Бастыққа әдемі жағыну арқылы жұмыста өсудің 4 сыры
Жақсы жалақы, жоғары қызмет, аз жұмыс — әлбетте талайдың арманы. Жұмысында кім өскісі келмейді, кім жақсы жалақы алғысы келмейді? Бірақ бұның да өз сырлары, құпиялары бар. Тақырыпты көріп, қызығып жетіп келдің бе? Ендеше мұқият оқы. Бастыққа жағыну деп жұмсартып айтып отырмын. Оның кәдімгі көтке кіру екенін әрине жақсы түсініп отырсың. Бірақ әріптестерің сен туралы ондай жаман ойламауы үшін мына бір кеңестерді есте сақта.
1. Жиналыстарда оған қарсы шыққандай болып көрін
Жалпы жиналыс деген шамамен 2 сағатқа созылатын, соңында бәрібір бастықтікі дұрыс болып шығатын бос әңгімелер жиынтығы. Дегенмен аздап қарсы ой айтып көр. Бірақ кейін бастығының айтқандарының бәрін мұқият орында. Бұл бір жағынан мінезің мен шамалы болса да өзіндік ойың бар екенін көрсетеді және адал қызметкер ретінде де бастығыңа ұнай бастайсың.
2. Жұмыстың WhatsApp тобында емес, бастыққа жеке жаз
Бітпейтін небір мейрамдар бар, оларға арналған түрлі ватсаптық суреттер, құттықтаулар бар. Жұрт топқа жіберсе жібере берсін, сен олай жалпылай жіберме. Әріптестерің мынауың өзінше екен деп ойласа ойлай берсін. Сен бастыққа бөлек жаз, жеке жаз. Осылайша жеке сөйлесулеріңнің алғашқы кірпіштерін қалыптастыра бер.
3. Бастықтың отбасысымен жақындас
Офиске баласын әкелсе, баланы ойнат, кәмпит бер. Анда-санда «Нурикті әкелмей кеттіңіз ғой» деп сұрап қой. Балабақшадан, мектептен алып кету, үйірмеге апару сияқты маңызды іс-шараларға өзің баруға тырыс. Ұмытпа, отбасы мүшелерінің көтіне кіру — бастықтікіне кіруден де өте әсерлі!
4. Тоқылда!
Әріптестеріңнің айтқан сөздерін, пікірлерін жеткізіп бар. Бірақ «Пәленше былай деді, Түгенше олай деп жатыр» стиліндегі қарабайыр тоқылдау емес әрине. Бұның да әдебі, әдемілігі бар. Мысалы былай: «Серікбай ағай сіздің ана жоба туралы ойыңызбен келіспейді екен. Бірақ мен оны көндіремін». Осылайша сенің орныңа өсуі мүмкін бір үміткерді жамандай отырып, өзіңнің біліктілігің мен адалдығыңды да көрсетесің.
Жұмысыңда сәттілік, карьералық табыс тілеймін. Бұл жазбаны әріптестеріңмен бөліспе, жеке оқы ;)