Жаманқұлов болған оқиға туралы түсініктеме жазуына тура келеді. Ол хатында бұрынғы советтік түркістандық әскерлер және лагердегі 250 адамның бәрі Францияны азат етуге қатысқанын, алайда, олар әлі де тұтқын есебінде лагерде тұратынын, оларға деген қарым-қатынас нашар екенін айтады. Альби қаласы полиция префектінің жауабы да табылды. Істі егжей-тегжейлі қарағаннан кейін ол бұл «моңғолдар» Францияны азат ету жолында ерлік көрсеткенін, ал жергілікті тұрғындар олардың ерлігін ұмытып, тіл тигізгенін мойындайды. Полиция префектінің осы тұжырымының арқасында сол бір жағымсыз оқиғаға қатысушылар жазаланбады.

— Түркістаннан шыққандардың білім деңгейі қандай болған?



 — Мұстафа Шоқайдың архивіндегі тізімдерді ашып қарасақ, ол адамдардың барлығы дерлік орта, көбі жоғары білімді. Арасында мұғалімдер, инженерлер, техниктер, аспаздар, жұмысшылар, тракторшы, есепші, шаруа және т.б. болған. Өзбектер арасында диқандар көп, басқа мамандықтар да кездеседі.

-Түркістандықтар Франциядан басқа тағы қай жерде болған?

— Франциядан бөлек, Швециядан Норвегия аумағындағы лагерлерге көшірілген қазақстандықтардың тізімдерін таптық. Біздің болжамымыз бойынша, олар Швеция аумағына совет-фин соғысы кезінде тап болған. Не болмаса, солтүстік майдандарда шайқасып жүрген жерінен тұтқынға түсіп, Финляндия мен Швециядан Норвегиядағы әскери тұтқындарға арналған лагерлерге көшірілген.

Соғыстағы махаббат жыры…

— Махаббат хикаялары да болған екен, — дейді Гүлнар Меңдіқұлова. — Менің қолыма Семей обылысының Көкпекті ауданынан шыққан кеңес әскер маманы Ғалихан Сәрсеновтың автобиографиясы түсті. Оның әкесі, Биахмет Сәрсенов кезінде «Алаш» партиясының көрнекті қайраткері болған. Ғалихан Тамбовтағы авиамектерте оқиды. Ол туралы деректер соғыс басталған кезден үзіледі. Кейін Голландиядан бір-ақ табылады! 1945 жылы ол Голландияның бұрынғы королінің ортаншы қызы, принцесса Иока Мульдерсаға үйленеді. Ұлды болып, есімін Херат деп қояды. Алайда, Алматыға қайтуға тура келгенде, әйелі мен баласын алып кетуге рұқсат ала алмайды. Екі жасар Херат анасымен бірге Голландияда қалды. Иока Мульдерса ұлымен бірге 1959 жылы Бас секретарь Хуанкеге еріп КСРО-ға келеді. Алайда, Ғалихан Сәрсенов олармен жолықпады. Оның басқа әйелі бар еді, оның үстіне, 1948 жылы-ақ, Аягөзде МҚК қызметкерлері Голландияға кетуді ойласа, салдары қандай болатынын айтып ескертіп қойған.

Тағы бір — Манас Нұғманов пен француз қызы Алис Сегий арасындағы, Моник-Светлана есімді қыз баланың дүниеге келуі туралы махаббат хикаясын саясат ғылымдарының докторы Бақыт Садықова баяндап берген болатын. Бойжеткен Мониктің түп-тамырын іздеуі «Бір уыс топырақ үшін» атты француз деректі фильміне негіз болған. Ондағы басты кейіпкерлер — бұрынғы әскери тұтқындар, кейіннен Түркістан легионының мүшелері Манас Нұғманов, Қадым Жұманиязов және Ахмет Бектаев есімді достар. Францияға көшірілгеннен кейін олар француз партизандарына қосылып, елдің оңтүстігін фашистерден азат етеді. Соғыстан кейін еліне оралғанда, оларды лагерлер, ұзаққа созылған түсінбеу мен қабылдамау күтіп тұр еді. Манас Нұғманов он жылға лагерге кесіледі. Босап шыққан соң Қазақстанға қайтып оралмай, Ресейде, жазасын өтеген жерге таяу мекендеп қалады. Қадым Жұманиязов болса, Францияның партизан қозғалысына қатысқаннан кейін совет әскери тұқындарын жинап, отанына қайтару жөгніндегі комиссияда қызмет атқарады. 1948 жылы қайғылы оқиғада қаза табады. Ал Ахмет Бектаев қартайып қайтыс болды.

Отбасылық архивтерден табылған құнды заттар

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар

— 2009 жылғы тапқандарым туралы жариялағаннан кейін, маған Францияны азат ету жолында шайқасқан бұрынғы әскери тұтқындардың туыстары мен жақындарынан деректер келе бастады, — профессор Гүлнар Меңдңқұлова бір фотосуретті көрсетті. — Бұл Францияның оңтүстігіндегі Қарсыласу қозғалысына қатысқан Ахмет Субаловтың суреті. Сурет Астрахан облысы, Камызяк ауданының Берюски ауылында табылды. Маған оны немере інісі, Айвар Субалов жіберді. Сыртында 1945 жылғы 9 шілде деп жазылған. Яғни, Тулузаны, Кармоны, Альбиді және Францияның оңтүстігіндегі басқа да елді мекендерді азат ету жолындағы шайқастардан кейін бір жыл өткен соң да, бұрынғы әскери тұтқындар сол жақта қала берген! Айвар Субаловтың айтуынша, ағасы 1946 жылы елге қайтып келіп, көп ұзамай қайтыс болады. Денесінің бәрі тыртық еді: лагерде тұтқындардың аяусыз азаптап, мылтықтың сүмбісімен сабайды екен, ол жаралар көпке дейін жазылмай жүреді. Оның үстіне, іш-құрылысы түгелдей езіліп кеткен. Бірақ, қиын кез еді, сөйтіп Ахмет Ерғалиұлы Астрахан теңіз портына жүк тасушы болып жұмысқа тұрады. 1946 жылы жұмыс орнында қайтыс болады. Қазір оның туыстары Ресейдің Астрахан облысында, Алматыда және Алматы облысында тұрады.

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
Суретте ортада тұрған — Ахмет Субалов, Альби, 1945 жылғы 9 шілде.
Павлодардан біздің кезімізге дейін ғайыптың күшімен сақталып жеткен ресми құжаттың суреті келді. Бірінші совет партизан полкінің Альби қаласындағы (Франция) совет гарнизонының сержанты Шашубай Бейсембинге берілген №18 куәлігін маған оның ұлы Мұрат Бейсембин көрсетті. Бұл ақпарат Бірінші совет партизан полкінің құрамында осы уақытқа дейін айтылып келгендей, армяндар ғана болмағаны, арасында қазақтар да болғаны туралы мәліметті толықтыра түсті.

Блог - dark_nazgul: Тұтқыннан - Қарсыласу қозғалысы қатарына: Екінші дүниежүзілік соғыстағы түркістандықтар
Француз қарсыласу қозғалысы мүшесі Шашубай Бейсембиннің куәлігі

Соңғысөз орнына

— Көптеген қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндері және кейін де хабарсыз жоғалып кеткен туыстарын әлі күнге дейін іздеп жүр, — дейді Гүлнар Меңдіқұлова. Осы мәліметтер солардың тағдыры туралы бір дерек берсе де — еңбектің еш болмағаны. Әріптестерім және мен тапқан құжаттардың бәрі алдағы уақытта жеке құжаттар жинағы болып жарияланады. Сондай-ақ, қолында сол сұрапыл соғысқа қатысқан жақындары мен туыстары туралы керек мәліметтер, құжаттар, фотосуреттер бар адамдардан сол материалды gmendikul@hotmail.com почтасына жіберуді немесе Facebook желісінде арнайы ашылған парақшада жариялауды өтінемін. Ал біздің жұмысымыз жалғаса береді. Бізге қажет құжаттар Франция, Бельгия, Норвегия, Голландия, Италия, Швеция мен Ұлыбританияның Ұлттық және Муниципалдық архивтерінде сақтаулы.
Әрі қарай

ТӘУБА-пост

Райымбек даңғылынан төмен, әл-Фарабиден жоғары өмір жоқ деп өскен қала қызы едім. Кейін білдім ғой, өмір барын… Әл-Фарабиден жоғарыдағы өмірді армандамай-ақ қоюға болатынын білсем, Райымбектен төменгі өмірді де армандайтын адамдар бар екенін де енді түсініп жатырмын.
Бүгін күні бойы ауыл араладым. KCell компаниясының қолдауымен «Шұғыла» қоғамдық қоры жағдайы төмен отбасыларға көмір таратты. Біреуге бір тонна, біреуге үш тонна… Біреу риза, біреу тағы болса дейді.
Көргенім мен сезгенім бөлек әңгіме.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына әйелдің жасы алпыста. Ішімдікке салынып, қылмыс жасап жүрген ұлы бар екен. Тұратын үйі — малқорадан да жаман. "Қарашаның басында бір тонна көмір әкеп беріп едім, нашар екен, жанбайды. Енді мына көмір қандай екенін құдай білсін. Сонда да рахмет. Маған «Шұғыладан» басқа ешкім көмектеспейді" деп отыр.
Көз алдыма өз шешем келді. Ол да алпыста. Мейлі, құндыз тон кигізіп, торғын шәлі жауып, шетелге саяхатқа жібермесем де, биыл Қытайдағы төркініне барып келетін қаржы тауып бере алмай сөзге қалсам да, оюлы камзолын киіп, ақ жаулығын тағып, немересін жетектеп қонаққа барып жүргенінің өзі бақыт екен ғой.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына әйелді бес жасар баласымен екіқабат күйінде күйеуі тастап кетіпті. Қазір ұлы он жаста, қызы төрт жарымда. Жұмыс таба алмай, табылған жұмысты кішкентай қызын қарайтын адам таппай істей алмай, пұшайман күйде отыр. «Маған жұмыс тауып беріңдер, оған дейін ай сайын күнкөріске ақша беріп тұрыңдар» дейді. Біреудің босағасын паналап отыр. Ұлының мектебіне жаңа жылға бес жүз теңге сұрапты. Бере алмадым дейді. Мен бір мектепке бес мың, екіншісіне — он мың өткіздім. ТӘУБА. Пұшайман халге түскенде көмек қолын созған, «мына жұмысты сенен басқа ешкім істей алмайды» деп жұмыс берген достарым, балама баc-көз болған туыстарым бар.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына отбасында бес бала, алтыншысы шешесінің ішінде. Тұратын үйлері — сегіз шаршы метр бөлме. Қызылордадан көшіп келіпті. «Неге келдіңдер?» десем, «осы жақта да тұрып көрейік деп» келдік дейді. Бір жағынан ызам келді. Күніңді көре алмасаң неге келдің? Бір жағынан қызықтым))))) Сегіз шаршы метрде тұрып жатса да сәбилі болудан тартынбайтын не деген жұбайлық махаббат десеңші!

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына үйге үнсіз кіріп, үнсіз шықтық. Үй анасы «ләм» деп аузын ашқан жоқ. Тек фотоаппарат пен камераға қарап күлімсіреп отыра берді. Жағдайын айтып байбаламдамады, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Тек бойжетіп қалған қызы ғана бетін жасырып, теріс қарай берді. Бұл отбасында тоғыз бала бар. Үлкені жиырмада, кішісі — анау сүт еміп жатқаны. Тұратын үйлері — осы бір бөлме, алдында сенегі бар. Табалдырықтан аяқ киіммен аттауға батпай, етігімізді сыртқа шештік. Тазалыққа таң қалдық. Шкафтың үстінде тазалап қатталып оралған кішкентай баланың жөргек, киімдеріне көзім түсті. Апайдың өзінің өңін бермеген әдемілігіне сүйсіндім. Тоғыз баламен осындай тоқмейіл тірлік кешіп отырған адамды көргенде, өз тірлігіме тағы ТӘУБА дедім.

Мұндай кедей тірлікті тек Майлиннің шығармаларынан ғана оқыған шығармыз. Мен көргенім — тек шет жағасы ғана ғой. Көрген көріністен ішім удай ашып кетіп еді, қалаға қайтар жолда хан сарайындай мейрамхана тұр екен. Сөйтсем, бәрі біз көргендей жаман емес екен ғой, бар екен ғой бай-бақуатты адамдар, ТӘУБА.

Суреттер e-event агенттігінен алынды, авторы — Николай Судаков
Әрі қарай

Жаңа шоу - "Шулама"

1 ақпан, сағат кешкі сегізде НТК арнасында жаңа ойын-шоудың тұсауы кесіледі. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа формат. Осы уақытқа дейін тек Жапония және Сингапур елдерінде көрсетілген. Франшиза иесі — жапондар.
Әрі қарай

Болашақтың әлеуметтік желісі

Көп әйел алу туралы заңды бекітіп, оған баланс болуы үшін әйелдерге көп күйеуге тиюге рұқсат беру керек депті ғой, бүгін біреу. Олай болса, болашақта қазақ әлеуметтік желісі қандай болар екен?

Блог - dark_nazgul: Болашақтың әлеуметтік желісі

Сонымен, 2050 жыл, «OTBASY» әлеуметтік желісіне тіркелген пайдаланушының поштасына келетін хабарламалар.

Бәленше сізге достық ұсынады. Үш ортақ күйеуіңіз бар.

Бәленше деген күйеуіңіздің түгенше деген әйелі сіздің жазбаңызға пікір қалдырды.

Бәленше деген күйеуіңіздің түгенше деген әйелінің екінші күйеуінің төртінші әйелі сіздің суретіңізді ұнатты.

Үшінші әйеліңіздегі үшінші балаңыз бірінші әйеліңіздегі екінші балаңыздың жазбасына пікір қалдырды.

Сіздің екінші әйеліңіздің үшінші күйеуінің бірінші әйелі жаңа күйеу тапты. Ол күйеумен сізде бір ортақ әйел бар.

Екінші әйеліңіздің үшінші күйеуінің бірінші әйелі сауалнама жариялады: «Босандым, кімдікі деп ойлайсыңдар?» Өз нұсқаңызды қосыңыз.

Вы знаете Ивана? Он муж вашей жены в «Отбасы» ©

Екінші әйеліңіздің үшінші күйеуінің төртінші әйелдегі баласы мен үшінші әйеліңіздің бірінші күйеуінің екінші әйелінің үшінші күйеунің бірінші әйеліндегі баласы достасты.

Үшінші әйеліңіздегі үшінші балаңыз бірінші әйеліңіздегі екінші балаңыздың жазбасына пікір қалдырды.
Әрі қарай

Эстафета: 2013 қалай өтті...

Тура 31 желтоқсан. Кеше ғана кенжетай екеуміз ауруханадан шығып келгенбіз. Ол оң қолын қайнақ суға күйдіріп алып, төрт күн жаттық қой, көзіміз бозарып, Ақыры, дәрігерлерге жалынғанына жалынып, ұрысқанымен ұрсысып жүріп, отызында үйге келіп алдық. Отыз бірінде перевязкаға барып келдік.
Әрі қарай

Шәкірттеріме ашық сабақ

Сатыбалдыдан қалысам ба? Ақыры мені шәкірт қылып алмады, демек өзіне тең тұтты деген сөз.
Блог - dark_nazgul: Шәкірттеріме ашық сабақ
Менің осы жобада үш шәкіртім бар екен. Соның екеуінің осы сайтта бір-бір ғана жазбасы бар. Оның өзі: «Назгүлге шәкірт болғым келеді» деген бір пікір. Болғың келсе болдың, құттықтаймын!
Әрі қарай

Facebook-тағы барлық жазбаларды шығарып алу

Facebook кей жазбаларды «жеп» қоятынын білеміз ғой. Соның бүгін амалын таптым.

Өз профиліңе кіріп, оң жақ бағанда шамамен қай жыл, қай айдағы жазба керек екенін көрсетіп аласың. Одан кейін, сол жерде «Самое важное» дегенді төмен түсіріп, «все новости» дегенді таңдаймыз.

Талай адам ьасын қатырып, «Фэйсбук жазбаларды жоғалтып жібереді, сақтамайды» деп байбалам салып жүрген жұмбақтың шешімі осындай.

Менде бір керемет сюжет бар...: Facebook-тағы барлық жазбаларды шығарып алу
Әрі қарай