Таңдаулы

Мөлдір

Блог - BakytgulSarmek: Мөлдір
Кейіпкердің атын өзгертіп жазсам, әңгімем әдемі шықпауы мүмкін. Сондықтан өзгеріссіз қалдырдым. Өзі туралы жазылған әңгімені Мөлдірдің оқымайтынына да сенімдімін… Себебі өркениеттен тым алыста жүр, мына көркем өмірге жақындауға талпынбайтын да шығар.
Мектеп бітіргенімізге он жыл толуына орай сыныптастар болып ауылда бас қосқанбыз. Ойдағы-қырдағыны түгендей келе Мөлдірге де кезек келді. "Қырда қой бағады. Бес жүз қойы, бір баласы, бір байы бар" деді қылжақбас құрдастардың бірі.
Қарабайыр тірліктен тым алшақтап, қалалық болып кеткенімді сездіргім келіп жасанды кірпіктерімді маңғаздана қағып-қағып: "Қай Мөлдір?" дедім. Менің Мөлдірді ұмытып қалуым ауылдық құрдастардың алдында беделімді, бағамды көтеріп тастардай жорта білмегенсідім.
Білемін ғой Мөлдірді. Малшының қызы. Әке-шешесі ауылға қоныс аударған кезде, тұратын үйлері болмағандықтан біздің сарайды бір қой беріп, уақытша жалдап алған. Басын қозғаса бұйра шаштары серіппедей бір созылып, бір жиналып тұратын қара қыз біздің үйге жүгіріп келіп, мамаларыммен амандасып жатты. «Біздің үйде тұрып жатсыңдар» деген үстемдік ой патшалық құрып, назар аудармауға тырыстым.
Аты Мөлдір екен, туылған кезінде-ақ көзінің әдемілігі, мөлдірлігі байқалып тұрған соң атын солай қойған шығар ойладым ішімнен. Қайқиған кірпігі қолымдағы қуыршақтыкінен де әдемі. Сығыр көздерімнің қиығымен қызғана қарадым.
«Менің қызыммен құрдас екенсіңдер, бірге ойнайсыңдар» деген мамамның сөзін іле-шала: «Көбейту кестесін білесің бе? Тоғызды беске көбейткенде неше болады?» дедім. Бұйра шаштары дір-дір етіп басын шайқады. «Білімі нашарлармен ойнамаймын» дедім де қолым жеткен жердегі қалың кітаптың біреуін ортасынан аша сала дауыстап оқуға кірістім. Жаңа таныс қыздың алдында бір артықшылығымды көрсетуге тырысып жатырмын. Ол маған қызыға қарап тұрды.
Шаруақор екен, таңертең ерте тұрып су тасиды, кілем қағады, жүгіріп келіп біздің үйдің егініндегі арамшөптерді жұлып көмектеседі. Ал мен көлеңкеде жатып алып кітап оқимын.
Қыркүйекте ол мен оқитын сыныпқа барды. Ән сабағында мұрнының үсті тершіп тұрып, ұяла қызарақтап ән айтты. Дауысы керемет, ешкім үндеместен тыңдады. Мұғалім өте сезімтал адам еді, көзі жасаурап Мөлдірдің шашынан сипады. Мөлдір біздің сарайда тұрады, сондықтан ол маған бағынышты, менен асып түсуіне болмайды. «Ағай, оның шашында бит бар, кеше көрдім» деп саңқ етіп, ән әуелеген сынып ішіндегі тыныштықты бұзып жібердім. Ертесіне кешке қарай есік алдындағы сәкіде мамасы Мөлдірдің басынан сірке сығып отырды.
Мөлдір менің меншігімдегі жанды қуыршақ сияқты. Үйге су тасу, бұзау қамау сияқты жеңіл жұмыстарға Мөлдірді жұмсап жіберемін. Қарсылық танытпастан бұйра шаштары н серпіп құлдыраңдап жүгіреді. Сыныпта оның басқа қыздармен ойнағанын көрсем, екі күн сөйлеспеймін.
Арада уақыт өте өздері үй салды да, қоныс тойын жасап көшті. Енді Мөлдірге сөзім жүрмейтінін ойлап іштей көңілім пәс болып қалды. Кешке қарай бұзау айдап келе жатсам, Мөлдір біздің қораның есігін ашып күтіп тұр екен. Бұзаулардың тұсауларын шешуге де көмектесті. «Ертең концертте ән айтамын» деді. «Айтпайсың» дедім көзімді алартып.
Ертеңгі күні әдемілеп өрілген шашына шашылған жылтыр лак күнге шағылысып, ақ туфлиімен желпіне кетіп бара жатқан Мөлдірді көрдім де, концертке бармадым.
Мөлдірлер жазғы демалыста мал бағуға жайлауға кетті. Қыркүйекте мектепке келмеді. Көп кешікпей көрші әйелдің мамама айтып жатқан әңгімесін естіп қалдым: «Дәулетбайдың әйелі қызын ертіп алып аудандағы перзентханада жүр. Жөн сұрасам ештеме айтпады. Санитаркалардан біліп алдым, қызын малшылардың көмекші жігіті зорлаған екен, аяғы ауыр көрінеді. Баланы алдыртпақшы екен». Мамамның көзі алақандай болып маған қарады, мен түсінбеген адамдай кітап оқып отыра бердім. Көз алдымда әріптер тым-тырақай қашып, ойым ойды-қырды қуып жатыр. Ұрлана оқып жүріп, «Мың бір түннің» екі томын тауысқан сұммын ғой, еркек пен әйелдің жақындығы, бала туу дегендерді тым жақсы түсініп тұрмын.
Мөлдірге келген кесапат менің қуанышыма, аздап қорқынышыма айналды. Кекіл тарап, мұрын сүртіп есейіп қалған сыныптастарыма да соңғы жаңалықты таратып үлгердім. Қыздар жағы қорықты, ұлдар болса жұмбақ жымиып таңданысты. Екінші тоқсан басталысымен Мөлдір сабаққа келді. Шашының бұйрасы тарап, әлсіз толқынданып қалғандай, көзі де көптен сүртілмей жылтырынан айырылған айнадай, бұрынғыша мөлдіремейді.
Сыртынан айтылатын сыпсың сөздерден, әр қимылын тергеп қарайтын көздерден шаршап жүргенінде түнде шарбағын баққан ересек жігіттер қосылды. Аудандық байқауға қатыстырамын деп ән сабағының ағайы да қосымша сабаққа шақырып біраз әуреледі.
Мөлдір тоғызыншы сыныпты бітіріп, мектептен шығып кетті.
"Ә, тоғызыншы сыныптан кейін мектептен шығып кеткен Мөлдірді айтасыңдар ма?" дедім құрдастардың әңгімесіне қайтадан ортақтасып. «Күйеуіне екі шөлмек арақ берсең, Мөлдірмен алаңсыз таңға дейін ән айтуға болады екен» деді тілінің уы бар тағы біреуі.
Оның осы уақытқа дейін неше көңілдесі болды екен? Мөлдірмен бақталасуға жетелейтін ескі, таныс ой мені тағы да мазалап қоя берді.
Әрі қарай

SMM-шінің негізгі міндеттері

Блог - asaubota: SMM-шінің негізгі міндеттері

Қазір сұранысқа ие мамандықтардың бірі — SMM менеджері. SMM бәріне керек, бірақ оның міндеттерін, SMM-шіге қойылатын талаптарды білеміз бе? Жұрт неге арзан SMM іздейді? Жұмыс нәтижесін қалай анықтайды? Кімдер SMM жүргізе алады? SMM деген тек әлеуметтік желілерде аккаунт ашып, сілтеме бөлісу ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

SMM (Social Media Marketing) — Әлеуметтік желілердегі маркетинг. Яғни, желі қолданушыларын өз сайтыңа, жарнамалаушы өніміне тарту.

Жұмыс әлеуметтік желіде болғандықтан SMM маманы әр желінің мүмкіндіктері мен функционалын жақсы білуі тиіс. Аккаунт ашу, топ құру, парақша бастау, іс-шаралар ұйымдастыру — бұл жұмыстың басы ғана. SMM-ші лайк санын көбейтуді, дұрыс жарнамалауды, желіде жарнама алаңдарын сатып алуды білуі керек. Толығырақ міндеттеріне тоқталайық.

Стратегия
  • негізгі аудиторияны анықтау (жасы, жынысы, география және т.б санаттар бойынша)
  • оларды немен қызықтыруға болатынын білу
  • аудиторияның шоғырланған жерлерін анықтау
  • жұмыс жоспарын құру
  • күтілетін нәтижені болжау
  • жұмыс бойынша жаңа ұсыныстар дайындап отыру

Маркетинг
  • дұрыс имидж қалыптастыру (шыншыл ақпарат, модерация, боқтық сөздерді өшіру, сыпайы диалог)
  • желіде таргетинг арқылы жарнама жасау
  • жарнама шығындарын сараптау және болжау
  • конкурстар, ойындар өткізу
  • іс-шаралардың анонсын жасау және күнтізбелі парақшасын құру
  • аймақтық топтармен жұмыс істеу (жергілікті танымал топтармен байланыс құру)
  • лентада жоғары шығудың механизмдерін білу
  • әлеуметтік желінің барлық мүмкіндіктерін және қызметтерін қолдана алу

Диалог
  • жағымсыз қолданушыларды қара тізімге кіргізу
  • жанжал туғызатын пікірлерді және боқтық сөздерді өшіру
  • әңгімені дұрыс бағытқа бұру
  • қолданушыларды пікірталасты өрбітуге итермелеу
  • барлық сұрақтарға және хаттарға жауап беру
  • қолданушыларды басқа адамдарды шақыруларына түрткі болу, оларды сондай дәрежеге жеткізе алу
  • негатив пікірлерге және сұрақтарға сыпайы жауап беру

Постинг
  • сілтемелерді қолданушыларды қызықтыра алатындай тақырып және мәтінмен шығару
  • постқа дұрыс сурет таңдай білу
  • сауатты жазу
  • контентті әр желінің ерекшеліктеріне қарай әр түрлі етіп дайындау
  • жариялау уақытын дұрыс таңдау
  • постинг жиілігін реттеу

Шығармашылық
  • логотипті дұрыс фонда, дұрыс түстермен, дұрыс көлемде орналастыру
  • парақшаларда мұқаба суретін дұрыс таңдау
  • фон суретін дұрыс таңдау
  • промо-роликтер сценарийіне қатысу

Мониторинг
  • желі мониторингін жасайтын қызметтерді қолдана алу
  • статистиканы бақылау және нәтижелерін сараптау
  • жағымсыз пікір көздерін табу
  • өз жұмысын және бәсекелестердің SMM-ін сараптап, салыстыра алу
  • сауалнамалар және зерттеулер жүргізу

Менеджмент
  • қолданушыға ақпаратты дұрыс жеткізе алу
  • келіссөздер жүргізу
  • кей нәрселерді орындаушыларды табу және жұмыстарын қадағалау
  • провакацияларға берілмеу, ұстамды болу
  • жобаны басқару

Байқағаныңыздай SMM жүргізу оңай нәрсе емес. Сәйкесінше ақысы да жақсы болуы тиіс. Өйткені ол — әлеуметтік желідегі басты жарнама менеджері. Арзан, тәжірибесіз SMM-ші іздейтіндердің қателіктерін қайталамаңыз. SMM жұмысының нәтижесін бақылаудың ең жақсы жолы — Klout жүйесіндегі ұпайы. Қазақстандық рейтингті kaznet.me/rating/ сайтынан Үкімет, БАҚ, Мекеме санаттары бойынша қарай аласыз.

Блог - asaubota: SMM-шінің негізгі міндеттері
Әрі қарай

Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп

Ақпараттық қауіпсіздік: Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп
Жаман жаңалықтар ТВ-да қаралымды, газет пен сайтта оқылымды, желімді өтімді болып тұрған заман. Рейтинг пен лайк үшін адамзаттың кей құндылықтары ұмытылып барады. Жаңалықты таратушы БАҚ редакторлары мен қарапайым қолданушылар журналистік және азаматтық жауапкершілікті сезінбеуде. Негатив ақпараттан туатын себеп пен салдарларға көз жұмылуда. Қоғамды дұрыстағымыз келсе алдымен өзімізден бастауымыз керек. Жаман жаңалықты не үшін таратпауымыз керек?

1-себеп: Депрессиялы қоғам
Үнемі жаман жаңалықтар еститін, оқитын адамдарда стресс көп болады. Ұйқысыздық пайда бола бастайды, қан айналымы нашарлайды. Мұндай адамдардың көптігі әлбетте қоғамға да әсер етеді. Нәтижесінде қоғамдық ортада, жұмыста, отбасыда кикілжің, айқай-шу, наразылық көбейеді. Бұл жалпы көңіл-күй атмосферасына үлкен әсер етеді.

2-себеп: Оқиғалар тізбегі
Бір нәрсе туралы жиі айтыла бастаған сайын сол нәрсе туралы ақпарат та көбейе береді. Ол ақпарат біреуге жаман болғанымен, біреу үшін жақсы ақпарат. Біреу үшін ол құнды инструкция, идея және өзі сияқтылардың бар екендігіне куәлік. Мысалы: зорлық, өзін өзі өлтіру, педофилдік сияқты түрлі маньяктықтар. БАҚ-та мұндай оқиғалар тәптіштеп жазылады. Бұны өз пайдасына қолданатындар бар. Жақында ғана бірінен соң бірі жалғасқан өзін өзі өртеу оқиғалары, нәрестелерді тастап кету әрекеттері осындай тізбектерден құралады.

3-себеп: Жануар түйсігінің оянуы
Жаман нәрсені қарай берген сайын адамның оған еті де үйрене бастайды, қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Жалпы ғалымдардың айтуынша бір нәрсені 7 рет көргеннен кейін адам оған анормал нәрсе ретінде қарамайды екен. Сондай-ақ адамның ішінде жатқан кей түйсіктер оянады, оның қызығушылығы арта бастайды. Бірақ, мұны білдіргісі келмейтін жасырын маньяктар мұндай жаңалықтарды «Масқара, сұмдық!» бетпердесі арқылы тарата бастайды. Өзіне ұнаған нәрсені басқаларға да көрсеткісі келеді осылайша. Мұндай адамдарда психологиялық және жыныстық ауытқушылықтар бар деп айтуға болады.

Осы негізгі 3 себеп үшін жаман жаңалықтарды бөліспеңіз. Осылайша стрессіз қоғам құруға болады, жаман жаңалықтар тізбегін тоқтатуға болады, жасырын маньяктар санын азайтуға болады. Бар болғаны негатив ақпаратты бөліспеу ғана.

P.S жақында журналист Қанат Әуесбай желідегі парақшасында өзін өзі өлтіру тізбегі Вертер эффекті туралы жазды:

Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидті жаппай жұртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой» деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды.

P.S.S Блогер Дінмұхамед Зиядин aka qisyq үлгілі желі қолданушысы туралы:

Ақпараттық қауіпсіздік: Жаман жаңалықты таратпау үшін 3 себеп
Әрі қарай

Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты "сызып" кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру

Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Ньюсджекинг (newsjacking) — қандай да бір оқиғаны, жаңалықты, үрдісті өз брендінің танымалдылығын арттыру мақсатында пайдалану технологиясы. Әдістің пайда болғанына 3-4 жыл ғана. Авторы — Дэвид Мирман Скотт (David Meerman Scott).
Ақпарат ағыны күшейген сайын, оның құны төмендеп, "өмір сүру" уақыты қысқарып кетті. Адамдар жедел ақпаратты ғана тұтынуға үйреніп қалды да, брендтер өз жаңалықтарын өткізу үшін жаңа технологияларды меңгеруге мәжбүр. Осы ретте әлемдегі трендтерге ілесу қажеттілігі туындап отыр.
Ньюсджекингті екі ауыз сөзбен түсіндірер болсам, оның ең айқын мысалы — Google-дың әр атаулы датаға байланысты дудлинг жасауы.

Ньюсджекинг ерекшелігі неде?
Ньюсджекинг сіздің бюджетті үнемдеп, ел аузынан түсірмейтін ең керемет әдіс, ашығын айтқанда. Бұл PR және SMM мамандарынан жеделдікті, батылдықты және креативтілікті, ең бастысы — ауызбіршілікті талап етеді.

Ньюсджекер деген мамандық бар ма?
Бар. Енді бар. SMM-ші деген сияқты, маркетинг ғылымының PR деген ағымы сияқты, PR-дың SMM, newsjacking деген құрал-әдістері бар. Сәйкесінше, сол салада арнайы маманданған қызметкерлер пайда болуы заңды.

Осы әдісті сәтті қолданғандар бар ма?
Бар. Осы уақытқа дейін менің көзіме түскен бірен-саран мысал бар. Ары қарай мен сіздермен осы әдіс сәтті қолданылған кейстермен, ньюсджекингтің қандай салаларда қалай қолданылуы мүмкін деген ойларыммен бөлісемін.

Шынтуайтына келгенде, елде ауыз толтырып айтарлық ерекше оқиға\үрдістер сирек. Дегенмен, отандық сауда маркалары/компаниялар/брендтер/меморгандар осы бір технологияны қолдануда селқостық, құлықсыздық танытуда. Онысы енді бекер.
Ньюсджекинг әзірге бөлек ғылым емес, дегенмен бұл әдіс Дэвид ойлап тапқанға дейін табиғатта болмаған деп ойламаңыз. Ол болған, тек аты бар құрал ретінде қарастырылмаған. Алдыңғы жазбамда айтқандай, соғыс кезінде CocaCola компаниясы сауда көлемін арттыру үшін арнайы кампания ұйымдастырды. Бұл жағдайдағы ньюсджекинг мәні неде? Басты оқиға — соғыс. Қаншама сарбаз жарақат алып, өлім құшуда. Ал тірілерінің патриотттық сезімдерін өшіріп алмай, ары қарай соғысуға ынталандыратын не? CocaCola. Сарбаздардың амандығы үшін тұтынушылардың тиын аяп қалмауына «ынталандыратын» кім? CocaCola. Яғни, CocaCola оқиғаны өз мүддесіне пайдалана алды. Бұл — барып тұрған ньюсджекинг.

Енді өзіміздің кейстерге келейік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын астаналық кафелердің бірі келген тұтынушыға қосымша құйып берген ыстық суы үшін 400 теңге ақы сұраған.
Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында біраз наразылық тудырып, әңгіме болған.
Клиенттердің шағымдарын ескеріп, кафе мынандай қадамға барды. Ол жөнінде — фейсбуктегі парақшасында.
Бұл мысал ең алдымен жақсы қойылған коммуникация айғағы ретінде қарастырылады. Алматы кафелеріндегі бір шайнек шай ары кетсе 400 теңге болса, Астанада — 600 теңгеден кем емес. Онымен қоймай, қоюланып кеткен құманға ыстық су құю — қосымша ақы.
Осы оқиғаның нәтижесінде астаналық кафе-ресторандарда ыстық суға қосымша ақы алу деген үрдіс жойылды десе болады. Бұл, әрине, тура мағынадағы ньюсджекинг емес. Дегенмен, кафе бірнеше күн бойына ел аузынан түспей, тіпті оған қызығушылық артты. Басқа қала тұрғындары да #400тенгезакипяток хэштегін пайдаланып, түрлі оқиғаларымен бөлісіп жатты.
Кампания құны — 0 теңге.
Пайда — әлбетте болды.

Тағы бір таза ньюсджекинг деуге келмейтін, бірақ бірнеше күнде танымалдылығы біршама артқан компаниялар — Logycom және Apples.kz. Олардың былтырғы ақпандағы девальвация кезінде бірден сайттарын жауып, мынандай хабарлама іліп қойғандары скриншот қалпында әлжелілерде кеңінен тарады:

Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру

2015 жылы жазда Алматының тау етегіндегі аудандарында сел жүріп, халық біраз әбігерге түсті. Еріктілер жұмысқа тартылды. Халықтан көмек жиналды. Осы кезде еріктілерді тегін тамақтандыруға дайын кафе-ресторандар жұмылып, арнайы мәзір жасады. Ол жөнінде атақты пиаршымыз Әлішер Елікбаев жазып отырды. Бұл — нағыз ньюсджекинг — тағамдану орындары осы әрекеті арқылы өздерін құрметке лайық екенін көрсете білді.

Ньюсджекинг жеке бренд беделіне де берері аз емес. Танымал пиаршы Жандос Құрманбаевтың байрақпен байланысты мемлекеттік қызметкерлермен шиеленісі атақты заңгер марқұм Михаил Кленчиннің назарына іліккен еді. Ақыры іс Кленчиннің араласуымен сәтті аяқталып, Жандосқа тағылған айып пен айыппұл алып тасталынды.
Кленчин, сөзсіз, бренд болатын. Сондықтан, оның осы іске араласуын — ньюсджекинг деп таныдым.

Маған ең қатты ұнаған биылғы кейс — беларусьтің Белавиа компаниясының Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңді тиімді пайдалана алған жарнамасы:
Блог - MeihuaZheng: Ньюсджекинг: Маңызды ақпаратты сызып кетіп, өз танымалдылығыңды арттыру
Өкінішпен мойындайтын нәрсе — мұндай батылдыққа бара алатын қазақстандық компаниялар әлі жоқ.

Жарайды, олай керемет батыр болмай-ақ қояйық. Бірақ, осындай керемет технологияны «бейбіт» мақсатта қалай пайдаланып қалса болады?
Мемлекеттік сала
Үкіметті компания деп қарастырсақ, оның мүддесі — халықты жұмыс істеуге, салық төлеуге ынталандыру. Мысалы, Apple компаниясы өз өнімдеріне деген біздің қызығушылығымызды арттырып отырады — біздің өмірімізді жеңілдететін жаңа гаджеттерін ұсынып дегендей. Ал біз болсақ жыртылып, сол «тістелген алманы» сатып алу үшін ақша жинап, несие аламыз — компанияның табысын арттырып, оны байытамыз. Үкімет те сол сияқты — мемлекеттік аппарат өз жұмысының тиімділігін арттыру («біздің өмірді жеңілдету») арқылы, біздің патриоттығымызды нығайтып, салық түсімі азаймауына қызмет етеді («оны байытамыз»).
Үкімет министрліктердегі PR-қызметтері арқылы идеологиялық жұмыс жүргізеді, бірақ мемлекеттік PR осы жаңа технологияларды мүлдем, несін айтайын — ескі технологияларды да жарытып пайдалана бермейді.
Ал ең құрығанда, тіпті дым ойлап таппадым дегеннің өзінде нақ осы ньюсджекингті мына жағдайларда қолдануға болар еді (бұл жерде тек қана релиз таратуға қатысты жайттарды айтамын, өйткені одан арға әрекеттер — тұтас кампания болып кетеді):
Мұнай бағасына қатысты қандай да бір мәлімдеме (ОПЕК, Барадей): құзырлы орган жауап-мәлімдемесі — баспасөзге, қазақстандықтардың өміріне ықпалын суреттейтін инфографика — үкімет сайтында.
Сирия/ИГИЛ: ҚМДБ немесе дін істері жөніндегі агенттік тарапынан мәлімдеме. Тек қана жамағат оқитын сайт емес, бұқара оқитын медиада жариялау. Атап айтқанда, жастардың теріс ағымға түсіп кетпеуі үшін атқарылып жатқан шаралар туралы фотореп. Мүмкін ана жақтан қайтып келген адасқандардың бірімен интервью де жарар еді. Былайша айтқанда, мысалы, мен сияқты тым трезвый адамға қайдағы бір Джоли мен Ив Кустоның исламға бет бұрғаны туралы немесе Өзбекстандағы бір орыс бүйірінде «аллах» деген жазуы бар балық ұстап алғандығы туралы «жаңалық» мүлдем өтпейді.
Президенттің кезекті жолдауы: барлық министрліктер өз тарапынан түрлі креативті хабарлама/мәлімдемелер жасауына ешкім де кедергі емес. Әлбетте ол релиздер меморганның нақты пайдалы шарасы/нәтижесін көрсетуі қажет. Айталық, салық туралы өзгерістер туралы кіріс жөніндегі комитет инфографика түрінде таратса болар еді. Бірақ, ондай ештеңе алмадық.
Атақты жазушы/ақынның жаңа кітабы: мәдениет немесе білім-ғылым министрлігі мұны міндетті түрде пайдалануы қажет.
Головкиннің/Қанаттың кезекті жеңісі: спорт министрі соның құрметіне фейсбукке қысқаша клип жіберсе, халық ықыласына бөленері сөзсіз. Яғни кісі болып қалған, портфель ұстап туған образдан арылып, адами қасиеттері ел назарында жатталып қалады.

Бизнес
Қазақтың ұлы тұлғаларының бірінің мерейтойлы жылында арнайы серия шығару: айталық, Raimbek Bottlers көп сусындарының бірінің қорабында жыл бойына бір ақын/жазушының суреті мен өлең немесе нақыл сөздерін орналастыруына болады. Бұл "ұлт фанаттары" тарапынан үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Сол сияқты сүт өнімдерін, киім-кешек, шығарушылары осы идеяны пайдалануына әбден болады және ол айтарлықтай табыс әкеліп, әлжелілерде көп талқыланады. Журналистер де ондай жаңалықты қалт жібермесі анық.
Түрлі заңдарға өзгеріс енгізілуі: айталық, Еңбек Кодексіне енгізілген басты жаңалық — ескі редакциясында жұмыскерді жұмыстан шығаруға 20 себеп болса, жаңа нұсқада 25 себеп жазылған. Осыны делік «Казком» қалай "қағып" кете алады? Әрине, жаңа заң аясында өз қызметкерлерін қалай қорғайынын айтып, мақтанып қалуына болады. Ал жұмыскерін қорғаған жұмысберуші әрине, беделі жоғары болады.

Жалпы, non-governmental салада ньюсджекингті пайдалануда шексіз көп идеялар жасауға болады. Мемлекеттік салада да көңілсіз, қызықсыз, сауатсыз релиздер жариялай бергеннен, адамды жымита алатын, үміт сыйлайтын креативті дүниелер шығаруға инструменттер мен технологиялар жетерлік.
Әріптестерге соны тілеймін.
Басты профит — танымалдылықты арттыру үшін бір тиын да жұмсалмайтындығы. Әлеуметтік желілерде кеңінен талқылану, массаның есаінде қалу.

Тақырыпты түсініп, ұнатқандар — лайк қойсын, түсінбегендер комменттерін қалдыруына әбден болады.
Әрі қарай

Жыл қорытындысы: Әлеуметтік желілер

Блог - qisyq: Жыл қорытындысы: Әлеуметтік желілер
Осыдан шамамен екі жарым жылдай уақыт бұрын кәсіби SMM-ге бет бұрғанымда, «бұның не?», «жұмыс па, тәйірі» дегендер болды. Сол дегендерге қосылып кетуге шақ қалатынмын. Сөйтсем, SMM-маманның міндеті бір басына жетіп артылады екен. Әрине, шахтаға түсіп, тас ою емес, алайда көзің алайып, контент-планмен қидаласып отыру да жеп жібереді. SMM-шінің жұмысы ВК-дағы пабликке мысық пен күшіктің суретін салып отырумен шектеледі демеңіз, анализ бен жобалаудан бастап психологияға, партизандық астыртын іс-әрекеттермен айналысуға дейін жүзіп жүре береміз. Мәселен, мына жерде біз пақырдың 100 басты (тек басты!) міндеті көрсетілген екен. Жә, мұны «Аноним SMM-шілер клубы» мүшесінің маңқа езгілеуі емес, жәй, сөздің сірағасы деп білерсіздер. Клуб демекші, қазақ SMM-шілерінің басын қосып, бір жертөледе жылап-сықтайтын жер табамыз ба?

Кіріспенің парызы орындалған екен, негізгі тақырыпқа көшсек. Сағат сайын сан түрленіп, күніне қырық өзгеріске ұшырайтын салалардың бірі — SMM. Әне-міне аяқталғалы тұрған 2015 жыл да соушл медиаға, оның ішінде әлеуметтік желілерге біраз жаңалықтар алып келді. Соларға шолу жасап жіберсек.
Әрі қарай

Астанада жаңа SVOY ресторан

Блог - asaubota: Астанада жаңа SVOY ресторан

Астанада жаңа ресторан ашылды — SVOY ресторан кешені. 3 қабатты зәулім, кең демалыс орны. Кірген кезде байқалатын ең басты ерекшелігі — кеңдігі. Ресторан залы шынымен өте үлкен. Шағын топқа да, үлкен кампанияға да орын табылады. Екі адамдық оңаша жұпқа да ыңғайлы орындары бар. Алдымен ресторанның ішін аралап шықтым. Интерьері, жиһаздары, жарық, үстелдердің орналасуы сәтті таңдалған. 1-ші және 2-ші қабаттар тамақтану орындары болса, 3-ші қабатты караокеге арнаған.
Әрі қарай

Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты

Оcылай екен...: Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты
Brand Analytics сараптама орталығы 2014 жылдың желтоқсан айында Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері аталған тұлғалардың рейтингісін жариялады. Зерттеу қорытындысы Brand Analytics сараптама орталығының ресми сайтында 2015 жылдың 16-қаңтары күні жарияланды.
Жалпы Brand Analytics сараптама орталығы мұндай рейтингті жасауды қыркүйек айында бастады. Қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айлары бойынша төрт рейтинг түзілді.
Әр айда екі рейтинг, яғни әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы посттарда медиатұлғалардың есімдерінің аталуы саны есепке алынған.
Төрт айдың рейтингінде де Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Елбасының есімі 2014 жылдың қыркүйек айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингінде үздік жүздікке кірмеген. БАҚ бойынша 40-орынға тұрақтап, 7 845 рет аталған.
Қазан айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Бірақ, БАҚ бойынша үш орынға жоғарылап, 37-орынға тұрақтаған. 5961 рет аталған.
Қараша айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Ал, БАҚ бойынша тағы екі орынға жоғарылап, 35-орынға шыққан. 7941 рет аталған.
Ал, 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі орыс тіліндегі интернет сегментінде аталу көрсеткіші күрт өскен.
Желтоқсан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде үздік отыздыққа еніп, 27-орында болған. 146 444 рет аталған.
БАҚ бойынша рейтингте 23 орынға көтеріліп, 12-орынға шыққан. 14 287 рет аталған.

Төрт айдағы қос рейтингтте де бірінші және екінші орындарды сәйкесінше Владимир Путин мен Петр Порошенко иемденді. Үшінші орынға қазан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде Виктор Янукович болса, ал сол айдағы БАҚ рейтингінде Арсений Яценюк үштікті қорытындылады. Қалған үш айдағы қос рейтинтерді Барак Обама ешкімге бермеген.
Ал, басқа тағы кімдердің рейтинг соңында қалып, кімнің тізімге ілініп, кімнің тізімнен шығып қалғанын, төмендегі сәйкес сілтемелерден көруге болады:
Желтоқсан; Қараша; Қазан; Қыркүйек;

Айтпақшы, әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы рейтинг көрсеткіштерінің әркелкі болуы назар аудартады. Әлеуметтік медиа бойынша рейтингке енген есімдердің БАҚ рейтингіне енбей қалуы, немесе керісінше кездеседі. Қазан айындағы қос рейтингтен басқа үш айдағы қос рейтингтердің де 1-, 2-, 3-орындарын тұрақты түрде үш есім иемденген. Жалпы қазан айындағы қос рейтингте де орын жоғалтулар мен орын иемденулер қарқынды жүріпті.
Бұған қоса желтоқсан айынан өзге үш айдағы қос рейтингте де Иосиф Сталин бар. Тек бар болып ғана қоймай, 20-орыннан төмен түспеген. Тіпті, қараша айында ондыққа көтерілген. Бірақ, желтоқсанда отыздықтан шет қалған.
Әрі қарай

Секс туралы жігіттер сенетін 6 өтірік (+18)

Жастардың білуі тиіс...: Секс туралы жігіттер сенетін 6 өтірік (+18)
Қазақ жігіттері әйтіп-бүйтіп ақпараттанып жүретін нәзік жандарға қарағанда өзінің жыныстық сауаттылығына немқұрайлылау ғой. Урологқа да тасымыз сыздап, тасақ жыбырламайынша аяқ аттап баспайтынымыз бар. Содан ба, жыныстық сауаттылыққа келгенде әйел затынан біраз надандаумыз.

Ала таңнан кешке дейін порно қарайтын 27 жасар Нұрмат деген танысым үйленеріне бір ай қалғанда менен "қыздың шүртекейі қай жерде?" деп сұрап тұр. Әрине, шүртекейді білмей-ақ қойса да, өлмейді қазақ. Тек, бұл — бір емес. Ауылымыздың қарақұлақ жігіттерінің көбінің ойынша жыныстық сауаттылықтың асқар шыңы — берісі — "қан шықпаса, қыз емес!" қауесетін білу болса, әрісі — порнодағы позалар ғана.
Бірақ, ең сорақысы — пайда болған ақпараттық вакуумды жігіттердің өткен ғасырлық түсініктерімен толтырып тастайтыны. Олай сенімді сөйлеуіме Нұрматтың жағдайы ғана емес, қазақ жастарының гуглға жиі қоятын сауалдары, кей мақалалардағы оғаш пікірлері себеп болса керек.
Әрі қарай

Блогиада #16. Қандай сыра жақсы? (+21)

Ескерту: Бұл материалды оқи отырып, өзіңіздің жасыңыз 21-ге толғанын автоматты түрде растайсыз және материалды оқу нәтижесінен туындауы мүмкін салдарына өзіңіз ғана жауап бересіз (енді мен емес қой), бақтың.

Ескерту #2: Бұл пост ешбір компанияның, ешбір брендтің мүддесін көздемейді, сәйкесінше — жарнамалық материал емес. Постты жазудағы мақсат — анағұрлым сапалы, анағұрлым жақсы (автордың ойынша) өнімді анықтау және өзіне сынақ жүргізу арқылы оқырмандар талғамының дұрыс қалыптасуына жанама түрде үлес қосу.

Іске кіріспес бұрын, мынаны анықтап алайықшы: Сыра дегеніміз не?
Сыра — арпа (немесе басқа да дәнді дақыл) жармасын ашыту арқылы алынған аз алкогольді сусын. Бұл жерде «аз алкогольді» және «сусын» дегенге баса назар аударсақ. Өйткені, сыра ешқашан, естисіз бе — ешқашан көп акогольді болмауы керек және сыра — ішімдік емес.

Менің жеке басымда сыра пайдалану… Жоқ, басынан бастайын: Иә, мен сыра тұтынамын. Иә, аз емес. Мен сыра тұтыну көздерімді 3 санатқа жіктей аламын: Өнімдерін өздері қайнататын «Pinta», «Бочонок» секілді пабтар, брендтелген шөлмектегі сыралар және «сыра нүктелерінде» сатылатын құйылмалы сыралар. Талғам қалыптастыруға жетерлік тәжірибемнен ұққаным — сыра неғұрлым аз алкогольді болса — сусындық мақсаты соғырлым тиімдірек, ал алкоголі көп болған сайын оның сусындық қасиеті де жойылып, ішімдікке бірден айналып шыға келеді. Сосын «бидайдың дәмі», «гардобтың дәмі» дегендей қоспалауыштардан ада болуы керек.

Сол себепті мен «Біз сыраны өзіміз қайнатамыз» деп мақтанатын пабтарға жоламауға тырысамын. Өйткені, олардың 0,5 литрлік саптыаяғынан кейін аяғығыңыз тәлтіректеп, тіліңіз күрмеліп масайып шыға келесіз. Отандық пабтар сыра қайнатуды білмейді — беттеріне айтайын! Сондықтан сыра барлары менің талқымнан бірден түсіп қалады. Құйылмалы сыраларды сынаудан да бас тартамын. Себеп: тауарлар ассортиментінің салыстыру экспериментін жасау үшін аз болуы. Мүмкін көп те шығар, бірақ өзім «Жигулевское», кейде «Шымкенттік» қана сатып алумен шектеледі екенмін. Сол себептен нысанамызды сыра зауыттарына бұрайық.

Алматыда мен білетін 3 сыра зауыты бар. Мен солардың негізгі өнімдерін салыстырып көрмекпін. Сондықтан алдын ала тағы ескерте кетейін: Бұл жерде брендтерді аттарын атап, түстерін түгендеп көрсетуге тура келеді (Тимурдың өзі кешірсін), бақтың. (Жоқ, онсыз болмайды Тимеке).

«Бір мезгілде әр түрлі сыраны ішуге болмайды», — дейді халық даналығы. Халық үшін бұндай құрбандыққа да дайынмын.

#1 КҮН. EFES KAZAKHSTAN.
Сынақ үшін ең танымал 3 брендті алу керек деп шештім. «Эфес-Қазақстан» маркетологы телефон арқылы өздерінің ең өтімді тауарларын атаудан бас тартты. Араға таныстарды салып (Жасасын ағайыншылдық!) бәрібір біліп алдым: қазақстандықтар «Кружка свежего», «Белый медведь» және «Bavaria» сыраларын ұнатады екен.

Блог - patick: Блогиада #16. Қандай сыра жақсы? (+21)
Мен үшін ең басты критерий — ішімділігі. Яғни, адам сыраны ішкенде жағымсыз дәмді сезбеуі керек және кем дегенде 1 шөлмекті қиналмай тауысуы керек. «Кружка свежего» — бір ұрттағаннан теріс ой туғызбады. Бастапқыда судың дәмі көбірек байқалады. Жұмсақ дәмінің арқасында жеңіл жүрді (қыздардың осы сыраға неге құмар екенін енді білдім).
Құрамындағы алкоголь мөлшері — 5 пайыз шамасында (ыдыста 4 пайыздан кем емес делінген).

Екінші ұртталғаны — «Белый медведь». Бір-екі жұтымнан ілік табу қиын. Дегенмен тіліңіз үйрене келе ащылықты сезе бастайсыз. Бірақ тым уытты деп те айтпас едім. Саптыаяққа толтыра құйып, ауыз толтыра ішкен сайын әлгі біртүрлі дәмнің әсері күшейе түседі. «Ақ аюмен» алысқа бармасыңыз анық — 1 шөлмектен кейін ішкіңіз келмей қалады.
Құрамындағы алкоголь мөлшері — 5 пайыз.

«Бавария» өзіне тән мінезін бірден танытты. Дәмі сондай жағымсыз көрінді. Көпшілік бұл сыраны неге көп таңдайтынын түсінбедім, бірақ мен екінші рет алмас едім.
Құрамындағы алкоголь мөлшері — 4,9 пайыз.

«Эфес-Қазақстанның» үш өніміне қатысты жалпы қорытпам:

Сыралардың әсері күштілеу болып шықты, масаңдау жағдайға жеткізді.

#2 КҮН. CARLSBERG KAZAKHSTAN
Компания өкілдері, менің қуанышыма орай — өте қағілез болып шықты. Қойған сауалдарыма барынша тез жауап алдым. Олардың айтуынша, «Жигулевское фирменное», «Большая кружка» және «Алма-Ата» ең көп өтімді тауарлар.

Блог - patick: Блогиада #16. Қандай сыра жақсы? (+21)
«Жигулевское фирменное» — дәмі жұмсақ, ішілуі тез болды. Шөл басатын қасиетке ие ме деп қалдым. Алкоголь мөлшері — 4,5%.

«Большая кружка» — өзінше бір тәтті дәмге ие екен. Жеңіл ішіледі. Дәмі аздап нан ба, әлде ашытқыны ма еске түсіреді, бірақ соншалықты көп емес. Алкоголь мөлшері — 4,4%.

«Алма-Ата». Дәмінен кінәрат табу қиын. Тек алкоголі азырақ болғанда — баға жетпес сыра болып шыға келеді екен. Бастапқыда білінбесе де, көбірек ішкеннен кейін болар-болмас күйікке ұқсас дәм сезіледі. Алкоголь мөлшері — 4,5%.

«Карлсберг Қазақстан» өнімдеріне қатысты былай деппін:

Видеодан байқаған шығарсыздар — бірінші күнгідей мас емеспін

#3 КҮН. ПЕРВЫЙ ПИВЗАВОД
Бұл компанияның ең танымал өнімдерін ресми ақпараттарға сүйене отырып таңдау мүмкін болмады. Зауыт кеңсесінен жауап ала алмадым, ортаға салатын таныстар да болмады. Сондықтан, өз тәжірибеме сүйеніп, көзге көбірек түсіп жүргендерін таңдадым. Таңдау кезінде тағы бір қиындық туындады — маңайдағы дүкендерден тек 2 өнімін ғана таба алдым. Барымен базар, бұл үшін мені ешкім қатты сөге қоймас деп ойлаймын.

Блог - patick: Блогиада #16. Қандай сыра жақсы? (+21)
Бірінші сыналғаны — «Пивзавод №1» (зауытпен аттас). Таза шөл қандыруға арналған, мен секілді рөлде көп жүретіндер үшін кешкі мезгілде теледидар сыздықтатып ұрттайтын, таңертең иісі шықпайтынына сенім беретін тауар екен. Тамақпен бірге жақсы жүрді.
Алкоголь құрамы — 4,4 пайыз.

Екіншісі — «Жигули барное». (Басқа «Жигулилермен» шатастырмаңыз, әр зауытта бір-бірден өз «Жигулиі» бар ма деп қалдым). Бірінші өніммен салыстырғанда ашқылтым, бірақ соншалықты қатты емес. Бұл да тез ішіледі. Дәмінен кінарат таба алмадым.
Алкоголь мөлшері — 4,5 пайыз.

Видеом не дейді екен:

Сонымен екеуі де бір деммен ішіліп кетті. Бастапқы екі күнде өткізген сынақтарда сыралар басқа тиіп, алкоголь уыты өзін сездіртсе, «Бірінші сыра зауытының» өнімдері тіпті алкоголь бар екенін байқатпады. Екеуін де ұнатып қалдым.

Қорытпамды әйелімнің сөзімен аяқтағым келеді: «Саған әйтеуір сылтау керек!». Жоқ, жаным — бұл да бір кішігірім өмірлік сынақ екен. Енді мен қандай сыра таңдау қажет екенін білемін. Бұрын бір үйреніп қалған көзтаныс бөтелкені ойланбастан ала беретін едім (мысалы «Балтика»). Енді үш күндік эксперименттің арқасында «Алма-Ата», «Жигули барное», «Пивзавод №1» секілді ішуге жеңіл, дәмі жағымды сыралардың бар екенін білдім. Сіздерге де бұл ақпарат пайдалы болады деп ойлаймын.

Айтпақшы, бірінші күні амалдың жоқтығынан фаворит санаған «Кружка свежего» — баққа кетті. Соңғы таңдаған сыралармен салыстыруға келмейді.

Ең бастысы, көшедегі ағалырымыздың мына дана сөзін ұмытпағайсыз: «Мас болу — мақсат емес». Мас болғыңыз келсе — арақ ішіңіз.
Әрі қарай