Ауылға кеткім келіп тұрады...

3 күн өткеннен кейін қалаға асығып тұрсам да ауылыма жеткенше шыдамсызданып барамын. Барар кезде Қарқаралыдан әрі қарай 174 км грейдер маған теп-тегіс асфальт боп көрініп, қалаға қайтар кезде 100-бен келген жолым «минный поля» болып 40-60-пен әзер жүріп келемін ғой шіркін. 40 тонналық Шансимандар "өлтіріп" тастаған ‪Бақты‬ ауылының жолын айтсаңызшы. Ауылға оралайын)
Еңбекке (қазір Темірші ауылы, кезінде Еңбек ауылы деген) барған сайын бала кезімде ойнаған жерлерді еске түсіріп аралап шығамын. Барған сайын келмес шаққа деген сағынышым өрши түседі. Көршілермен бір кезекте тұрып су тасыған тәшкеңді де еске алады екенсің. Ауылда тұру оңай емес. Бірақ, бала кез қамсыз ғой. Болмайтын асықты немесе таудың артындағы смаланы проблема қылып жүресің). Осының бәрін өткізіп, есейген шақта еске алудың өзі тамаша!
Қазір, мен доп тепкен, мен су тасыған, мен тах-тах ойнаған, мен тығылыспақ ойнаған көшеде басқа жігіттер үстемдік етуде. Олар сені танымайды. Енді Олар өз биліктерін жүргізуде. Мінездері ауыр, анау-мынау алдауға көнбейді. Тура фотодағыдай жігіттер!
Блог - ErzhanKhamitov: Ауылға кеткім келіп тұрады...
Әр жағындағы приталенный джинсы киіп алған «дерзкий» жігіт тақ мұрагері. Яғни, қара шаңырақтың иесі Рахат ағамның ұлы. Таза ауылдық. Бер жағындағы жігіт Ербұлан ағамның ұлы. Асфальтта туған. Қалалық дегенім ғой) Ауылдың тіршілігіне қанық болсын деп апарып тастайды. Себебі, ауылды көрген бала жаман болып өспейді. Ертең біз сияқты еске алып отыратын болады).
Бірақ, бұрынғыдағыдай свет өшпейді, қаладан хабарласқанда көршіні шақырып келмейді, себебі ұялы телефон ұстайды, ауылдастармен видео касета айырбастап Джеки Чанның киноларын көрмейді, себебі әр үйде ОтауТВ бар…
Эх, біздің кезде жақсы еді деуші еді атам!
Әр шақ өзінше қызық! Ізімізді жалғайтын кішкентайлар қиыншылық көрмей өссе екен! Бейбіт күнде өмір сүріп, қалаған білімдерін алса екен деп тілеймін!
Әрі қарай

Қарқаралымды сағындым

Блог - alya: Қарқаралымды сағындым
Менің туған жерім қасиетті Қарқаралы жері. Иә, небір таланттар мен дүлдүлдерді, от ауызды, орақ тілді шешендер мен жезтаңдай, күміс көмей әншілерін дүниеге әкелген қасиетті топырақ.
Блог - alya: Қарқаралымды сағындым
Қарқаралының табиғаты ерекше ғой шіркіііііін! Сарыарқаның төскейінде орналасқан мұнартқан көгілдір таулары, маржандай сұлу көлдер, ну ормандар жер біткеннің жәннатындай. Қарқаралы туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Таңғажайып кереметтерін тізбелей беретін болсақ, біздің де жазып отырған қалам құдіретіміз аяқтала қоймас.
Мен ол жақта 7 жыл тұрдым. Жасымнан демікпе болып ауыратынмын. Дәрігерлер ауа райын ауыстыру керек деп кеңес беріпті. Тым болмаса 60 шақырымға. Үйдегілер ақылдаса отырып, Қарағанды маңында орналасқан Ақбастау ауылын таңдапты. Мұңда келген соң сырқатым пышақ кескендей тыйылды. Не себепті Қарқаралының климаты жақпады екен?! Әлі күнге дейін білмеймін. Бірақ кіндік тамған жерінді бәрібір де сағынады екенсін, тіпті әр тасы ыстық. Ол жаққа бармағаныма да 5-6 жылдай болды. Бұрын тұрған үйімді, ауласын, көшелерді, мектебімді (1 жыл оқысам да есімде бар) сағындым. Алла амандығын берсе осы жазда міндетті түрде барамын.
Пы.Сы: жазам деп кірген мен, керекинфоны керек қылмай кеттім. Оның өз себебі бар. Сол үшін кешірім сұраймын))

Мен үшін - ТРАГЕДИЯ!

Блог - DinaAbdigalieva: Мен үшін - ТРАГЕДИЯ!
Қазір курс жұмысымен бас қатып жүр. Уақытым зулап өтуде. Кешке әдет бойынша жазбаларыма жазылған пікірлерді оқимын. Кейде ұялғаннан кірер тесік таппай, кейде көздерім «банкадай» аң-таң күйге бірақ түсемін. Жарайды, «Сын түзелмей, мін түзелмейді»
Әрі қарай

Қар жауып тұр...

Далада қар жауып тұр. Ақ ұлпалар ауада қалықтап, «қысқы вальс» биіне жаттығу үстінде. Үрімшінің көше тазалықшылары мен бірінші курс студенттерінің қолына амалсыздан күрек ұстатқан бұл қардың жауғанына бір аптадай уақыт болып қалды. Пердені ысырып, терезені аштым. Менің құрқылтай ұясы секілді кішкене бөлмеме салқын желмен еріп қысқы тымық, таза ауа лебі енді. Жоқ, кешіріңіздер, таза емес. Тымық та емес. Үрімшінің ауасы бұлай суреттеуге мүлдем сәйкес келмейді… Дұрысы машина түтіні, мұнай зауыты мен металлургия зауытының түтініне жол бойы тізбектеле орналасқан ұйғыр саудагерлерінің қой еті кәуабының түтіні, одан қала бере қытай асханасынан шыққан чоу дофу (сасық сүзбе) иісі, бұрышта дүнген шал сатып отыратын қақталған тәтті картоп иісі, араласқан ауа лебі. Осы бір қысық көз қытайлар мен мұртты ұйғырлар мекендеген кішкене қалашыққа келгелі бір жылдан астам уақыт өтіп кетті. Үйренген секілдімін… Алғаш аяқ басқанда еденнің бес батпан кірін көріп жүрегім айнып енді келместей боп кері бұрылып кеткен дүнген асханасы, казыр жиі барып тұратын жеріме айналды. Тұңғыш рет ұйғыр самсасының дәмін татқанда,ішінен үлкендігі бас бармақтай құйрық май атып шыққан кезде, үш күн бойы ас атаулыны аузыма алмағаным есімде, ал қазір таңғы асқа не жеп жүр деп ойлайсыздар?.. Бірінші рет автобусқа отырып айналаны тұмшалаған қолаңса иісіне шыдамай түсіп кетіп жатақханаға дейін таксилетіп жеткенім есімде, қазір ол иіс те«моңғол әтірі» деген ресми бренд атқа ие болып, үйреншікті иістердің қатарына заңды түрде қосылды. Жаңадан келгенімде көзіме аса жабайы көріген қысы жазы басынан алуан түсті орамал (орамал неғұрлым реңкті болса соғұрлұм «сәнді») мен бұтынан гамаж тастамайтын (гамаж шамасынша қалың болу керек, оның сыртынан қара шұлық пен қызыл туфли киіп алсаңыз сізден өткен «сәнді» адам жоқ) ұйғыр бойжеткендері мен үстіне «моңғол әтірін» сепкен (ондай әтіріңіз болмаса соңғы сән үлгісінен қалып қойдым дей беріңіз, және ұйғырдың «крутой» жігіттерінің мазағына қалу қаупі бар)қиылған,қара мұртты ұйғыр бозбалалары да күнделікті күйбең тіршіліктің бір көрінісі болып кетті.Бұл қалаға енді келгенде қалыпсыз болып көрінген, түскі асын ішіп отырып, ащы бұрыштың әсерінен танауынан аққан сұйықтықты барынша қатты дауыспен шығарып тастап, ары қарай тамақтана беретін, немесе уақыт тығыз болып бара жатса, жұмысқа не оқуға кетіп бара жатып жолда тамақ жей беретін, автобуста отырып уақытты бос өткізгісі келмей қалтасынан тістеуігін шығарып тырнағын алып отыратын қытайларға да, күннің ыстық суығына қарамастан көтенінде кең жырығы бар шалбар киіп алып, асыр салып жүретін қытай бүлдіршіндеріне де, кітап дүкенінде не кітапханада тізілген кітап сөрелерінің арасында жерге отыра кетіп кітап оқитын, отырған жерінде оқулықты құшақтаған күйі қаннен қаперсіз ұйықтай беретін қытай студенттеріне де көзім үйреніп кетті.
Үйрендім… бәріне де… үйренгенім соншалықты жалығып кеттім… Күнделікті қайталана беретін көріністерден, бірізділіктен… Бірқалыпты сұрықсыз сұрқай өмірімнен… Еңсемді басқан бір ауыр нәрсе… Сағыныш сияқты… Ия шынымен сағыныш… Туған жерге сағыныш.....Қазақстанға деген сағыныш....Қанша жерден пафосты естілсе де бұл шындық…
Далада қар әлі жауып тұр. Толастайтын кейпі жоқ. Түнімен жауатын секілді…
Әрі қарай

Ұмытуға бола ма?



От жүрегім өртеніп, маздайсың-ау түнде,
Сағынып жүр екен деп, жазбасың-ау мүлде.
Сені ақылды деуші едім, ұқсатушы ем гүлге,
Араласып бұлттармен кеттің-ау бірге.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта бəрі дейді ғой,
Қысы да жылы жаздайын.
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?

Көзіңдегі қайтейін, арман тұнған көлді,
Сен аңсатқан күндердің енді.
Сен келердей таусылып атқызамын таңды,
Сағынышым өзіңе өшпейді мəңгі.

Өз жүрегін жұбатып, өзге жанды жылатып,
Ұмытуға бола ме екен, бола ма?
Ол жақта дейді ғой.
Қысы да жылы жазайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?



P.S. Бұрын студент кезімде үйде отырсам бір машина өтті. Осы әнді қатты етіп қойып қойған екен. Атын да басқасын да білмеймін тек есімде қалғаны:
"… Ол жақта бəрі дейді ғой
Қысы да жылы жаздайын,
Бəрін де түгел жазғайсың, жақсы ма қазір жағдайың?...", дауысы Досымжан Таңатаровтікі. Әдемііі ән, бірақ ішінде бір мұң баррр… Қалғанын тыңдап көрмек ниетпен естіп қалған сөздерімді жазып интернетті ақтардым, таба алмаймын. Бір уақыттары Досымжан Таңатаровқа звондап сұрамақ та болдым. Бірақ сәті түспеді. Алайда әрдайым ойымда жүретін. Содан араға 3-4 жыл салып әріптесім Клара жақында Досымжан Таңатаровпен сұхбаттасуға бара жатқандығын біліп, осы әнді алып келуін аманат етіп жібердім. Сөйтсеееем, әннің аты "Ұмытуға бола ма?" екен. Атын жазсам интернетте тоооолып тұр. Атын білмеу деген осы екен...



Әдемі ән, бірақ ішінде мұң бар… Неге екенін… тыңдаған сайын жылағым келеді… :"


Әрі қарай

Сағындым, әке, иісіңді...

Бірінші сыныпты аяқтап, әліппемен қоштасу кешін өткізгенде қолыма нан ұстап, тықылдап тақпақ айтқаным есімде. Қандай тақпақ екенін ұмытыппын. Сонда партаға жайғасқан ата-аналар ішінде әкем жылап отырды…

Бесінші сыныпқа көшкен оқушыларға мектеп бойынша неміс тілі сабағын жүргізетін. Маман жетіспеді ме екен, немістердікінен басқа шет тілін үйретпеді сол кезде. Болашақта қиналып қалмағанымды көздегені болар, әкем ағылшын тілі сабағы жүріп жатқан көрші мектепке ауыстырды. Мектепке алып барып, мені жаңа сынып жетекшіме әбден табыстап жатқаны есімде…

Тентек оқушы болдым, ұлдарға қоқан-лоққы көрсеткенді жаным сүйетін. Староста болғанымды алға тартып, тек менің айтқаным орындалуы керек деп ойлайтынмын.

Алтыншы сынып шығар, бір партада отыратын баламен ерегісіп қалдым. Қырсықтығына күйініп, басынан кітаппен бір қойдым. Ол үндемеді. Үнсіздігі, қарсыласпауы ыза тудырса керек, жазу жазып отырған дәптерін қаламмен қырнап сыздым. Дәптері жыртылып қалды. Ашуланып кеткен сыныптасым қасында тұрған менің көкірегімнен бір тепті. Асқазан тұсқа тиген соққыдан дем жетпей, бүрісіп отырып қалдым. Үйге шағым айтып келмеуші едім. Сол күні сарафанымда қалып қойған балшық тиген аяқ киімнің ізін әкем көріп қойды. Өзім кінәлі екеніме қарамастан ертесіне мектепке келіп, парталас баламның жанын шығарды…

Блог - aikarakoz: Сағындым, әке, иісіңді...

Бірде үйден өтірік сұранып, бешірге кеткенімді біліп қойды әкем. Маған үндемеді. Балалығымдағы ең ауыр жаза – әкемнің маған ренжіп, сөйлемей қоюы болатын. Басқалар ұқсап, айқайлап ұрысып, қол көтерген емес мүлде. Ренжіткеніме жылап, енді қайталамайтынымды айтып, кешірім сұрағанымда: — «Саған өтірік айтуды үйретіп пе ем? Берген тәрбиемді жоқ қылғаның не?» — деді. Сөйтті де құшағына қысты…

Оқуға түсіп, Алматыға аттанарымда маңдайымнан сүйіп, көзіне үйірілген жасты көрсеткісі келмей, теріс бұрылып кетті…

Дипломымды әкелгенде қолына ұстап, ұзақ отырды. «Қызым, тәтті етіңе ащы таяқ тигізбей өсірдім. Тұмсықтыға шоқытпадым, қанаттыға қақтырмадым. Енді үлкен азаматсың. Ненің ақ, ненің қара екенін жақсы білесің. Байқап жүр,» — деді. Ақ батасын берді…

Сол кеткеннен Алматыдан ара-тұра ауылға барып тұрғанмен әкемнің жанында көп болғаным жоқ. Тіршілік дейміз, жұмыс дейміз, жағдайын сұрағанмен оның мені сағынатынын, қасында еркелеп жүргенімді қалайтынын ойламадым да.

Соңғы кездері көп сырқаттанды. Сонда тек мені уайымдап жылай беретін. Қан қысымы көтеріліп, инсульт алды. Дәрігерлер үміт жоқ екенін айтып, үйге жіберді. Әкем ес-түссіз қорылдап жатты. Алматыдан асыға жетіп, қасына барып: -«Әке, мен келдім,» — дегенде жұмылып жатқан көзінен жас ақты. Жүрегім езіліп кетті. Кезінде мен үшін тұлғасы алып боп көрінетін денелі әкемді сырқат дәрменсіз күйге түсіріпті. Құшақтадым, маңдайынан, бетінен сүйдім, бірақ, әкем берген тәрбие мен адамдықтың өтеуі үшін ештеңе істемеппін. Аузына су тамызып отырдым. Сонда маған бірдеңе айтқысы кеп жатқандай болды. Әкем жазылып кетеді деген сенім мол еді менде. Молда: — «Алаңсыз аттансын ана дүниеге, балалары, туыстары, ризашылықтарыңды беріңдер,» — деді. Аузыма «ӘКЕ, өсіргеніңізге, жеткізгеніңізге ризамын, менің қателіктерімді кешіріңіз, бақұл болыңыз» дегеннен басқа сөз түспеді. Ажал алдында жатқан әкемнің көзінен аққан жасты көру өте ауыр еді. Тағы да маған бірдеңе айтқысы келді…

Әкемді сағындым… тірегім бар деп, шіреніп жүруші ем… Төрт ағам болғанмен, әкенің орны үңірейіп тұрады. Енді анама Аллам ұзақ ғұмыр берсе екен. Төрт ұл үй болды, балалары өсіп келеді. Өздері өсірген қыздың аяққа тұрып, адам болғанын, тәрбиесі мен ақылының нәтижесі қандай болғанын көрсе деген ем…

Кейде адамды атақ та, ақша да, жеңіс те, жетістік те жұбата алмайтын сәт болады. Бəріне жеткен қажыр-қайраттың жылы сөзді аңсағанда таптыртпай қоятыны-ай. Əкем жұмақта жүріп, мені есінен шығарған да шығар. Неге түсіме келіп, басымнан сипап кетпейді екен...

Блог - aikarakoz: Сағындым, әке, иісіңді...

Массагеттегі блогымнан
Әрі қарай

Сағыныш

Жампозым мен Жігерімнің Ақтөбеге кеткеніне бір апта болды. Сағындым, шынымды айтсам. Тіпті түнде ұйықтай алмайтынды шығардым. Бір жақсысы — енді тек бір күн шыдау керек. Ертең келеді.
Әрі қарай

Өкініш (Кеш оянған махаббат)

Әр кеште терезенің алдына тұрып табиғаттың күнді ұясына қалай батырарын тамашалап, қызара батқан әр кешті әлдене керметке теңеп, Жаратушының құдіретіне тамсанып тұрамын. Каланың түні қоюлана түсіп, бірте-бірте жарықсыз қалған бұрыштар қойынындағының барлығын өзгелерден жасырғандай қараңғылана түседі. Көшелер көркем жарықтармен көмкеріліп әдемілікке бет ала бастайды. Жанып-өшкен жарықтар, ағылған көліктер, асыққан адамдар, осының барлығы әлемдері тіршіліктің тоқтамас тынысы екенін дәлелдеп тұрады.Осы бір көріністер әр кеште қайталанып жатса да, сол әр кеште құдды бір қонағымдай, өз үйімнің босағасынан аттап келе жатқан сияқты қарсы аламын-ау. Осы бір бірер сағатта өткенімды саралап, жауапсыз қалған сұрақтарыма жауап табуға тырысамын. Жауап тапсам да қанағаттана алмаймын. Барлық сұрақтардың жауабын өзіме ұнамды етіп алғым келеді, бірақ айналам да, өмір заңдылығы да, табиғат та менімкен келіспейтін сияқты. Ауыр бір күрсінемен, өкінемін!
Биылғы сабағымды ойдағыдай аяқтап, демалуға, сағынып қалған бауырларымның қасында болып, ата-анама еркелеп жатуға ауылға келдім. Шіркін, ауылымның ауасы-ай! Ерекшесің ғой. Бала күнімде мән бермеуші едім, қазір қомағайлана жұтамын. Алматы әсем қала. Ойын-сауығы, көшелері, жарық шамдары бейне бір адам қолымен жасалған жұмақ дерсің, алайда туған жердің, ауылдың бір қасиесі сол ауыға тартып тұратын бір тылсым күш тағы бар. Тау-тасы, өзені, жасыл желегі… Ештеңеге айырбастай алмайсың. Осы бір кереметтерге тамсанып, құмарым қанбай, сағынышым басылмай жүрген кез. Осы бір керемет кездердің шырқын бұзған оқиға әлі күнге дейін ойымды сан-саққасандалтып жібереді. Өкінішімнің де себебі осы еді.
Қазанға ет салынып, сорпасы қайнап, иісі мұрын жарардай болып жатыр. Кешқұрым қонақтар келеді деп абыр-сабыр болып жатқан едік. Қыз баласы дегенім болмаса, кейбір жұмысқа онша қырым жоқ. Қанша дегеніме жеңгем тындырып жүр барлық жұмысты. Жеңгем пысық жан еді. Қолынан келмейтіні жоқ, анша-мұнша кісіні өзі күтіп шығарып салып жүре беретін еді. Тіл байлығы да аспандағыны арбап, жердегіні жалмауға жететін. Келбеті келіспей қалғаны болмаса… Сондықтан болар үлкендер жағы «пұшық-пысық келін» дейтін. Өзі де намыстанбай, арсыздана бір күліп қойып жүре беретін. Сол «пұшық» жеңгемнің қасында барып кел-шауып келіне жарап жүре бердім. Бір кезде жеңгем – Ботакөз, сен дүкеннен кеспе алып келмесең болмас, қамыр жайып үлгермейтін сияқтымыз – деді. Көздерім «ботаның» көздеріндей мөлдіреп тұратын болған соң жеңгем мені солай атайтын, негізі есімім басқа еді. Жалпы қонақ күтудің байыбына бара бермеген соң айтқанына көне бересің. Сүйретпемді аяққа іле салып көшенің басына беттеп кете бардым. Негізі дүкен біздің үйден едәуір қашықтау еді. Үйден шыға қалта телефонымды алып «сүйіктіме» телефон соқтым. Жалпы тұтқаны алуы қиын еді, бұл жолы да солай бірнеше гуілден соң барып бірақ алды. Айтар сылтауы көп, «қол тимей жатыр еді», «телефоным қуатта тұр еді», «көлігімде қалып кетіпті», «дыбыссыз болып қалыпты» деген сияқты. Сондықтан ол туралы сұрақ қоюды қойғанмын. Бірден хал сұрасып әдемі сөздермен сағынышымызды сипаттауға кірісіп кеттік. Бірде күліп, бірде еркелеп дүкенге де тез жетіп қалдым. Дүкеннен шыққан соң қайта хабарласатынымды айтып тұтқаны қойдым. Дүкен алдындағы қымбат көлік көзіме бірден басылды. Әдетте бұндай қымбат көліктер біздің жатқан сирек көрінетін. Қысқа ойланып аса мән бермедім. Дүкен ішіне кірсем 3-4 жас бала жөн сұрасып тұр екен. Шамасы көлік осылардан болды-ау деп тағы қысқа ойландым. Сатушы әпке мені көре салып, — Нұрсұлу, мына жігіттер сендерді үйлеріңді іздеп жүр екен, жақсы болды ғой келгенің, қалай түсіндірерімді білмей тұр едім – деп күлімдеп қоя салды. Бұндайды күтпеген соң ба таңырқап қалдым, не айтарымды білмей үнсіз келісе салғандай болдым. Ішімде бірақ сұрақ туындап жатыр. «Кім екен бұлар, әлгі қонақ па? Жоқ оларды анамның құрбылары деп еді ғой. Сонда кім?» Ойым кімге теңерін білмей жатқанда, — сіз кімі боласыз Гүлім апайдың – деген сұрағы бөліп жіберді. Есеңгіреп барып – қызымын – дедім. Олар да артық сұрақ қойған жоқ. Іздегенін тапқанда бірінен соң бірі сыртқа шығып кетті. Кеспемді алып мен де арттарынан шықтым. Сыртта көліктің жанында топырлап тұр екен. Мені көріп, — жүріңіз біз сіздің үйді іздеп келіп едік, сіздің үйге баратын едік, бізбен жетіп қалыңыз» — деді бір орта бойлы жігіт. Ойымда ештеңе жоқ көліктің арт жағына отыра кеттім. Ойлаған олжалары оңай түсті білемін, рөлде отырған жігіт ештеңе сұрамастан көлікті орынынан жұлқи қозғалды. Алғашында көшенің басымен шамалы жүрген соң кері бұрылып жалдамдығын арттыра түсті. Бірде ойыма «алып қашу» түсті. Жалтақтап жан-жағыма қарадым. Алдын ала біліп алған жоспар ғой, міз бақпайды ешқайсысы. Тек алдындағы жігіт түрінде өзгеріс бар ма дегендей орынынан теріс айналып маған бажырайа қарады. Қалғандары да маған тесіле түсті. Тілім енді келгендей – Сіздер қайда барасыздар, менің үйім ол жақта емес.-дедім. Сол жағымдағы жігіт мысқылдай, — енді сол жақта болады – деді. Ойым орынды екен. Содан соң ғана оң жағымдағы жігіт, — Нұрсұлу, мен сізді алып-қашып барамын, осылай болғанына айып етпеңіз. Сіз маған ұнайсыз, есімім Сәбит – деді ешқандай сыр білдірмесен. Не айтарымды білмей, есеңгіреп барамын. Айналап тұманданып кеткен сияқты, айтылған сөзге жауап таба алмаймын, қалай айтсам орынды болады деп отырмын. Бір ғұмыр кеткендей, бірақ қас-қағым сәт. Бәлкім ойын шығар дегендей, айналама, Сәбитке бір қарап қоямын. Жоқ олай емес сияқты. Есім енді кіре бастады, мен ол жігітті бұрын соңды көрген емеспін, мені қайдан таниды… Кенет айқайлап жібердім. – Естерің дұрыс па, сендер кімсіңдер? Алып қашқаны несі? Өле алмай жүрсіңдер ме…
Бұл кездер есімде толық қалмапты, тек жылаймын, ышқынамын, жалынамын, айқайлаймын… Бірақ оған кім көнсін, Көрші ауылдың бір үйіне осылай келдік. Келе сала орамал алып жүгіріп жатыр, шашуларын шашым, енді бірі құдды өз аяғыммен келгендей маңдайымнан сүюге тырысып жатыр. Ышқынып, ұрысып, итеріп, жан-жағымды жайпап келемін. Басқалар үшін қуаныш, бәрі келінді көргісі келеп жатыр, ал мен үшін қайғы… Қайда келдім мен, апарып тастаңдар деп зар илеп жатырмын. Естіп жатқан ешкім жоқ. Басу айтып жатыр. Осылай бірнеше уақыт өтті… Жылай-жылай әлсіреп қалыппын. Жаймен ғана ыңылдап жалынып отырмын. –Жіберіңдерші – деп қоямын. Мен шаршасам да басқалар тың секілді. Айналамда әлі басу айтып жыбырлап жүр. Бір кезде әлгі өзін Сәбит деп таныстырған жігіт есіктен кіріп келді. Келді де, ымдап барлығын сырқа шығарып жіберді. Ішінен есікті іліп алып, қасым келіп отырды. Ойым бір жағына қарай қараланып барады. Үстімен тарпа бас салатын секілді, үрке қараймын. Аянышты жанарыма көзін бір қадап, — Нұрсұлу, сенің осылай отырғаныңа бірнеше сағат болды. Үй-ішіңізге хабар бердік, әне-міне келіп қалар қуғыншылар да. Бірақ бір шешімге келмес бұрын айтарым бар – деді жеңіл күрсініп. Сөйлегеннен пайда жоқ, сөйлеуге шамам да жоқ, үнсіз отырмын. Сәл үнсіздіктен соң сөзін жалғастырды. – Нұрсұлу, білемін, күтпедіңіз бұндайды, есеңгіреп отырсыз, бірақ ойланыңыз, бұл түс емес, расында мен сізді алып қаштым. Ия, сіз мен танымайсыз, мен де сізді көрген емеспін, тек суреттен болмаса. Мен сіздің анаңызбен бір жерде жұмыс істеймін, жақында келгенмін. Есімім – Сәбит. Мен сізді танымасам да, анаңызды жақсы танимын, ол кісіні мен әйел адам ретінде қатты бағалаймын, сыйлаймын, мойындаймын. Қазақта «Анасына қарап қызын ал» дейді, сондықтан осы байламға келдім. Анасы сондай, қызы да сондай деп ойлаймын. Мен де жаман адам емес сияқтымын – деді ол сәл жымиып, — әйтеуір ел сыйлап жүр. Анаңыз да білетін шығар, жұмыста да ортама сыйлымын. Тек осылай істемеуім керек еді, бірақ аяқ асты осылай болды. Мен сіздің алдыңызда кінәлімін, осылай істегенім үшін. Бірақ бәрібір соңғы нүктесін қоятын өзіңізсіз. Мен сізді осында зорлап алып қала алмаймын, бірақ қалсаңыз уәде беремін, Аллам аман қылса мен сізді қор қылмаймын, ешқашан өкіндірмеймін. Айтарым осы ғана, қалғанын өзіңіз біліңіз – деді әңгімесін аяқтаған болып. – Менің сүйгенім бар –дедім одан әрі сөйлеуге шамам келмей. Шамалы үнсіз отырып, — Меніңше қыз баласы сүю үшін жаралмаған, сүйікті болу үшін жаралған, білесіз бе...- дей беріп еді, ышқынып барып – ол да мені сүйеді — деп сөзін бөліп жібердім. Біз ұзақ үнсіз отырып қалдық. Сол үнсіз кезде ол маған аса жаман жігіт емес сияқты көрінді. Сыпайы, зілі жоқ, салмақты, сабырлы, ойындағысын айтады, ойланып айтады. Шамасы жұмысында оны сол үшін де сыйлайтын шығар… Осылай ол туралы жақсы ойланып келе жатып, кенеттен, – егер анамды сыйласаныз маған неге бұлай еттіңіз, мен сол сен сыйлағын әйелдің әлпештеген қызымын ғой – деп ойсыз сұрақ қойдым. Осыны күткендей ол да бірден, — сіз де анаңызға ұқсайды екенсіз – деді. Ол тағы да сөйлеуге тырысып еді, мен тағы да, — жоқ, мен анама ұқсамағанмын – дедім сөзін бөліп. Шамалы үнсіздіктен соң ол орынынан тұрып, — Өкінішті – деді да есікті сыртынан жауып шығып кетті. Одан кейін бөлмеген ешкім кірген жоқ. Шамалы уақыттан соң ағам мен жеңгем қуып келді. Сәбиттің сөзінен соң ба, арада онша дау болған жоқ. Жеңгем өз қалауымды сұрап, келіспеген соң мені үйге алып кетті. Әлі есімде кетіп бара жатқанда барлығына бір қарап шықтым. Бағанағы ойын-сауық пен көңіл-күй жоқ ешкімде Сәбит те терезеден сыртқа қарап ой үстінде тұр. Анасы мен әкесі анадай жерде үнсіз жерге қарап отыр. Мен үшін қуаныш, өзгелер үшін қайғы…
Болған оқиғаны көп ұзамай ұмытып кеттім. Сауықты күндеріме қайта оралып ештеңе болмағандай өмір сүре бердім. Анам кейін Сәбит турады бәрін айтып берді. Расында жаман бала емес екен, шынында жұмысындағыларға сыйлы екен. Кішіпейіл, мәдениетті, жұмысына ықтияты, керек десеңіз жұмысындағы біраз қыздың арманы да болып үлгеріпті. Жеңгеммен жасты екен. Бақуатты да тұрады екен, әлгі қымбат көлік өзінікі екен, таза еңбегімен алған. Жалпы анам ол жігітке қарсы болмапты, жеңгеме «келісіп отырсы қалсын» деп айтып жіберген екен. Кейінірек ол турады да анам айтып жүрді. Мен отырмаған соң басқы өзімен қатар қызды алыпты. Келіншегі жеңгеммен қатар оқыған қыз екен. Сосын жұмыстан шығып кәсіпкерлікпен айналысып кетіпті. Анамның сол жігіт туралы айқанынан аздаған өкініш байқайтынмын. Бірақ анамның осы айтқандары мені еш қызықтармайтын. Не үшін қызықтыруы керек бірақ?
Уақыты келіп қалаға оқуыма қайттым. Бірақ болған оқиғаны сүйіктіме айтпаған едім. Алдында айтып жеткізе алмайтын сағынышы сол екен, тіпті қалаға келген соң бір апта бойы тұтқасын көтермей қойды. Бір аптадан соң бірақ кездестік. Сол кезде барып мен оған басымнан өткенді түгел айтып бердім. Алғашында үндемеген еді. Кейінірек осы туралы айтып қоймай қойды. Сылтауы болды сол оқиға, қит етсе сол оқиғаны алға тартатын болды. Біртүрлі күмәнді сұрақтар қояды. Менімен айырылысып кету үшін істейтін сияқты. Расында ұзаққа бармадық, ақыры жөнімізбен кеттік. Кейінірек бір құрбымнан естідім, мен жазғы демалыста жүргенде «сүйіктім» деп жүрген азаматым бір қызды «бүлдіріп (жүкті етіп)» қойыпты. Сол қызға үйленуге тура келген соң менімен айырылысудың осындай қырын ойлап тауыпты. Әрине, «ұшайын деп тұрған бүркітті, артынан түртіп үркітті» болған екен.
Осы өмірімдегі шым-шытырақтан соң оқудан басқа ештеңеге алаңдамай кеттім. Оқуымды аман-есен бітіріп, қаланда жұмыс табылмаған соң ауылға келдім. Анамның қасына жұмысқа орналасып сол жерде тәжірбие жинақтадым. Кейде сол жерден Сәбитті көріп қалатында болып жүруші едім. Шынымды айтсам көріп қалғым келетін. Оның қазір қандай болғанын көргім келетін. Онымен сөйлесіп қалғым келетін. Оның сол кездегі сабырлы жүзі көз алдымнан кетпейтін. Кейде, «мен осы соны сағынып жүрген жоқпын ба?» деген ой келетін. Сосын «қайдағы сағыныш, оны танымайсың да ғой» дейтінмен өімді алдап. Бірақ, шынында сағынатын сияқтымын.
Бір күні жұмыстан кеш шығып қалдық. Анам екеуіміз қолтықтасып үйге асығып келеміз. Жұмыс негізі аудан орталығында еді. Шамамен екі сағаттық жер, сондықтан жол-жөнекей көлік ұстап қайтатынбыз. Артымызға жалтақтап қоямыз, көліктің де ыңғайы білінбейтін сияқты. Дала қараңғылынып барады. Анам екеуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Біраз жүргеннен соң барып артымыздан жарық түсті, анық көліктің жарығы. Анама, — мына көлікті қалай да тоқтатып алуымыз керек, болмаса бүгін үйге жете алмаймыз» — дедім. Анам да үнсіз келісті. Көлік жақындаған тұста екі қолымды бірдей көтеріп көлбеңдеп алдына жүгіріп шықтам. Жетер-жетпес ол да кілт тоқтады. Қуанып барып есігін ашып жалынышты түрмен, – бізді жеткізіп тастайсыз ба? – дедім ентігімді бас алмай. Өзіме таңырқай қараған жігітті енді таныдым, о Аллам бұл Сәбит қой. Маған солай көрінді ма, әлде расында солай ма, бұл жолы Сәбитті басқаша көрдім. Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қара торы келген, жүзі сұлуланып кеткен. Баяғыда мен көрген Сәбит емес, басқа. Айтып жеткізу қиын тілмен…
Ол бізді жеткізіп тастады. Үйге жеткенше анам екеуі әңгімелесіп өткенді қозғап келді. Ол мені алып қашқаны үшін анамнан ұялыңқырап келетін сияқты. Үздік-үздік маған қарап қояды арқы айнадан. Ал мен...., мен одан көз алмай келемін. Айтуы бойынша қазір егіз ұлдары бар екен, сол біздің ауылға жұбайын алып кетуге келе жатыр екен. Жұбайы төркіндетіп қыдырып кеткен екен. Бақытты екені байқалды. Отбасын айтқан сайын көздері жанып тұрады. Оны аңғару қиын емес еді. Отбасын айтқан кезде ішімнен бір шамалы қызғаныш сезіп қаламын. Бірақ сыртқа еш білдірмедім…
Сол кездесу маған қатты әсер етті. Ия, мен Сәбитті ұнатып қалған сияқтымын. Сияқты емес, шынымен солай. Бір көрсем деген арманым осыған жетелеген екен ғой деген ой келеді басыма. Кейде, бұл мүмкін емес сияқты көрінеді. Бірақ осылай болып жатыр ғой. Не ойларымды білмеймін, ойым астаң-кестең болып кетті. Ешкімге ашылып айта алмаймын, ішімнен тұншығып барамын. Таң қаламын өз-өзіме. Мүмкін емес, мүмкін емес бұлай болуы…
Кейін тағы көрдім Сәбитті. Біздің жұмысқа бір жұмыстармен келген екен. Екеуіміз бұл жолы көп сөйлесіп қалдық. Өткенді айтып күлісіп алдық. Бетіне қарап сыр бермегенімен ішімнен өкініш өтреп барады. Арамыз алшақ тұрғанымен құшақтап алғым келіп барады. Бірақ кедергі көп, өткеніме орала алмасымды білемін. Ғашықтық деген осы екен ғой деймін ішімнен. Оны кінәлаймын баріне, бәлкім алып қашпай жай танысуға тырысқанда бұлай болмас па еді?! Енді міне осы екінші рет көргеннен соң оны тағы да көре бергім келеді.Қасында тұрып сағынамын Оған барлығын айтып салғым келеді. Бірақ жалған намыс жібермейді. Сағынамын оны, сүйемін оны, ғашықпын оған… Бірақ бұл жолы да өзгеріссіз тарастық.
Көп уақыт өтпей тәжірбиемді шыңдап қалаға қайта оралдым. Алматы мені баяғыдай қарсы алмаған сияқты. Ғашық жан жат секілді оған. Бәлкім ұмытармын, басқаны жолықтырармын деймін, бірақ керісінше ауылға кетіп қалғым келеді, барсам Сәбитпен бақытты болып кететін сияқтымын, сағынамын, көрсем деймін, тым болмаса түсіме енсе деймін. О тоба, бұл не деген сезім еді?! Өкінемін, өкінемін...қатты өкінемін. Оған жар болмағаным үшін емес, оны қайта көргенім үшін өкінемін, ғашық болғаным үшін өкінемін…
Екі көзім жасқа толып тереземның арғы жағындағы Алматыға, табиғатқа, түнгі көшеге сыр айтып тұрмын. Көңілсіз түн гі Алматы менің мұңыма жылап тұрған секілді. Әлем жылап тұрған секілді…
Әрі қарай

Сағыныш

Сағыныштан жанырыма жас тамды,
Сені сүйген жүрек неге жасқанады.
Күн-түнімді жабырқауммен өткізем,
Күн нұры мен айлы жұлдыз аспанды.

Мен өзіңді иә, соншалық сағындым,
Сұм тағдырға амалсыздан бағындым.
Мүмкін, мүмкін жанарыңа байланып,
Селт еткізген сезімімнен жаңылдым.
Біле алмадым, бақытым кім? бағым кім…
Мен өзіңді сағындым…
Әрі қарай

Анекдотшы бала

Өткенде(21-ші ақпан) әжемнің қырқын беріп жатқан кезде бір туысымыз мені қасына шақырып алды. «Баяғыда бізге анекдот оқып бергеніңді білесің бе?».«Жоқ» дедім. Негізі есімде. Ол кезде мектепке бармаған кезімтін. Бес жас шамасындамын. Үйде "Қазақы қалжыңдар" әлде "Қазақша анекдоттар" дей ме бір жұқалтаң кітап бар еді. Ағаларым соның ішінен бір анекдотты бір-біріне оқып беріп, шиқылдап күліп отырғаны есімдетін. Сондай кезекті қонақтардың алдында өзімнің кітап оқи алатынымды көрсетіп мақтанғым кеп кетті. Көбісі «Лениншіл жасты» судыратып оқығанымда мақтап кететін. Қырсыққанда газет табыла қоймады. Әлгі жұқалтаң кітапты қолыма ұстап «Мама, анекдот оқып берейін бе?»-деп сұрадым. Әжем марқұм рұқсатын берді.
«Автобус ойдым-ойдым жерлермен секіртіп келе жатады. Жолаушылардың ішінде масаңдау жігіт болса керек. сол жүргізушіге „Әй, гондон! Ағаш тиеп келе жатқан жоқсың, жай жүұр“ деп қайта-қайта ескерту жасай берсе керек. Шыдай алмай кеткен жүргізуші қолына мантировкасын алып»Өзің түсесің бе, әлде түсіріп жіберейін бе?" деп анаған тұра ұмтылады. Сол кезде екеуінің ортасына бір әжей килігіп "Қарағым, Гондонжан, бір ашуыңды маған бер, барар жерімізге жетіп алайық" депті" деп бітетін әлгі анекдот. Қонақтар күлкіден қырылып қалды.«О»-ны «А» қылып оқу білмейміз. Әлгі сөзім тіптен күлкілі естілді -ау деймін…
Әрі қарай

Сағындым сені ауылым.

Сағындым сені
Дәстүрдің кені
Ұшырған мені
Шалғайда жатқан ауылым.
Күш берген демі
Жанымның емі
Арманым еді
Өзіңе бір баруым.

Құмыңда ойнап
Суыңда бойлап
Өтті ғой қайнап
Балалықтың бал кезі.
Көк шықса жайнап
Ағаш атты сайлап
Үйге кірмей айлап
Қызықты еді-ау жаз кезі.

Жалаңаяқ жаңбырда
Шапқылап әр қырға
Бөлеген бір нұрға
Қасиетің бар асылдай.
Әжемнің құртында
Салыпап ұртыма
Қызыққа ұмтыла
Жүрген бір кездерай.

Шырайлы таңдары
Көшенің шаңдары
Бәрінде еске алып,
Мұңайып күлгенім.
Қалада мынау
Көңілде қырау
Жолымда тұсау
Жеталмай саған жүргенім.

Аңсатқан мекен
Қымбатсың неткен
Нәр алған екем
Сендегі тұнық қайнардан.
Болсада тұрақ
Жүрсемде жырақ
Екемғой бірақ
МӘҢГІЛІК САҒАН БАЙЛАНҒАН!

Марат Нигметжанов
Әрі қарай

Сағыныш...

Әке!
Сені бүгін тағы көрдім түсімде
Тұр екенсің қол созымда, қасымда
Қарт емессің, екенсің дәл күшіңде
Әңгіме айтып егістіктің басында

Ал мен болсам масақ ұстап қолыма
Саған қарап отыр екем сүйсініп
Бергеннен соң шал-кемпірдің қолына
Әке болып қарамайсың исініп

Қарғып мініп жетектегі тайыма
Шауып кеттім қырат жақты бетке алып
Жаңағы бір сезім қалып жайына
Кеудемде бір қалғандайын кек қалып
Әрі қарай

Ауылды сағындым...

Жаз келіп күүн ысыған соң, жұмыстан қашып, көңілің ауылға тартып тұрады екен… Таңертеңнен сағынып отырып ауылдың қызықтарын бір еске алдық. Еске түскені осы, ұмыт қалғаны болса жалғастырамыз…

— Қаладағы «телка» ол ауылдағы құнажын…
— Ауылдың дүкендерінде айран сатпайды…
— Ауылдағы кез-келген саудагердің үйі автоматты түрде тәулік бойы жұмыс істейтін дүкен болып саналады…
Әрі қарай

Сағыныш

Сағыныш -адамның сыртқа шығара алмайтын көңілі. Сағынам туған жерімді, «кетіп барам» деп қоштасқан әкемді, "қайда әкем" деп сұраған баламды, немересіне үміт артқан нағашы апамды.
Әрі қарай

Сағыныш


Сағыныш… Бұл бір адам өмірін жылдамдататын сезім екен.Жоқ, сезім емес емес күш десе де болады… Сүйетін адамыңды сағынғанда уақытыңды тез өтсе екен деп өз өміріңді өзің асықтырумен әлек болады екенсің. Асықсаң сол екен, қырсық шалғыр уақытта өтіп болмайтын сияқты көрінеді ғой… Бұл қырсық осымен шектелмейді, сүйетін адамыңның қасында өткен 3 сағат 3 секундтай өтетіні бар емес па тағы?! меніңше бұл махаббат деген тылсым күштің адамның сана сезіміне берер бір әсері...
Ай мен Күндей бірін бірі күнде көрмейтін, аралары алыс ғашық жандар үшін жүректен шыққан өлеңім:

Күн сәулесін шашады жарық болып,
Ай жарқырап шығады жанып сөніп,
Ай қараңғы болар еді Күн болмаса,
Күн сөнбесін ешқашан жанып тұрып!
Жылу берер жүрекке сіз күнімсіз!
Жүрер едім жылусыз мен тынымсыз!
Жылы жүрек сыр шертер олен кылып,
Сыр құпия,өлеңім, сіз сырымсыз!
Әрі қарай