Жарияланымдар

"Махаббат шырғалаңы"-3

(жалғасы)

Үшінші акт
Бірінші сахна

Студенттер аудиторияда дәріс тыңдап, ұйқылары келіп, маужырап, қоңырау үнін асыға күтіп отыр. Стипендияны тағатсыздана күткен сәттегідей күй кешуде. Міне, көптен күткен дауыс та естілді. Қоңырау… Қандай керемет! 15 минут үзіліс студенттерге өмірдің ең тәтті уақыты сынды. Аудитория іші у-шу. Бәрі ұйқылары келіп тыңдаған дәрісті талқылауда. Нұржан Алпысбайұлының жастар жайлы айтқан мәселелері де ойланарлық. «Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сабақты дұрыс оқып, дәрісті жазып, тапсырмаларыңды орындап жүрсеңдер мамандықтарыңа лайық білім аласыңдар. Жоғары, сапалы білімді қызметкер ретінде аянбай еңбек етіп, оған қоса әрбірің отау құрып, ата-ана атанып жатсаңдар мелекетіміздің дамуына үлкен үлес қосасыңдар» дейді. Осыған қатысты да жан-жақты пікірлер айтылып жатыр. Осы кезде олардың әңгімесін есіктен көрінген бір шоқ раушан гүлдері бұзды. Барлығының көңілі соған ауды.Сәлден соң гүл әкелушінің өзі де көрінді.

Мирас: Айым, жаным! Сегодня нашей дружбе месяц. Но слово «дружба» слишком простое. Точнее говоря, прошло 30 дней с того момента, как сказал тебе о своей любви. Я каждый день говорю об этом и хочу повторить еще раз, я тебя очень сильно люблю!
Айым: (сәл таңданып тұрған соң) Рахмет, үлкен! Я не ожидала, спасибо!

Бәрі шапалақтап, мәз- мейрам болды. Қыздар қызыға да, қызғана да қарады. Жігіттер Мирастың бұл әрекетіне тәнті болды. Тек Арман ғана оңашада, шетте тұрып қалды.

Арман: Қарашы, Айым қандай бақытты. Оның мөлдіреген жанарынан қуанышы анық көрініп тұр. Ылғи ақжарқын болып жүретін жүзі одан сайын балбұл жанды. Дидарында әсем, ерке күлкісі… Оны осыншама бақытты күйге жеткізген Мирас молодец! Менің қолымнан осы іспеттес қадам жасау келмеді. Өкінішті-ақ… Бірақ бұл өкініш мен үшін ғана. Жарайды, екеуін құттықтайын, әйтпесе ыңғайсыз болар.
Айым, құттықтаймын! Сен қандай болсын сыйға лайықсың. Мирас, нағыз ер азаматсың! Бақытты болыңдар!
Мирас: Үлкен рахмет!

Сабақтың басталғанын білдіретін қоңырау соғылды. Аудиториядағы студенттердің қуанышты, жарқын жүздері бірден өзгеріп, шаршаңқы кейіпке айналды. Мирас сабағына асығып кетті.

Екінші сахна

Айханым мен Айым бөлмелерінде отыр. Айым кітаптан бас алар емес, Айханым болса тырнағын бояп, сәнденуде.

Айханым: Айым?
Айым: О не?
Айханым: Мирас жаман жігіт емес сияқты. Бастапқы кезде ол жайлы ойлаған пікірлерімнен бас тартамын! Оның сені сүйетіні көрініп тұр.Тіпті, сен үшін көп жылдар бойы білмеген ана тілін де үйреніп жүр. Ал бүгін саған әкелген гүлін айтсаңшы! Қандай керемет! Неткен романтика!
Айым: Иә, солай сияқты
Айханым: Неге көңілсізсің? Әлде әкелген раушан гүлінің үлке-е-е-н шоғы ұнамады ма? Мен сенің орныңда болсам, бақыттан басым шыр айналып, сол жерде құлап қалар едім
Айым: Қойшы, сенде асыра сілтейсің. Гүл ұнағанда қандай, тамаша! Мәселе онда емес
Айханым: Енді неде?
Айым: Қанша «Мирас» деп жан ұшырып жүрсем де Арманды ұмыта алар емеспін. Жүрекке әмір жүрмейтіні рас екен. Оны оп-оңай шығарып тастай алмаймын.
Айханым: Айым, бір шешімге келгенің дұрыс болар. Таңда, Мирас па, әлде Арман ба?
Айым: Қалай?
Айханым: Олардың жақсы және жаман жақтарын жазып, есептеп, сараптап көр. Кәне, тезірек, қағаз бен қалам ал.
Айым: Ойланып көрейін
Айханым: Ойланатын несі бар, тез жаз

Айханымның қағазында мынадай жазу болды

Арман Мирас
Адамгершілігі бар+ Адами қасиеттері жақсы+
Ақылды + Білімді+
Дүниетанымы кең+ Қазақ тілін жетік білмейді —
Сөздік қоры бай+ Орыс және ағылшын
тілдерінде жақсы сөйлейді +
Көрікті + Әдемі+
Сымбаты жақсы+ Дене пішімі жақсы+
Арақ ішпейді+ Арақ ішпейді+
Темекі шекпейді+ Темекі шекпейді+
Мені сыйлайды+ Мені сүйеді+

Айханым: Квартира мен машинасын да қос
Айым: Қойшы, менің оларға қызықпайтынымды білесің
Айханым: Сонда да. Ол бүгінгі күні қыздардың басты нысанасы
Айым:
Арман Мирас
Квартирасы жоқ – Квартирасы бар +
Машинасы жоқ — Машинасы бар +

Айханым: Сонымен?
Айым: Жазып болған сияқтымын
Айханым: Нәтижесін айтшы енді, білгім келіп барады.
Айым: Арманда екі минус, Мираста біреу
Айханым: Иә, ол қандай минустар?
Айым: Арманның үйі мен көлігі жоқ, оның минустары осы. Мирастың минусы – қазақ тілін жетік білмеуі.
Айханым: Міне, «минус» пен «плюс» сен үшін бәрін шешіп берген секілді.
Айым: Мүмкін. Алайда, Арманның екі кемшілігінің Мирастың бір кемшілігінен салмағы жеңіл.
Айханым: Өзің айтпап па едің «қазақша сөйлейтін адамдар қатарын толықтырамын» деп, соған қарағанда бұны керісінше жақсыға жору керек. Оған қоса, қазір қыздар үйі, көлігі бар жігіттерді ұнатпаса да, соңдарынан жаңағы байлықтары үшін жүгіреді. Сен болсаң сондай жігіттің өзі саған келіп тұрғанда одан бас тартуды ойлайсың. Мұның дұрыс емес! Әрине, келісемін, бірінші адамның өзіне, адамгершілігіне қарау керек, ол Мирас та бар да. Дегенмен, материалдық жағын да қарастырған жөн. Жарайды, Арманды сүйіп, оған күйеуге шықтың делік. Оның баспанасы, оны алатын ақшасы да жоқ қой. Сосын балаларыңды құшақтап, көшеде қаңғырып жүресіңдер. Ал пәтері бар жігітпен шаңырақ көтерсең, өзіңнің жаның тыныш болады. Қайда барып тұрамын, қай пәтердің жалдама ақысы төмен деп бас қатырмайсың.

Төртінші акт
Бірінші сахна

Айым мен Айханымның бөлмесі. Екеуі әртүрлі тақырыпқа әңгімелесіп отыр.

Айханым: Айым, сен қандай бақыттысың! «Жігіттердің» концертіне билет алып, сені шақырған Мирастың ісі үлгі тұтарлық екен. Менің де барғым келеді…
Айым: Мен өзім таң қалдым. Бәсе, «сен «Жігіттер» тобының әндерін тыңдайсың ба?» деп сұрай беруші еді, енді, міне, екеуміз бірге барамыз. Қуанышымда шек жоқ. Және бірінші қатардағы орындарға билет сатып алыпты. Бірақ ол өлеңдерді түсінбей, ұйықтап кетпесе болғаны.
Айханым: Ол қазір қайта қазақша түсініп, әжептәуір сөйлейтін болды. Қойшы, бастысы, «Жігіттерді» көресіңдер, тыңдайсыңдар.

Екеуі қолдарына бір-бір билет алып, соларға мәз болып қарап отырған кезде бөлмеге Арман кірді. Жанында орта бойлы, қара торы, қысықкөз, томпақ мұрын, үстіндегі киіміне темекі түтінің иісі әбден сіңіп қалған бір жігіт бар.

Арман: Қалайсыңдар, қыздар?
Айханым: Керемет!
Айым: Рахмет, жақсы. Өзің ше?
Арман: Мен де жақсымын. Қасымдағы серігім бүгіннен бастап сендердің көршілерің болатын, менімен бір бөлмеде тұратын Қуаныш деген жігіт. Машфакта 3-курста оқиды. Сендердей жақсы қыздармен таныстыруға әкелдім.
Қуаныш: Сәлеметсіздер ме?
Айым: Сәлем!
Айханым: Қалайсың?
Қуаныш: Жақсы. Жарайды, әлі таныса жатармыз, мен заттарымды реттейін.
Арман: Жарайды.Жаңа мен көрсеткен жерлерге нәрселеріңді қоя бер. Мен қазір келемін.

Арман іштей оқталып, не болса ол болсын деп, Айымды «Жігіттердің» концертіне шақырмақшы еді. Екі билет те алып қойды.

Арман: (іштей) Мирас қазақша дұрыс ұқпайды ғой, осындай топ бар екенін білмейтін де шығар. Ал «Жігіттер» Айымның ең сүйікті әншілері. Дос ретінде оған концертке бірге баруға ұсыныс жасайын. Кештен шыққан соң оған өзін ұнататынымды айтамын. Бұдан әрі ішімде сақтай алар емеспін. Бәлкім, екеуінің обалына қалармын. Дегенмен, шешім қабылдау Айымның еркінде. Ол не десе де сөзін дұрыс деп есептейтін боламын.
Айханым, дәлізде біреу сені шақырып, айқайлап жатқан сияқты.
Айханым: Жоға, естимін ғой

Аздаған үнсіздіктен соң

Арман: Айханым, Қуанышқа көмектесіп келші. Жаңадан келді ғой

Айханым Арманның Айыммен оңашада қалдыруын өтініп тұрғанын енді түсінді.

Айханым: Жарайды, мен кеттім.
Арман: Иә, иә, көріп кел. Айым?
Айым: Тыңдап отырмын.
Арман: Келесі аптада «Жігіттер» келеді екен, концерт береді.
Айым: Білемін, әр басқан қадам сайын афишалары ілініп тұр ғой.
Арман: Мен екі билет алып қойдым: саған және маған. Менімен бірге барасың ба?
Айым: Арман, негізі…
Арман: Иә, не болды?
Айым: Мирас шақырып қойған. Билетті де берді. Ренжіме!
Арман: Ештеңе етпейді. Сенікі дұрыс. Мен де жігіті бар қызға «концертке барайық» деп ұсыныс жасап, қателестім. Қайта сен айып етпе.

Арман бөлмеден шығып кетті. Ол Айым міндетті түрде келіседі деген сенімде болды. Екінші бір нұсқа болады дегенді мүлде ойламады.

Арман: Мен Айым келіседі деп нақты сенімді болдым. Ал, ол болса… Ол болса өз жігітімен барады. Дұрыс. Адал екен. Мирас оны концертке шақырса, демек қазақша толық түсінетін болды ғой.Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазақ тіліндегі сөздік қоры да байып қалғандай көрінеді. Айым қандай керемет қыз! Осы уақытқа дейін ана тілінде шала түсініп, шала сөйлей алатын жігітті қазақиландырып келеді…
Бекерге үміттеніппін, бекер. Енді нақты бәрі бітті. Бұрын жүрегімде үмітімнің шоғы болатын, қазір өшіп қалды. Айымның басқа жігітті таңдағанын мойындауым керек. Оған деген сезімімді ұмытуға тиіспін.

Осындай ойлармен қарама – қарсы жақтағы өз бөлмесіне дейін жеткен уақыт та, бөлмелер аралығы да тым ұзақ болып көрінді. Өңі қуарып, бөлмесіне кірді.

Айханым: Арман, саған не болған? Бозарып кетіпсің. Бәрі дұрыс па?

Арман еш үндеместен төсегіне жата қалды. Айханым Айым бұған жайсыз бірдеңе айтты ма деген оймен мәселенің мәнісін білу үшін бөлмесіне қарай жүгірді. Бөлмеге кірсе, Айым да бір заттан көз алмай, кірпік қақпай, терең ойға беріліп кетіпті.

Айханым: Айым, не болды? Арман не деді, сен не дедің? Бөлмесіне кіргенде түрінен шошып кеттім. Жүзі аппақ болып келді. Не жағдай?
Айым: Ол «Жігіттер» тобының концертіне шақырды.
Айханым: Сен не дедің?
Айым: «Мені Мирас шақырып қойды, сенімен бірге бара аламаймын» дедім. Енді «аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» күйін кешіп отырмын.Мүмкін, бұл Арман екеуміздің қосылуымызға жақсы бір мүмкіндік болар ма еді. Мирасқа бір сылтау тауып, Арманға келісім беруім керек пе еді. Соны ойлап, басым қатып отыр.
Айханым: Уайымға салына бермеші. Бір жөні болар

Екінші сахна

Мирас пен Айым жатақхананың алдында қол ұстасып тұр. Екеуі кинотеатрға барып келген еді. Жігіт оны көлігімен үйіне әкелді.

Айым: Мирас, біз ертең концертке бармайтын шығармыз
Мирас: Неге?
Айым: Сабақтан үлгере алмай жүрмін
Мирас: Жарайды. Просто ты ведь сильно любишь эту группу. Сен көрсін деп ойлап едім.
Айым: Но не получится
Мирас: Сенің айтқаныңдай болсын.
Айым: Сен ренжімейсің ғой?
Мирас: Жоқ. Главное то, что бы сен ренжімедің
Айым: Нет, конечно, не обижусь. Маған осыншама көңіл бөлгеніңе қуаныштымын. Рахмет саған.
Мирас: Мен сені сүйемін ғой
Айым: Егер мен билеттерді досыма берсем қарсы болмайсың ба?
Мирас: Жоға, кімге подаришь?
Айым: Айханымға, оның барғысы келген.
Мирас: Біздің сыйлық болсын, барып келсін.

Үшінші сахна

Арман мен Қуаныш бөлмеде кешкі ас ішіп отыр.

Қуаныш: Арман, сенің жүріп жүрген қызың бар ма?
Арман: жоқ
Қуаныш: Неге?
Арман: Білмеймін.
Қуаныш: Ал маған көрші қыз қатты ұнады. Сұлу, ақылды, пысық, әдепті, сымбаты жақсы.
Арман: Кімді айтасың?
Қуаныш: Айымды, әрине. Оған ғашық болып қалдым.
Арман қақалып, шашалды. Тамағынан ас өтпеді.

Арман: Оның жігіті бар.
Қуаныш. Болса бола берсін. Не стенка же, подвинем.
Осы кезде Арманның телефонына хабарлама келеді.

Арман: Кім екен мені іздеген? Билайн шығар тағы. «Сумма на вашем счете составляет менее 150 тенге. Не забудьте пополнить свой балнас» деп жіберетін. Менің қамымды ойласа, 150 теңгеден асырып өздері салып бермей ме
Қуаныш: Мүмкін саған ғашық көп қыздың бірі шығар. Солай сияқты. Сезіп отырмын.
Арман: Жоға
Қуаныш: Телефоныңды алып, қарасайшы

Арман келген хабарламаны оқыса, Айымнан екен. «Тезірек бөлмеге келші» деп жазыпты.

Төртінші сахна

Арман Айымның өтініші бойынша оған келді. Айым жалғыз, сабақ оқып отыр екен.

Айым: Кел, төрлет, Арман.
Арман: Бірдеңе болып қалды ма?
Айым: Босағада тұрмай, отырсайшы. Ертең «Жігіттердің» концерті.
Арман: Білемін.
Айым: Сен өткенде алған екі билет қайда?
Арман: Қуанышқа бердім. Саған керек пе еді?
Айым: Менде екі билет бар.
Арман: А, иә, сен жігітіңмен барасың ғой.
Айым: Жоқ, бармаймын.
Арман: Неге? Ол сені ренжітті ме?
Айым: Жоқ.Мен сенімен барайын дегенмін.

Арман өз құлағына өзі сенбеді. Өңі әлде түсі екенін айыра алмады.

Арман: Не дедің? Жаңылыс естіп қалмадым ба?
Айым: Егер қаласаң, қарсы болмасаң, концертке бірге барайық.
Арман: Мирас ше?
Айым: «Оған бара алмаймын, сабақ оқуым керек, үлгере алмай жүрмін» дедім.
Арман: Оны алдадың ғой
Айым: Сенің көңіліңді қайтарғым келмеді.
Арман: Келістік. Ертең бірге «Жігіттер» тобының концертіне барамыз.

Арманның қуанышында шек жоқ. Айыммен концертке баратын болды. Оны ұнататынын айтуға ең қолайлы сәт. Бірақ, көз алдына Мирас келгенде, көңілі су сепкендей басылды. Оны аяды.

(жалғасы бар)
Әрі қарай

"Махаббат шырғалаңы"

(жалғасы)
Екінші акт
Бірінші сахна

Жатақхана есігінің алдына сары кілем төсеп қойғандай. Айналаның бәрі де күзгі реңкке боянған.Ұйықтап қалған Айым есік алдына жүгіріп шықса, оны Арман күтіп тұр.

Арман: Қайырлы таң, Айым! Ұйықтап қалғансың ба?
Айым: Сәлем, Арман! Иә, Нұржан Алпысбайұлының сабағына кешігетін болдым.
Арман: Сен естіген жоқ па едің?
Айым: Нені?
Арман: Ол іссапарға кетті. Бүгін болмайды. Е, сен кеше дәріске келмедің ғой, сондықтан білмейтін боларсың. Айханым да айтпады ма? Айтпақшы, ол өзі қайда?
Айым: Уф-ф-ф-ф!!! Демек, оның сабағы болмайды ғой? Айханым ұйықтап жатыр. Біз кеше сөйлескен жоқпыз. Мен үйге кеш келдім, келсем ол ұйықтап жатыр екен. Жаңа оятып едім, тұрмады.
Арман: Болмайды. Ол білген соң ұйықтап жатқан шығар. Сен неге кеш келдің?
Айым: Танысыммен кездескем
Арман: Түсінікті. Асықпай университет жаққа әңгімелесіп барайық. Екінші параға дәл барамыз.
Айым: Жарайды, жақсы. Кеттік.

Айым мен Арман жатақханадан университет жаққа бет алды.

Айым: Шынымды айтсам, Нұржан ағайдың сабағына барғым келмейді. Әр дәріс сайын ананы, мынаны айтып бас ауыртады. Шаршап кеттім.
Арман: Өмірде көргені көп, зейнет жасындағы адам ғой. Сондықтан бізге үлгі, өнеге болсын деген ниетпен айтатын шығар.
Айым: Өткенде қоңырау болса да демалуға жібермей қойды емес пе? Таңдау жайлы әңгіме айтып. «Мамандық және жар таңдауда қателеспеу керек» деді. (Сәл ойланып) Арман, махаббат жайлы не ойлайсың, қандай жарды таңдар едің?
Арман: Махаббат – жан мен тән сұлулығының үйлесімділігі.
Айым: Түрі онша емес, бірақ жаны сұлу адамдар бар емес пе?
Арман: Бар, келісемін. Алайда, оның бет-әлпеті әдемі болмаса, жанының әдемілігі рөл атқармай қалады. Екеуі де бар адам ғана нағыз сұлу.
Айым: Ал сенің жеке өмірің қалай? Сенің сүйгеніңнің де жан мен тән сұлулығы үйлескен бе?
Арман: Әзірше ондай адамды кезіктірген жоқпын. Мен мыңнан бірдің ғана қаны сәйкес келетін донор сияқты шығармын.
Айым: Айттым ғой, екі сұлулық сәйкескен адам сирек кездеседі деп.
Арман: Бірақ олар бар.
Айым: Жарайды, университетке келіп қалыппыз. Сабаққа барайық.
Арман: Жүр, кешігіп қалмайық.

Екінші сахна

Арман, Айым, Айханым үшеуі жатақхана жаққа кетіп барады. Алдарынан Мирас шығады.

Мирас: Привет!
Айым: Привет! Познокомтесь, мои друзья – Айханым и Арман.
Мирас: Мирас! Айым, можно с тобой поговорить, если ты не против
Айханым: Біз де кеткелі тұрғанбыз. Жүр, Арман, кеттік.

Айханым Арманды алып кетеді.

Арман: Бұл Мирас деген кім?
Айханым: Айымның бұрынғы-ы-ы сыныптасы, агент арқылы тауыпты. Біздің қыз соған ғашық болып қалған сияқты:
Арман: (таңданыспен) Не?
Айханым: Арман, шыныңды айтшы, Айымды ұнатасың ғой?
Арман: Иә
Айханым: Енді неге оған осыны айтпайсың?
Арман: Білмеймін, батылым жетпей жүр.
Айханым: Арман, сен қанша қыз іздесең де Айымнан артық қыз таба алмайсың. Егер өз сезіміңдеріңді жуық арада ашық айтпасаң, оны жоғалтып аласың.
Арман: Түсінемін, бірақ ол менің бетімді қайтарады деп қорқамын.
Айханым: Негізі, Айымға айтпауға уәде бергенмін, алайда айтпасам болмайды. Айым да сені ұнатады. Сен жігітсің ғой, алғашқы қадам жасасаң, Айым сені қабылдайды.
Арман: Білмеймін, не істерімді білмеймін. Басым қатты.
Айханым: Жарайды, мен дүкенге кеттім. Сен жақсылап ойлан. Менің сөздерімді ұмытпа!
Арман: Көріскенше! Кеңестеріңе рахмет!

Үшінші сахна

Кеш болып қалды. Айым әлі келген жоқ. Айханым уайымдай бастады. Телефонына жауап бермейді. Осы кезде дәлізден аяғын шапшаң басқан адам даусы естіледі.

Айханым: Келдің бе, әйтеуір? Қайда болдың? Уайымдадым ғой. Қоңырауға неге жауап бермейсің?
Айым: Мираспен бірге жүріп қайттым. Қорықпа, алаңдайтындай ештеңе жоқ.
Айханым: Шыныңды айтшы, сен оны ұнатасың ба?
Айым: Білмеймін, мүмкін.
Айханым: Ал Арман ше? Сен оны ұнатушы едің ғой?
Айым: Оның тарапынан ешқандай әрекет жоқ. Мен өзім оның алдына барып: «Мен сені сүйемін!» демеймін ғой. Тәкәппарлық бар дегендей…
Айханым: Ол сені ұнатады, мен білемін.
Айым: Ұнатса, айтушы еді
Айханым: Айтатын шығар
Айым: Білмеймін, бірақ бұдан әрі «ол қашан айтады екен?» деп күтіп жүргім келмейді, жүрмеймін де.
Айханым: Не дегің келіп тұр мұнымен?
Айым: Бүгін Мирас «мен сені сүйемін, менің сүйіктім бол» деді.
Айханым: Сен оған сеніп қалдың ба?
Айым: Шын ниетпен, пәк көңілмен айтқандай болды.
Айханым: Сен не дедің?
Айым: Келісімімді бердім. Бүгіннен бастап менің басым бос емес!
Айханым: Айым, бұның не? Қалай ғана келістің?
Айым: Одан басқа амал болмады
Айханым: Арман не болады енді?
Айым: «Өзің сүйгенді емес, сені сүйгенді ал» деген сөз бар емес пе?!
Айханым: Сен Арманды ұмыту үшін Мирасқа келісім бердің бе сонда?
Айым: Иә. Жігітсіз жүргім келмейді.
Айханым: Дегенмен, Мирас екеулерің екі бөлек адамсыңдар. Басқасын айтпағанда, сен ұлтжанды қазақ қызы емес пе едің? Мирасың болса бір ауыз қазақша білмейді. Енді сен тіліңді бұрап, онымен байланыс орнату үшін орысша шүлдірлегеніңді жалғастырмақпысың? Патриоттығың қайда кеткен?
Айым: Махаббат оған қарамайды екен.
Айханым: Қайдағы махаббат? Жаңа ғана Мираспен Арманға деген сезіміңді ұмыту үшін жүргеніңді айтпап па едің? Махаббат дейді ғой енді.
Айым: Қайта жақсы. Оған қазақша үйретіп, ана тілін білетін азаматтар қатарына қосамын.
Айханым: Саған айтарға сөзім жоқ. Артық айтсам, ренжіме.

Айханым есікті тарс жауып, шығып кетті. Айым құрбысының сөздеріне ойланып қалады.

Айым: Мүмкін Айханымның сөздері дұрыс болар. Мен қателесіп жүрген шығармын. Арман мені шынымен ұнататын болса, неге айтпайды? Әлде өзім білдірейін бе? Жоооқ. Мен қызбын ғой, қалай бірінші болып айтамын? Оған қоса, оған ұнататынымды айтам деп досымды жоғалтып алсам қайтемін? Және бүгіннен бастап менің жігітім бар. Арманға жігітім бол тұра сезімдер жайлы айтқаным дұрыс емес. Сосын Мираспен қатынасым қалай болады? Оны жоғалтқым келмейді. Туф-ф-ф. Екі оттың арасында қалғандай болдым-ау…

Төртінші сахна
Студенттер аудиторияда дәріс тыңдап отыр.

Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым
Нұржан Алпысбайұлы: Әубәкірова Айым бар ма?
Айханым: Бар, ағай, бар. Айым, неге жауап бермейсің?
Айым: Осындамын, ағай
Арман: Айым, саған не болған? Әлде ұйқың қанбады ма?
Айым: Жақсы ұйықтадым.
Арман: Ендеше неге көңіл-күйің жоқ?
Айым: Жігітім ауырып қалды, соны уайымдап отырмын.
Арман: Не дейсің?
Нұржан Алпысбайұлы: Мейрамов, Әубәкірова, тыныш. Дәріске бөгет жасамаңдар
Арман: Кешіріңіз, ағай

Арманның өңі бозарып, тұнық ойдың жетегіне кетті. Құдды біреу үстінен мұздай суды құйып жібергендей болды. Денесі қалтырап, дірілдей бастады.

Айханым: Арман, қалайсың? Ауырып отырған жоқсың ба?
Арман: Жоқ

Арман іштей өзін кәнілап, өкініп отырды.

Арман: Ауырып отырмын, жүрегім ауырып отыр. Айымның сүйіктісі бар екен. Ол кім? Мирас шығар. Оның қандай қасиеті бар қызығатын? Неге оған ғашық болып қалған?.. Мен неге Айымды кәнілап отырмын осы? Бар ағаттық өзімнен. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім»… Өз сезімімді айтуға батылым жетпей жүргенде уысымдағы бақытты басқа біреу жұлып әкетті. Ал мен болсам, болашағымды Айыммен байланыстырып, армандап жүрмін. Тым кеш… Қазір Айымға оны ұнататынымды айтсам, екеуінің обалына қаламын. Айым мен Мирас бір-бірін шын сүйетін болар. Онда неге Айханым «Айым да сені ұнатады» деді. Мүмкін ол әдейі айтты. Әйтпеген жағдайда, Айым мені ұнатса, Мираспен жүрмес еді
Айым: Мәссаған, мен не бүлдірдім? Арманға жігітім бар дедім. Бірақ, барлығын өзінен көрсін. Қашанғы оның ұсынысын күтіп жүремін? Шыдамым таусылды. Мені ұнататын, бағалайтын адам бар екенін білсін. Ал, мүмкін, Арман мені мүлде ұнатпайды. Жоқ, оның маған деген ерекше бір сезімі, ықыласы бар сияқты. Сеземін. Ендеше неге жұмған аузын ашпайды. Жігіт деген ширақтық танытып, қызға бірінші болып өз сезімін білдіруші еді. Арманда ондай жоқ.

Екеуі де өздерінше осындай терең ойға шомып, дәріс аяқталғанын да сезбей қалыпты. Нұржан Алпысбайұлының «Дәріс аяқталды, боссыңдар» деген сөзі оларға оятқыш даусындай болып, аудиториядан шықты.

(ЖАЛҒАСЫ БАР)
Әрі қарай

"Махаббат шырғалаңы"

Өткен жылы, 3-курс оқып жүрген кезде Әлем әдебиеті пәнін өткен болатынбыз. Бір күні оқытушымыз Гауһар Айтбекқызы өздік жұмысқа шығарма жазып келуге тапсырма беріп, мезгілін белгіледі. Тақырып бірден ойыма сап ете қалды. Сөйтіп, сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған «Махаббат шырғалаңы» жазылды.

Алғы сөз

Құрметті оқырман! «Махаббат шырғалаңы» драмалық пьесасы менің алғашқы тырнақалды үлкен шығармам. Бұл туындыда бүгінгі таңдағы жастар өмірінің бір мысалын айтқым келді. Шын мәнінде, күнделікті тұрмыста мұндай оқиғалар бар екенін көріп те, естіп те жүрміз. Кейіпкерлер арқылы дәл осындай жағдайда қай іс дұрыс, ал қайсысы бұрыс болатынын көрсе екен деп ойладым. Қатысушылар «айтатын» мәселелер қоғамда жиі кездесіп, сан түрлі талқыға түседі. Бұған қатысты сіздердің де ойларыңызды білгім келеді.
Бес актылы шығармада олқылықтар болып жатса, айып етпеңіздер.

Қатысушылар:

Айым –3-курс студенті
Арман –Айымның топтасы.
Мирас –студент, Айымның бұрынғы сыныптасы
Айханым- Айымның ең жақын құрбысы
Қуаныш – студент, Айымның көршісі
Нұржан Алпысбайұлы – профессор, кафедра меңгерушісі
Қуаныштың әжесі
Қуаныштың жеңгесі
Қуаныштың туыстары
Студенттер

Бірінші акт
Бірінші сахна

Жатақхананың кең, жарық бөлмесі. Терезеден түскен күн сәулесі сабақ оқитын үстел үстіндегі айнамен шағылысып, бөлмені одан сайын жарқыратып тұр. Айым өз төсегінде отыр.

Айым: Ішім пысып кетті. Айханым да келмей қойды ғой. Тамақ пісіріп, үй жинағым келмейді. Сабақ оқуға да зауқым жоқ. Оқудан қашып кетпеу керек еді. Дәріске қойылатын балды да жоғалттым. Агентке кірейінші, кім бар екен…

Дәл осы кезде телефон экранында «Мирас Байжуманов предлагает вам дружбу» деген хабарлама шығады. Айым аң-таң.

Айым: Мирас Байжұманов деген 1-сыныпта менімен бірге ауылда оқыған бала емес пе?! Екеуміз бір партада отырушы едік...Әлі есімде, сондай сүйкімді бала болған. Фотосын көрейінші, қазір қандай жігіт?.. Бұл оның емес, менің сүйікті футболшымның суреті ғой… Ол сабақты да жақсы оқушы еді. Ой, балалық деген қандай күшті!!!
Ол маған неге «дружба» жіберді екен? Менің оның есінде болғаным ба? Әлде бұл кездейсоқ жағдай ма? Не де болса қосайын.

Екінші сахна

Кітапхана. Студенттер кітап оқып, семинарларын жазып, әңгімелесіп отыр. Айым мен Айханым да солардың қатарында.

Айханым: Айым, саған не болған? Кітапты теріс қойып оқитын болғансың ба? Бір жұма болды агентте күні-түні отыратыныңа. Бұрын көп болғанда 10 минут «отошла» деп отыратынсың, агентті жақтырмай. Агентте көп отырсам маған ұрысатынсың, енді өзің телефонға байланып қалғандайсың.
Айым: Жо-жоқ, бәрі дұрыс.
Айханым: Ендеше не болды? Біртүрлі болып жүрсің
Айым: Өткенде менімен 1-сыныпта бірге оқыған сыныптасым агентте «дружба» жіберді. Оны көрмегелі 10 жылдай уақыт өтті, қзір қандай екенін білейін деп қостым, бірақ өзі мүлде көрінбейді.
Айханым: Е, сенің уайымың сол ма? Қазіргі агенттегі жағдай сондай. Жігіттер жібереді, біз соған мәз болып қосамыз. Олар біраз уақыт агентке шықпай, әдейі бізді қызықтырады. Содан соң пайда болып, басынды айналдырады. Бір-екі рет хат алмасқан соң «сүйемін, күйемін» деп жазады. Сосын жердің түбіне түсіп кеткендей сені «игнорға лақтырады» да, басқалармен көңіл көтереді. Сенікі де сондай жағдай болған ғой, құрбым. Оған несіне бас қатырасың.
Айым: Мирас олай жасамайды.
Айханым: Жаңа ғана ол бұрынғы сыныптасым, оны көрмегелі 10 жылдай болды дедің. Оның қандай екенін қайдан білесің? Мүмкін, «агент бабнигі» шығар.
Айым: Олай деп ойламаймын.

Бұл кезде агентке қараған Айым Мирас «онлайнмен» агентте отырғанын көреді.

Айым: Шықты, шықты! Уррраааа!!!
Айханым: Не болды жерден жеті қоян тапқандай қуанып?
Айым: Мирас, Мирас агентте
Айханым: Жаным-ау, сен танымайтын адамға байланып қалғансың ба өзі
Айым: Жоға. Бірақ ол жазбай отыр.
Айханым: Айттым ғой, агенттегі жігіттер қулығы бұл.
Айым: Жазып жатыр. Не деп жазды екен… Привет!
Айханым: Тұра тұр, бірден жауап берме.
Айым: Мен «Сәлем!» деп жазып, жіберіп қойдым.
Мирас: Как дела?
Айым: Хорошо. Как у тебя?
Мирас: Отлично!
Айым: Ты меня помнишь?
Мирас: Извини, но нет
Айым: Мы в первом классе вместе учились.
Мирас: Да? Тогда я рад.
Айханым: Айттым емес пе, оның есінде жоқ, ол кездейсоқ жіберген деп.
Айым: Жарайды енді, ол кезде бәріміз бала едік.
Мирас: Где ты учишься?
Айым: В ПГУ. А ты?
Мирас: Я тоже.

Осылай жазған соң Мирас «өшіп қалды». Айымның көңілі сәл де болса орнына келді.

Үшінші сахна

Айым бөлмеде тамақ пісіріп жүр. Мұнымен қоса агенттен де соңғы кездегідей көз алмауда. Бөлмеге Айханым кірді.

Айханым: Айым, тамақ күйіп жатыр.
Айым: Ой, байқамай қалыппын.
Айханым: Қайдан байқайсың, телефонның ішіне кіріп кетердей боп тұрсың. Тағы да Мираспен сөйлесіп отырсың ба?
Айым: Иә.
Айханым: Сен оны көрмей жүріп ғашық болып қалғансың-ау деймін. Қашан кездесесіңдер?
Айым: Білмеймін.
Айханым: Сұрасайшы енді.
Айым: Когда встретимся?
Мирас: Незнаю
Айым: Ол да «білмеймін» дейді.
Айханым: Айттым ғой. Осылай өздеріне ғашық етеді де, жоқ болады бұл жігіттер.
Мирас: Может сегодня увидимся?
Айым: Хорошо. Во сколько?
Мирас: Через час. В парке.
Айым: Договорились.

Төртінші сахна

Күзгі кеш. Айымның саябақта Мирасты күтіп отырғанына жарты сағат болды. Тақта жалғыз отырған қызға тесіліп қарап өткен жігіттердің бәрін Мирас деп ойлайды. Ол оның түрін білмейді де. Мирастың аватаркасында футболшының суреті тұр. Хабарласайын десе нөмірі де жоқ. Мирас та Айымның жүзін танымайды, себебі Айым өзінің фотосын емес, Айшвариа Райдың суретін қойған еді.
Күн ұясына батып, айнала қара түске бояна бастады. Тек саябақ ішіндегі шамдар ғана сәуле беріп тұр. Осы кезде Айымның жанына сұңғақ бойлы, әдеміше келген жігіт жақындады.

Мирас: Привет! Ты же Айым?
Айым: Привет! Да. А ты Мирас?
Мирас: Так точно. Извини, что опоздал, я на заправке задержался.
Айым: Ладно, ничего. А как ты узнал меня?
Мирас: В парке только три девушки сидят одни. Одна беременна, другая курит. А так, как по моему мнению ты не относишься к таким, значит третяя это ты.
Айым: У тебя хорошое размышление.

Екеуі осылай әңгімені бастап, екі сағат өткенін байқамай қалыпты.

Айым: Ой, уже 22:50. Мне быстро надо домой, иначе меня не впустят.
Мирас: Хорошо. Я тебя довезу.

Бесінші сахна

Ай жарығы мен көше шамдарымен жарықтанып тұрған бөлме. Айым Айханымды оятып алмас үшін сықырлауық есікті сәл көтеріп ашып, аяғының ұшымен жүріп бөлмеге кірді. Ұйқы көзіне тығылып тұрса да сан алуан ойлар маза бермеді.

Айым: Мен не істеп жүрмін? Соңғы кезде Мирастан басқа ештеңені ойламайтын болыппын. Ата-анама бұрынғыдай жиі хабарласпаймын. Сабақты ынтасыз оқимын. Үй шаруасына қарамайтын болдым. Мирасты бүгін ғана көрдім, бірақ бұрыннан білетін адамым сияқты. Онымен сөйлесіп жүрген екі апта аралығында өзгергендеймін. Неге ол менің ойымнан шықпай жүр? Оған ғашық болып қалған жоқпын ба? Жоқ! Тоқта, Айым! Бұлай болмайды. Сен күндіз түні Мирасты ойлауыңды қой. Оны танымайсың деуге болады. Оған қоса, сенің ұнататын адамың бар. Ол – Арман. Бірақ оған өз сезіміңді айта алмай жүрсің ғой. Бұл қалай болғаны сонда? Мирас па, Арман ба? Ойым не дейді? Жүрегім не дейді? Ойымда Мирас, жүрегімде Арман. Енді не істеймін? Мираспен ара қатынасымыз не болады? Арманға сезімімді айтайын ба? Бәрі қалай қиын еді… Қойшы, жарайды, не боларын уақыт өзі көрсетер. Екеуін де ойлай бермей, ұйықтайын. Ертең бірінші пара кафедра меңгерушісінікі. Оның сабағына кешігіп барсам, оңбаймын…

(жалғасы бар)
Әрі қарай