Жарияланымдар

Ғашықтар диалогы

Блог - InabatKussainova: Ғашықтар диалогы

Ж: Сүйем сені, жоқпын бірақ қасыңда
Бір көргеннен ғашық болдым расында
Жоқ болса да, тәнім менің жоқ болсын
Болар бірақ жүрек сенің қасыңда

Қ: Сүйем сені, сүймей қайда барамын?
Алыстасың, бірақ шыдап бағамын
Көрер күнді күнде аңсап мен жаным
Махабаттың мәңгі отына жанамын

Ж: Шын сүйемін, мені жаным ұмытпа
Атыңды айтам алған әрбір тыныста
Жүрек әрбір соққан кезде сен дейді
Сені еске алғанда ол өлмейді

Қ: Сүйем жаным, сүйемін ғой тек сені
Бірақ жаным саған біраз өкпелі
Ұмытар деп қалай ғана ойладың
Сонау сонау ұмытылмас кештерді

Ж: Күн санаймын, бірақ уақыт өтпейді
Айдай жүзің көз алдымнан кетпеді
Дүниеде қыздар көп қой, бірақ та
Жаным саған ешбірі де жетпеді

Қ: Мына күндер өтпеді ғой, кетпеді
Сағынамын бір өзіңді, тек сені
Жолықса да қанша жігіт өзіме
Саған, жаным ешбірі де жетпеді
Әрі қарай

Терезе

Бүгін оның ауырып жатқанына алтыншы күн. Далаға шықпағалы алты күн. Күн мен түннің ауысып, ауа райын болжауға мүмкіндік беретін жалғыз терезе ғана. Содан басқа алданыш жоқ. Терезенің бер жағында тыныштық болса, ар жағында күйбең тіршілік өз қарқынымен жүріп жатыр. Терезе ол үшін құдды бір теледидар тәрізді. Алайда бұл телидардың бір кемшілігі бар. Ол — оның дауысының жоқтығы. Сондықтан терезеден көрген бейнелерге ол өз ойынан тіл бітіреді.
Бүгін де оянысымен бірден терезеге үңілді. Күн шығып, қар себелеп, боран соғып тұр. Адамдар бірі жұмысқа, енді бірі мектепке, балабақша не басқа да жерлерге асығуда. Осы таңертеңгі көрініс күнде қайталанады. Түс ауа күн жылынғандай болып аурухана маңындағы саябаққа адамдар біртіндеп келе бастады. Әне, күндегі қос ғашық бүгін де қол ұстасып қыдырып жүр. Ол сол екі ғашыққа қызыға қарайтын. Оларға қарап өзі де махаббатын кездестіруді аңсайтын. Алайда бұл мүмкін емес…
Ол назарын қос ғашықтан орындықта отырған қызға аударды. Бұл бойжеткен де саябаққа күнде келеді. Бар назары қос ғашықта. Ол сы үш адамды кейіпкер етіп, күнде бір сюжет құрастыруды әдет қылып алған. Орындықта отыратын қыз жігіттің бұрынғы сүйіктісі. Жігіт оны ұмытып, басқа қазір кездесіп жүрген қызына ғашық болған. Ал қыз оны әлі күнге шейін ұмыта алмай жүр. Оны көрмесе, тұра алмайды. Ал жігіт қазіргі сүйіктісінен басқа ешкімді көрмейді, тек соны ғана сүйеді. Осы тәрізді ойлар келеді оның басына. Сценарий күнде өзгеріп отырады. Терезеден басқа ермек жоқ…
Міне, тағы бір күн өтіп, жетінші күн басталды. Ол әдеттегідей терезеге үңілді. Терезеде бір өзгеріс байқалғандай. О, ғажап, терезеде хат ілініп тұр. Бұл не қылған хат екен? Ол терезені ашып, хатты алды. Хатта: «Сәлеметсіз бе?! Сізбен таныссам бола ма?» деп жазылған екен. Ол жауап жазып, хатты жіпке іліп, тартып еді, хат ғайып болды. Осы күннен бастап олар терезе арқылы хат жазысатын болды. Хат жоғарғы қабаттағы бір жаннан екен.
Күн артынан күн өтіп, хат жазысқалы екі аптаның жүзі болды. Бұл күнде оның халі нашарлаған. Туғандары үйге алып кетпек болған, алайда ол келіспеді. Келіспеу себебі осы хаттар еді. Хат тасушы – жіп, куәгер – терезе.
Бүгін де оның күні осы хаттардан басталды. Түнде түсіне апасы кіріп шықты. Бұны өзіне шақырды, бірақ ол әзірше бармады. Қолына қаламын алғанмен, бүгін бірінші рет не жазарын білмеді. Екі аптаның ішінде жүзін ешқашан көрмеген жан бұның ең жақын адамы болып кеткендей. Ақ парақ әлі сол ақ күйінде. Бір кезде ақ бетке сия тамып, маржандай жазу жазылды. «Мен сені басқа дүниеде күтемін...». Хат жіпке ілініп, иесіне тартты. Ол осы күндер ішінде бұған алданыш, демеу болған терезеге соңғы рет үңіліп, іштей алғысын айтты.
Әрі қарай

Соңғы серуен

1983 жыл. Қыс. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат. Екі апталық боран басылып, күн шуағын төгіп қуантып тұр. Жұмыстан ертерек шыққан ол бүгінгі күнін екі апта бойы үйден шыға алмай отырған сүйікті итіне арнамақ. Үйіне келісімен ауқаттанып, итін серуенге алып шықты. Күн күлімдеп, ақ ұлпа қар жылт-жылт етеді. Екі апта түз көрмеген ит біресе алға озып, біресе әр бұрышты тіміскелеп, тым озып кетсе, иесіне қайта оралып, «тезірек жүрсеңші» дегендей үріп қояды.
Екеуі достасқалы біраз жыл болыпты. Бұл екеуі табысқанда анасынан жаңа туған күшік еді. Иесі сүтпен асырап, өсірді. Бір күні күшік ашық тұрған есіктен далаға шықты. Есік алдында жүрген үлкен итке жайдан-жай соқтығып, таланып қалғаны да есінде. Қыңсылап жатқан жерінен иесі тауып алып, дәрігерге көрсеткен. Дәрігер: «Күшік әлсіз, өліп қалады. Әуре болмай-ақ қойыңыз», — деген күрсініп. Алайда иесі көнбеді. Жолда дәріханаға соғып, дәрі-дәрмек алды. Оны бір айдай емдеп, ақыры дегеніне жетіп, аяққа тұрғызды. Содан бері ол иесіне адал қызмет етіп келеді. Ұлы достық осыдан басталған-тын…
Міне, ол тағы да алға озып кетті. Қайта бұрылып еді, иесі көрінбеді. Кейін қайтып келсе, иесі жерде жатыр екен. «Жүрсеңші, серуендейік» деп үріп, иесін орнынан тұрғызбақ болды. Алайда иесі үндемеді. Жақын келіп, иіскелеп, жүзіне үңілді де, бір нәрсені түсінді. Әлі суый қоймаған жансыз дене жанына жата кетті. Дабыл үні естілді. Айнала адамдарға тола бастады. Ақ халатты біреулер иесіне жақындамақ болып еді, бұл жібермеді. Иесін қимады. Олар жақындаса, онымен мәңгілік қоштасатынын біледі. Бір суық қол ине сұғып, көзі қарауыта берді.
Оянса, үйінде емес екен. Бөтен жер, бөгде адамдар. Тор темірдің ызғарлы суығы. Осы жерде ол үш күн жатып, сосын барып бейтаныс адамдардың жетектеуімен өз үйіне келді. Үйіне келісімен, құйылған асқа қарамай, барлық бөлмелерді аралап иесін іздеді. Алайда таба алмады. Сыртқы есік ашылғанын аңдып, зып беріп сыртқа шықты. Соңынан атын атап шақырған дауысты да елемеді. Қалай да иесін табуы керек.
Иіс бұны қала сыртындағы зиратқа әкелді. Қар… қар астында жас топырақ. Қар астында иесі. Ол қарды аршып, жерді қазбақ болды. Алайда онысынан түк шықпады. Сіресіп қатқан жер берілмеді. Ол аршылған жерге жатып, иесінің жанына жайғасты. Жан досы болған иесін қалай жалғыз тастап кетпек? Жоқ, ол оны жалғыз қалдырмайды. Ол иесінің жанында болады. Көз алдында күндер батып, таңдар атуда. Бірте-бірте иттің көзі жұмыла берді. Ол иесі тәрізді мәңгілік ұйқыға батты. Ақ қар ит үстін көміп, иесі екеуін бір бүтінге айналдырды. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат сол күйі. Күн шуағын төгіп, қуантып тұр…
Әрі қарай

Өмір үзіктері

Тастама әке балаңды,
Оятшы қызым санаңды!

— Менің аяғым ауыр…
— Алдырып таста! Маған бала керек емес!
— Жоқ… Алдыра алмаймын.
— Не? Туып алып, менің мойныма артып қоймақсың ба? Мүмкін ол менікі емес шығар?!
— Жандос, екеуіміз кездесіп жүргелі жарты жыл болды ғой. Осы уақыт аралығында өзіңнен басқа ешкімге көз салған емеспін. Бұлай деуің қалай?
— Мен сені бағып жүрген жоқпын ғой. Бала менікі емес. Не істесң де өзің біл. Менің шаруам жоқ.
— Маған сенен ешнәрсе керек емес. Мен сені тани алмаппын… Саған сеніп едім… Сонда… мені сүймегенің бе? Махаббаттың болмағаны ма?
— Болса, болған да шығар. Бәрі бітті. Енді маған хабарласушы болма. Кездесу де іздеме. Қош бол!
***
— Мақсат, саған бір өтінішім бар еді…
— Ия, айта бер.
— Мен… Мен… Қалай айтсам екен?.. Менің аяғым ауыр.
— …
— Сенен өтінерім… Мақсат, маған үйленші. Бала туылғаннан соң ажырасып кетеміз… Мен… Мен үй ішіме қалай айтарымды білмеймін. Оларды ұятқа қалдырғым келмейді. Сондықтан саған осындай өтініш айтуға мәжбүр болып отырмын.
— …
— Мен түсіндім. Кешір… Бір өтінерім: екеуіміздің арамыздағы болған әңгімені ешкімге айтпашы. Рахмет саған! Сау бол!
***
— Арайлым, сенімен сөйлесуім керек.
— Мақсат? Ия, айта бер.
— Арайлым, кешірші. Маған ойлану үшін уақыт керек болды. Саған бұрыннан айтқым келіп жүрген. Алайда орайы болмады. Мен сені сүйемін… Маған күйеуге шығасың ба?
— Мақсат… Рахмет саған! Тек… Мен сенің махаббатыңа лайық емеспін… Мен… Мен…
— Арайлым, өтінемін, жыламашы. Мен сені және баламызды бақытты етемін.
***
— Арайлым?
— Ия, біз сізбен таныс па едік?
— Мен Жандоспын ғой. Қалың қалай?
— Жандос?.. Мен де бәрі жақсы. Өзіңнің қалың қалай?
— Арайлым… Кешірші мені… Мен бәрін жаңа түсіндім. Менің бақытым баламыз екеуің екенсіңдер.
— Мама, мама! Жүрші тезірек! Әкем күтіп қалды.
— Жарайды, балам. Мен қазір келемін. Сен әкеңе бара бер.
— Мама? Бұл… Бала… Менің ұлым ба?
— Жоқ, Жандос. Ол менің ұлым! Сен қателесесің, Жандос, сенің бақытың біз емес. Бақытыңды басқа жақтан іздегенің жөн болар. Қош бол!
Әрі қарай