Жыл қорытындысы: Әлеуметтік желілер
Осыдан шамамен екі жарым жылдай уақыт бұрын кәсіби SMM-ге бет бұрғанымда, «бұның не?», «жұмыс па, тәйірі» дегендер болды. Сол дегендерге қосылып кетуге шақ қалатынмын. Сөйтсем, SMM-маманның міндеті бір басына жетіп артылады екен. Әрине, шахтаға түсіп, тас ою емес, алайда көзің алайып, контент-планмен қидаласып отыру да жеп жібереді. SMM-шінің жұмысы ВК-дағы пабликке мысық пен күшіктің суретін салып отырумен шектеледі демеңіз, анализ бен жобалаудан бастап психологияға, партизандық астыртын іс-әрекеттермен айналысуға дейін жүзіп жүре береміз. Мәселен, мына жерде біз пақырдың 100 басты (тек басты!) міндеті көрсетілген екен. Жә, мұны «Аноним SMM-шілер клубы» мүшесінің маңқа езгілеуі емес, жәй, сөздің сірағасы деп білерсіздер. Клуб демекші, қазақ SMM-шілерінің басын қосып, бір жертөледе жылап-сықтайтын жер табамыз ба?
Кіріспенің парызы орындалған екен, негізгі тақырыпқа көшсек. Сағат сайын сан түрленіп, күніне қырық өзгеріске ұшырайтын салалардың бірі — SMM. Әне-міне аяқталғалы тұрған 2015 жыл да соушл медиаға, оның ішінде әлеуметтік желілерге біраз жаңалықтар алып келді. Соларға шолу жасап жіберсек.