Жарияланымдар

11.06.12

Керемет әлем,
Көрініс әсем,
Көкте күні күлімдеген.

Аспаны ашық,
Тағы да жарық,
Жұлдызы жымың қағады.

Жайқалған гүлдер,
Жап-жасыл шөптер,
Көңіліңді көкке көтерер.

Тап-таза ауа,
Ауруға дауа,
Бойыңа шабыт, рух берер.
Әрі қарай

Василий Шукшинның "Саған қызығамын" шығармасына аударма

Менің арманым бар: комбайнер болу. Комбайнның егістікте кетіп бара жатқанын көргеннен-ақ жүрегім дүрсілдейді.Өзімнің қалай комбайнда отырғанымды елестетемін…
Бірақ біздің бір ұстазымыз бар. Ол бізге: «Сендер колхозсыңдар, басқа ешкім де емессіңдер!»-деп келеке етеді. Бір күні мектепте «Линейка» болып, директор ұстаздардың атын атады. Оқушылардың бәрі мұғалімдерге қол соғып «алақайлап» қуанды, бірақ ешкім ол ұстаз үшін қол соғып қуанбады.
Мен анама жаңағы ұстаз жайлы айттым, анам ұзақ уақыт үндемеді.Содан соң: «Нан-басты нәрсе, онсыз барлығы өліп қалар еді»-деді.
Өз арманыма не істерімді білмеймін. Кеше радиодан: «Рахмет саған, диірмен» деген сөзді естіп қалдым. Диірмен мен колхоз — не айырмашылық бар? Мүмкін колхоз болу ұят шығар? Ал сонда менің арманым не болмақ? Өтінемін, маған газет арқылы жауап беріңіздерші, менің арманым дұрыс па?
Менің аты-жөнімді көрсетудің қажеті жоқ.
(Редакцияға хат)
Маған сенің хатыңда оқуға берді және өзімнің де сенімен сөйлескім келді. Әрине, адамның атын білмей сөйлескен қиын, дегенмен өзің осылай дұрыс деп шешсең қалауың білсін.
Мен сен бастаған нәрседен бастайын — АРМАННАН. Бірақ осы жерден екеуіміздің жолымыз екіге бөлінеді: мен армандауды ұнатпаймын. Мен арманға сенбеймін. Сен өз арманыңмен мақтанады екенсің, оны мына сөздеріңнен де байқап қалдым: «керек болса, мен армандауды қоямын».Сен сөзбен армандайсың, ал мен армандап болдым. Екеуіміздің де оған негізіміз бар: сен енді өмір сүре бастадың, ал мен одан біршама артқа шегіндім. Біз бір-бірімізді түсіне аламыз ба? Егер қаласақ, түсіне аламыз. Мен сенің армансыз болғаныңды қаламаймын (мен саған армандамауды үйрете алмас та едім, себебі бұған менің қауқарым жетпейді, ешкімнің де қауқары жетпейді). Мен сенің тек бір нәрсені білгеніңді қалаймын. Қалаған мақсатыңа сені арманың емес, ақылың мен еңбегің жеткізеді. Сен бұл сөздерді естіп-естіп құлағың шаршап, түріңнің жүзі өзгеріп, мені тыңдамай қоясың ба деп қорқамын. Мен сені өзіме сендіргім келеді, бірақ «ақыл» мен «еңбектен» басқа айтатын сөз таба алар емеспін.Адамға жақсы сөз айту, жақсы сөздермен біреуге ұнау, кейде құр сөздің қадірін кетіру, орынсыз қолдану, бұл үшін сөз кінәлі емес. Иә, сөздің кінәсі жоқ, ол тек шындықты айтады, сөз мәңгілік жасайды. Егер сені менің өмірлік тәжірибем кішкене болса да сендіре алса, мен саған оны айтайын. Мен де ауылдықпын, жағдайым нашар болды, жеуге тамақ, киерге киімім болмай, ерте жұмыс істей бастадым. Бұл жерде ұялудың қажеті жоқ, себебі мұның артында қарапайымдылық тұр. Адамдар тер төгіп еңбек етіп, нанын тауып жатыр.Бұл оңай емес және мұны кез-келген адам түсіне алмайды.Ақылды әрі еңбекқор адамның жағдайы әрдайым жақсы бола бермейді деп ойлау өз еншіңде, оны өзің де байқаған боларсың, бірақ осы өмірдегі барлық құнды, керемет заттарды жасаған талантты, ақылды, еңбекқор адам екенін түсіндіру — менің міндетім.Бүкіл адамның тарихында бірде бір «паразит» лайықты ештеңе жасаған емес, бұл жерде сен менімен келісуің керек.
Менің арманыма келетін болсақ… Мен арманды жоққа шығармаймын, бірақ сонда да еңбекке сенемін. Арман арманмен өз алдына, ал шебер қолынан әдемі, мағыналы, сәнді бірнәрсенің келетінін білсе іске кіріседі. Бұл- әртүрлі арманнан жоғары. Содан соң, мен әдемі сөздерге сенбеймін. Арман – тым әдемі сөз. Әдемі сөздерді адамдар көп айтады, сол секілді жұмысты да әдемі жасау керек, сонда көп жақсы нәрселер болар еді.
Тағы бір саған беретін кеңесім: ұстазыңа ренжіме. Ол да адам, ол да қателеседі, әлі жағдайды байыбына барып түсінбеді. Ол неге бәрін білу керек?! Негізі, адамдарға аз ренжі және көңіліңді түсіре берме. Өз өміріңнің қожайыны – өзіңсің, басқа ешкім де емес (көрдің бе, менде барлығы да әдемі шықты, өкінішке орай, әдемі деп айту оңай). Сенен басқа кім? Ойланып көр, сенен басқа кім өміріңнің қожайыны болуы мүмкін? Ешкім. Өзгелерден көбірек біл, өзгелерге қарағанда өзіңмен көбірек жұмыс істе, талаптан, ізден – бар өмір осы. Бұл — оңай емес, бұл – мәңгілік. Біз өзіміз де осындайларға алғыстымыз. Мейлі комбайнер бол, мейлі суретші бол, кім болсаң да – өмір сүріп, бар күш-жігеріңді жұмса, көп нәрсе білуге тырыс, ешкімге наразы болма және ешкімді де, ешнәрсені де өзгеден қызғанба, ұят нәрсеге қарсы жүрме, ақкөңіл, мейірімді болуға тырыс. Міне осы – ең қызығарлық өмір. Осындай жағдайға қол жеткізгенде, өзгелерге көмектес. Бұның оңай емес екендігін білемін, мен, мүмкін армандап кеткен шығармын… Солай болғанын қатты қалаймын. Саған қызығамын, сенің жас екендігіңе қызығамын. Сен барлығын енді бастадың, бастамасы жақсы шығар. Жақсы бастауға мүмкіндік бар. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады. Көп нәрсеге қол жеткізіп, көп нәрсені көріп, көп нәрсені білуге болады.Тағы да айтарым: көп оқы. Болашақта ішімдік туралы ойлардан аулақ бол. Темекі тартпа. Осындай теріс жолға ерте түскен адамдардың артына ерме. Өз халқың үшін істеуге тиіс көп нәрсе бар екендігін ұмытпа. Арақ-шарап, шылым – мұның барлығы тек кедергі келтіреді (адамның денсаулығы мықты болу керек), еріншектік, менмендік деген қасиеттерден аулақ бол.
Жақсылықта жүздескенше!
Әрі қарай

Сіңіліме

Сіңілім 19.03.12 (10кл)
Өлеңімді сіңіліме арнаймын,
Әдемілеп сіңілімді мақтаймын.
Арман болып күткен менің сіңілім,
Сені көрсем көтерілер көңілім.

Мәз қыласың адамдарды,
Тәтті қылықтарыңмен,
Білесің жүрекке жол табуды,
Сүп-сүйкімді күлкіңмен.

Еріксіз жүректі баурайсың,
Жымиып бізді сен алдайсың,
Аспандағы жұлдыз бен айдайсың,
Жаным сен шырын мен балдайсың.

Сен менің сіңілім еркемсің,
Мен үшін бәрінен көркемсің,
Жайнаған әдемі гүлімсің,
Нұр шашқан аспаннан күнімсің.

Қазірден сөзге сен шешенсің,
Сіңілім өнерлі екенсің,
Сіңілім сенен зор үмітім,
Әлі-ақ талай биіктерге жетерсің.
Әрі қарай

Қай оқу орны дұрыс?

Мен биыл 11-ші сыныпты бітіруші жас түлекпін. Алға қойған мақсатым: Елімнің Дина Төлепбергендей қайсар да батыл журналисті болу! Мектеп бітіруге де бар болғаны 78-80 күн қалды. Алда ҰБТ. Қай оқу орнын таңдарымды білмей жүрмін. Жалпы өзім Астана қаласында оқығым келеді. 9-сыныптан бергі оқимын деп жоспарлап қойған жер де Астана болатын. Астанының әсемдігі, оның тыныштығы, барлығы мені баурап алғандай болды, Астанадан басқа жерді ойлағым да келмейтін.Егер Астанаға түссем таңдайтын оқу орным Еуразия Ұлттық Университеті болады. Егер Алматыға оқуға түссем Сулеймен Демирел университетінде оқимын. Кеше ғана осы университет біздің мектепке келіп өздерін таныстырып кетті. Менің таңдап отырған пәнім әдебиет, мамандығым журналист. Қазақ тілі мен тарих пәндерінен жоғары балл алып, шығармашылық емтихан тапсырамын. СДУ-дың ұнаған жері журналистикаға ерекше мән берілетіндігі, жатақханасы, 2-курста өзге шет елдерге 1 семестрге оқуға жіберіп, тәжірибе алмасатындығы. Бір сөзбен университет өте ұнады. Бір жағынан СДУ бір жағынан АСТАНА, қалай ойлайсыздар, қай оқу орнын таңдағаным дұрыс?
Әрі қарай

Қиналған досыма арнап жазған өлеңім...

Жылама досым, жылама деймін, жылама,
Тағдырдың басқа салғанына сен налыма.
Налуменен, жылауменен жеңе алмассың,
Өшпенділікті қасыңда жүрген қайғыға.

Жылама деймін, жылама досым, жылама,
Төбеден келген қиындыққа сен мойыма,
Әлі талай сынға түсіп, қиындық болар басыңда,
Төтеп бер досым, бәріне оның шыда да.

Жылама деймін, жылама досым, жылама,
Шешімін таппассың мәселелрдің жылана,
Аузыңнан Алла, бойыңнан сабыр кетпесін,
Сонда досым, қиындықты жеңе білгенің

Жеңерсің сенем, өмірдің қиын өткелін,
Көрерсің білем, өмірдің шуақты көктемін.
Сабақ боп саған қазіргі мына қиындық,
Тәжірибе жинап, бағындырарсың көктерін.

Тек айтар сөзім еңсеңді төмен түсірме,
Шыдамым бітті деп, дәрменсіздікті көрсетпе.
Бір қиындықтан соң келеді үлкен қуаныш,
Алыста емес бақыттың тәтті күні де.
Әрі қарай

Өмір..

Өмір сен кереметсің
Өмірді сүйсең уақытты оздырма,
Ол – тіршілік арқауы
Өмір...Қып-қысқа сөздің өзінде қанша мағына жатыр десеңізші… Бірақ әркімге әрқалай… Себебі өмір десе кей адамдар көп түсінгенімен, екіншісіне бұл сөздің еш мағынасы жоқ…
Бірі өмірді көремін, талпынамын, жетемін деп мақсат қояды, ал басқасы тек өмірге ішіп-жеп, ойын қуу үшін келдік деп ойлайды.
Ал менің ойымша, өмір деген ешкімге түсініксіз бір тылсым құбылыс, өмір – біздің іс-әркетіміздің куәгері. Дәл осы өмір адамды бірде қуантып, бірде жылатады, керек кезде көтереді, ал содан соң құлатады. Өмірдің өзі жақсылық пен жамандықтан, сағыныш пен бақыттан, мұң мен шерден, зорлық пен сүйіспеншіліктен, қиыншылық пен күрестен, жеңіс пен жеңілістен құралған. Сәтсіздік, жаманшылық атауын адам қанша ұнатпаса да, ол – заңдылық. Бұл – өмір. Бұл құбылыссыз өмірдің өзі қызықсыз.
«Асылы, адам өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді»,-деген Ғабит Мүсірепов ағамыз. Яғни, өмір адамның қолында. Кейбіреулер маңдайға жазылған тағдыр дер, ал мен онымен келіспеймін. Себебі Аллаһ Тағала құдіреті күшті және Ұлы, ол жақсылық атаулысына құмар, жаманшылыққа жаны қас. Әрі адам Аллаһтың өзі жаратып сүйген құлы. Ол өз пендесінің пешенесіне қалай ғана жаманшылықты жазбақ? Барлық адамның пешенесіне бақытты болуды жазды Аллаһ, ал өсе келе санасына ес кірмей, шайтанның жетегінде кетіп пешенесіндегі жазуды өзгерткен адам.
Аллаһ Тағала адамға сынақ жібереді, ол хақ. Ал адам оған төтеп беру керек, қасық қаны қалғанша күресіп, өмірі үшін алысуға міндетті. Себебі өмірге келген соң, оның ащысын да, тұщысын да көру керек. Ал біз ше? Солай етеміз бе? Барлығын «тағдырдың жазуына» артып қоя саламыз. Неге? Неге адамдар сәл ойланып, өздерінен кемшілік іздемейді? Неге қателерін мойындамайды? Неге оңайға жүгіреді? Бұған да « пендешілік» деп жауап берерлеріне күмәнданбаймын.
Адам өмірінің қожайыны – өзі. Аллаһ оны жаратты да, өмірінің кілтін ұстатты. Жаман жолдың не жақсы жолдың есігін ашу адам еркінде. Яғни өмірін ән мен сәнге, мәні мен қызығына толтырып өткізу де, теріс жолдың етегінде кетіп мәнсіз, өкінішке толы өмірді сүру де біздің қолымызда.
«Дүниеде үш нәрсе ғана: атқан оқ, айтылған сөз, өткен күн қайтып оралмайды»,-дейді Даумер. Яғни өмірің өтіп кеткен соң, көз жасыңды көл қылып, жаныңды жегідей жеп, айтуға ұялатын өмірің үшін өкінгеннен пайда жоқ. Өткен оралмайды. Өмір ағып жатқан өзен, ол сені күтпей, өзі қалаған бір бағытта аға береді. Уақытты таңдамайды, онда өмір сүреді. Шіркін, осы өмірдің қадірін түсініп, қолда бар алтынды бағалап, дұрыс сөйлей білсе екен адамдар. «Сөз сүйектен өтеді» демеуші ма еді атам қазақ. «Айтылған сөз – атылған оқ». Сондықтан адам жанын жараламай, ойланып сөйлеу керек. Болашақта дәл сол адам сенің жаныңнан табылар?! Өмірді болжау мүмкін емес қой. Мұқағали ағамыз:
-Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін досым, басыңа қырсық орнады
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы-
Аңдамай басып, сүрініп кетсе болғаны,-деп жырлаған.
Қадір-қасиетіңді жоғалтып алу бір-ақ сәт, ал оны жинау үшін қаншама тер төгілді…
«Өмірдің алды — ыстық, арты – суық.Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық»,-деген Абай атамыз. Бұл өмірдің сипаттамасы ғой. Суық пен ыстық қатар жүреді. Ал кей адам суығына шыдамай, өмірін қыршыннан қиып кетіп жатыр. Әттең… Аллаһтың сыйын бағаламағандары-ай деп ішің ашиды. Өмірдің несі қызық? Дәл осы қиындықпен күресе отырып, асыл армандарыңа қол жеткізудің өзі де бақыт емес пе?! Әр істің басы қатты, аяғы тәтті болады. Өмір осындай.
Уақыт – керуен, адам – көш. Көштен кеш қалу – өмірді бос өткізумен тең. Сондықтан өмірге байыппен қараған абзал.
Адам мәңгілік өмір сүретіндей армандап, соңғы күн өмір сүріп жатқандай өмірдің бағасын білу керек. Бәлкім, менің парақ бетіне түсірген ойыммен біреу санасар, біреуі санаспас, алайда бұл менің осы он жеті жыл бойы ойға түйген өмір жайлы түсінігім. Мен өмірді сүйемін. Ащысымен де, тұщысымен де сүйемін. Көңілді кейде құлазытып, алдыма талай тосқауыл қойып, мені қинау арқылы шыңдай түсетін өмірді сүйемін! Жаратушы Аллаһ Тағалама шексіз алғыс айтамын және өз армандарыма қол жеткізу үшін еңбек етіп, өмір сүремін.
Әрі қарай