"Мен көрген BlogCamp: Құрылтай - 2013" бәйгесінен тыс. Еркебұлан Алдабергенов

Біз бір-бір бірлестік құрайық)
Шымкентте өткен 3-ші құрылтайдың қатысушысы болдым. Көзбен көргенімді, ойға түйгенімді айтайын. Екі мәселеге назарларыңызды аударғым келеді.Блогқұрылтай 2013 шарасының жаңа ойыншысы

Біріншісі Қазақ блогерлері шын мәнінде қоғамдық пікір қалыптастыратындай үлкен күшке айналғанына анық көзім жетті. Саяси күшке. Қоғамдық-саяси процестерге араласатын болса, кез-келген саяси науқанның парша-паршасын шығарады бұлар. Саналы түрде, бас тартып отыр саясаттан. Әзірше. Алған бағыттарынан ауытқып кетулері, әбден мүмкін. Саясиланып. Онда ешкімге оңай соқпайды. Әсіресе билікке. Ресейдегі жағдайды көріп отырмыз. Орыс блогерлері, екі күннің бірінде Дума депутаттарын мандаттарынан «айырып» жатыр. Екі мағынасында да. Қалай түсінсеңіз, солай қабылдаңыз. Владимир Пехтин ұшты думадан. Майамиде вилласы бар екен бұл пақырдың. Блогерлер біліп қойып, быт-шытын шығарды сабаздың. Алексей Кнышовты да депутаттық мандаттан бас тартуға мәжбүрлеген блогшылар. Кезекте Руслан Гаттаров, Владимир Бурматов, Ришат Абубакиров, Владислав Третьяк тұр. Орыс блогерлері бұл депутаттар дессертацияларын көшіріп алған деп айыптап отыр. Плагиат. Қоғамдық пікір арқылы, думадан қумақ. Біздің мәжілісте де қателеспесем ғылым докторлары да баршылық. Шет елдерде жылжымайтын мүліктері барларын айтпағанда. Енді ойланып көріңіз. Қазақ депутаттарын мәжілістен кетіруге мәжбірлемесе де, халық алдында қара бет қылуға қауқарлы қазақ блогерлері.
Екіншісі. Мем хатшы Марат Тажин айтқан тезистерге қатысты. Билік, блогерлермен тығыз жұмыс істеу керек деген болатын. Алғашқы қадам жасалды. Шымкентте. Блогқұрылтайға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қолдау көрсетті. Қолдау көрсетіп ғана қоймай, өзі келіп қатысты. Формат. Галстуксыз. Бейресми. Жас блогерлердің еркін сұрақтарына жауап берді. Алдарыңызға, топтың ортасынан төбе көрсетіп, көптің ортасынан көзге түсу үшін келгенім жоқ деді әкім. Диалог қалыптасты. Атқарушы билік өкілі мен блогшылар арасында. Әдемі әңгіме болды. Шынайы. Блогерлер бұқпантайламады. Мырзахметов мысымен баспады. Асқар Исабекұлы атқарып жатқан, игі істерімен мақтанбады. Әкімге шапан жабылмады. Естелікке блогерлер футболка сыйлады. Демократия. Ашық айтылды. Пікірлер. Ойлар. Позициялар. Қысқасы, екі тарап та кездесуден қанағаттанды. Болады екен. Бірге жұмыс жасауға. Стратег, Марат Тажин айтқандай. Меніңше, билік те, блогерлер қауымы да әріптестік қарым-қатынасқа мүдделі болулары керек. Әйтпесе, жоғарыда айттым ойымды. Билік түсінуі керек. ОСДП сияқты саяси партиялардан, қазақ блогерлері ықпалды, қуатты саяси күш екенін…
P.S. Айтпақшы, Блогқұрылтайдың ашылуына Облыс әкімі Асқар Мырзахметовты, қортындысына білім және ғлым вице министрі Мұрат Әбеновты алып келген Берік Уалидің азаматтығын айтпасақ әділетсіз болар! Блогқұрылтайдың бас қасында болып, жан-жақты қолдау көрсеткен. Билікпен блогерлерді байланыстырған. Бар болыңыз аға! Мемлекетшіл жұмыстарыңыз нәтижелі бола берсін...
Еркебұлан Алдабергенов
Әрі қарай