Жарияланымдар

Дайджест: Йемен, Brexit. Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарыздары

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Йемен, Brexit. Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарыздарыПрезидентті абайсызда өлтірді ме?

Йеменнің бұрынғы лидері Әли Абдулла Салехтің өлімінен кейін елдегі шиеленіс жаңа кезеңге өтті деп жазады Тhe Wall Street Journal. Басылымның жазуынша, экс-президенттің өлімі Сауд Арабия мен Иран арасындағы Йемен билігіне таласуды күшейтеді.

The Guardian сарапшылары хуситтердің Әли Абдулла Салехті өлтіргенінен кейін Йемендегі азаматтық соғыс драмалық қарқын ала бастады дейді. Елдегі жағдай жақын уақытта тұрақсызданады деп жазады басылым. Елді 30 жылдан астам уақыт билеген экс-президент өткен аптада хуситтермен кикілжіңге келіп, Сауд Арабиямен татуласуға ұмтылған. Бұл «дау» үлкен жарылысқа ұласып, Sky News Arabia телеканалының мәліметі бойынша, кем дегенде 245 адам қаза тапқан.

Алайда оңшыл көтерілісшілер Салехтің өлімі абайсызда болды дейді. Салех пен оның адамдары Санханға келген кезде, қауіпсіздік күштері оны ұстауға тырысқан. Бірақ атыс болып, нәтижесінде экс-президент қаза тапты деп жазады Sky News Arabia.

Әркімде өзінің брекзиті бар

Ұлыбритания мен Еуропалық одақ Брекзит жөнінде келісімге келе алмады, бірақ 14-15 желтоқсанда өтетін ЕО саммитіне дейін уағдаласатындарына сенімді деп жазады La Republica. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер келіссөзден кейін Лондон мен Брюссельде бірқатар проблема барын мойындауға мәжбүр болған. Басылымның жазуынша, соңғы екі айда ең күрделі тақырып Ирландия шекарасы болған. Британия үкіметі дүйсенбі күні Еуроодақ пен Ирландия қысымына көніп, Еуроодақтан шыққаннан кейін тәуелсіз Ирландия мен Британия құрамына кіретін Солтүстік Ирландияны үйлестіруге келіскен деп атап өтеді The Guardian.

The Daily Telegraph британиялық басылымының жазуынша, «Ұлыбритания мен Еуропалық одақ Брекзиттен кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында қатаң шекара болдырмауға келіскен. Ирландия СІМ мен вице-премьері Саймон Ковени «Брюссельде шекара болмайды деп келіскен. Ирландияның екі бөлігі де біріңғай кеден және сауда ережелеріне бағынады делінеді. Бірақ бұл келісімге Солтүстік Ирландияның демократиялық юнионистік партиясы қарсы» деп мәлімдеген.

Қырғыз және тәжіктің Қытайға қарызы

​The Diplomat Орталық Азиядағы кедей мемлекеттер — Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайға қарызын қайтара алмайды деген пікірді жоққы шығарады. Басылым санмен мысал келтіре отырып, екі ел қарызын жақсы өтеп отыр дейді. Қытайға қарыздың көлемі Қырғызстанның сыртқы қарызының 41 пайызы мен Тәжікстан қарызының 53 пайызы құрайды.

Алайда басылым қытай несиесінің дені АҚШ долларымен берілгенін алға тартып, "Қырғызстан мен Тәжікстанда валюта бағамы ауытқып тұрған шақта, валюта қоры жетіспейді" дейді.

Ауғанстандағы басқа АҚШ және Ресей

Америкалық генералдар мен дипломаттар Ауғанстан стратегиясына Ресейдің әскери ынтымақтастығымен түзету енгізіп жатыр деп хабарлайды The Washington Times.

Атап айтқанда, Құрама Штаттар Ресейден елде героин өсіруге қарсы күрес шарасын күшейтуді талап етпекші. Ауғанстандағы америкалық контингентті басқаратын қолбасшы Джон Николсон «героин жыл сайын ондаған мың ресейлікті өлтіріп жатыр» дейді.
Әрі қарай

Дайджест: Орталық Азия тұрақты ма?

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Орталық Азия тұрақты ма?Әріптестер мен жазылушыларға әлемдік БАҚ-қа шолу деп аталатын жаңа айдар ұсынамыз. Дайджесте әлемдік басылымның не жазып жатқанынан хабардар боласыздар. Егер сіздерге ұнаса, пікір қалдырыңыздар, бізге жазыңыздар.
Шабуылдан кейінгі Синай

Египеттегі сопылық ағым өкілдері Синай түбегіндегі мешітке жасалған шабуылға қарамастан, Мұхаммет Пайғамбардың туған күніне орай мерекені жалғастырып жатыр, деп жазды The Guardian. Мешіттегі шабуылдан 305 адам қайтыс болған. Египет сопы ордені Жоғарғы кеңесінің басшысы Абдул Қадыр әл-Касабтың газетке хабарлағанындай, мерекелік шаралар мешіттердің ішінде, Каир орталығындағы Хусейн мешітінің ішінде де өтеді. Оның айтуынша, көшеде мерекелік шаралар болмайды, сопылық ағымды жақтаушылардың қазасына орай жыл сайынғы сопылар шеруі де биыл өтпейді.

Сопылардың мешітіндегі жарылыс жауапкершілігін әлі күнге дейін ешкім мойнына алған жоқ. Түбектің бірқатар аудандарында Уәлаят әл-Синай тобының қара баннерлері пайда болды. Бұл ұйым 2014 жылы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына адал болуға ант берген, деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс. Бұл топтың әмірлері ауыл ақсақалдарынан қауіпсіздік күштерімен әріптес болуды доғаруды талап етіп отыр. Сонымен бірге олар тұрғындарға Пайғамбардың туған күніне орай сопылар ғұрыптарына тыйым салған.

Исламның бір тармағы ретінде ресми түрде тіркелген ағымның мешітіне шабуыл жасалуы Египеттің соғыс күнде болып тұратын Ауғанстанға айналып бара жатқанынан хабардар етеді, деп жазды израильдік ​Haaretz газеті.

Қисық белдеу?

АҚШ терроризмді қолдап отыр деп айыптаған Солтүстік Корея мен Сирия әріптестіктерін арттыруды көздеп отыр, осылайша Вашингтон мен оның одақтастарына қарсылық көрсететін халықаралық белдеу әлемде беделді болып барады, деп жазды Newsweek.

Газет Солтүстік Корея елшісі Цзан Мюн Хоның Дамаск қаласында Сирияның еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрі Рима әл-Кадеримен кездескенін хабарлады. Сириялық шенеуніктің мәлімдеуінше, оның елі Пхеньянның Сирия үкіметіне көрсеткен қолдауын жоғары бағалайды және соғыстан кейін қайта қалпына келтіру барысында кәрістердің тәжірибесі мен кеңесіне үміт артады.

Newsweek Хафез Асадтың әскери төңкерісінен кейін Солтүстік Корея Сирия мен Египетке Израильмен соғыста көмектесу үшін өз сарбаздарын жолдағанын еске салды. Башар Асад 2000 жылы билікке келгенде, кейбір мәліметтерге қарағанда, дәл осы Солтүстік Корея оған ядролық реактор салуға көмектескен. Бірақ оны 2007 жылы Израиль әуе соққысымен жойып жіберген еді.

Орталық Азия тұрақтанды ма?

Осы сауалға жауап іздеген Stratfor сараптама орталығының хабарлауынша, аймақтағы ең тұрақсыз ел саналып келген Қырғызстанда билікті табыстау бейбіт өтті, бірақ экономиканың әлсіздігі, Өзбекстан және Тәжікстанмен шекара мен ресурс даулары, жихадшылар қауіпі, елге ықпал ету үшін Ресей мен Қытай бәсекесінің күшеюі секілді факторлар әлі де қауіп төндіріп тұр.

Өзбекстанда президент Мирзияевтің реформаны тездетіп жүргізуге деген ұмтылысы биліктің екіге жарылуына әкелді және Мирзияев билігінің нығая қоймауы мен халық санының тез артуы, сонымен бірге радикалды күштердің өсуі саяси тұрақсыздыққа соқтыруы мүмкін.

Назарбаевты алмастыратын нақты мұрагері анық емес Қазақстан болашақта биліктің ауысынан қатты шайқалуы мүмкін. Билік жылы алмасқан күннің өзінде, Қазақстанның энергетикалық экономикасы әлі де болса бағаның тұрақсыз болуына тәуелді, ал жихадшылар баяғыдай қауіп төндіріп тұр.

Түркіменстанда президент Бердымұхаммедов билігі күшейіп, оған бәсекелес болатын саяси бақталастың жоқтығына қарамастан, елдегі экономиканың құлдырауына тосқауыл бола алмай отыр. Дағдарысты қуат көздерінің әлемдегі бағасының төмен болуы туғызды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның саяси мұрагерге тікелей қатысты мәселелері болмаса да, оның билігінің ұзаққа созылуы болашақта елде тұрақсыздық туғызуы мүмкін. Аймақ тұрақсыздығына әлеуметтік-экономикалық қысымның күшеюі, Ресей мен Қытай секілді аймақ ойыншыларының бәсекесінің артуы да өз үлесін қосып отыр.
Әрі қарай