Айна — кез келген үйде қолданатын мүлік. Қарапайым қажеттілігінен басқа, бүгінгі таңда үйге, кеңселерге, демалыс орындарына көрік беру мақсатында да пайдаланып жатады. Алайда, айнаның пайдасынан басқа, адамзатқа тигізер зиянды жағы бар екенін көпшілік біле бермейді. Ежелгі Қытай ғылымы «Фэн –шуй» қоршаған заттардың айналаға әсері жайлы қажетті кеңестерін ұсынады.
Көптен күткен ҮІІ қысқы Азиаданың салтанатты ашылуы да келіп жетті. Кеше кешкісін миллиондаған жанкүйер халықтың бірі есебінде үш сағат бойы тапжылмай теледидар алдында отырдым. Ашылу Рәсімінің бағдарламасы, қатысқан баленбай мың әнші, биші т.б. өнер иелері көрермендеріне сүйсінтерлік қойылым көрсетті. Шындығында, кезіндегі Қытай елінің ашылуынан аспаса, кем түскен жоқ деуге болады. Сонау көк Тәңірден бері тарих қойнауының төрт бұрышын қамтыған бейнекөріністер, қосымша пайдаланған экрандар, жарқырауықтар, сомдалған образ-бейнелер көздің жауын алды. Қойылым барысында операның жезтаңдай әншісі Нұржамал Үсенбаева, эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкеновтің әндеріне де тәнті болдық.
Кеше әр жексенбі сайын «Ел арнадан» берілетін «Шіркін life – 2»-ні тамашаладым. Шындығында, алғашқы ауылда өткен нұсқасы мынадан әлдеқайда қызықты, әрі тартымды болатын. Жас мөлшерлері шамалас, бір-бірін күнде сахнада көріп жүрген әншілер түсірілім барысында да өздерін жақсы ұстап еді. Бағдарламаны көріп отырып, күлкіге қарық болатынбыз. Ұл-қыз демей бар ынталарымен, күйлері келсін-келмесін, білек сыбанып кірісіп кететін. Кешкі отырыстарында соны өздері-ақ қорытындылап, бір бірлерінің кем-кетік тұстарын аса бір сабырлықпен, қалжыңмен жеткізіп отыратын.
Менің 5-6 жасымда, әкемнің қызмет бабына орай Көкпекті ауданына қарасты Ивановка ауылына көшіп барып, 2 жылдай тұрдық. Атам сол ауылдағы Апырым ата дейтін үлкен кісілердің үйімен араласатын. Қарияларға күнара апайым Салтанат екеуіміз шәйларына қататын сүт таситынбыз. Әрине, апа бос қайтармай, қалтамызға кәмпит салып беретін. Қонақ бөлмелерінде немересінің ойыншықтары жиналып тұрушы еді. Осы «Матрешка» қуыршақтарын тұңғыш рет мен сол үйден көрдім. Бала болғаннан кейін, қызықпай тұрмайсың, бір-бірінен аумайтын сүйкімді қуыршақтарға қатты қызықтым. Неге екенін қайдам, біздің ауылда сатылмады ма, әлде сатып әпермеді ме… әйтеуір, сансыз қуыршақтарым болса да, осы дәл матрешкалар бала кезімде қолыма тимей-ақ қойғаны… Уақыт өте ержеткен соң ойымнан мүлдем ұмытылып кеткен еді.
Блогшылардың құрылтайы Алматыда өтеді деген ғаламтордағы қуанышты хабар әп-сәтте жан-жаққа тарауда. BlogCamp форматында өтетін басқосудың негізгі мақсаты жүздесу, пікірлесу, сонымен қатар өзара тәжірибе-ойлармен бөлісу болып табылатыны да айтылуда. Көптің ойында жүрген дүниені іске асыру ұйымдастырушылар тарапына оңайға соқпас. Қалай дегенмен, алғашқы басқосудың орны бөлек.
Желтоқсанның 31-і күні түске дейін жұмыста отырдық. Қырып жұмыс бітіргеніміз шамалы, бір бірімізге барып шай ішуден аспадық. Түске жақын кабинетке миығынан күліп әріптесім Альмира келді. Қолында қос парақ дәптердің беті. Яғни, хат. Баласы Руслан жазыпты. Кімге дейсіз бе? Сезген шығарсыз…әрине, Аяз атаға. Хат: «Сәлеметсіз бе, Аяз ата! Мен Семей қаласындағы №37 мектептің 2 сынып оқушысымын. Атым Руслан. Жаңа жылда сізден өтінерім: ата-анамның жалақысын көтерсеңіз екен, себебі, компьютеріме «Трон» ойынын сатып әпергендерін қалаймын» деп басталады. Русланның ата-анасы бізбен әріптес. Сөзінің жаны бар, біздің мекеме мемлекеттік бюджеттен тыс Акционерлік қоғамға жататындықтан, 2 жыл бойы жалақы өсуін үмітпен күтіп жүрміз. Жә, оны қойшы.
Бұндай басқа да отбасыларда кездесетін жайт шығар. Негізі, хатты оқып, ойға шомдым. Балалық шағымда Аяз атаға сендім бе? Сенген сияқтымын. Нақты есімде жоқ. Осылай хат жазып көрдім бе? Жоқ. Мектеп шыршасында тақпақ,ән айтқан балаларға ұсынатын 5 тал кәмпитіне разы болатынбыз. Қазіргі балалардың Аяз аталары да «крутой» ма дедім, әр баладан жеке –жеке тапсырыс қабылдайтын. Әйтеуір, бөбектердің үміттері үзілемесе болғаны…