Жарияланымдар

Жиілік сөздік – саясаткерге де таптырмайтын құрал

Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «2020 жылға дейін қазақ­стан­дық­тар­дың 95 пайызы мемле­кет­тік тілді игеруі керек» деп үлкен бастама көтергені ел есінде.
Бірақ алдағы 3 жыл ішінде айтулы межеге жету мүмкін бе? Түптеп келгенде бұл «Мәңгілік ел» патриоттық жоба­сы­мен де үндесетін бастама екені анық. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Мұратқызы Білім және ғылым министрінің тапсырмасымен Жиілік сөздік жасалып, баспаға дайындалып жатқанын жеткізеді. Бүгінде 6 млн 700 мыңнан астам сөз қолданыстан тұратын мәтін базасы дайындалып, шамамен 39 мыңға жуық тілдік бірліктің жиілігі анықталған. Тіл маманының айтуынша, адам жиілік сөздіктегі бастапқы сөзден 1000-сөзге дейін білсе, қазақ тілінің 70 пайызын түсіне алады.

Білім және ғылым: Жиілік сөздік – саясаткерге де таптырмайтын құрал
– Президенттің мемлекет ал­ды­на қойған тілді игеруге қатысты тап­сырмасымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған мақ­сат-мұраттарды бүкіл халық қол­дап отыр, – деп бастайды әңгі­ме­сін Анар Мұратқызы: – Елба­сы­ның, әсіресе, 2020 жылға дейін қа­зақстандықтардың 95 пайызы мем­лекеттің тілі – қазақ тілін білуі ке­рек деген сөзін бәріміз қуана қа­был­­дадық. Тіл білу – қажеттілік. Бұл межеге жету үшін нақты істер ат­қарылуы керек. Президенттің Ұлт жос­пары мен «Мәңгілік ел» пат­риот­тық платформасы – мем­лекет­тік идеологияның негізіне айналып отыр. Бұл тұрғыдан айтсақ та, қазақ тілінде сөйлейтін халықтың санын арттыру – мемлекеттік тілдің мәр­те­бесін көтеретін, оның қолданыс ая­сын кеңейтетін тапсырма ғана емес, сондай-ақ бұл – біздің еліміз­дің ел болып қалатын, болашаққа нық қа­дам басуға жол ашатын баста­ма.
Әлемде қазақ тілін ғылыми тұр­ғы­дан зерттейтін жалғыз мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Мұнда іргелі және қо­лданбалы зерттеулер тұрғысынан бар­лық мамандар тек қана ғылыми ізденістермен айналысады. Сөйтіп, қа­зақ тілін түркі тілдерінің бір тар­мағы ретінде қарастырады, әлемдік лингвистикадағы синхронды және диахронды, яғни тарихи лингвис­тика тұрғысынан зерттейді.
– Егер осыншама зерттеулер жү­зеге асса, неге тіл жалпыұлттық қол­данысқа жетпей отыр? Әлі күнге дейін айтылатын мәселелер – қа­зақша дұрыс әдістемелердің жоқ­тығы, 12 жыл орыс мектебін оқыған ба­ланың қазақ тілін білмей шығуы, шен­ділер үшін қазақ тілінің амандасу мен қоштасу тіліне айналып отыр­ғандығы, тағысын тағылары...
– Бүгінде көпшілік қазақша сөй­лейді, бірақ оның сапасы жо­ғары болмай жатыр. Бұл проб­ле­ма­ны әлеуметтік тілтаным тұрғысынан қарас­тырған мамандар мәселенің ше­шімін тілдің қоғамдық беделін арт­тырумен байланыстырады, кез кел­ген тілдің корпустық дамуы оның имиджі мен беделіне тәуелді еке­ні рас.
– Яғни, қазақ тілінің беделі тө­мен дегіңіз келе ме?
– Қазақ тілінің әлеуметтік бе­де­лі тәуелсіздік алған жылдан бері бұ­рын жетпеген шыңдарына жетті. Бі­рақ әлі де оның осал тұстарын кө­теретін шаралар керек. Осыған қа­тысты тағы бір мәселені Білім жә­не ғылым министріміз Ерлан Са­ға­диев анықтап отыр. Ол қазақ ті­лін екінші тіл ретінде үйрету әдіс­темесінің әлсіз тұстарын, қоғамның сұранысына жауап бере алмай отырғанын айтып жүр. Расында да, орыс мектебінде бала он жыл бойы қазақ тілін оқиды, бірақ бітіріп шық­қан кезде неге қазақша еркін сөй­леп кетпейді? Он жыл оқыған ба­ла қоғамдық өмірдің кез келген са­ласында қазақ тілін өз мақсатына қа­рай қолдана білуі керек емес пе?
– Бұл мәселені шешу үшін сіздер не ұсынып отырсыздар?
– Жыл басынан бастап тиісті жұ­мыстар атқарып, Білім және ғы­лым министрлігі әдістемені же­тіл­діру бойынша лексикалық ми­нимум­ның негізінде тілді үйретуді ұсы­на бастады. Сөйтіп, мамыр айын­да Тәуелсіздік алған жылдан бері бірінші рет Тіл білімі институ­ты­ның табалдырығын аттаған алғаш­қы министр – Ерлан Сағадиев бо­лып, ұжымға тіл үйрету әдісте­ме­сі­нің негізі ретіндегі қазақ тілінің жиі­лік сөздігін жасау тапсырмасы бе­ріл­ді. Ол қазақ тілін оқыту әдіс­темесін жетілдіру үшін оның ғы­лы­ми лингвистикалық платф­ор­ма­сын жасақтауды алға тартты. Бұл тап­сыр­маларды Институт жыл басы­нан бері әзірлеп келе жатқан «Қазақ ті­лінің ұлттық корпусын жасау жә­не әзірлеу» жобасы аясында орын­­дауға бел буды. Тіл білімі инс­титуты түркі елдерінің ішінде алға шығып, алғашқы жиілік сөздіктерді профессор Қ.Бектаевтың жетек­ші­лі­гімен өткен ғасырдың 70-80 жыл­дары-ақ шығарған болатын, ал қа­зіргі сөздігімізді филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов­тың іргелі еңбектеріне сүйеніп жа­сап отырмыз.
Әр заманның жиілік сөздігінің өз ерекшелігі, сол уақыт кезеңіне, ор­тасына, т.б. талаптарына қарай айы­рым белгілері болады. Өзге тілді мек­теп баласына арналған қазақ ті­­лін үйрету құралдары, оқулығы тиім­­ді болуы үшін онда балаға тү­сі­нік­ті сөздердің басым қолданылуы аб­­зал. Ә деп тіл үйрене бастағанда ба­­ла кез келген емес, белсенді қазақ сө­­зін оқып үйренсе, оны күнделікті ор­тасында жиі естігендіктен, са­на­сына жеңіл сақтап алады, ал ондай сөз­дер «ауыздан шығуға» асығып тұра­ды да, баланың сөйлеп кетуіне түрт­кі болады. Әдістемешілер мен оқу­лық авторлары, оқытушылар мен мұғалімдер, бала оқытып жүр­ген ата-аналар осындай сөздерді жиі­лік сөздіктен таба алады. Мұн­дай сөздік қазіргі қазақстандық кеңіс­тікте баршаға ортақ қоғамдық өмір салаларындағы тілдік ортада жиі кездесетін сөздерден құралуы үшін осы орталардағы мәтіндер ба­засында жасалды. Мәселен, жиі­лік сөздіктің ғылыми стилінің мә­тін базасына болашақта мектепте қазақ тілінде оқытылмақ болып жатқан кей­бір пәндерге қатысты, балалар энциклопедиясының, т.б. балаларға арналған пән әдебиеттерінің мә­тін­дері алынды. Көркем әдебиет стилі бойынша балалар әдебиеті мәтін­дері, әсіресе, бала тіліне салын­ған­да­ры, балаға икемделгендері көптеп жи­налды, публицистикалық стиль бойынша балаларға арналған мер­зімді басылым мәтіндері сұрып­тал­ды. «Балапан» телеарнасындағы әр­қилы ауызша бағдарламалардың стенограммасын қағазға түсіріп алдық, бұлар сөйлеу стилі мәтін­де­рінің базасына енгізілді. Осылайша, 6 млн 700 мыңнан астам сөз қолда­ныс­тан тұратын оқу дискурсына тән, оқушы баланың күнделікті тіл­дік ортасын қамтитын тілдің 5 н­е­гізгі стиліне қатысты жиілік сөз­діктің мәтін базасы қалыптасты.
– Оның ішінде ең көп қолданы­ла­тын сөздер саны қанша?
– Сөзтізбесі 39 мыңға жуық сөз­ден тұратын жиілік сөздік жасалды. Сөз­тізбеде о баста бұдан көп сөз бол­ды, алайда оларға сараптама жа­сау барысында варваризмдер, жер­гілікті сөздер сияқты әдеби нор­маға жат қолданыстарды шығардық. Кез келген тілде негізгі мағынадан гөрі қосымша мағына үстейтін кө­мек­ші сөздер жиілігі жағынан жо­ғары болып келеді. Қазақ тілінде де «бер», «бол» сияқты көмекші етіс­тік­тердің, «мен», «және» сияқты шы­лау сөздердің жиілігі жоғары. То­лық мағыналы сөздерден «бала», «сөз», «қазақ», «адам», «ел», «жер», «тіл» сияқты сөздер жоғары жиілік­тен көрініп отыр.
– Бала үшін 39 мың сөз тым көп емес пе?
– Иә, 39 мың сөздің барлығы қа­зақ тілін екінші тіл ретінде үй­реніп жүрген балаға қажетті бол­май­ды, әрине. Соның ішіндегі бі­рін­шіден бастап бастапқы 7 мың­ға дейінгі сөз мектеп түлегінің мем­ле­кет­тік тілде сәтті коммуникация жа­сауы үшін қажет болып қалуы әб­ден мүмкін. Біз мұны танымал пе­дагог, әдіскер, тілтанушы ғалым­дар­мен және Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибелі мұғалім­де­рімен, еліміздің білікті ұстаздары­мен біріге анықтап жатырмыз. Бір ерек­шелігі, біздің жиілік сөздікте мә­тінді қамту пайызы деген көр­сеткіш берілген. Ол көрсеткіштің маңы­зы зор, мәселен, сөзтізбедегі бі­рін­ші сөзден бастап 32-сөзге дейін­гі сөздерді білсеңіз, онда қа­зақша мәтіннің шамамен 20 пайы­зын, ал 78-сөзге дейінгі сөздерді біл­сеңіз 30 пайызын, 166-сөзге – 40 пайы­зын, 1-ден 311-сөзге дейін біл­сеңіз, 50 пайызын түсінетініңізді осы мәтінді қамту пайызының көр­сеткіші анықтап тұрады.
– Қазір әлеуметтік желілерді бай­қасаңыз, ағылшынның 800 сөзі не­месе 1000 сөзі арқылы тілді игеру курс­тары бар. Неге бізде осындай ша­ғын сөздіктер жасалмаған?
– Мұны дұрыс айтып отырсыз. Жиі­лік сөздіктің негізінде лек­си­ка­лық минимум дайындалғалы жа­тыр. Тілтанушы ғалымдар мен пе­да­гогтердің ортақ пікірі бойынша, шамамен 3000 сөзден бастап 5000 сөздің аралығында балаға қазақ тілін игертсе, онда оның мемлекет­тік тілде сөйлеп шығуына кепіл бар. Сол сияқты Білім және ғылым ми­нистрі орыс мектебінде баланың бірін­ші сыныпта үйренген 200 сөзі мек­теп бітіргенше, оқу жүйесінде бір­неше рет қайталануы керек деген та­лапты да қойып отыр. Осылайша, жыл өткен сайын оның тілдік қоры да көбейіп отыруы керек, ондағы әр­бір сөздің қайталануы да қадаға­лануы керек, сөйтіп, түлектеріміз мемлекеттік тілде кез келген ортада еркін сөйлеуі керек.
– Байқауымызша, ағылшын ті­лін­де бірінші кезекте етістіктер мен зат есімдерге көп мән беріледі. Біз үстеу, шылау, одағай дейсіз бе, бәрін де қамтығымыз келеді. Бәлкім, тілді ағылшын тіліндей жеңіл үйрету фор­масына көшкен дұрыс шығар?
– Әрине, оқытуды сөйлем құ­ры­лысы жеңіл мәтіндерден бас­та­ған абзал. Осындай талапқа сай оқу мәтіндерін құруға көмек болсын деп, ұсынылып отырған сөздікте әр­бір сөз табының жиілігі де шы­ғарылды. Демек оқулық не оқу ма­териалын құрастырушылар, сөз­дікке сүйене отырып, ең жиі қол­данылатын зат есімді, етістікті, сын есімді, үстеуді пайдаланып оңай сөйлемдер жасай алады.
– Бұл жиілік сөздіктің басқа сөз­дік­терден қандай артықшылығы бар?
– Институтымыздың ға­лым­дары қазақ тілінің әдістемесін жақ­сар­туға сеп боламыз деген игі ниет­пен бұл іске үлкен энтузиазммен кі­рісті. Сөздікте алғаш рет омо­ним­дер ажыратылды. Жалпы, кез кел­ген сөздікте омонимдерді, яғни бір­дей айтылып не жазылатын, бі­рақ мағыналары басқа сөздерді ажырату ісі ерекше күрделі, әрі көп ең­бекті қажет етеді. Орыс тілінің жиілік сөздіктерінің өзінде бұл мә­селе толық шешімін таппаған. Оларды ажырату ісін жеңілдету, яғни автоматтандыру үшін қазақ тілі­нің ұлттық корпусын жасау ке­рек. Біз бүгінде Қазақ тілінің ұлттық корпусына бастапқы тілтанымдық белгіленім қойылған 30 миллион сөз ­қолданыстық мәтін базасын ен­гіздік. Мұның өзі де жеткіліксіз, мә­селен, орыс тілінің ұлттық кор­пусы 300 млн сөз қолданыстан әл­деқа­шан артып кетті. Соның өзінде олар омонимдерді автоматты ажы­рату мәселесін шеше алмай отыр.
Бірақ, бұған қарамастан, инс­титуттың ғалымдары, жиілік сөз­дікте сөз таптарына қарай омоним­дер­ді ажыратты. Мысалы, «мен» де­ген шылау, сол сияқты «мен» де­ген есімдік бар. Яғни, сөздікте «мен» сөзі шылау және есімдік ре­тінде неше рет қолданылғаны бөлек көр­сетіліп тұр. Сөйтіп, бұл жиілік сөздіктегі мәліметтердің дұрыстық дең­гейі бұрынғы сөздіктерге жо­ғары. Екіншіден, сөздіктің түрлі нұс­қалары ұсынылды. Мәселен, әліп­билік-жиіліктік (сөздер әліпби бойынша тұрады) сөздіктен тұ­тынушы қажетті сөзді оңай таба қоя­ды. Жиіліктік-әліпбилік сөз­дік­те сөздер жиілігі бойынша орнала­сады, яғни ең жиіден ең сирек қол­даныс ретімен беріледі. Сол сияқ­ты қазақ тілінің барлық негізгі стильдері бойынша сөздердің жиі­лігі көрсетілді. Мәселен, ғылыми стильде «қара» деген етістік көбірек қол­данылады, ал көркем әдебиет сти­лінде «қара» сөзінің сын есімді омонимінің жиірек қолданылаты-ны бел­гілі болды. Тағы бір ар­тық­шы­лы­ғы, әрбір сөз табы бойынша жиі­лік бөлек берілді. Жоғарыда өзіңіз де ағылшын тілінде сөз тапта­ры­на қарай жіктеп, зат есім мен қи­­мылды білдіретін етістікті бірін­ші кезекте үйрететінін айттыңыз. Сол тұрғыдан оқулық құрастыру­шы­­ларға жеңіл болу үшін жиілік сөз­дікті әрбір сөз табы бойынша да алып шықтық.
– Бұл сөздік қашан шығып, әдіс­те­мелерде қолданылады?
– Бұл тіл үйрету әдістемесін жақ­сартудың мықты базасы бол­мақ. Жалпы, жиілік сөздікке қатыс­ты жұмыстардың барлығы аяқтал­ды. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта оны ре­дак­торлық жұмысқа беріп, басы­лым­ға дайындаймыз.
Жалпы, кез келген пәннен оқу­лық жазғанда авторлардың жиілік сөздікке жүгінгені жөн болады. Екін­шіден, жиілік сөздік қазақ тілі­нің курстарын оқытатын жоғары оқу орындарының оқытушыларына керек. Қоғамдық-гуманитарлық ғы­лымның түрлі саласының зерт­теу­шілері үшін де қажет. Бұл – тілі­міздің қазіргі даму деңгейін, бет-бейнесін көрсететін сөздік. Сая­сат­керлер үшін де таптырмайтын құрал дер ем. Егер сіз халыққа сөзім жет­­сін десеңіз, онда жиі қолданы­л­а­тын сөздерден сөз құрауыңыз қа­­жет.
– Әңгімеңізге рақмет!
(сұхбатты aikyn.kz үшін дайындаған журналист Камшат Тасболат)
Әрі қарай

ҰБТ мектеп емтиханын қайталауы қажет пе?

Білім және ғылым министрлігі ұлттық біріңай тестілеу және мектеп бітіру емтихандары жөнінде орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатын өткізді. Мұнда ҰБТ мен мектеп бітіру емтихандарының тапсырылу реті, тәртібі туралы айтылды. Жаңа ережелер оқушылардың психологиялық-моральдық дайындығы, оңтайлығы мен практикалық тұрғыда тиімділігі тұрғысында ұнады. Дегенмен, байқап отырсақ, мектеп бітіру емтиханы мен ҰБТ емтихандарының арасында қайталанатын пәндер бар.
Түлектер келесә пәндер бойынша мектеп бітіру емтиханын тапсырады:
1) Қазақ тілі мен әдебиеті ( эссе жазу);
2) Алгебра жəне анализ бастамалары (жазбаша емтихан);
3) Қазақстан тарихы (ауызша емтихан)
4) Орыс тілі (тест)
5) Таңдау пәнінен емтихан
Емтихан тапсыру барысы қатаң қадағаланады, сұрақтарын ұлттық біріңғай тестілеу орталығы дайындайды.
Ал ЖОО түсу үшін ҰБТ тапсырады. Бұл тестілеу ЖОО өткізіледі және келесі пәндерді қамтиды:
1) Оқу сауаттылығы
2) Математикалық сауттылық
3) Қазақстан тарихы
Таңдаған мамандығына байланысты қосымша екі таңдау пәні бар. Қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша эссе тақырыптары өзгеруі мүмкін. Әдетте мектепте "Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл", «Елін сүйген, елі сүйген елбасы», «Туған тілім — тұнығым», «Тәуелсіздік — тұғырым» деген сияқты. Ал университетте «Мен бұл мамандықты неліктен таңдадым», «Астана әлем назарында», «ЭКСПО- ел мерейі» деген сияқты тақырыптар ұсынылады. Ал Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар өзгертілмейді. «Айрмасы болмаса, артық төлеп не керек?» дегеней, бір сабақ бойынша емтиханды екі рет өткізу қажеттілігі бар ма? Кейін абитуриенттен студентке айнаса, бірінші курста бір семестр бойы Қазақстан тарихын қайта тереңдетіп оқып, мемлекеттік емтихан тапсырады. Қазақстан тарихын жадынан кетпейтіндей етіп емтихан алу қажет болса, сол жерден есе алуға болады. Ал оған дейін түлектердің миын босқа ашытпай, таңдаған кәсібіне бет бұруға, бейімдеуге мүмкіндік берген жөн болар еді.
Әрі қарай

Астанада сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастырылды

Қыркүйектің 26-27 күндері Астанада Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Астана Парламентаралық форумы өтті. Аталмыш жиынға 20-дан астам елдердің парламент депутаттары, саясаткерлері мен сарапшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың өкілдеріқатысты.Форум қатысушыларын құттықтаған Мәжіліс Төрағасы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған осы форумның Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуіне айрықша назар аударды.

Білім және ғылым: Астанада сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастырылды

Форум аясында «Rixos President Astana» қонақүйінде елеулі танымдық маңызы бар сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Мемлекеттік тарих, Әдебиет, Шығыстану, Философия, Археология, Экономика, Тарих институттарының туындылары, сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ­­ Ғылыми кітапханасындағы өте құнды сирек кітаптар мен қолжазбалары қойылды.

Білім және ғылым: Астанада сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастырылды

Ұйымдастырылып отырған бұл шараның ең көне жәдігері — ХІХ ғасырда Стамбулда басылып шыққан қасиетті Құран кітабы. Бұл еліміздегі ең көне кітап деуге болады.
Әрі қарай

Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Биыл білім саласында біраз өзгерістер болғалы тұр. Үш тілде оқыту туралы жазбай-ақ қояйын. Өзім ұстап, оқып, тексеріп көрген «жаңалықпен» бөлісейін. Балалары мектепке баратын ата-аналар жақсы түсінеді. Баланы мектепке жинау тек қалтаға ғана емес, жүйкеге де, қимыл-тірек аппаратына да салмақ салады. Киім-кешегін, портфелін, дәптер-қаламын сатып аласың ау, әупірімдеп. Содан соң кітап жыры басталады. Математиканы «Атамұрамен», орыс тілін «Алматыкітаппен», ағылшын тілін «Просвещениемен», ән «Мектеппен» кете береді осылай… Жүргенің сосын қаланың бүкіл кітап дүкенін жағалап…
Биылғы оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары бірыңғай оқулықтармен оқитын болады. Яғни, барлық мектептің бірінші сынып оқушылары бір кітаппен оқиды. Мейлі Nazarbayev зияткерлік мектебі болсын, Дарын мектебі болсын, Созақ ауданының Иманов атындағы орта мектебі болсын. Қателеспесем 2019 жылғы мектеп оқушыларының барлық сыныптары осындай бірыңғай оқулықтарымен қамтылады ғой деймін.

Кітаптардың авторлық құқықғы БҒМ тиесілі болады. Баспалар әртүрлі. Мысалы, «Сауат ашу» оқулығын «Атамұра» баспасы, орыс тілін «Алматыкітап» баспасы шығарады. Неге дәл осы оқулықтар десеңіз, бұл министрліктің еркелігі емес. Былтыр 30 мектепте өткізілген, 9 баспа үйінің оқулықтары сараланып, ата-аналар, оқушылар, педагогтар, сарапшылар қатысқан эксперменттің нәтижесі. Ең үздік кіаптарды Білім және ғылым министрлігі бекітіп, енді барлық білім беру мекемелеріне ұсынып отыр.

Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Сондықтан бұл кітаптарды өзім сынап көрдім. Енді артықшылығы мен кемшіліктерін айтайын.
Артықшылықтары:
1. Енді әр баспаның есігін сығалап, дүкен аралаудың қажеті жоқ. Барлық кітаптарды мектептен аламыз.
2. Бір оқулық, бір бағдарламамен дайындалғандықтан, біріңғай ұлттық тестілеуде жауаптардың әр алуандығы болмайды. Былтыр мектеп оқушылары ҰБТның 289 сұрағына шағымданған болатын. Мысалы, Ұлы Отан соғысының басталуы бір оқулықта 22 маусым түнгі сағат 3-30 десе, енді бір оқулықта таңғы сағат 4-01 минут, енді бірінде 3-50 минут деп беріледі.
3. Оқулықтардың авторлық құқықтары ҚР Білім және ғылым минстрлігіне тиесілі. Енді кітаптан қателік кетіп жатса, бұрынғыдай баспаға ысыра салмайды. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Соған қарағанда оқулықтардың сапасына да сенімді болар.
4. Тең мүмкіндіктер. Маған білім және ғылым министрі Е. Сағадиев бір сұхбатында «элита мектептер немесе әлсіз мектептер болмауы тиіс! Қазақстан мектептерінің деңгейі әртүрлі. Қайсібірінің айырмасы жер мен көктей. Біздің барлық мектептердің деңгейі жоғары болуы қажет.» деген еді. Ауыл баласы қашанғы ауылдық квотасына алға тарта береді. Ауылдағы білім нашар деген стереотипті бұзатын уақыт жетті. Мақсат ауыл баласын квотадан айыру емес, тең мүмкіндіктер беру. Барлығы бір оқулықпен оқиды, қосымша білім алам десе, бәрекелді. Мұғалімдер оны да бере қояды.
5. Жемқорлыққа жол жоқ. Бұрын мейілінше көп мектептің бір баспа кітаптарын алғаны «біреулерге» жақсы болатын. Мысалы, бір мектеппен келіссеңіз, онда кемінде 5-6 мың бала білім алады. Оқулықтың ең арзаны 500 теңге. Бір ғана оқулықтан 25 000 000 теңге. Ал аудандық білім беру басқармасымен сөйлессеңіз, құдай жарылқады дей беріңіз. Тегін емес, әрине… Ал енді бірегей кітап болған жағдайда, кітабыңыз не тізімге енеді, не ешбір пара көмектеспейді. Сіздің кітабыңыз бекітілуі үшін еш конверт көмектеспейді, тек кітап сапасы маңызды.

Кемшілігі.
1. Бағдарлама бірдей. Сенде бар оқулық барлық мектептерде бар. Ал енді бәйгеден озып келер жүйріктерді дайындай ғой. Бұл жерде бар салмақ мұғалімге түсетін сияқты. Сондықтан енді элита мектептерге емес, білікті мұғалімге сұраныс арта түседі. Хм, мұны енді кемшлік деуге келе ме екен… Бірақ жақсы ұстаздар әрқашан аз ғой.
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Енді оқулықтардың өзін сынап көрейік. «Сауат ашу» оқулығы. 1-сынып оқушыларына арналған.
Артықшылықтары
1. Оқулық атауын байқадыңыздар ма? Әліппе де емес, Ана тілі де емес, Сауат ашу. Бұл оқу мен жазу оқулығының интеграциясы депті жасақтаушылар. Бұрын бірінші сыныпта мен өмірі естімеген ақын-жазушылар жүретін еді. Бұл оқулық мазмұнынан мін таба алмадым. Жарасқан Әбдірашев, Мариям Хакімханова, Бауыржан Жақып сияқты ақындардың өлеңдерін көріп қуанып қалдым.
2. Қате жоқ!!! Шынымды айтсам оқулықты ежіктеп екі күн оқыдым. Дәлірек айтсам қате іздедім. Таппадым)) Айтпақшы, екі томдық кітаптан түсінбегенім тек бір жұмбақ қана болды. Бір күн бойы бас қатырған жұмбақтың жауабын Аршат Ораз бірден тапты.
3. Кітап көлемі, бұрынғыдай кішкентай Б5 емес, Б4 форматы. Мәтін мен суреттер кеңінен орналастырылған. Дизайны көзді талдырмайды.
4. Бет көлемімен қоса, шрифті де үлкейген.
5. Суреттерінің сапасы тым жақсы. Түстер тым қанық емес, көзді шаршатпайды. Пастель тондар қолданылған. Бұл психикалық жағынан да балаға жағымды сияқты.
6. Кітапта топтық жұмыс, жұппен жұмыс, өз бетімен іздену, ойнау, ойлау, күрделі тапсырма, тыңдау, жазу, тағы басқа командалар белгіленген.
7. Авторлар. Беделді әрі білікті. Педагогика ғылымдарының докторы Әзия Елеупанқызы Жұмабаева, Абай атындағы ҚазҰПИ бастауыш сыныптарға білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Гүлнар Инаматқызы Уаисова. Кітап сапасына, мазмұнына қатысты күмәнім қалмады. Сізде ше?
8. Жеңіл. Қағаз сапасы жоғары. Бір оқулық салмағы 100 грамнан аспайды.

Кемшіліктері
1. Мұқабасы жұқа. Ойлана келе кітап жеңіл болуы үшін мұқабасы жұқа болды ма дедім. Қалың мұқабалы кітаптарды рюкзаңына салып мықшыңдаған қызымды елестетіп, бұл пункт кемшілік емес, артықшылығы шығар дедім.
2. Ағылшын тілі оқулығының ғана электронды нұсқасы бар екен. Басқа кітаптардың электронды нұсқасы жасалса ше? Әй бірақ баланы онсыз да планшеттен айыра алмай отырғанда бұл дұрыс емес шығар. Оның үстіне ватсапта баланың есебіне жабылып шығаратын ата-аналар елестеп, мұның да болмағанына шүкір дедім.
Әзірше осы. Баланың да менің де болашағым олардың алған біліміне байланысты. Қартайғанда зейнетін көру үшін балаңыздың біліміне зер салыңыз. Айтпақшы, бала білім мен тәрбиені тек мектепте ғана емес, үйде де алады. Ертең балаңыз ержеткенде мұғалімін емес, сізді асырайды ғой иә? Сондықтан бала тәрбиесін мектепке, мұғалімге ысыра салмаңыз. Бірақ, бала үшін сабақ оқып, тапсырма орындаудың да қажеті жоқ.

Айтпақшы, қызық жұмбақтың жауабын тауып көріңіз ;)
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері
Әрі қарай

Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңіз

Кеше сағыз, бүгін майнкрафт сұрап жүрген балаңыз өсіп, бірнеше жылдан соң әлеуметтік желіге келеді. Сол кезде оның әлеуметтік желілерде көт жыртысып отырғанын қалайсыз ба әлде "құсық арасынан жеуге жарамды ыстық картоп іздеп отырғанын" қалайсыз ба? (бұл теңеу өзіме де ұнап қалды :P ) Құсық жағаламауы үшін қазірден бастап балаңызға сыни көзқараспен қарауды, фактіні сыннан өткізіп қабылдауды үйреткеніңіз жөн.

Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізБіз әке-шешесінен бастап (аяз атасы да, жыласаң алып кететін орысы да бар болсын!), тәрбиеші, мұғалімі, көршісі, газеті, радиосы, теледидары, көсемі алдаған буынбыз. Біз де есесін қайтармай қалғанымыз жоқ әрине. Бірақ проблема олардың алдауында емес. Біздің сенуімізде. Әлі де сене береміз. Өзіміз өтірігімізді нықтау үшін теледидардан көрдім, газеттен оқыдым дейтін едік. Практикамды «Н» газетінің редакциясында өттім. Сонда апталық жұлдыз жорамалды шалдардың қалжыңдасып-қауқылдасып отырып сүйкей салатынын көре тұра, апталығын да, күнделіктісін де қалдырмай оқитындардың бірі едім… Қазір кез-келген БАҚ шошқаның сүйегін тастаса да, имандысмыз бар, имансызымыз бар бір бірімізден жұлып мыжғылаймыз-ау. Қазіргі адамдардың арасында өз бетімен бірнеше сайтты ашып, жаңалықтар оқитындар бірен-саран. Кәсіби саясаттану, журналистика не сол сияқты басқа да салада болмаса. Әлеуметтік желіде кім не шайнап берсе, соны жұта салады. Бірақ "өз көзқарасы", тіпті боқжағысуда өз принципі мен әдістері бар.

Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізМүмкін қазір сол алданған буынмен арпалысудан гөрі, өз балаларымыздың бойында ақпаратқа иммунитет қалыптастыру керек шығар. Не болса соны жұтпасын, бұрыс болса да әр нәрсеге өз көзқарасы болсын, БАҚ тарататын ақпаратты қабылдай білсін. Бұл үшін балаларға ең негізгі қағидаларды түсіндірген абзал.

  • Сайттардан, теледидардан көретін, газеттен, кітаптан оқитын, радиодан тыңдайтын дүниенің барлығы қарапайым адам қолымен жасалады. Олар құдай емес. Кез келген хабарламаның «месседжі» бар. Балаларыңызбен бірге тауып көріңіз.
  • Кез-келген БАҚ белгілі бір ережелерге бағынады, өз тілі, коды бар. Мысалы, газет — маңызды ақпаратты беру үшін қою шрифтті, түрлі «дизайнерлік хитукелерді» пайдаланады. Дыбыстық бағдарламаларда адам эмоциясына әсер ету үшін музыка қолданылады. Кейде логика қабылдамайтын дүние, эмоция арқылы тыққышталады. Адамды көндіру үшін 15% шындық пен 85% эмоция қажет («Шоушенктен қашуда» айтылған пікір). Видеоойындарды алдымен дыбыссыз, содан соң дыбыстық сүйемелдеуімен ойнатып көріңіз. Дыбыс қосылғанда эмоция да шектен шығып кетеді. Манипуляция қалай жасалатынын түсіндіріңіз, визуальді эффектілер туралы сөйлесіп көріңіз. Мұндай эффектілер қандай әрекетке итермелеуі мүмкін? Көңіл көтеру, тауар сатып алу, немесе қандай да бір басқа нақты әрекеттер. Неұүрлым көп срақтар қойып, баланың өзіне сол сұрақтардың жауабын табуға көмектессеңіз, соғұрлым оның иммунитеті күшейе түседі.
  • Демеушілер кімдер? Көптеген балалар жобасында, бағдарламаларында, мультфильм, кино өнімдерінде демеушілерге жарнама жасалады (ауызша, логотиптерін, өнімдерін көрсету). Мұның себептерін, демеушілердің пайдасы мен ниетін ашық түсіндіріңіз.
  • Жарнамаға қатысты жарнамаланатын және жарнамасы жасалмайтын өнімдерді алып, өздерінің салыстыруына мүмкіндік беріңіз. Жарнамалық мифтерді өзі ашсын. Қорап сыртындағы әшекейлердің, суреттердің мағынасын түсіндіріп көріңіз. Мысалы таңғы ас пен космос байланысын, тоқаш пен велосипедке мінген аю көмегімен жасалған ертегі туралы сұраңыз. Осындай ертегілерді шығаратын адамдар, олардың кәсібі туралы айтсаңыз да артық етпейді.
  • Үлкендер әңгімесі. Балаңыздан темекінің, сыраның, басқа да ересек адамдар тұтынатын тауарлардың маркасын сұраңыз. Қаншасын айта алады, олар туралы не біледі? Өздері ешқашан тұтынбаған тауар туралы бөгденің сөзіне еріп шешім шығармауын ескертіңіз. Балаңызбен бірге бейнеклиптер қараңыз. Алдымен бейнеклипті дыбыссыз көрсетіңіз. Бейнеклип не туралы екенін сұраңыз. Кейін әуенімен қосып көрсетіңіз. Сөздері мен бейне дерек сай келе ме? Қандай да бір стереоптипті образдар, есірткі, алкоголь, зорлық насихаты байқала ма?
  • Күніне аз уақы болса да балаңызбен бірге жаңалық, хабар көруге тырысыңыз. Бұрын адамдар балаларын үйрету үшін аңға ертіп барған. Қазір аңшылық ақпараттық кеңістікте екенін ұмытпаңыз. Балаңызбен аңды бірге аулаңыз.
  • Балаңыздың қандай ойын ойнайтынын, қандай бағдарламалар қарайтынын, қандай мүльтфильмді жақсы көретінін біліп жүріңіз. Егер белгілі бір контент ұнамаса, балаңызға неге ұнамайтынын түсіндіріңіз. Бірақ шектемеңіз. Ол дұрыс шешімге өзі келуі қажет. Мұны өзіне баса айтыңыз.
  • Балаңызбен жиі әңгімелесіңіз. Оның өмірге өз көзқарасын қалыптастыруға көмек беріңіз. Теледидардағы, интернеттегі виртуал өмір мен реал өмірдің айырмашылығын көрсетіңіз.
  • Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізӘр айтылған, жазылған ақпаратқа сеніп, қабылдай бермеңіз. Тіпті менің жазбамды қабылдауыңыз шарт емес. Ешкімге сенбеңіз!
Әрі қарай

«Karaganda Invest 2016» Халықаралық Инвестициялық Форумы өтті

Сәуірдің 27 күні Қарағанды қаласында биыл төртінші рет «Karaganda Invest 2016» Халықаралық Инвестициялық Форумы өтті. Форумға биыл мыңнан астам адам қатысты. Олар шағын және орта бизнестің, әлеуетті инвестор-компаниялардың, ұлттық компаниялардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өкілдері.

Блог - Basic: «Karaganda Invest 2016» Халықаралық Инвестициялық Форумы өтті

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың айтуынша биылғы «Karaganda Invest 2016» форумы тек қана Қарағанды облысының емес, Қазақстанның басқа да аймақтарының инвестициялық жобаларын ұсынған алаң болғанымен ерекшеленген. Бұл жолы Қарағанды аймағының жобаларынан басқа Павлодар, Солтүстік-Қазақстан және Ақтөбе облыстары жобаларын ұсынған екен.

Форум спикерлері ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі вице-министр Альберт Рау, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ахметжанов Әнуар, Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілеттігі басшысының орынбасары Жүнісәлиева Ғалия, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры»АҚ Басқармасының төрағасы Тлеушин Қаныш, Директорлар кеңесінің мүшесі, «SAT & Comany» АҚ басқармасының төрағасы Саурамбаев Нұрлан, «Атамекен»ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасы төрағасының орынбасары Шотанов Төлеміс, сонда-ақ, Джефферсон Траст Гонг Конг Аймақтық директоры Фурузонфар Зехни болды. Жалпы мәжілістен соң «Жер қойнауын пайдалану және энергетика: «Дәстүрлі салаларға жаңа көзқарас», «Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін жүзеге асыру» және «Қарағанды облысы—инвестициялардың жаңа көкжиегі» тақырыптары бойынша үш секция өтті.

Блог - Basic: «Karaganda Invest 2016» Халықаралық Инвестициялық Форумы өтті

«Karaganda Invest 2016» айтулы нәтижелерінің бірі жергілікті және халықаралық Меморандумдар мен Инвестициялық келісімдерге қол қою деуге болады. Қарағанды, Солтүстік — Қазақстан, Атырау, Аөтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы аймақаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімдігі мен Түрік Республикасының Эскишехир провинциясының Үкіметі арасында Ынтымақтастық және 2016-2018 жылдарға достық байланыстарды орнату туралы келісімдерді жүзеге асыру бойынша ісшаралар жоспарына қол қойылды.

Форум барысында түрі жобалардың презентациясы, компаниялардың көрмелері, инвесторлармен кездесулер болды. Яғни шара инвестицияларды іздеуге және алуға, инновацияларды, технологиялар мен оларды қолдану тәжірибесін алмасуға арналған орталықтандырылған платформаға айналды деуге болады.

Блог - Basic: «Karaganda Invest 2016» Халықаралық Инвестициялық Форумы өтті

Айтпақшы, Форум аясында әлеуетті инвесторлардың агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік-жеке серіктестік, құрылыс индустриясы мен туризм секілді аймақ үшін маңызды бағыттарды инвестициялауы үшін жалпы сомасы 1.5 трлн теңге болатын 151 инвестициялық жоба ұсынылды. Меніңше, адам болам, ұрпағым бақуатты елде өмір сүреді дейтін азаматтар, жер дауын емес, бизнес-форумдар, стартап-жобалар қуса, Қазақстан жақын онжылдықта дамыған елдер қатарына кіруіне толық мүмкіндік бар.

Өнер-білім бар жұрттар...

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде білім беру жүйесіндегі реформаларға қатысты әңгіме көбейіп кеткен соң ба, Білім және ғылым министрі бір топ блогерлермен кездесуге ұсыныс жасады. Келістік. Бардық. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытында гаджет, смартфон ұстауға тыйым салатын заңнаманың күшіне енуіне байланысты кездесуге «қару-жарақтарымызбен» кіре алмадық. Сондықтан министр Ерлан Сағадиев мырза айтқан сөздерінің есімде қалғанын, көкейіме қонғанын баяндайын.

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

Реформа не үшін қажет?
Қазақстандық мектеп оқушылары еуропалық қатарластарынан екі жылға кенже қалған. Бұл PISA (Programme for International Student Assessment) мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалайтын халықаралық бағдарлама қорытындысы. Яғни сіздің 8-сынып оқитын балалардыңыздың білімі Еуропалық 6-сынып оқушысының білім деңгейінде. Бұған әсер ететін факторлар әрине көп, бірақ бастысы тіл. Ғылым қазір күн сайын қарыштап дамуда. Ғылым тілі ағылшын тілі екені белгілі. Онда ол ақпарат ағынын аударуға тырысу мүмкін емес. Осы орайда Ерлан Кенжеғалиұлының TEDxте сөйлеген сөзі есіме түсті. Көрмесеңіз, көруге кеңес беремін. Жалпы аудармаға қатысты, тағы бір мәселе — терминдер. Егер қазақ тілін музей экспонаты сияқты сақтағымыз келсе еркіміз. Бірақ біз тілді қолдануымыз, модернизациялауымыз, дамытуымыз қажет. Түсініксіз аудармадан гөрі, түсінікті «кірме» сөздер артық. Мысалы, медициналық оқулықтағы 30 мың сөздің аудармасы жоқ екен. Егер сол сөздерді түгелімен қазақшаға аударар болсақ, мен осы кітаппен оқыған дәрігерге қаралғанша, шетелде емделе берер едім.

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

STEAM білім беру
STEAM (S – science, T – technology, E – engineering, A – art, M – mathematics) қазіргі кезде әлемге ең қажетті пәндер. АҚШ, Малайзиядағы білім беру реформасы мен экономикасының бәсекелестігін арттырудың синонимі осы STEAM білім беру болады. Қазақстандағы реформа (реформа деу артығырақ, бұл жобаның әзірленіп, қолға алынғанына біраз жыл) бойынша информатика, химия, физика және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылмақ. Дәлірек айтқанда, оқулықтар ағылшын тілінде болады. Ал оқытушы өз ыңғайына қарай қалаған тілінде түсіндіруге құқылы. Информатикадағы терминдердің дерлігі ағылшын тілінде екенін ескерсек, бұл логикалық дұрыс шешім деуге болады. Осы өзгерістер бір күн, бір жылда емес, кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тіліне өтеді. Қалған пәндер 2020 жылға дейін біртіндеп көшіріледі. Кадр мәселесіне келетін болсақ, ниеті, бейімі бар мамандар жазғы демалыс кезінде ағылшын тілін үйренеді. Қазірдің өзінде ҚТЛ, Назарбаев мектебінің оқытушы, оқушылары волонтерлік негізде жұмыс жасауға тілек білдіріп отыр.

Өзгенің қаңсығын таңсық қылып...
«Менің Өзбекстанға бірнеше рет сапарым түсті. Тарихы, мәдени жәдігерлері бай ел. Бірақ ол жаққа тағы барғым келмес еді. Себебі кедей халық, төмен тұрмыс деңгейі, жоқшылық. Ал салыстырмалы түрде Азиядағы елдер — Корея мен Жапонияға қанша барсам да қызық. Мәселе мәдениетте емес. Өмір сүру деңгейінде, тұрмыс-тіршілігінде. Өз еліңнің экономикасы, білім-ғылымы, әлеуеті жоғары болса, жастарымыз сакураға тамсанып, кәріс сериялдарын тамашалап, Америка арманы туралы қиялдайды деп ойламаймын. Бай ел әлемді тамсантатын мифті қолдан болса да жасап ала алады».

Блог - Basic: Өнер-білім бар жұрттар...

Ауыл баласының зоотехник болуы шарт емес
Ауыл және қала баласының арасы алшақ. Білім деңгейі әртүрлі. Қазір не үшін ауылдарға интернет тартып әлек болып жүрміз? Уақытын қызықты өткізуі үшін емес, тең мүмкіндік алсын деп. Мектептерде ағылшын тілі енгізілсе, біздің оқушылардың білім көкжиегі де кеңейеді. Ауыл мектебінің түлегі Каир, Кембридж, Оксфорд университеттерінің есігін именбей ашсын десек, ағылшын тілі пәнін енгізу қажет. Тіпті француз тілі 16 мемлекеттің ресми тілі бола тұрса да, француздар 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін енгізді. Бұл ұлтының тілін кемсіту емес, болашағын ойлау.

ЖОО туралы бірер сөз
Жоғарғы оқу орындарындағы профессор-оқытушылардың ғылыми дәрежесі мәселесіне келсек. Қазіргі кезде жасы келіп қартайса да, білім берудегі басшылықты уысынан шығарғысы келмейтін профессорлар барын білем. Барлығы емес, кейбірі кәсіби құндылығын жоғалтқан. Сонда да кафедра меңгерушілігіне таласу, өз адамдарын жинау сияқты жоғары білім сапасын кері тартатын әрекеттер жасайды. Бұл оқу процесіне, сапалы мамандар даярлауға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір оқытушылар құрамындағы ғылыми дәреже көрсеткішін аздап өзгерту керек. Зейнет жасындағы, кәсіби тұрғыда деңгейі төмендеген профессорларды шығарып салатын кез келді. Штаттық құрамның 30% — PhD докторлар, 60% — магистрлер, қалған 10% — кәсіби практиктер (өз саласында кемінде 2-3 жыл басшылық қызмет атқарған) болғаны жөн.

P.S. Негізі айтқан уәждері осы. Айтпақшы, елді қол жинатып, «жаға ұстатқан» реформалар туралы бірер сөз. Жазғы демалыстың ұзартылуы:
1-сынып оқушыларының жазғы демалысы небәрі 5 күнге кемиді.
Орта және жоғары сынып оқушыларінікі бар болғаны 10 күнге қысқарады.

Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылатын пәндер (барлық мектептерде):
Ағылшын тілінде информатика, биология, химия, физика пәндері оқытылады (10-11 сыныпқа ғана қатысты).
Қазақстан тарихы, Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті қазақ тілінде ғана оқытылады (6-сыныптан бастап)
Орыс тілі мен әдебиеті (бұл екі сабақ бірікітіріледі), дүниежүзі тарихы орыс тілінде оқытылады.
Әрі қарай

Ассоциация ойнайық

Көпшілігі бұл ойынды білетін болар. Дегенмен қайталап жіберейін.
Мен бір сөзді жасырамын. Мысалы, көбелек. Бұл сөзді буынға бөлемін. Осы әр буыннан басталатын сөздерге ассоциация 3 сөз жазамын.
Кө: (көкөніс) 1. Жеміс, вегетариан, бақша
бе: (безбүйрек) 2. қатыгез, сезімсіз, тасжүрек
лек: (лексус) 3. автомобиль, RX, жапония
Түсінікті ғой? Еншеде, ал кеттік!

1. Төре; Ысқақ; Байбек.
2. Вибрация; Дұғалова; Тоңғақ.
3. Ұйқы, Үрей, Кома.
4. Көпшіл, Өзімшіл, Жіктеу есімдігі.
5. Дөрекі, Балуан Шолақ, Зіркілдеу.
Әрі қарай

Түн

Түн. Кішкентай кезімде жек көретінмін. Түн болмаса екен деп ойлайтынмын. Сол кездің ассоциациялары: Аленький цветочек — мамам осы ертегіні ғана айта беретін. Қоңыр көрпе — әжем бізге арнап түйенің жүнінен тіккен көрпесі. Папам ертегі айтқанда кейде осы көрпені иіскейтін. Мамасын сағынған шығар. Қасқырлар — көшеде түнде қасқырлар жүреді деп ойлайтынмын. Мастар — көшеде сәл шу шықса, әне мастар жүр деп қорқытушы еді.
Блог - Basic: Түн
Түн. Он-он екі жастамын. Ауылдағы жазғы түндерді жақсы көретінмін. Ойыннан түн ішінде келетін едік. Қазір есіме түсетіні: Қорқынышты әңгімелер — ол кезде мастардан да, қасқырдан да қорықпайсың. Қорқатының қызыл перчатка, ақ адам, қара радио. Алқа-қотан отырып алып, бір біріңе тығылып, қорқынышты әңгімеден қалш-қалш етіп. Кейде құлағыңды жауып аласың. Не зорлық деймін де қазір. Сосын, көршінің огороды. Ел жатты ау дегенде, іші пысқан балалар көршінің огородына түседі. Не ұрлайды дисіз, баяғы қияр мен қызанақ. Кедйе ауыл сыртындағы орыс шалдың жүгерісіне түсеміз. Үйдегі огород көршілердікінен екі есе үлкен. қиярлар жиналмай сарғайып кетеді. Бірақ көршінікі тәтті ғой.
Сосын Тоқылдақ. Картошка немесе тасты жіпке байлап қойып, ақрын барап терезе жақтауына шеге не скрепке тығып қоясың да, соған іліп анааау жерге тығылып жіпті тартасың. Әлгі үйдің теезесін тық-тық қағып. Ең есуас көршіні таңдаймыз ғой. Бажылдап шығып, тырқыратып қуатын.
Ең әдемі, ең жарқын ассоциация жұлдыздар. Ондай жұлдыздарды кейін көрмеген сияқтымын. Үйге қайтып келе жатып аспанға қарайсың. Жұлдыздар көп болса, ертең жылы болады. Жылы болса, өзенге барамыз деген сөз. Жыпыр жыпыр етіп тұрады ғой. Өздері жап-жарық, үп-үлкен.
Бұл кезде ешкім ертегі айтпайды. Есесіне сенің қиялың Андерсеннің ертегілерінен де ғажайып.
Блог - Basic: Түн
Түн. Бойжеткенмін. Құрсыыын. Дым қызығы жоқ. Үйге жылдам бару керек. қазір тағы сөз естимін ау. Сонда бір қызық болсашы, сол ұрысты естуге тұратындай. Мамаға бір-екі сағаттан кейін келем дейсің де. Ұрысса міңгірлеп «айттым ғой бір-екіде келем деп»… Жүйкеңді тоздырыппын ғой)))
Ғашық болған түндер. Түндер шынымен барқыт қой. Ай ше? Күннен әдемі ғой. Жұлдыздар шынымен жымыңдайды. Әрине, бала кездегідей емес, бірақ сәл болса, сол жұлдызға жетейін деп тұрсың ғой. Қолыңды созсаң болғаны))) Шегірткелердің дауысы не деген тәтті еді. Тәтті жаз, ыстық дем, қысқа түн.
Блог - Basic: Түн
Түн. Қазір түн ұзааақ болса екен деп тілеймін. Енді әдемі жұлдызды түндер экранның мониторында ғана болатын шығар… Балалар ұйықтады, үй шаруасын да бітіргендеймін. Енді бір материалды жазып тастау керек. Ми істемей тұр, тоңазытқышта не бар екен. Қарным ашып кетті ғой. Бутербродымды жеп отырып видеоны қарай салайыншы. Мыналар онлайн боп тұр ғой. Неге ұйықтамайды екен осы жұрт. Қой, киноның жалғасын сосын көрем. Бір сағат жұмысымды жасайын. Әлде ертең ерте тұрып «на свежую голову» кірісейін ба? Ой, білем ғой қалай жасайтыныңды. Өшір давай интернетті… Қой, сағат алты боп қалыпты. Жатайын, ертең ерте тұру керек.
Блог - Basic: Түн
Әрі қарай

Шықпасаң шықпа алдымнан...

Студент кезде каникулда үйге оралған күшті еді ғой. Қазіргідей күй талғамайсың. Қандай поез, қандай вагон, тіпті орның маңызды емес. Неге екенін қайдам, мен мінген пойыздардың барлығы таң алакеуімде жететін. Мамам мен папама айтпай сюрприз жасағанды жақсы көретін едім. Ұйықтап жатқанда сып-суық боп жетіп барам. Олар ұйқысынан оянбаған, аң-таң. Бірақ келетінімді, вагонымды міндетті түрде ағама айтам. Ол қарсы алады ғой. Сол кезде үйге таксимен келмеппін ғой бір де бір рет.
Ал Алматыға оралғанда такси түгіл троллейбуспен жеткен кездер де болған. Поездан түскенде, аш биттей жабысқан таксилерге жыным ұстайтын. Неге екенін қайдан білейін))
Келген қалаңда ешкім қарсы алмаса вокзалдан, әуежайдан, бірден бөтен қала режимі қосылады. Еркінсімейсің. Қабағыңмен қоса, ішіңдегі дүниеңді де қатайтып аласың. Сол режиммен бөтен қалада өмір сүресің.
Тіпті студенттің кезең өткеннен кейін де есеймедім)). Іссапардан, демалыстан оралғанда да біреу күтіп тұруы керек. Егер күтіп алмаса, өзімді бір жетім қыздай сезінетінмін. Ал сырттай білдірмейсің ғой әрине. Тіпті қол жүгіңді ұстап алып, алдыңа түсіп құнжыңдаған таксистке де үйренгендей боласың.
Блог - Basic: Шықпасаң шықпа алдымнан...
Еркектерде ондай сезім болмайтын шығар. Бастысы үйге келгенде үй жайнап, тамағы дайын тұрса болғаны. Бұрынғы күйеуімнің еркелігімді түсінбегені де сол шығар. Бірде ұзаққа іссапарға шықтым. Бір айға жуық болмадым-ау деймін. Келетін уақытымды айттым. Бірақ ол шаруалар барын, қарсы ала алмайтынын айтты. «Таксимен келе сал, ақшаң бітіп қалса айт, аударып жіберем» деп қояды. Жарайды, шаруалары тығыз шығар дедім ішімнен. Әріптестерімнің күйеулері қарсы алыпты, үйге жетікізіп салды. Есікті ашып, үйге кірсем… жо-жоқ, нақсүйері емес))) күйеуім пырылдап ұйықтап жатыр. Ішімде бірдеңе үзіліп кетті. Алдымда шашы ұйпа-тұйпа боп, көзі ісіңкіреген, ебедейсіз жымиып тұрған күйеуім бөтен адамға айналды. Әрине, оның жұмыстан кеш келгенін де естідім, бірнеше күн бойы ұйықтамай жұмысын түнде ғана тапсырғанын да білдім. Бірақ бәрібір іштей түсіне де, кешіре де алар емеспін. Мәселе таксиге төленген мың теңгеде де, мықшыңдап көтерген сөмкеде де емес. Айтпақшы сол зілдей сөмкеде оның екі қорап бәтеңкесі мен бір пакет су-жаңа киімдері болатын. Білсем, еш ойланбастан вокзалда ақ лақтырып жіберер едім.
Блог - Basic: Шықпасаң шықпа алдымнан...
Қазір әрине барлық проблемаларымды өзім шешуге, жүгімді өзім көтеруге, тек өзіме сенуді үйрендім. Бұрынғыдай орындықты көтеру үшін ешкімді шақырмаймын)))
Әуежайдан да, вокзалдан да ешкімді іздемеймін. Суқаным сүймейтін таксистермен де достастым. Тіпті өз үйіме де таксимен баратын болыппын. Ағам да үйреніп қалған сияқты қарсы алмауға. Үйді білесің ғой деп күледі. Білем әрине)))
Жақында Астанама тағы оралдым сапардан. Бірақ бұл жолы құрбымның жігіті қарсы алды. Құрбыма қарсы алайын деп өзі айтыпты. Сөмкем де ауыр еместін. Балаларымның рюзактары да жеп-жеңіл. Машинада келе жатып «не деген түсінігі мол жан едің» деп келемін. Мәселе үнемделген тиын-тебенде, иә, көтеретін жүгіңде де емес. Мен енді бөтен қалада емеспін! Өз үйіме келе жатырмын!!!
Әрі қарай