Жарияланымдар

Дайджест: Зымыранға төзу. Керри құпиясын ашты. Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Зымыранға төзу. Керри құпиясын ашты. Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?Әріптестер мен жазылушыларға әлемдік БАҚ-қа шолу деп аталатын жаңа айдар ұсынамыз. Дайджесте әлемдік басылымның не жазып жатқанынан хабардар боласыздар. Егер сіздерге ұнаса, пікір қалдырыңыздар, бізге жазыңыздар.
Солтүстік Корея. Зымыран сынағы және төзім

Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранының соңғы сынағы оның ядролық бағдарламасы жетіле түскенін көрсетті, деп жазды The Wall Street Journal. Басылым болжамы бойынша, Пхеньян бұл сынақты АҚШ-тың қызыл жолақты кесіп өтіп, соғыс бастап кетпес үшін жасап отыр. Солтүстік Кореяның бұл әрекетін АҚШ қатты сынады.

«Біз Солтүстік Кореяға соғыс ашуға ешқашан талпынған емеспіз. Бірақ соғыс басталса, Солтүстік КОрея жүйесі толығымен жойылатынына күмәніңіз болмасын», — деп мәлімдеді АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли. Оның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мәлімдемесін Associated Press жазды. Ол әлемнің барлық елдерін КХДР-мен кез келген қарым-қатынасын үзіп, Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы дауыс құқығын алып тастауды шақырды.

Иранды бомбалауға үгіттеген

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джон Керридің мәлімдеуінше, Вашингтонның Таяу Шығыстағы үш негізгі одақтасы — Израиль, Сауд Арабиясы және Египет АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманы «Иран бомбалауға үгіттеген». Бұл 2015 жылы шілдеде әйгілі ядролық келісім жасаларға дейін болды, деді саясаткер Вашингтондағы форумда. Бұл туралы Newsweek хабарлады.

Иранның аймақтағы бәсекелесі саналатын екі суннит елінің және Израильдің басшылығы АҚШ-тың Иранға қарсы әскери қимыл бастауын қалаған. «Олардың барлығы маған: „Сендер Иранды бомбалауларың керек, олар соны ғана түсінеді“, деді». Дей тұрғанмен, дәл осы елдер АҚШ-тың Иранға соғыс ашу мүмкіндігін сынаумен болды, деді Джон Керри.

Дегенмен Израильдің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Майкл Орен The Jerusalem Post газетіне берген сұхбатында Керридің бұл мәлімдемесін сынап, «Израиль, сонымен бірге Таяу Шығыстағы сол секілді елдер Иранның ядролық қауіпін АҚШ әскермен немесе дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндігі болғанын түсінді» деді.

Ауғанстандағы жаңа күш

АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстандағы әскерінің қолбасшысы Джон Николсонның мәлімдеуінше, Дональд Трамп әкімшілігінің Ауғанстандағы америкалық әскер санын көбейтуі «жеңіске апарады». Генерал екі жылда америкалық әскер «Талибан» содырларын тықсырып шығатынына сенімді, деп жазды Chicago Tribune. «Біз осы жерде миссияны аяқтағанша боламыз», деп мәлімдеді ол.

Генерал Николсонға дейінгі жеті қолбасшы да соғыста жеңіске жететінін болжаған еді. Қазір Ауғанстанда 14 мыңға жуық америкалық сарбаз бар. Соғыс қызып тұрған шақта мұнда 100 мың АҚШ жауынгері болған, бірақ «Талибанды» жеңе алған жоқ, деп жазды Chicago Tribune.

Өзбекстанға акустикалық шабуыл жасалды ма?

АҚШ Мемлекеттік департаменті Өзбекстанның америкалық елшілігіне акустикалық шабуыл туралы мәліметті жоққа шығарды, деп жазды The Hill. Ташкенттегі америкалық елшілік қызметкері күздік басында акустикалық шабуыл құрбаны болғанын хабарлаған еді. Дәл осындай жағдай Кубада 2016 жылы болған — америкалық дипломаттар үйлері мен жұмыста жоғары дыбыстың үзілмейтініне шағымданған.

Бұл уақытта, CBS News өзінің дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігіндегі жағдайға ресейлік арнайы қызмет қатысы болуы мүмкін. New York Post Куба мен Өзбекстанның Ресеймен дос екенін жазып, Гавана мен Ташкенттегі акустикалық шабуылдарға Мәскеудің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Әрі қарай

Дайджест: Меркель қиындыққа тап болды. «Қолтырауын» Мугабені алмастырады. ИМ Папаға сес көрсетті. Болливуд әртісіне төнген қауіп

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Меркель қиындыққа тап болды. «Қолтырауын» Мугабені алмастырады. ИМ Папаға сес көрсетті. Болливуд әртісіне төнген қауіп
Меркель қиындыққа тап болды

Ангела Меркель Германия канцлері қызметінен кеткісі жоқ, деп хабарлады немістің ZDF телеарнасы. Коалиция сәтсіздігінен соң, отсавкаға кету мүмкіндігі туралы сұраған журналист сауалына Меркель елді әрі қарай басқара беретінін айтқан. «Мен сайлау қарсаңында берген уәделерімнен бас тартпаймын», — деді ол.

ГФР коалициялық үкіметі жөніндегі келіссөздер Еркін демократтар партиясы одан шығып кеткен соң сәтсіздікке ұшырады. Неміс саясаты мұндай болады деп күтпеген еді. Германия жаңа парламеттік сайлау туралы айта бастады, деп жазды Washington Post. Басылым бірнеше ай бұрын ғана Ангела Меркель Еуропадағы ең ықпалды басшылардың бірі ретінде саналды, тіпті кейбірі оның Батыс әлемінің жетекшісі ретінде дәріптеп, Трампты олимптен ысырып үлгерген. Енді ол Германияның өзінде ең ықпалды саясаткер саналмайды, деп жазды газет.

«Қолтырауын» Мугабені алмастырады

«Мугабе кеткен соң Зимбабве күні не болады?», деген сауалға The New York Times жауап іздеді. Басылым елді 37 жыл билеген 93 жастағы диктатордың орнына билікке оның бұрынғы орынбасары, қазіргі қарсыласы Эммерсон Мнангагва келуі мүмкін деп болжайды. Бұған дейін қауіпсіздік қызметін басқарған ол "қолтырауын" деген лақаб атқа ие, бұның өзі «оның Мугабеден жұмсақ болады дегенге сену қиын екендігін көрсетеді». Бірақ The Guardian газетінің хабарлауынша, Зимбабвенің билік басындағы партия «парламент депутаттарының назарына Мугабені „тұрақсыздық көзі“ ретінде биліктен кетіру тралы қарар жобасын» ұсынған. Мугабені олар экономикадағы дағдарыс үшін кінәлап, заңға құрметсіздік көрсетті деп отыр. Сол себепті Мнангагву оның жолын қайталамауы мүмкін.

ИМ Папаға сес көрсетті

Көптеген елдерде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» тобының содырлары Рим Папасы Францистің қазасы белгіленген насихат плакатын жариялады. Newsweek оны Telegram қосымшасынан тауып алған. Онда бетін ақ матамен тұмшалаған терроршы Рим Папасының кесілген басын ұстап тұр. Плакаттың жоғарғы жағында "әрбір төгілген қан үшін" христиандардан кек алатыны туралы қоқан-лоқы жазылған. «Мұндай қорқытулар Рождество мерекесі қарсаңында пайда болғанына таңдануға болмайды. ИМ топтары мен оның жақтастары БАҚ назарын осылай аударғысы келеді», деді Newsweek басылымына SITE Intelligence Group директоры Рита Кац.

Болливуд әртісіне төнген қауіп

Үндістанда радикалдардың бірі үнді фильмінің жұлдызы Дипик Падукон мен танымен болливуд режиссері Санджай Лила Бхансалиді «Падмавати» фильмі үшін бетін тіліп немесе өлтіргені үшін 100 млн рупий (130.000 евро) уәде етті. Италияндық La Repubblica басылымыының үнді ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, осындай қорқытулардан соң Viacom18 Motion Pictures кинокоманиясы фильмді жарыққа шығару уақытын шегеруге мәжбүр болды. Фильм 1 желтоқсанда көрсетілуі керек еді.

«Падмавати» фльмі XVI ғасырдың эпосы желісімен түсірілген. Онда Дели сұлтаны Алауддин Хилджи раджпут княздығы Мехварді қоршауға алып, Падмавати ханшайым оның әйелі болуға келіссе, ешкімді тиіспеуге уәде береді. Бірақ ханшайым өзін өлтіруге бел буады. Оның рөлін фильмде Болливуд жұлдызы Дипика Падуконе сомдаған. Үнді радикалдары раджпут ханшайымы фильмде жағымсыз ретінде көрсетілген деп есептейді, деп жазды La Repubblica.
Әрі қарай

Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі
Младич түрмеде, қалғандары ше?

«Үшінші Рейхтен кейінгі Еуропадағы ең қаныпезер генерал Ратко Младич қалған өмірін түрмеде өткізеді. Гаага трибуналының бұдан басқа кез келген шешімі орынсыз болар еді", деп есептейді Ед Вуллиами. Бұрынғы Югославиядағы соғыс туралы кітап авторы бұл пікірін The Guardian газетінде жариялаған мақаласында. Младич бостандықта жүрмеуі тиіс, оның орны түрмеде. Бірақ қалған күш иелері жасаған қылмыстары үшін жауап бере ме?

Ед Вуллиами бұл ретте Нобель сыйлығының лауреаты, Кейптаун архиепископы Десмонд Тутаның бұрынғы британ премьері Тони Блэр мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушты Ирактағы әскери науқан үшін сотқа тартуды ұсынғанын еске салды. Сириядағы соғысқа қатысты Асад пен Путинге немесе «Ислам мемлекетін» қаруландыратын, Йеменде жарылыс жасаған Сауд Арабиясы жүйесіне қатысты әділдік орнай ма? Адам құқығы үшін қозғалыстың бұрынғы белсендісі Аун Сан Су Чжиге үкім шыға ма? – деген сауалды The Guardian газетінде жарияланған мақала авторы қойды.

Мьянмада этникалық тазалау жүріп жатыр ма?

Құрама Штаттар алғаш рет Мьянма әскерін Ракхайн штатында мұсылман рохинджаларға қатысты «этникалық тазалау» жүргізді деп ашық айыптады. Әскери репрессия кезінде 600 000 адам үйлерінен қуылды, деп жазды Le Monde. Басылым БҰҰ-ның 11 қарашада Мьянма билігін рохинджаларға көрсеткен қорлығы үшін айыптады. бірақ сол кезде Вашингтон бұл терминді қолданудан бас тартқан.

«Мұндай қатыгездік үшін қатаң жаза қолдану керек», деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон. Ол бұл сөзін Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы аға генерал Мин Аун Хлайнмен және азаматтық әкімшілік басшысы Аун Сан Су Чжимен кездесуі кезінде айтты. «Күрделі талдаудан соң Ракхайн солтүстік провинциясында рохинджаларды этникалық тазалау жүргізілгені анықталды, мұндай қатыгездікті ештеңе ақтай алмайды, деген Рекс Тиллерсонның сөздерін Le Monde келтірді.

Апиын алқабындағы бомба

АҚШ-тың Ауғанстандағы апиын алқаптарын жоюға қатысты жаңа майданы жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын келтіруі мүмкін, деп жазды The Times of India. Басылым сарапшыларға сілтеме жасаған. АҚШ әскери әуе күштерінің озық ұшақтары мен ұшқышсыз ұшақтарының бір бөлігі Сирия мен Ирактағы әскери операция аяқталған соң Ауғанстанға көшіріледі. «Америка өзінің технологиясын нысанаға дәл тигізеді деп мақтайды. Бірақ әуеден соққылардың жиілеуінен бейбіт тұрғындар көп зардап шегіп, содан АҚШ жау ретінде санап кетеді», деді Хьюман Райтс Вотчтың вашингтондық директорының орынбасары Андреа Празов (Andrea Prasow) газетке берген сұхбатында.

Бірақ ұлттық мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Ханна «Талибан» қозғалысының «есірткі империясын» жою қажет деп есептейді. "Әрбір стратегияны аяғына дейін жеткізу үшін нық шешімдер қабылдануы керек, қарсыластың негізгі табыс көзін жою қажет", деді Джон Ханна Франс-Пресс агенттігіне.

ИМ балаларының тағдыры

Германияның федералдық үкіметі «Ислам мемлекеті» тобындағы неміс содырларының балаларын елге қайтарғысы келеді, деп хабарлады Frankfurter Allgemeine Zeitung. ГФР сыртқы істер министрлігі Ирак үкіметіне шығып, ИМ содырларының жетім балалары тұратын орталықтарға дипломаттарды жіберуін сұрады. Неміс ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, неміс содырларының жесірлері мен алты бала Иракта тергеу орталықтарында отыр.

Бұл уақытта, Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ханс-Георг Масзен ИМ содырларының есейген балаларынан қауіптену керектігін ескертті. Оның пікірінше, бұл балалар «жиһадшылардың» идеологиялық ықпалында болған. Олардың оралуы елде «жиһадшылардың» жаңа ұрпағын өсіріп шығаруы мүмкін, деп ескертті Ханс-Георг Масзен.

Қытай белдеуінің түсі қандай?

The Nation басылымы Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) жобасы туралы жазды. Пекиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 63 млрд доллар қаржы бөлінген. Авто және темір жолдар арқылы пәкістандық Гвадар портты қаласы мен қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жалғасады.

«Бір белдеу — бір жол» ауқымды жобасы аясында "Қытай — Орталық Азия дәлізі" жобасы жүзеге асырылады. Бұған дейін аймақта Қытайдың қатысуымен ірі жобалар қағаз жүзінде қалып келді, деп жазды The Jamestown Foundation сараптама орталығы. Мысалы, 2002-2013 жылдары Қытай Қырғызстанмен темір жол құрылысы жөніндегі екі жобаны талқылап келді. Бірақ тараптар ақыры бір келісімге келе алмаған. «Пекин бастамаларының аймақтағы экономикалық интеграцияға ықпал ететінін немесе оның Орталық Азия республикаларында геостратегиялық теке-тіреске алып келетінін болжау қиын», деп жазды The Jamestown Foundation.
Әрі қарай

Дайджест: хиджаб киген Барби

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: хиджаб киген Барби«2017 жылдың ең қайғылы жер сілкінісі» — Newsweek Ирандағы табиғат апатын осылай сипаттады. Зілзаладан 350-ден астам қаза тауып, жеті мыңға жуық адам жараланды. Кирмоншох провинциясы парламентінің депутаты Фарад Таджаридің айтуынша, Сарполь-э-Захаб қаласындағы жалғыз аурухана қираған. Емдеу мекемесіндегі қызметкерлер мен науқастар, барлығы 236 адам үйінді астында қалған. “Тамақ жетіспейді, жанармай жоқ, халық суықтан үсіп өлуі мүмкін». Иран мен Ирактағы 150 миллионнан астам адам дүмпуді сезінді. Сейсмологтар мәліметі бойынша, дүмпу ошағындағы магнитуда 7,2 балл болған.

«Филиппин басшысының Манилада АСЕАН саммитінің гала-кешкі асында орындаған әні Родриго Дутерте пен АҚШ президенті Дональд Трамп достығына басы болуы мүмкін», деп жазды Frankfurter Allgemeine Zeitung. «Мен Құрама Штаттар Жоғарғы бас қолбасшысының талабы бойынша осы әнді орындадым», — деп әзілдеді Дутерте. Азияға сапарының соңында тоқтаған филиппиндік астанада Трамп өзін сыпайы ұстады, АСЕАН төрағалығы кезінде атқарған жұмысы үшін президент Дутертені мақтады. „Родриго, сен кереметсің“, деп мақтады Трамп. «Дутерде қызметке келгелі бері өткен жылы шілдеде Филиппинде мыңдаған нашақор мен есірткі тасымалдаушы өлтірілгеніне қарамастан, сапар жақсы өтті», деп жазды газет. АҚШ-тың бұған дейінгі басшылығы мұндай саясатты қатаң сынаған.

«Мохаммед бен Салман Сауд Арабиясының Владимир Путині бола ма?», деген сауалға Al Jazeera телеарнасы жауап іздеген. Бірқатар сарапшылар тақ мұрагерін «Таяу Шығыстың Путині» деп атап жүр, Бұған оның Патшалықтағы батыл реформалары мен «олигархтарға» қарсы тұруы себеп болды. Al Jazeera'ның жазуынша, бен Салман да Путин секілді ішкі және сыртқы саясатта күш қолданғанды қалайды. Тақ мұрагері 2015 жылы Салман патшаның батасын алған соң Эр-Риядтың сыртқы саясатында басқыншылық басым болды – «Йемендегі соғыс, Катардағы блокада және, ең маңыздысы, жақында Ливандағы оқиғалар кезіндегі Сауд Арабиясының ерекше ықпалы, бұның барлығы Путин пьесасы жинағынан алынғандай», деп хабарлады телеарна.

Аун Сан Су Чжи көмекшілері батыс елдерінің елшілеріне ескерту жасап, «рохинджа мұсылмандарын қолдау арқылы Мьянмаға жасалған қысым елді Қытаймен байланыстырады», деп жазды The Wall Street Journal. Мұндай мәлімдеме АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның осы елге сапары қарсаңында айтылды. Басылым мәліметі бойынша, Тиллерсон Мьянмада рохинджалар тұратын Ракхайн штатындағы гуманитарлық дағдарысты реттеу үшін кеңес өткізеді. Бұл уақытта The Star газетінің Малайзия премьер-министрі Наджиб Раззакқа сілтеме жасап хабарлауынша, Мьянманың саяси жетекшісі Аун Сан Су Чжи Манилада өткен АСЕАН саммитінле Ракхайн штатына халықаралық гуманитарлық жүк жеткізуге алғаш рет рұқсатын берді. БҰҰ рохинджаны әлемдегі ең қатты қысым көріп отырған аз ұлт деп біледі, деп жазды газет.

Барби өндірушілер ерекше қуыршағын таныстырды. Өткен Олимпиада ойындарында алғашқы америкалық семсерлесуші Ибтихадж Мұхаммед алғаш рет хиджабпен жарысқан, осындай қуыршақ жасауға атлет үлгі болған, деп жазды Independent. Ірі америкалық Mattel Inc. корпорациясы мұндай өнім келесі күзде саудаға шығатынын жариялады. «Хиджаб киген барби» — қатып қалған қағидаға қарсы тұратын батыл әйелдерге арналған", деп мәлімдеді компания.
Әрі қарай

Дайджест: Орталық Азия терроризм ұясы ма?

АҚШ мемлекеттік хатшысы рохинджа мұсылмандарына жасалған зомбылыққа тәуелсіз халықаралық зерттеу жүргізу үшін Мьянма билігін қыспаққа алды, деп жазды The Wall Street Journal. Тиллерсонның қасында жүрген АҚШ мемлекеттік департаменті шенеунігінің журналистерге хабарлауынша, Мемлекеттік хатшы Ракхайн штатындағы бейбітшілік пен тұрақтылық қажет екенін, босқын рохинджалар үйлеріне қайта керектігін мәлімдеген, деп жазды жапонның The Asahi Shimbun газеті. Оның сөзіне қарағанда, Вашингтон «Ракхайнда тәуелсіз зерттеу жүргізілуін қалап отыр».

«Мәскеу Мадридтен Афиныға дейінгі аралықта Еуропадағы тұрақтылықты бұзғысы келеді», деп жазды италиялық ​La Repubblica. Басылым The Atlantic Council сараптама орталығы дайындаған «Кремль-2-нің трояндық аты» баяндамасына сілтеме жасады. Бұл орталықты Польша сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшысы Радослав Сикорски басқарады. Кремль еуропалық саясаткерлерді, сарапшыларды және қоғамдық топтарды «трояндық ат» секілді пайдаланатыны соншалық, әлсіз Ресейдің өзі еуропалық және халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде шешуші фактор бола алады", деп есептейді авторлар. Италияда Кремль насихаты оңшыл «Солтүстік Лигасы» партиясы мен «Бес жұлдыз қозғалысына» иек артуы мүмкін, деп жазды La Repubblica.

Орталық Азия терроризм ұясы ма деген сауалға қайта оралған ​The Diplomat бұл сауалға жоқ деп жауап берген. Мұндай мәселені батыс баспасөзі жақында Өзбекстан азаматының Нью-Йоркте жасаған терактісінен соң көтерген. «Аймақ тұрғындары ұзақ уақыт шетелде жүрген соң терроршыға айналады. Бұны аймақтың экономикалық жағдайымен ғана түсіндіру аздық етеді. Орталық Азиядағы үкіметтер экстремистік топтармен дұрыс күрес жүргізіп отыр. Мәселені ұлттық ерекшелікті іздеу мен әлемдегі терроризммен күрестің осалдығынан іздеген жөн», деп топшылайды басылым.

Сарғыш шомылу киімі мен парик киген алты чех туристі Бораттың образымен Қазақстан астанасындағы I love Astana жазуы маңында суретке түскілері келген, деп хабарлады The Guardian. Полиция шетелдіктерді ұстап, "ұсақ қылмысы" және қоғамдық орынға дұрыс киінбей шыққаны үшін әрқайсысына 22500 теңге ($68) айыппұл салды. «Бораттың шомылу киімі" «Борат» фильмі жарыққа шыққан соң танымал болды. Онда америкалық комик Саша Барон Коэн ойдан құрастырылған қазақ тележуналисінің АҚШ-тағы сапарын сомдаған. Фильм қазақтардың намысына тиді, олар Қазақстанды артта қалған ел ретінде көрсеткеніне ренжіді, деп жазды басылым.Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Орталық Азия терроризм ұясы ма?
Әрі қарай

Әлемдік БАҚ-қа шолу: Трамп Астанаға келе ме?

Блог - TalgatBukharbayev: Әлемдік БАҚ-қа шолу: Трамп Астанаға келе ме?Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинді Солтүстік Кореяның «ядролық қауіпін» жою үшін шұғыл әрі тиімді шаралар қолдануға шақырды, деп жазды The Guardian. Пекинде Трампты ресми қабылдау кезінде ол өзіне көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, Ким Чен Ынның ядролық амбицияларын ауыздықтау бағытындағы әрекеттерін Қытайдың қолдағанын АҚШ жоғары бағалайтынын жеткізді. “Мен сіздердің президенттеріңіз туралы бір нәрсені анық білем: ол бір нәрсені қолға алса, аяғына дейін жеткізуге тырысады. Бұған күмән жоқ», деді Трамп.

Бұл уақытта, Le Monde журналисі атап өткендей, Трамптың Пхеньянның ядролық бағдарламасы жөніндегі айтқандары жұмсақтау болған. АҚШ президенті Қытай астанасында КХДР-мен келіссөздерге шақырып, дағдарысты даусыз еңсергісі келетінін мәлімдеген. Бұған дейін, Оңтүстік Корея парламентінде сөйлеген Трамп «күш қолданатын уақыт келді» деп мәлімдеген еді.

«Дональд Трамп Азияны аралап жүргенде, Совет Одағынан тәуелсіздігін алған стратегиялық аймақ елдері 26 жыл бойы оның келуін күтіп отыр», деп жазды ​Independent Journal Review. Орталық Азиядағы бес республика — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан жаңалықтарда жиі айтылмайды, бұл елдердің көптеген америкалықтарға қатысы жоқ сияқты көрінеді. «Шын мәнінде бұл аймақ АҚШ-тың соғыстан қалжыраған Ауғанстандағы стратегиялық жетістігі үшін өте маңызды. Президент Трамп Ауғанстанда жетістікке жетуге ұмтылғанымен, оның әкімшілігі Орталық Азияның әлемнің осы бөлігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды екенін түсінуі тиіс».

Басылым «АҚШ-тың Орталық Азиядағы қарым-қатынасын арттыруға мүмкіндігі мол» екенін атап өтті.

Өзбекстанның Самарқан қаласында 10-11 қарашада өтетін "Қауіпсіздік және тұрақты даму" тақырыбындағы халықаралық конференция қарсаңында БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Тадамичи Яматото Ауғанстандағы жағдайды реттеудегі Орталық Азия елдерінің рөлін The Diplomat басылымында атап өтті.

Дипломат Самарқандағы конференция бай аймақтағы сауда қатынасын реттеуге қатысты мақсаттарды шешуде «жаңа мүмкіндіктер» ашатынына сенім білдірді.
Әрі қарай