Жарияланымдар

БІР АЙДА МАТЕМАТИК БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІМ.

Мектепте мен үшін ешқашан күрмеуі шешілместей, ырқыма көнбейтін, айдағаныма жүрмейтін «математика» деген бір бəле сабақ болды. Математика, эх, математика! Филолог болам деп маңайына да жоламайтынмын. ҰБТ оны желкемнен шығарды. Оқу завучы 10 жыл бойы мектепте бетін бір ашпаған сабақты, соңғы жылда қинап оқытып қойды.
Алғашқы сынақта математиканың сұрақтарын ашып, шошып кеткен едім. Əйтеуір, таныстарын ептеп шығарған сияқты болдым. Ұят-ай. Онда да бастапқы екеуін, соңындағы біреуін ( логика ) шығардым. Қалғанын түріне қарап бал ашып белгіледім. Құдайым сақтап əйтеуір 8 балды жинадым. Алайда, ол филолог үшін үлкен жетістік болды. Қыс бойы өз бетімше тиіп -қашып дайындалдым. 12 мен 15 балдың арасында жинап жүрдім. Кейде одан асса қуанатынмын, жерден жеті қоян тапқандай.
Оқу завучынан көп ұрыс еститіндердің қатарында болдым. «Ештеңе шықпайды сенен, қазақ тілі мен əдебиетің, тарихың неге керек математиканы білмесең?!» -деп тілімен сыбап алатын. Иə, ештеңе шықпайды. Шығара алмаймын. Қанша тырыссам да балым бір түсіп, бір көтеріліп ойнамалы болып тұрды. Ешқашан, ең болмағанда 20 балды ала алмайтындай болдым. Ол мен үшін қол жетпес арман болды. Басқалар қиналмай-ақ шығарып, жоғары балл алып жатыр, менікі не еркелік. Тым құрығанда əрекет жасап, бір есеп үйренейін деп сыныптың данышпандарынан сұрап жүрдім. Ол да көмектеспейді… Бұлай жүру жарамасын біліп, содан не керек наурыздың бел ортасында дайындыққа бару керек деп шештім. Мен де жынды екенмін тестке 2 жарым ай қалғанда дайындыққа барып. Жұрттың айтуымен Қызылорданың ең мықты математигі Феруза дейтін апайға алып-ұшып бардым. «Мені қалайда 20 балға жеткізіңіз»- деймін. Апай есептер беріп шама- шарқымды байқаған соң:
"Əй, қызым, сенің 8-сыныпқа дейінгі фундаментің мықты ғой. Неге 9-11 ді игермегенсің?"- деп ұрысты. 9-сыныпта сабақ оқыппын ба?! Ол кезде бар ойым əдеби жарыстар мен олимпиадалар болды. Математиканың бетін ашпақ түгілі, сабағына да жетісіп қатыспаппын. Апай: «Сен жиырмаға жетесің, бұдан ерте келгенде жиырма бесті де алар едің»- дейді. Содан бастап бар ойым математикаға ауды. Есеп шығару басына да кірмейтін адамды Феруза апай математикаға ғашық етіп қойды. Бастысы-шығарылу жолы мен ережесін білсең болды екен. Басқа сабаққа қарау дегенді қойдым. Осылайша, бір айда балым жиырмадан асып жығылды. Сəуірдің бел ортасына келгенде математик болып, есептерді сыныптың математиктеріндей-ақ тəп-тəуір шығаратын дәрежеге жеттім. Басқаларға есептердің жолдарын түсіндіруге де жарап қалдым. Тіпті алгебрадан беретін апай 25 балл алатындардың қатарына қосып қойды. 9-10 сыныптарда оқымаған математиканы 1-ақ айда игеріп шықтым. Жалпы балым математиканы шығара бастаған соң көтерілді. Өз бетімше отырып барлығын шығара алатын да болдым. Сонымен соңғы қорытынды тестілеуде математикам, ойнап отырып белгілейтін əдебиетіммен бірдей болды. 25 балл алып айды аспанға шығарам деген ниетім жүзеге аспаса да, математик болып шыға келдім. Осыдан түйгенім -адамның мүмкіншілігі шексіз екен. Бір нәрсені үйрену- уақытқа тәуелді емес, ынтаң мен ниетің болса болды. Биыл ҰБТ тапсыратындарға кеңес болсын. Сынаққа 2 ай қалса да, тәуекелге бел байлай біліңіз. Дайындық ешқашан да кеш болмайды. Тіпті бір апта қалғанда оқыған сұрағыңыз тестілеуде келіп қалуы бек мүмкін. Екі рет тест тапсыру деп жатыр ғой. Біріншісінен сүрінбеуге тырысыңыз. Себебі, бірінші бақ- бақ деген бар. Сəттілік болсын, жас түлек!
Әрі қарай

МЕНІҢ АТЫМ ГУБКА

7-сынып болу керек, ол кезде N136 Т.Жүргенов атындағы қазақ орта мектебінде оқимын.
Сыныбымды ерекше жақсы көрдім. Өзімнің көп сөйлейтінім мен кішкене әзілқойлығым, оған қоса сабаққа деген еңбекқорлығым да әсер етті ме, сыныптағы балалармен тез тіл табысып кеттім. 9-сыныпта басқа мектепке ауысып кетсем де, оларға деген көзқарасым ерекше болды. Соның әсерінен 11- сыныпта қайтадан барған едім.
Сыныптағылармен күнде бір қызық нәрсе шығаратынбыз. Әйтеуір әзілмен қағытып, мазақ қылып, бір-бірімізге тиіспесек жүре алмайтынбыз. Сабақты жарыса оқып, үнемі əңгіме айтып, сырласатын ерекше бір құрбым болды. Бір күні ол маған мені үйдегілер қалай еркелетіп атайтынын сұрады. Мен тізіп айтып бердім: Губаш, Гулбар, Баршын… соңында әжемнің қойған ерекше есімі «Губканы» да айттым. Әлгі сыныптас құрбым ішек -сілесі қатып күлмесі бар ма. Қызық естілген ғой әрине. Сонымен не керек, бұл есімім сол күні-ақ бүкіл сыныпқа тарады. Онсыз да қызық керек сыныптастарыма бұл да мазақтың бірі болып табыла қалды. Содан бері мені «Губка»деп атайтын. Жә, бұл бұл ма, тек атап қоймайтын еді ғой. Құдайы беріп, тақта сүрткішіміз де губка болды. Сыныптағы бір бала әр тақта сүрткен сайын губканы олай мыжғылап, былай мыжғылап мені әжуалайтын. Әрине, мен оған шамданатынмын. Бірте-бірте мазақтарына да етім үйреніп кетті. Сол кезде «Губка боптың» дәурені жүріп тұрған кез. Онымен де мазақтаудың түрлі тәсілдері табыла қалатын.
Тегінде әжем бұл есімді менің кішкентай кездегі жұмсақ мінезіме қойған еді.
Әрі қарай

Дипломдық жұмысты қалай жаздыңыз?

Мен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» деген романын қайта оқып бастадым. Осы романда өте қызық әрі маңызды жолдарды оқыған едім. Шығармадағы Меңтай деген басты кейіпкер бар еді ғой, сол қыз бірінші курста-ақ дипломдық жұмысының тақырыбын анықтап қойыпты. Маған Меңтайдың осы әрекеті ой салып, көкейімнен кетпей қойды. Дипломдық жұмыстың тақырыбын қалай таңдасам екен деп ұзақ ойда жүрдім. Осының әсерімен 4 курстағы таныс әпкеме барып ойымды айтқан едім, ол маған күлді. -Мен 4 курста оқимын, менің өзім әлі бұл тақырып жайында ойланған жоқпын. Оның қиын түгі де жоқ, бітіруге 1-2 ай қалғанда -ақ жазып үлгересің, -деді. Мен бұндай ауқымды тақырыпты қалай аз уақытта жазып бітіруге болатынын сұрадым. -Қазір интернет бар, кітаптардан көшіріп ала саласың,- деп жауап берді. Сөйтсем бұлар дипломдық жұмыстың 2-3 бетін «пәленше былай айтады, түгенше солай айтады» деп көшіре салады екен. Айтпақшы, бұл көшіруді қазір ғылым тілінде плагиат деп жатыр ғой. Бізде осымен айналысатын арнайы Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығы бар. Олардың дерегінше Қазақстандағы әрбір оныншы ғылыми жұмыс плагиат.
Сонымен, дипломдық жұмыс- бұл студенттің жоғарғы оқу орнын аяқтау кезінде жазылатын соңғы қорытынды өзіндік ғылыми тәжірибелік жұмысы. Демек, бітіруші дипломдық жұмысты өзі жазып, өзінің көзқарасы мен мамандықты қалай игергенін көрсету керек.
Ұлттық ғылыми техникалық ақпарат орталығының ұлттық ресурсты қалыптастыру департаментінің директоры Қамарсұлу Елеукенованың айтуынша плагиат жағымсыз құбылыс, ал онымен күресудің екі жолы бар. Жаза және «антиплагиат» жүйесін қалыптастыру. Алайда, соңғысының кемшіл тұстары да байқалатын көрінеді. Бұл әлі де шикі жүйе екендігін және оны одан әрі жетілдіру керектігін айтады биология ғылымының кандидаты Сержан Аманов. Плагиат жасау ғылымға қаншалықты әсерін тигізеді? Сіздіңше бұл дұрыс па, бұрыс па? Плагиатпен күресудің қандай тиімді жолдары бар?Өзіңіз дипломдық жұмысты қалай жаздыңыз?
Әрі қарай

Ауылдың қызы туралы қалалықтың ойы

10-сыныпты бітіріп бүкіл жазғы демалысымды ауылда өткіздім. Күз білініп, сабақ уақыты жақындаған шақта тісім сыр беріп ауыра бастаған соң, Түркістандағы тіс емханасына барғанмын. Ол жақта алдын ала хабарласып уақыт белгілеу деген жоқ, қалай келесің солай жұрттың соңынан ұзынсонар кезекке тұрасың. Бір апта бойы ауылдан қалаға солай қатынап жүрдім. Кезекте тұрғанда арасында кітап оқып аласың немесе жаныңда отырғандармен əңгімелесесің. Əйтеуір солай уақытты өткізудің амалын табасың. Бір күні кезегімді күтіп отырғанда дəлізде танысып тұрған қыз бен жігіттің əңгімесін құлағым шалып қалды.Шалмағанда, кəдімгідей танысып отыр. Ол күн менің есімнен ешқашан кетпейтін шығар, бəлкім.Əлі күнге дейін екеуінің сөздері есімде сақталып қалыпты.
Əлгі екеуінің танысуы ұзаққа созылған соң əңгімеге кірісті.Сабазым айтады:
— Ауылдың қыздары тəрбиелі, қарапайым. Маған сондай қыздар ұнайды. Ауылдың қыздарын алғым келеді.
— Қоойш, тегі ауылдың қыздары қап-қара болады ғой, сосын олар таза жүрмейді, дымды білмейді, е мода дегенді түсінбейді, дұрыс киінудің ретін де білмейді. Иə, əлгі қалалық қызым дәл солай айтып отыр. Бірақ жігіт сөзінен таяр емес, қайта- қайта айтып, түсіндіріп те жатыр:
-Кім айтты, сен өзің ауылдың қыздарын көріп пе едің? Олар қазақы тәрбиемен өседі. Бəрі қара емес қой.Сен олай бәріне бірдей күйе жаға салмасаңшы.
— Енді сондай болады ғой, олар тек ауылдың ішінде жүреді.Малдың арасында сыртта, дым көрмеген, дым білмейді, солай қап-қара болып жүреді,-деп бой берер емес. Осылай оны-мұны айтып ұзақ əңгімелесті. Екеуі де өз ойларын өзгертпейді, бір-біріне бой берместен əңгімелерін жалғастыра берді.
Қалада білім алды демесе балалық шағымның көп бөлігін ауылда өткіздім ғой. Ауылда кіндік қаным тамып, иісі мен шаңына қанып өскен сол жерде отырған мен де ауылдың қызы емеспін бе. Иə, барып ана қыздың шашын жұлмай не істеп отырмын. Қалалықтың бетін тырнап бəрін айтқым келді. «Ол ойың дұрыс емес, мен де ауылдың қызымын, сен айтқандай қызға ұқсаймын ба?» деп бар сөзімді жайып салып түсіндіргім келді. Қаланың мəдениетіне жараспайтын сөзді айтуымен қоймай, бүкіл ауылдың қыздарына тіл тигізіп отыр ғой. Өз басым ауылда өскенім үшін Жаратқанға алғыс айтамын. Ауылда өспегенде салт-дəстүр мен əдебиетке қанып, қазақылықпен сусындалып өспес едім ғой. Шыдай алмай жаңағыларға қарай түрегеліп енді беттеп жүре бергенімде артымнан есіктің ашылған үні естілді. Кішкентай ғана денелі қара торы келген тіс дəрігері:
-Нұрхан Гүлбаршын, кіріңіз! -деп шақырмасы бар ма.
"Əттең бағанадан бері отырып, тура сол кезде шақырғанын қарашы" деген күйі ішімнен кіжініп амалсыздан ішке кірдім. Тез кірмесем менен соң тізіліп тұрған кезектегілер бажылдап шыға келеді емес пе.
Бірақ не керек əлгі қыздың ұсқынын көріп үлгердім. Сəннің сырына терең болмасам да аздап хабарым бар ғой, айтқан сөзіне қарап ойлап едім қаланың сəнқойы деп. Өзі ситиде тұратын адамға ұқсап көкірегін сонша кердеңдетуін. Бірақ соңынан ойладым, мен бәрібір оған сол кезде айтқаныммен түсінігі жоқ адамдарға жетпесе қиын ғой. Ер адамның сөзін құлаққа аспаған, менің сөзімді қайтсін. Бəрі адам санасының деңгейіне байланысты екенін түсіндім. Ауылда өс не қалада өс адамның адам болуы тәрбие мен санаға тікелей қатысты екен. Оның тұрған жері осындай деп қазақтың алтын бесігіне солайша күйе жақпас керек. Айналайындар, осыны оқып отырғандарда да сондай түсінік қалыптасса, өзгертіңдерші бұл пікірлеріңді. Сонда түсінік деген жоқ па, əлде өзін тым жоғары санай ма? Ауылдың қыздарын сыртынан көрмесе де естігенімен не көпіріп отыр деп қатты таң қалдым. Өмірде неше түрлі адамдар бар екен ғой.
Ее, қазір сол қыз не істеп жүр екен, бәлкім ойы өзгерген болар деп ойлаймын сол оқиға əр кез есіме түскен сайын. Кім білсін…
Әрі қарай