Жарияланымдар

Түнгі ойлар

Испаниямен 6 сағат айырмашылық. Әлі үйренісе алмай, барлығы ұйықтап қалғанда, түнгі үкілер сияқты жалғыз өзім тықырлап шай ішемін, киімдер реттеп, үй жинаймын. Әрине интернетте отырамын. Алайда түнгі 3.47-де достарымның көбісі тәтті ұйқыда, твиттердегі лентадан «Главное не бояться» фильміне берілген жақсы пікірден соң көрейін деп жүктеп қойдым. 2011 жылы түсірілген, басты рольде өзім жаман емес деп білетін Кейт Хадсон. Кино алдында аузымды жыбырлатып бір нәрсе жеп үйренген әдетім бойынша алдыма туған күнімнен қалған тәтті емес торт пен шай әкеліп алып көруге ыңғайландым…

Жалпы фильм рак ауруына шалдыққан қыз бен оның сол оқиғадан алған сабақтары жайлы. Бірден айта салайын, қыз соңында қайтыс болады. Бірақ ол оған дейін шын ғашық болып, әкесін кешіріп, өмірдегі қорқынышынан арылып үлгіреді. Бір қарағанда, қарапайым сюжет, қарапайым американдық драма. Алайда адамның эмоциясын біраз қинайды екен. Ақыры желінбеген торт пен шайды апарып, жаттым.

Қаншама адамдар өмірлерінде бір қорқыныштың кесірінен бақытына жете алмай жатады? Бірі "ұнамай қалсам ше" деп жүрегін ашуға қорқады, бірі «ал егер қолымнан келмей қалса ше?» деп армандаған кәсібіне бармайды, бірі «ол мені тастап кетсе ше» деп күмәндана бастайды, т.с.с сансыз қорқыныштар. Ал ол қорқыныштардың себебі неде? Менің ойымша, біздің заманда «бақытты болу керек», "өз жартыңды табу керек" деген мақсаттар тым жарнамаланып кеткен. Әр адамның арманы бақытты болу, өз жартымды табу дейді. Тіпті қуаныш, тойларда айтылатын тосттардың барлығы соны саған міндеттейді. Егер сен бақытты болмасаң, не сүйгеніңе қосылмасаң өмір аяқталып қалмайды ғой.

Бейне бр бақыт деген белгілі нәрселерге қол жеткізгеннен кейін ғана келетін сияқты. Менің ойымша, ең басты адасу осында. Әрине ондай жетістіктер аз уақытқа шабыт беруі мүмкін, алайда бақытты болып ҮЙРЕНБЕГЕН адам, ол сезімді де тез арада ұмытып кетуі мүмкін. Бақытты болу әр адамның таңдауы ғана.

Ал екінші жартыға келетін болсақ, «екінші жарты» деген ұғымның өзі адамды адастыратын сияқты. Ол сені өмірде жоқ «идеалды» адамды армандап өтумен немесе қасыңдағы сені сүйетін адамды бағаламауға соқтыруы мүмкін. Егерде маған осыдан екі жыл бұрын осындай сөздер жазасың десе, сенбеуші едім. Өйткені мен мәңгілік махаббатқа сенетінмін. Ал қазір менің ойым басқа… «Махаббат жайлы ойлар» атты эллегиямды келесіге қалдырып осы жерден тоқтайын.

Бұл жазбам өзгеден гөрі, өзіме арналған сияқты. Иә, түнгі ойлардың пайдасы да бар екен.
Әрі қарай

Менің суретшімен танысқаным жайлы

Негізі маған өмір жолында әрқашан жақсы адамдар кездеседі (мың да бір алғыс). Кішкентай кезімнен сондай. Ол жай жүргізуші болсын, гид болсын, мұғалімдер болсын, көршілер болсын-бәрі де жан-жағын жайма шуақтап жүретін жарқын адамдар болып шығады. Күзде жұмыс барысында сұхбат алған суретші Ақжан да мені өзінің өмірге деген позитивті көзқарасымен, өзінің жағымды энергиясымен баурап алды.

Кездесу жері- орталық мұражайға кіргеннен кейін, ауыр рамкалардағы үлкен-үлкен суреттерді шапшаң тасып жүрген кішкентай қызды көрдім. Сөйтсем Ақжанның көрмесі аяқталып, суреттерін реттестіріп жүр екен. Бірден маған күле қарап, кішкене күте тұруымды сұрады. Қимылының бәрі де жеңіл, өзі де ерік берсең секіріп, жүгіріп, билеп кететіндей болып көрінді. Сонымен ол суреттерін жіберіп, маған өзінің ескі құрбысынша «кеттік, не істейміз?» дегендей күле қарады. Өзімді кәнігі фотографтарша сезініп мұражайдың алдында сұхбат үшін біраз суретке түсірдім. Әр суретті көре сала ол "қандай күшті, сен өзің шебер екенсің" деп қояды. Жымиамын. Сосын ол «ал енді мен сені түсірейін» деді. Келесі минуттарда журналист екенімді ұмытып, Ақжанның алдында мен «позировать» етіп жүрмін.

Сөйтіп не керек алдын ала дайындап қойған сұрақтарымды шығарып, диктофонды қоса берейін десем, Ақжан «сен тамақ іштің бе?», «жақында күшті бір кофейня ашылды, жүр кеттік соған» деді. Ақжанның кіп-кішкентай машинасында кетіп бара жатырмыз. Оның жеңіл айдауынан, жолға емес, маған қарап мәз болып сөйлеп отырғанынан менің жүрегім тамағыма тығылып отыр. «Енді қай жерге бұрылушы едік», «ой, кешіріңіздер» деумен болды ол. Неше жыл бойы Түркияда оқып, Алматының қасқыр жүргізушілеріне үйренбегені көрініп тұр.

Әйтеуір діттеген жерімізге келіп, екеуіміз «Кафетерианың» террасасында кофе ішіп, өнер жайлы әңгімелесіп отырмыз. Күн жылы, айналаның бәрі алтынға көмкерілгендей әп-әдемі. Дайындаған сұрақтарымнан бөлек, өнерде кімнің бағы жанатыны, танымал болу үшін не істеу керегі жайлы Ақжан еш қысылмастан, ашық та бүкпесіз жауап берді. Кейде отырып-отырып өз сөздерінен не менің сұрақтарымнан көзі жайнап кетеді. Басында жаңа бір нәрсе ойлап тауып жатқандай, не бір жаңа суреттің эскизын елестетіп жатқандай көрінді маған.

Кетерде ол керек жеріме әкеліп тастап, «рахмет, құрбым, тағы да кездесерміз деген үміттемін» деп өзінің суреттері жайында буклетті қолыма ұстатып қош айтысты. Прокатқа алған ескі кішкентай «мазда 3»-і Абай көшесінің жылдам ағысына тез қосылып, алыстай берді.

Иә, менің өмірімде алғаш рет суретшімен таныстығым осылай өтті. Ақжанның суреттерінен де өзіне тән риясыз қуанышты, позитивті энергияны, әсемдікті сезінесіз. Қызық болса Ақжанмен сұхбатты және суреттерді «Екпіннен» толықтай оқып, көре аласыздар.
Әрі қарай

"Ғажапсың, дүние, ғажапсың! Әттең, бірақ, аз-ақсың!"

-Бұл кім?
-Баяғы сортақ шал ғой…
-Сортағыңыз не? Қойыңыз…
-Жәәй, көз тимесін деп айтқаным ғой, ал былайша әлі де сері шалмын…

«Жүрейік жүрек ауыртпай...» драмасынан

Спектакльден кейінгі әсерімді жазбас бұрын, көп ойландым. Әр түрлі сезім мен сан түрлі ойлар… Бәрі де маңызды, бәрін де қамтығым келеді. Алайда жүректегіні түгелімен айтып-жеткізу ешкімнің де қолынан келе қоймаған шығар…
Әрі қарай

"Сенің мұндай ит боларыңды күшік кезіңде біліп ем!..."



Театр деген керемет қой… Түгелдей бір роман не пьеса «оқып» шыққандай күй кешесің. Осы жолы театр сахнасынан мен Гогольдің "Үйлену" комедиясын оқып шықтым.

Зал қыран-топан күлкіге айналды.

Негізі осымен де рецензияны бітіруге болар еді, алайда өз әсерімді, ойға түйгеніміді айта кетейін.
Әрі қарай

Кешегі түн. Нью-Йорк немесе Қисықша

«Прошлой ночью в Нью-Йорке»-АҚШ пен Францияның біріге түсірген кинокартинасы. Режиссеры Мэсси Таджедин деген бұған дейін көптеген фильмдердің сценаристі, продюсер болған әйел адам. Режиссерлік тұрғыдан бұл кино оның алғашқысы екен. Сондықтан ғаламторда жас режиссер туралы мәлімет аз.

Ал енді Қисықша ревью жасамай-ақ қояйын. (өзі көріп алғаннан соң жасар:) Тек өзімнің фильмнен алған әсерімді айта кетейін.
Әрі қарай

Менің Playlist-імдегі TOP үштік!

Менің Playlist-імде негізі барлық жанр мен түрлі -түрлі әншілерді, орындаушыларды кездестіруге болады. Белгілі бір арнадағы әндер белгілі бір кезеңдерде ұзақ уақытқа дейін тыңдалып жүреді де, кейін жалықтырған соң келесі бір арнадағы әндер кезекке келеді.


Мысалы, осыдан жарты жыл бұрын керемет Yiruma деген корейлік пианисттің бар композициясын жүктеп алып тыңдаудан шаршамайтынмын. Айтпақшы осы постты жазу барысында оның әйелі (2007 жылдың 27 мамырынан) Son Hye-im атты «Мисс Корея екенін білдім. Оның әр шығармасынан корейлерге тән нәзіктік пен пәктік сезіледі.
Әрі қарай

Алып қашып кете жаздаған

Блог - aizhan: Алып қашып кете жаздаған
«Айқын» газетінің 30 желтоқсанында шыққан нөміріндегі бір қызық оқиғаны көзім шалды. Авторы Айжан деген бір қыз екен. (мүмкін жай ғана ник шығар)
Сонымен былай делінген:

Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, сағат 12-ге дейін үйде келер жылды қарсы алып, одан кейін достарыммен кездесуге шыққанмын. Жоспар бойынша, барлығымыз Медеуге барамыз деп шештік. Содан елдің бәрі жиналсын деп күтіп тұрған кезімізде, сөз салып жүрген жігітім телефон шалды.

"Қазір кездесейік, саған бір сыйлығым бар" деді. Сыйлық алғанды кім жек көрсін, достарымның барлығын тағы да бір сағат тостырып қойдым. Бір кезде қасында екі досы бар, жігітім келді. Далада өте суық болғандықтан, оның көлігіне отырдым. Сол кезде досы рульге отырып, машинаны айдап барады.
Әрі қарай

Өмірдің таусылмас қызықтары...

Грибоедовтың «Горе от ума» деген шығармасын оқымасам да, тақырыбы маған өте жақын. «горе от ума» деп өзім жиі айтамын. Расында біздің жақсылық-жамандықтарымыздың бәрі-тек өзіміздің басымызда жатыр. Өмірімізді біз бақытты дейміз бе, бақытсыз дейміз бе ол тек өз қолымызда, дәлірек айтсақ, ойымызда.
Әрі қарай

Бақытты болғың келсе....



Жаңа жылдың мерекелік күндері де аяқталып, бокалдың сыңғырлаған үнімен бірге әдеттегі шаблондық «бақыт, құт-береке, ашық аспан» деген тілектер де азайды. Ал ойлана келсек, осы «бақыт» деген сөзге біз қандай мән-мағына береміз? «Жаңа жылда жаңа бақыт тілеймін» дейміз, сонда ол бақыттың біреу болмағаны ма, жыл сайын жаңарып отыратын шығар.)

Жалпы айтайын дегенім, менің ойымша, әр адамның бақыты өз қолында. Оны мына сайтқа кіріп-ақ жасап ала аласыз)) Шындығында бұл Қазақстандағы фен-шуй академиясының сайты. Сондағы кеңес бойынша, сен өз өміріңнің немесе тағдырыңның жобасын жасауың керек. Қандай қызметте, кіммен бірге, қалай тұруыңды қалайсың-осының бәрін өзіңе ұнайтын суреттермен әрлеп, ойластырып қоюуың керек.

Фен-шуйға сеніңіздер деп айтпаймын (өзімде ондайға көп сене бермеймін) ал бірақ, жаңа жылды, жаңа арман, жаңа мақсаттармен бастауларыңызға тілектеспін деймін. Өйткені арманыңдағы үйді іздеу (google-дағы суреттерден болса да), ойыңда жүрген мақсаттарың туралы ойластыруға не жетсін! Армандаңыздар, алдарыңызға мақсат қойыңыздар! Ең болмаса, осы сайттағы картаның істейтін істемейтінін анықтап аламыз:)
Әрі қарай

Алғашқы жазба!

Жаз дабайға қош келдім!!!) Алғашқы жазбам әдеттегідей «сәлем бердік»-тен басталсын) Сәлемдесуімнен-ақ арғы ата-бабаларымның қай жақтан екенін біліп қалған шығарсыздар…
Сонымен, қазнетті дамыту мен сіздермен жазбаларымды бөлісу мақсатында осы жаздабайға жазатын боламын) Қарап отырсам, жынысын көрсететін бағанда "әйел" деген шертпені басқан адамдар саны аз екен, ол кемшілікті түзейміз деген ойдамын)
Жалпы жазуға ыңғайлы, жайлы тұғырнама… Сүйікті сайттарымның біріне айналар деген ойдамын…
Әрі қарай