Жарияланымдар

Көгілдір көктем еді

Көгілдір көктем еді...
Жә, тұра тұрыңдар. Осы жылғы көктемде біздер әдеттегідей тоғыз едік. Хмм, неге едік деп жатырмын? Әлі де тоғызбыз. Тек бұрынғыдай емес. Едік делік…
Ерназардың тоғызы болмасақ та, ел назарын аударған тоғыз едік. Біздің ортақ қызығушылығымыз болған. Үлкен бір қозғалыс, жастар көп жүреді. Қай-қайсымызда сол салада жетістікке жеткен жандармыз.
Осылайша, университет кезінен жақын дос болдық. Төрт ұл, бес қыз. Менен басқасының бәрі орыстілді. Жалпы, орыстілділердің арасында өзімді біршама комфортты сезінемін. Жасым жас (тавтология, пшик!) болса да, әлі күнге дейін ауқымды уақыт кеңістігінде олардан жақын достарым бар екеніне күмәнданам.
Бәріміз оқу бітірдік. Ортақ қызығушылықпен басталған тамырлық жалғасын таба берді. Қызметтерге орналастық, магистратураға түстік. Демалыс сайын жиналып тұратынбыз.
Темірбай (шын аты басқаша, әрине, оны сіз бұл дүниеден білмей аттанасыз) — арамыздағы ең белсенді, креативті достардың бірі. Онымен әзіл түсіну қабілетіміз, қалжың бағытымыз ортақ еді. Оның айтқан қылжақтарына мен қолдау білдіріп, менікіне ол қататын. Қазір бұның өзі маған күлкілі. :*))
Караоке деген біздің тақырып еді. Бір демалыс күні кешке кафеге жиналдық. Билейтін жері бар, даңғырлаған музыка, сөздерді естіртпейді. Саңырау шалға сөйлегендей айғайлап, құлаққа тақап кеп базарласып жатырмыз. Бір кезде Темірбайымыз бір маңызды нәрсе айтып жатқаны түсінікті болды.
Мен де отырдым. Көптеп-көмектеп жеткізді маған. Сондағы айтқаны: «Я — гей».

***
Блог - MERmukhanov: Көгілдір көктем еді
О, шешшшше, мені осыны естісін туып па ең жатырдан?
Жоқ, стоп! Оқиға алды дерек: әрине, ол қыз мінезді, даусы созылыңқы, майысқандау жігіт еді. Бірақ біз қанша жыл жүріп, ол тек жаратылыс ерекшелігі екенін аңғардық қой.
Енең болғыр-ау, сенің екі бірдей жүрген қызыңды білуші ем ғой…
… Жасы 24-ке кеп қалған бұл быратым 17 жасынан белсенді көгілдір болып шықты.
«Сәби кезімнен қарапайым еместігімді түсіндім,»-дейді епті. Епті шығар енді.
Мен танитын бастапқы курстардағы қызы оның сондай екенін білгесін тыныш қана кете қойған. Дұрыс қыз, жарықтық.
Екіншісі жай досы болған, типі нақ, «прикрытиесі». Бәсе, кейін маған несіне қырындап жүр мына қыз деп ойлап ем.
Сонымен… Біздің реакцияларымыз, әрине, шокты болды. Тоғыздықтағы екі қыз ертеректен біледі екен — бір топта оқыған қыз бен бір командада өнер көрсеткен қыз.
Қалған қыздар үйтіп-бүйтіп қабылдады. Тағы бір жігіт екеуміз сол күні іштік. Мен енді мүлдем ішпейтін адаммын, сол себепті бір саптыаяқ сіміргенімді де нәтиже көріп отырмын.
… Отырмын. Сабырлы қабылдадым. «Шамамен, білген, ұқсатқан шығарсың, шамасы» дейді байсалды реакцияма таңғалып. Ал мен философиялық тұрғыда ойланып отырмын. :-?
«Сенің тыныш қабылдағаныңа таңғалып отырмыз» дейді бәрі. Әрине, типажым қазақы, діни, ересек көрінетін оларға.
Біздің ішімізде ең ауыр қабылдаған — оның жан досы болды. Онымен бірінші сыныптан бірге, бір аулада, бір университеттік топта, бір ортақ қозғалыста болған «наглый», тікелеу жігіт. Оған кейін айтылды. Тыңдағысы келмепті.
Кейін дұрыс араласпай кетті. "Қанша рет балдарға ондай емес ол деп дәлелдедім, сол үшін қанша рет тірестім, төбелестім" деп кейиді. Мен де сатқындық деп қабылдар ем.
Темірбай әке-шешесіне де айтыпты. Шешесі "Әкең естімесін" депті. Кейін әкесі естігенде, ол да сабырлы қабылдапты. Білмеймін, қазақы емес отбасы болғасын шығар.

***

Не болсын? Өмір жалғасты. Ол тоғызымызда бұрынғыдай бәрі бір-бірімен етене жақын дос болып тұра алмады. Мен ғана бәрімен шүкір араласатын секілдімін. Бұған да үйреніп кеттік. Бір күні онсыз бір 3-4 адам боп қыдыра қойып едік, анау қиғылық салды. «Шеттесіңдер мені» деп. Тым белсенді боп, еркін пікірін айта бастады. Уатсаптағы ортақ тобымыздан мінез көрсетіп шығып кетті. «Скатертью дорога!» деп жазып жібердім.
Кейін оралды ғой. Тікелей бетіне басып қалжыңдай беретін болдық. Өзінің хикаяларын жазады. Жігіт те ауыстырып үлгеріпті. «Блеать, жазбаш нақ» деп ақырамыз.
Жақында Еуропаға демалысқа кеткен еді. Жігітпен, әрине. Уатсапқа: «Парижде ақшаларым мен төлем карталарымның бәрін жоғалтып алдық» деп жазады. Колдадық, жұбаттық. Бірақ бәрібір «Это все Боженька» деп жазып жібердім.
Жоғалтып алған, негізі, жұбы екен (жұбы, фу :-<). «Ээээ, может, это… девушку попробуешь, они, как правило, ответственные, аккуратные :d» деп жазып тұрмын. «Попытка засчитана» енді. Кім тыңдасын бірақ мені…

***

Көп жыл бұрын Рикки Мартиннің гей екенін естіп, таңғалғаным бар. Олар өмірде жоқ, сирек секілді көрінетін. Тіпті шетелдегі жұлдыздардың ондайы да таңырқататын. Қазір бәріне бей-жай қарай салатын болдық… Көгілдір досымыз да бар. Әрине, осы кезеңде айтқаны — сатқындық шығар. Бірақ өзі де оған келуі керек болған секілді. Неткен кешірімшіл… және шарасыз едік?.. Өкінішке орай, адам үш күннен кейін оларға да үйренеді. Бірге моншаға барып көрмегеніме, достық ниетпен қатты қапсыра құшақтамай өткеніме шүкірлік еттім енді. Ондайлар 30-ға таман дәстүрлі отбасын құрады деп жатады. Мен де сенем, бәлки, ықпал етем.
Өмір жалғасады.
Көгілдір көктем еді…
Әрі қарай

Көз моншағың мөлдіреп қарай берші

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Көз моншағың мөлдіреп қарай берші
Мұң аққандай аспаннан әр күн таңнан —
Жылатқандай мен сені жаңбыр тамған.
Маған арнап жолданған әуез күтем
Самал арбап, жел түрткен әрбір талдан.

Бойда барым — тұнған шер, тұнған шемен,
Ойламағын келді деп бұл дәл сенен.
Әзірге ұнап, жанарды жаулағанмен,
Қазір бірақ қорқамын бір нәрседен:

Мас еткенің қылықпен жанға дем бе —
Паш етпедім атыңды таңғы әлемге…
Менікіндей жүрекпен күмәнданам,
Сенікіндей шын сезім бар ма менде?
Әрі қарай

Сезімім неткен менің кіршең еді

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Сезімім неткен менің кіршең еді

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Бір жанады өзіңе, бір сөнеді.
Көзден кетсең, көңілден кететіндей,
Бұл сезім менен де өткен дүмше ме еді?..

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Жаралаудың боп аппын шын шебері…
Өзгеге бұйырып жүр
Менің үшін
Сен жайған дастарханның күлшелері.

Дер едім жаным сенсіз мұң шегеді,
Мұң шегеді, сол мұңнан гүл семеді.
Бірақ өзім сезімге сенбей тұрсам,
Сені сүйем дегенге кім сенеді?

Дер едім уайымымның бір сен – емі.
Бірақ бұл сезім неткен кіршең еді!
Ұқпайтын сенің аппақ пейіліңді
Қабылдауың керек ал кімше мені?

Шарасыз екенімді білсең еді…
Кешірші. Сезім үнсіз тұрса – өледі.
Қайтемін, бағынбайтын дүние ғой,
Бәрінің де бар шығар бір себебі…
Әрі қарай

Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу

Тау етегінде мимырт жатқан кенттің локальды сенсациясы тарағанына біраз болды. Осы аймақтың маңдайына біткен «есі дұрыс» үш арудың қалаға тұрақты түрде кететінін ауылдың алты ауызы әңгіме қылып жүр. Ауылдың жеті өсекші қатынында факт жүзінде жеті ауыз, осы жеті ауыз — алты ауыз болып тұр. Бұлар барда Отау-тв ауылда әркез екінші орында. Сондықтан сенбеске шара жоқ.
Сұлулықтың әлемді құтқаратыны рас болса, біздің үш қыз бер жақта тылдағы гуманитарлық көмектің о жақ, бұ жағында қап қойғандар. Бұл үшеудің асып бара жатқан сұлулығы болмағанымен, не бай, не құдай алмайтын бикештердің қатарында таңдау да көп емес, негізі.
Есесіне, олар ауылға аты мәлім, аса белсенді-белсенді қыздар болатын. Азғын қиялдарыңа дерт бермесін, дегенмен, белсенділігі — бірі музыканың шебері еді. Там-тұм концерттерге шығып, баянда құйқылжыта ойнайтын қара торы қыз болатын. Даусы қыз үшін жуан болғанымен, әу дейтіні де бар. Әрине, Қайрат Нұртас емес, дегенмен, шешесі де «пезнес» біреу емес, бар болғаны қарапайым сауыншы ғой. Қарапайым ғана сауыншы. Жалпы, қысқаша айтсақ, айырмашылығы — баласын емес, зеңгібабалықтарды сауатынында.
Екінші қыз тігінші боп қызмет атқарған, салмақты (екі мағынасында да), алпамсадай шикіл сары қыз еді. Тігін жұмысынан алдына жан салмайтын. Әу баста бұны «кәсіп қылам» деп ойламаған; "әйтеуір қандай да бір сублимация ғой" деп кірісіп көрген еді, кейін кәнігі шеберге айналды.
Үшінші құрбы, шүйкедей ғана қайсар қыз балгерлікпен айналысатын. Негізі, бұл қыздың шешесі бал ашушы еді, содан үйреніп, шешеге қарап өскен түрі. Әу баста өзінің жап-жас басымен бал ашуға ары жібермей жүрген, алайда кейін бәрі сәбидің дәрет хикаясындай аяқталды… Жіберіп қойды. Айтпақшы, қызының қалаға болашақ сапарына орай шешей бал ашыпты. Жартысы қойдың нәжісі, жартысы көлдің майтасы секілді сенімді ақпарат көздеріне сүйенген ол қызының жолы болатынын болжапты. Негізі шешей клиенттерінің тоқсан пайызына жолы оңғарылатыныны жайлы сәуегейлене беруші еді… Бірақ туған қызына?.. Бәлки, шынымен жолы ашылатын шығар… Бәлки, туған қызы емес шығар…
Ә, иә, сонан соң екінші қыз бұл балшы аруға туыс боп келетін. Осындай бір үштік… Кедендік одағыңдысс!..
Айтып-айтпай не керек, ауылда осындай жол жүру жайлы әнгіме жүріп тұрған. Міне, бүгін дәл сол күн, қалаға жол жүретін шақ та келді. Әне-міне дегенше, ауыл іргесіндегі аялдамаға ұқсатып жасап қойған көліктің ескі тіркемесінің маңына сапарластар жиыла бастады. Ауылдағы жалғыз автобусты күтушілердің арасында біздің үш сылқым да бар. Көп күттірген жоқ, далаға мүрде, қалаға адам тасып жүрген сары пазик кемпір-шал, бала-шағаны тиеп, алып шаһарға жол тартты.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
***
Жақымның қала іргесіндегі көлік бекетінің маңында бекер келмегені анық еді. Әдеттегідей көгілдір шетелдік көлігіне отырып алып, қыз-қырқын қарамақ ниетімен торуылдап жүрген. Ескі пазиктың бекетке тоқтағанын көріп, мырс етті. «Ох пілә, винтаж!» деді ішінен.
Автобустан түскен үш қыз қолын көтеріп, такси тоқтатты. Көгілдір мәшине көлденең келіп тоқтай қалды. Күтімі келіскен көліктің рөліндегі бітімі келіскен жігіт қыздардың көзіне оттай басылды.
— Такси ма?-деді пысығырақ қыз.
— Да, тоски.
— Такси деңіз,-деп жымиды екінші қыз.
Жақым қара көзілдірігін сәл түсірді.
— Садитесь.
Қыздар айғырдай жұтынып тұрған жас жүргізушіге қарап жымың-жымың етті де, көлікке жапа-тармағай отыра бастады. Баратын жер жайлы базарласу да, жол құны жайлы саудаласу да жоқ. Сондай бір ақымақтық үйлесім, лирика. Мимими.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
Жақым көрер көзге етжеңді, денелі азамат еді. Фитнеске де фитна тудырмайды, штангіге де кет әрі емес. Тар мәйке кисе, өзін «качок» сезінетін кей жігіттердей емес, шынымен-ақ бұлшық етті жігіт болатын. Сонсоң қыз-қырқынға қыз-қырғын салатын жігіттің репутациясына сай, шашы артқа қайырылған, сақал-мұрты қиылған еркек болатын. Иә-иә, ол бір Аустрияда Еуробайқауға іріктеу әлі өтпеген, беттегі қиыңқы түк еркек үшін абыройлы кезең еді.
Қазанұлы жайында тағы не айтпадық? Жақым қазақша білмейтін жігіт еді. Бірақ қазір онымен кімді таңғалдырамыз, біз Қазақстандамыз ғой.
Қыздардың барар жерін межелеп алған соң, Жакым темекі қорабын алып шығып, ішінен бір тал суырды да, құшырлана тарта бастады. Милиграммдаған никотин басына шауып, құрыс-тырысы жазылғандай болды. Сонсоң алдындағы айнаға көз тастап: «Я вам не мешаю?»-деп сұрады.
— Жоға, тарта беріңіз.
Негізі, «Иә, кедергі, темекіні өшіріңіз» десе де, өшірмес еді. Әншейін әңгіме болсын деп сұрап жатқаны.
— Давайте знакомиться. Меня зовут Джакомо. Можно просто Джэк.
— Тура шетелдегідей ат екен.
— Сэндер де ат экэн. А как тебя зовут?-деді секси дауыспен пысық қызға.
— Гүлайым.
— ОО, гуляим, че, погуляем?
Қыздар шиқылдап күлді. А, я, біреуінің даусы жуан екенін айтқан ек қой, ол қарқылдап күлді. Келбетті жігіттің кескініне қарап, аккордеоннан басқа ешкім ештеңе тимеген музыкант қыздың төсі дір-дір ете қалды.
— А тебя как зовут?
— Бегайым.
— Оо, бегайым, че, побегаем?
Қыздар тағы да күлді. Бегайымның шикіл сары өңі қызарып кетті.
Осы кезде үшінші қыз Ибалы менің атымды қашан сұрар екен?-деп, жаутаң-жаутаң етіп отыр еді.
— А тебя как?
— Меня зовут Ибалы.
Бұл жолы Жақым үнсіз басын шұлғыды. «Очень приятносын» да айтқан жоқ. Моветон!
Мүмкін, ішінен айтқан да шығар. Тәуіп қой, қыз біле жатар.
— Какими судьбами в городе?
— Жұмысқа тұрамыз, сол, үшеуіміз жан құрбымыз. Бірге үлкен қалаға келіп, бірге жұмыс жасасақ деп едік.
— А, че, у вас одинаковая специальность?
— Жоға, мен әншімін, композитырмын.- Осы жерде «ох тырық, қатты айтып жіберген жоқпын ба композитырмын деп?», біреу ала көзбен қарағандай өзінен өзі күмілжіп кетті. — Бегайым тігінші болған, Ибалы бал ашады. Сооолл…
Әлгіннен үнсіз отырған Ибалы сөзге араласты.
— Ал сіз кім болып істейсіз? Биллайнда істейсз ба не?-деп сұрады айнаға байлаулы матаның жұрнағына қарап қарап.
Жақым мырс етті:
— Да нет, это Георгиевская лента.
— Сөйтіп кім болып істейсіз?
— Кэм болып эстемедим мен? И садовник, и шофер, медбратом болып эстэдым…
«Жылтырап тұрғанымен, қара жұмыстың да шетін көрген екен, ә» деп ойлап қойды ішінен Бегайым.
Жақым сөзін жалғады:
— И вот, карьерный рост у меня… Сейчас организатор я. Вот у вас же разные специальности. Кто вас щас возьмет всех трех на работу? Эшкэм алмайдээ… Вот я могу. Как раз ты певица, и петь будешь, и ртом работать. Ты гришь тігесің хорошо, а ты тастармен жұмыс жасайсың… и… и все подруги. Это работа прям для вас… На начальное время, қалада по крайней мере… Плачу хорошо. На место работы апарамын, алып қайтамын… Че, кэлэсыңдер мэ?
Үш ару үнсіз бір-біріне қарады да, "Әйтеуір бірдеңеден бастау керек қой, мұндай мүмкіндік көшеде жата ма?" деп тоқайласқандай:
— Біз келістік,-деді.
***
200 ат күші жауынгер ақын атындағы көшеге қарай жүйткіп бара жатты.
Әрі қарай

Бір қолымен әлемді тербеткендер

Блог - MERmukhanov: Бір қолымен әлемді тербеткендер
Аруларға аша алсам жыр қақпаны —
Толқиды сезімімнің бұрқақтары.
Мүмкін емес сіз жайлы сыр тоқтауы,
Хауа Ананың аяулы ұрпақтары!

Бала кезден ең үздік көркем ісім —
Мен түсінгем орныңды еркек үшін.
Мен ұға бастағанмын қадіріңді,
Тыңдап жүріп әжемнің ертегісін.

Әйел сыйлау сор емес саналы ұлға,
Анадан туылған бар адамың да…
Пайғамбар сүннетімен білемін мен,
Жұмақ кілті — анамның табанында…

Махаббат – ешбір тоқтау қылмаған із,
Ол жайлы ауылда әлі тұнған аңыз:
Мен туарда анамды әкем сүйген,
Әкемізді бақытты қылды анамыз.

Әкемізді бақытты қылды анамыз,
Сол сезімнен туыпты бұл балаңыз.
Бір аруды сүйгеннен туған ұл ем,
Өзімнің де сүйгенім — бір ғана қыз…

Маңызың санамнан еш кетер емес,
Бұл қалай тілектерге жетелемес?
Нұр көктемді сіздің төл мерекеңіз
Бастауы да, негізі, бекер емес!

Бұйырыпты бір мейрам түсіп (ол шын),
Сол мейрамда бір жылдың күші болсын!
Үш жүз алпыс бес күннің бір күнінде,
Үш жүз алпыс бес бақыт құсы қонсын!

Бұл қазақ – жаулық сыйлар ел еді дөп, —
Мен сөйлейін қазақтың өрені боп:
Сізге бақыт тілеймін шын баянды,
Бізге бақыт сіз барда керегі жоқ!

Сіздерсіздер – бақытты селдеткендер,
Біздің үмітімізді өрлеткендер!
Бір қолымен бесікті тербеткенде,
Бір қолымен әлемді тербеткендер!
Әрі қарай

Менікі де емес бұл өлең, онікі де...

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Менікі де емес бұл өлең, онікі де...

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойлап-ай?!
Банкет жасау керек дейді неліктен,
Тағы да бір жыл кеткенін ойламай.

Мына дүние аяңдайды үндемей.
Неғып жатыр ел шындықты үрлемей?..
«Тағы да бір жасқа өзің қартайдың,
Жылжып өтіп кетті тағы жыл»,- демей.

Мына жұртқа
ұнады ма әлденем?!
Аз цинизм көрсеттім бе әлде мен?
«Қуанбаңдар, жыл өтсе егер» дегенді
Түсіндіре алмадым ба әуремен?!

Айтпаймын деп құпиямды, сырымды,
Басқа арнаға бұрып жүрем жырымды.
Мен, бәрібір, өзімменен өзіммін,
Құшағыңа алсаң-дағы ұлыңды.

… Тойлай берсін, тойыма ортақ етейін.
Ренжімей-ақ, «рахмет» деумен өтейін.
Қаламымды берші…
Өзім аламын,
Әлі бойдақ екенмін ғой, нетейін?..

Әрі қарай

Мен білем, көктемің келеді

Жасылға оранып желегі,
Мен білем, көктемің келеді.
Көк аспан сол жылы көктемде
Шуағын өзіңе төгеді.
Ал қазір мен саған жыр жазам
Белгісіз боп келген дерегі.
…Кейде шын тиеді көмегі
Жазылмай қалса ақын өлеңі.
«Сөздер көп, асықпа,
Себебі,
Оны айтпау еш мүмкін емес боп
Тұрғанда ғана сен айтқайсың»
Высоцкий осылай деп еді.
Ал ол бос сөйлемес ер еді.
Ой мейлі, артығы, не кемі,
Қолымнан жыр жазу келеді.
Ал сенің келеді қолыңнан
Сол жырдың бола алу себебі.
Менімен, болмаса не менсіз,
Бәрібір көктемің келеді. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Мен білем, көктемің келеді
Әрі қарай

Балалық шағымның мундиалі

Не айтатыны бар, өткен ғасырдан бері түз баласы боп кеттік. Ойылда бастауыштан өтіп, шетінен қырып келе жатыр едім, ортаңғы ұлды қос рәдителдің ешқайсысы зәру көрмей, 10 жасымда қалаға оқуға аттандырып жіберді.
Түскен жерім дарынды балалар мектеп-интернаты деп аталады. Кәдімгідей емтиханмен қабылданған пысықтардың қатарынанбыз. Жыл он екі ай — үш қабатты, ескі, бірақ сыры кетсе де сыны кетпеген ғимараттамыз. Өтірік айтам, жыл он екі ай емес, оқу жылы бойына. Интернат — қызыл сары, тіпті оранжды сырланған, оның өзі ескіріп, кей тұсының кірпіші көрініп жатыр. Жергілікті атқамінер шпаналар фасадын одан әрі сорлатып кететіні бар. Бұл жатақханамыздан 100 метрде мектеп тұр, ол да бояушы, бояушы дегенге орай, сәбіз түстес қып сырланған. Ғимараттың ескі екеніне, Екінші Дүниежүзілік соғыста атқыштар бригадасының штабы болғанына мемлекеттің мұртын балта шаппайды. Мұрты жоқ, одан бөлек саяси тұтқындар салудайын салған екен ғимаратты, әлі 100 жыл қызмет қылатын сияқты.  
Әрі қарай

Ақпарат - ол шектеу

Болашақ математик Джордж Данциг студент кезінде оқуға аса көңіл бөлетін. Кейде сабақ дайындап, түн уағына дейін отырып қалатын еді.
Бір күні ол осындай бір себеппен профессордың дәрісіне 20 минутқа кешігіп келеді. Профессор Нейманның тақтаға жазған қос есебін тез көшіріп алған ол үй тапсырмасы екен деп ойлайды.
Есептерді шығаруға Данцигтің бірнеше күні кетеді. "Әдеттегіден қиынырақ екен" деп ойлаған ол, сонда да шешімін тауып, профессорға әкеп тастайды.

Блог - MERmukhanov: Ақпарат - ол шектеу

Үй тапсырмасын үнсіз алған профессор таңғы алтыда студенттің үйіне баса көктеп кіріп келеді.
… «Балалар, міне, ғасырлар бойы шешілмей тұрған математиканың, дәлірек айтсақ, математикалық статистиканың осындай сұрақтары бар. Сендерге сол есептерді жазып көрсетейін тақтаға» деген профессор біраздан кейін дәрісін тәмамдаған еді. Иә, бір студент кешігіп келді, бірақ онда тұрған не бар?
Ал енді сол есептердің преамбуласын естімей қалған жас азамат жай ғана үй тапсырмасын орындап келді, иә?
Бірнеше күн ішінде ғалымдар жүздеген жылдар бас қатырған, Эйнштейн де таппаған жұмбақтарды тауып келген жас студент жай ғана олардың шешілмес түйін екенін білген де, естіген де жоқ болатын. Есепті шығарсам деген даңқ қысымы да болмады.
Бастысы, оның санасында көп формула сақталған болатын, алайда бұл мүмкін емес деген формула жоқ еді.

Кейде біз алатын ақпарат тек бағыт сілтеу ғана емес, шектеу болатыны да бар, ә?

Әрі қарай