Биылғы кештердің шымылдығын түрдік. Өзіміз бас болған істі өңірлер әлдеқашан дөңгелетіп алып кетті. Әсіресе Алматы, Атырау, Жаңаөзеннің арыны қатты. Апта сайын дүрілдетіп жатыр. Бізге Арқаның адуынды мінезіне шыдауға тура келді. Мамырдың ортасынан асқанда Астана да жылыды-ау әйтеуір. Соның өзінде, кешегі Party-дің соңына қарай жағымыз үрпиісіп, тоңа бастадық.
Кешегі кездесу өнерпаздардың көптігімен ерекшеленді. Ең басты қонағымыз Жанғали Жүзбаев ағамыз. Аза таныстыруын келістіріп-ақ жазды ғой. Алғашқы адым сол кісінікі деп шештік. Ағай Тәттімбеттің «Саржайлауын», Сүгірдің «Шалқымасын» орындап берді. Ақсақалмен бірге «Шабыт» университетінен жас домбырашылар ере келген екен. Олар да төкпе күйдің шырайын келтірді. Әрине әттең-ай бар осы тұста. Алқа-қотан иірілген жұрт күйдің дауысын қалағандай ести алмаған сияқты. Сондықтан, келесіде, күйшілерге кішкене колонкалар қою жағын ойластырып көру керек.
Тағы бір өкінішіміз, өткен жылғы Party-лердің жұлдыздары болмады. Нұрғиса іссапарда, Аза Хабарға хабар тасып жүр. Шенеунік Алдан да кешігіп келді. Жазғыра алмаймыз. Жұмыстың аты жұмыс.
Дегенмен, суырылып шығып (кейбірін мәжбүрледік шыны керек) шырқағандар көп болды. Осыған қуандық. Келесіде ән айтам деушілер бұдан да көп болатынына сеніп тарқастық.
Иә, айтпақшы, кеше Астанамен қатар Алматы, Қызылорда, Атырау, Жаңаөзенде де Party өтті, менің білуімше. Енді бір-екі аптадан соң барлық өңір бірігіп, бір мезетте өткізетін боламыз. Кең даланың барлық ірі қаласында домбыра үнін әуелетіп, бір әнді бірігіп шырқаймыз. Әне флешмоб! Қайда әлгі Гиннес?
Көптен бері спорт тақырыбындағы видеоблог жүргізу ойымда жүрді. Жақында Данияр Аланның қолдауымен алғашқы түсірілімді бастап та кеттік.
Спорт саласында жүрген 5-6 жылдың ішінде көптеген адам спорт интернаттың не екенін білмейтіндігін байқадым, ал қазіргі уақытта еліміздің атын танытып жүрген барлық спортшы дерлік осындай орданың түлегі. Әр қалада өзінің спорт интернаты бар, ал Алматы мен Астанадағыдан шыққан атақты спортшылардың тізімі тіпті үлкен. 7-сыныпты аяқтаған соң спортқа икемі бар жасөспірімдер Қазақстанның түкпір түкпірінен Республикалық спорт интернатқа бағыт тартады. Бұл жерге кез келген адам оқуға түсе алмайды, екі кезеңдік емтиханнан сүрінбегендер ғана спорттағы дарынды балаларға арналған интернаттың оқушысы атанады. Назарларыңызға Астанадағы Қажымқұан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған интернаттың бір күндік тынысынан бейнематериалды ұсынамыз.
Сонымен, спорт интернат деген қандай жер? Ол жерде кімдер оқиды? Бұл жасөспірімдер зор алғысқа лайық! Біреулер қарапайым мектептегі сабағын үлгермей жүрсе, балғын спортшылардың әр минуты санаулы. Үйден жырақта жүрсе де, ол еркелік танытпай, бапкер мен мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындайды. Өйткені, ол — БОЛАШАҚ ЧЕМПИОН!
Алдын ала қателіктер мен бейненің сапасы үшін кешірім сұраймыз. Бұл тек алғашқы еңбегіміз, алдағы уақытқа жоспарымыз да, бастау алған түсірілмдер де өте көп. Түсіністік пен қолдау білдіргендеріңізге көп рахмет!
P.S. Екінші бөлімі қызығырақ шыққан, соңына дейін қарасаңыздар…
Астанада футболдан «Президент Кубогы» халықаралық турнирі аяқталып, Қазақстан құрамасы алғаш рет жеңімпаз атанды. Бірінші ойындардан еліміздің командасы сапындағы санаулы қазақты аңдып, солар кішкентай болса да, әдемі әдіс жасаса қуанып отырдық.
Шешуші матч аяқталған соң Қазақстан командасы алаңда қуанып, жанкүйерлерге алғысын білдіріп, біраз жүгірді. U-17 жас дәрежесіндегілер турнирі болғандықтан бұл 15-16 жасар балалар, шынайы қуаныштары сезілді. Әдеттегідей отыз мыңдық Астана Аренада адам көп болмады, бірақ жиналған 2-3 мыңнын 99 пайызы қазақ болғанын нақты айта аламын. Бәріміз қуанып жүрген жас аяқдопшыларға қарап, сүйсініп тұрдық. Бірақ маған бір ұнамаған жәйт: осы жеңісті тойлау барысында қазақтың алаңында биленген лезгинка биі.
Мен түсінем, коммерциялық мақсатта құрылатын футбол не басқа спорт түрлерінен клубтардың легионерлері үлкен жеңіске жеткен кездерінде өздерінің туған жерлерінің туларын алып шығып, өздерінің ұлттық билерін билеп жүреді. Ал, Қазақстан ҰЛТТЫҚ құрамасында өнер көрсетіп жүріп, біреуі лезгинка билеп, ал қалғандары соған қол шапалақтап тұрғаны қалай?
Өзге қалаларда қалай екенін қайдам, Астана көшелеріндегі баннерлерге ҰОС ардагерлерінің суреті ілінді. Әрдайым жол бойындағы баннерлердің орындалу шеберлігіне, мәні мен мазмұнына назар аударып, «Креативті не бар екен?» деп қызыға қарап жүретін мені бұл өзгеріс таңқалдырды. Астанадағы алғашқы көктемім болғандықтан, бұған дейін бұлай жасалған-жасалмағанын білмеймін. Өзім бірінші рет көріп отырмын. Ал қазіргі ілулі тұрған баннерлердің дизайны ұнады. Қара фонға жарық беріліп, сол шуаққа қойылған жылы жүздер көз тартады.Келтірілген цитаталар да мәнді.
Кең даламыздың бір жерінде көктем енді туып жатса, бір бұрышында жаз шыққалы қай заман. Алматы мен Шымкентке рахат. Тойды солар бастамақ. Біз, астаналықтар, қыңыр мінез құданы әупірімдер шығарып салғанымыз сол еді, аты жоқ бес қонағымыз жетіп келіп, атой салып жатыр. «Әттең» деп бармақ тістеп отырмыз. Жә, мұң айта бергенше, қуанатын жағына тоқталайын.