Сен бақытты болуға лайықтысың!

Бүгін мен Эльвираны бетпердесіз көрдім. Ол сіз ойлағаннан өзгерек...:x


Суреттегі ақпаратты көру үшін суретті басыңыз! :-@d

P.S. Бұл сурет Эльвира Ерғалинаға байланысты белсенді түймеден тұратын 18 ақпарат және 17 видео, 1 аудио файлды қамтиды.


Сурет ішіндегі сұхбаттың жазбаша нұсқасы: l-)

ӘКЕМ ҮЛКЕН БОЛҒАНША АРҚАЛАП ЖҮРЕТІН

Мен көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Төрт ұлдың арасында өскен үйдің кенжесі әрі жалғыз қызбын. Туылуыма екі ай қалғанда Индира есімді әпкем қайтыс болған екен. Сөйтіп мен дүниеге келгенде бәрі мені әлпештеп, мәпелеп, еркелетін өсірген. Ең кіші ағаммен арамыз он жас. Анам қаталдау кісі, мен әкемнің қызы болып өстім. Әкем үлкен болып кеткенімше арқалап жүретін. Әкемнің қайтқанына екі жыл болды. Анам қазір жетпіске таяп қалды, сырқаттанып жүр… Қазіргі уақытта ағаларымның барлығы өз алдына үй болып шығып, әр қайссысының өз бала-шағасы, өз істері бар. Менің тілеуімді тілеп отырған жалғыз анамшым дүниеден қайтса Шымкент жаққа баруымды сирететін шығармын…

АУЫЛЫМА АҚЫН ДЕП ТАНЫЛҒАНМЫН

Мен мектепке бармай тұрып әріп таныдым. Айналамдағы қыздар үлкен болғандықтан, олар «Сабақ-сабақ» ойнап жатқанда солардан үйреніп алып, мектепке барғанымда еш қиналғаным жоқ. Мен мектепте тентек қыз болғанмын. Бірақ әкемнің тапсырмасы бойныша сабақтарымды беске оқитынмын.
Алтыншы сыныптарда өлең жаза бастадым. Ағаларым өлеңдерімді жинақтап, кітап етіп шығарып бергені есімде. Үйде әлі күнге дейін бір-екеуі бар, бірақ жұртқа көрсетуге ұяламын (күліп). Күні кешеге дейін тығып өлеңдер жазып жүретінмін. Кейінгі жазған өлеңдерімді ешкімге көрсеткен емеспін. Негізінен сыныптас, группаластарым мені ақын деп біледі. Ақындығымның арқасында ауыл, аудан, қалалықтан өтіп Республикалық жарыстарға қатысып жүрдім, Абай оқуларына барып келгенмін. Ол кезде мектеп тарихында ондай болмағаннан соң, ауылға ақын қыз болып танылып, ауылдың бәрі «Эльвира», «Эльвира» деп шулап жүрді. Оқушы кезімде мұғалімдерімнің барлығы мені жақсы көретін…
Кішкентайымнан ерке болып, қашанда адамдардың көзайымы болып өскеннен соң қазірдің өзінде үлкейіп кетсем де, кішкентайымнан үйреніп қалған сол назарды қалап тұрамын. Әлеуметтік желілерге суреттерімді де көп салатын себептерімнің бірі сол. Ерке болып өсіп, балалық шағым балдай өткенімен, мектеп бітіргеннен кейін оның бәрі сол күйі ауылда қалып кетті.

ЖУРФАКТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНЫНА ҚАТЫСА АЛМАДЫМ
Мектеп кезінен жазу-сызуға жақын болғаннан соң, сол кезден бастап журналист боламын деп ойлайтынмын. Мектеп бітіргеннен соң Алматыға кеттім. Бұл жақта журналистикаға тапсыру үшін алдын ала емтихандар тапсыратындығын білмегендіктен, қалып қалған екенмін. Журналистикаға жақын ғой деп филологияға тапсырдым. Сөйтіп жатақханаға келіп орналасып, өте қызықты басталған студенттік өмірім басталды.

МІНЕЗІМ АУЫР
Менің мінезім өте ауыр. Өте қырсықпын. Мінезімнің ауыр екендігін жақсы түсінемін. Сол қырсықтығым өмірімде көп қателіктерге ұрындырды. Сол үшін достарым теріс айналып кетіп жатты… Өйткені мені ешкім түсінбейді. Кейде өз-өзімді түсінбей қалып жатамын.

ДОСТАРЫМ АЗ
Мектеп кезінен менде тұрақты дос болған емес. Мүмкін қыздар жағынан тұрақты дос болған жоқ дегенім дұрысырақ болатын шығар. Ағаларымның арасында өскеннен кейін бе екен, маған негізінен қашанда жігіттермен достық қарым-қатынас орнату оңайрақ еді. Ал қыздар қашанда жанымда көп жүргенімен, ұзаққа тұрақтамайтын. Алдында айтқанымдай мінезімді көтере алмай қалады. Өйткені мен тік адаммын.

СОЛ ҚЫЗ АУРУЫМДЫ АЛЫП КЕТТІ ДЕП ЖОРЫДЫМ
Алғашқы жұмысым дипломымды қорғағалы жүргенде «Алматы» телеарнасынан басталды. Бірақ үш ай тағылымдамада, жұмыссыз жүре алмайтындығымды түсініп ол жақтан кетуге мәжбүр болдым. Сөйтіп бір группаласымның шақыруы бойынша супермаркетке сатушы болып түнгі сменаға жұмысқа орналастым. Күндіз диплом, түнде жұмыс істеу өте қиын болып, супермаркеттегі жұмысымнан айлығымды да алмай шығып кеттім. Сөйтіп жүріп дипломымды қорғадым. Университетті бітіргеннен кейін жұмыс табылған жоқ. Үйдегілер ақша жіберіп тұратын. Жұмыссыз жүріп, не әрі емес, не бері емес болып қиналып жүргенімде күзде әкімшілік жанынан құрылып жатқан бір компанияға аудармашы болып жұмысқа тұрдым. Жұмысым да, әріптестерім де өте жақсы еді. Енді бәрі орнына түсті-ау дегенде күздің соңына таяу бүйрегім ауырып, емханада қысымым қырық градустан түспей қатты қиналып жаттым. Қыста түсімде қайтыс болған группалас қызымды түсімде көріппін. Ол меннен бір аяқ киімімді сұрап келген екен. Сөйтіп мен түсімде «Бір аяқ киімді қалай киіп жүресің екеуін де ал» деп, оған қоса аяғың қажалып кетпесін деп «капрон» колготкиімді де қосып беріп жібердім. Таңертең оянсам, ауруымнан толық айығып кеткен екенмін. Таң қалдым, сол қыз ауруымды алып кеткен екен деп жорыдым…

ҚҰДАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ
Қыс өтіп көктем келді. Өмір өтіп жатты. Ол кезде Алматыда көп қабатты үйлердің төртінші қабатында тұратын едік. Бір күні үй жинастырып жүргенімде абайсыздан терезеден құлап кеттім. Құдайдың құдіретінің арқасында аман қалып, қазір жаныңда отырмын.
Ол уақытта менің омыртқам мен аяғым сынған екен. Есімді реанимацияда жинадым. Ол жақта өткізілген бірнеше операцилардан кейін, енді жүре алмайтындығымды айтты. Мүгедек болып қалғаннан гөрі өліп қалмадым ба деп жылаумен күндер өте берді. Сол жатқаннан сегіз ай жаттым. Сегіз айдан кейін біртіндеп отыра бастадым, ары-бері аунайтын болдым. Ең алғаш рет аяғыма тұрғанда жүруді ұмытып қалған екенмін. Аяғым жәй сүйек болып қалған, өзімді жаңа туылған сәбидей сезіндім. Біртіндеп қадамдар жасай бастадым. Дәрігерлер омыртқамды емдей беріп, аяғымды ұмытып кеткен екен. Гипсты шешкенде аяғымды қисайтып басатын болдым. Сыртқа шықсам адамдар маған біртүрлі қарайтын… Бұрын «Эльвира» деп ортасынын гүлі болып жүретін қыз бір сәтте аяғы ақсақ, қорқақ, ұяң қызға айналып шыға келді.

АЙҚАРАКӨЗДІ АШУ АРМАНЫМ БОЛДЫ
Жүре алмай төсекке таңылып жатқаннан соң, достарым, группаластарым келіп-кетіп жүретін, ол кезде агентті қолданатын уақытымыз. Құр жатпай оқып жат деп агенттен түрлі сайттардың сілтемелерін жіберіп жүретін. Ермұхамед Мәулен деген группаласым өзінің футболға арналған «Aladop.kz» деген сайт ашқалы жатқандығын айтып, сайтын көрсетіп тұратын. Сол кездерден бастап мен қыздарға арналған сайт ашқым келіп жүрді. Оның қалай болатындығын бәрін ойластырып қойған едім, бірақ жоспарымды дүниеге келген жоқпын. Сөйтіп жүріп on.kz-ке тіркеліп, блог жаза бастадым. Үйде жатқан адамға блог кәдімгідей ермек болды.
Біраз уақыт өткеннен соң ойымда жүрген сайтымды аштым. «Айқаракөзді» халық жақсы қабылдайды деп ойлағанмын. Онда қазақ қыздарын бұзу деген сынды ойлар болмады. Ол кезде орыстың қыздарға арналған сайттарындағы дүниелерді қазақшаға аударып сала берген едім. Жазба біздің менталитетке келмейтіндігін ойламаппын. Бірақ адамдар сол жазбалардан кейін бітті «Бұл бұзылған қыз» деп сыртымнан жаман атты етіп қоя берді. Енді-енді өмірге жаңа көзқараспен қарап келе жатқан маған ол қатты психологиялық соққы болды. Сол үшін көп жылайтынмын. «Аузың толған қан болса да, дұшпаныңа көрсетпе» дегенді ұстанып етіп, алдымнан кезіккен қиыншылықтарды жеңіп шықтым.
Уақыт өте келе Аршаттың айтуы бойынша Керекинфоға тіркелдім. Ол жақтағылар мені жылы қабылдады. Содан кейін алғаш рет Блогкемпке Астанаға келдім. Жаңа достар таптым, жаңа орта таптым. Кәдімгідей көңілім бөлініп, бұрыңғы күйзелістен шыға бастадым. Сөйтіп блог жазудың қызығына түсіп, блогерлер сынды қызық нәрселер жазғым келді, солар сынды көп лайк жинап, көп пікірталас туындайтын посттар жазғым келді.

КҮЙЗЕЛІС МЕНІ ХЭНДМЕЙДКЕ АЛЫП КЕЛДІ
Емделіп жүріп жұмыс істеп жүрдім. Адамдардың аяғыма қарай беретінінен мен күйзеліске көп түсетін болдым. Сол күйзеліс мені хэндмейдке алып келді. Өйткені құр отыра берсең өзіңді оймен жеп қоясың. Ал бірнәрсе жасап отырсаң кішкене жеңілдеп қаласың ғой. Солай солай хэндмейдпен айналысып жүрдім. Алғашында оны тек өзім үшін ғана жасайтын едім. Инстаграмға соңғы 1-2 жылда ғана сала бастадым. Тәжірибе уақыт өте келе жинала береді ғой, кейінінен интернеттен түрлі нәрселерді көріп, оған өз идеямды қосып жаңа хэндмейд заттарын жасай бастадым. Менің заттарымды инстаграмнан көрген оқырмандарым өздеріне де сондай әшекейлер жасап беруімді сұрап жүрді. Сөйтіп мен жасаған заттарымды сата алатын жағдайға жеткенімді түсіндім. Одан кейін оны бір бренд етіп қалыптастырсам, керемет етсем, былай істесем, былай істесем деген үлкен армандар болды. Бірақ бәрі қаржыға келіп тірелді.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНДІМ
Күндердің бір күнінде Аршат жаңа жоба ашылайын деп жатқандығын айтып Астанаға шақырды. Оның алдында Аида деген қыз KazTube.kz-ке шақырып жүрген болатын. Алайда өзім енді жазылып келе жатқанда Астананың суығынан ауруым асқынып кетеді ме деп қорқып жүрген едім. Аршаттың ұсынысына қызығып, содан екі жұмысымды біріктіріп Астанаға жол жүріп кеттім. Астанаға келгеніме өкінбеймін. Астана маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады, жаңа мақсаттар қойып берді, армандарыма ұмтылыс беріп, өзіме деген сенімділігімді қалыптастырды. Астанаға келгеннен соң KazTube пен Мұнарада қатар жұмыс істеп жүрдім. Казтюбтің контентін толықтыру керек болған кездерден бастап біртіндеп өзіме қызық деген тақырыптарда видео блогтар түсіре бастадым. Біраз таныла бастағаннан соң әлеуметтік желілердегі достарымның саны да арта бастады. Олардың саны артқан сайын өзіме деген жауапкершіліктің де артқанын байқап, бұрыңғыдай кез-келген нәрсені жаза бермейтін болдым. Көбісі маған «Астанаға барып есейіп кеттің», «Қазір бұрыңғыдай ойыңа келгенді жаза салмайсың» деп жатты сол кезде. Мүмкін есейгендік те бар шығар, бірақ мен өзіме деген жауапкершіліктің көп екендігін түсіндім деп ойлаймын.

БЛОГИАДАҒА ҚАТЫСУҒА ҚОРЫҚТЫМ
Блогиада іріктеу басталғанда Нұрберген, Асқар, Димаш сынды қанша жылдық тәжірибесі бар адуынды блогерлер қатысатындығын біліп, қатты қорыққанмын. Өйткені солардың жанында ешнәрсе жаза алмай ұятты болғанша, қатыспағаным дұрыс деп шештім. Сол кезде Аршатпен бірге жұмыс істеймін. Ол «Ешнәрседен қорықпа, көр. Не боларын ешкім алдын ала білмейді. Дым болмаса тәжірибе жинайсың. Егер оналтылыққа өтіп жатсаң оның өзі жақсы» деген болатын. Сомен мен қатысушы атанғаннан соң енді көп еңбектің, ізденістің қажет екендігін түсіндім. Сөйтіп алғашқы постымды қатты ізденіп, толғанып-толғатып жүріп жазғаным есімде. Жақсы ұпай алуым мені одан сайын шабыттандыра түсіп, бір шыққан биігімнен түсіп қалмайын деп тырмысып келе жатырмын. Қиын тақырыптарға баратын себебім ол да бір азғантай болса да бонус қосатын шығар деген ой. Блогиада маған үлкен мектеп болды. Көп нәрсе үйрендім. Блогиадаға жасап жүрген жұмыстарым арқылы қазіргі уақытта журналистикаға өтіп кеттім. Бүгінгі күні менің өзіме ұнайтын эксперименттер, тәуекел ету туралы репортаждар жасайтын жобаға жұмысқа орналастым.

АЙҚАРАКӨЗ САТЫЛАДЫ
«Айқаракөз» сайты менің Айқаракөз атануыма, атымның танылуына септігін тигізді. Сайт ашылғанда мен оған қаржы көзі ретінде қараған жоқ едім. Одан кейін оқырмандар саны 5000 мыңға жеткенде табыс табуды ойлай бастадым. Сөйтіп 1-2 жарнамадан аз-маз ақша тапқанмын. Бірақ одан кейін менің қызығушылығым басқа жаққа ауып кетті. Сөйтіп сайт жаңартылмай қалды. Өзім анда-санда қолым тигенде айына 1 реттен материалдар салып отырамын. Жазғы салбырлық бар, Блогиада бар сондықтан мүмкіндік болып жатса оны сатқым келеді. Оған бірінші себеп сайтты шарықтау шегіне жеткіздім деп ойлаймын. Қазнеттің оқырмандарының қандай тақырыпқа қызығатындары анықталды деген сияқты (күліп). Мені осы дәрежеге дейін жеткізген «Айқаракөз» болса, енді менің алға жылжуыма кедергі келтіретін «Айқаракөз». Сондықтан мен қазір өзімнін алға қойған мақсаттарыма қол жеткізгім келсе, «Айқаракөзді» өзге иесіне табыстауым қажетпін деп есептеймін.

ШАШЫМДЫ ЖАСЫЛҒА БОЯП АЛАМЫН
Өзім эксперимент жасағанды жақсы көремін. Әйел адамның жан дүниесінде немесе жеке өмірінде өзгеріс болатын болса ол шашына тиісе бастайды. Бірақ менің шашымның жиі өзгеруі менің тұрақсыздығымды білдірмейді. Өйткені шашымның менің жеке өміріме қатысы жоқ. Мүмкін басымдағы «тарақандарым» сондай тәртіпсіз бе екен… (күліп) бірдеңкені өзгерту қажет болса жылдам қол жеткізетін өзгерістердің бірі ретінде шаш үлгімді өзгертемін. Шашымның түсін, үлгісін өте көп өзгертетін адам ретінде байқағаным… Халық сары, қоңыр түсті шашқа да, ұзын, қысқа, тақырбас шаш үлгілеріне де үйреніп қалған. Соңғы шаш үлгімді қазір жұмыс істеп жатқан жатқан жобамда «Қарапайым қыздан жұлдызға айналу» деген тақырып аясында репортаж жасап, эксперимент жасағанбыз. Бұндай қызғылт түске шаштарын негізінен батыстықтар мен орыстың әйелдері бояғандықтан, қасы-көзі қап-қара болып шашы қызғылт қызға халық көп назар аударды. Көшеде кетіп бара жатсаң бұрылып қарайтындар көп еді. Қазір қызғыл түс кетті, енді шашым сарғаяды. Содан кейін шашымды жасылға бояп аламын (қалжындап, күліп)

САТЫБАЛДЫ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ТАПТАТПА
Негізі «Эльвиризм» деген шаблонды маған тағып қойған Сатыбалды Кербабаев болатын. Менің жәй әзіл болсын, жұрт әлеуметтік желілер арқылы дін мен саясаттан өзгеде нәрселерді талқыласыншы деп қалжын әңгімелер жазып жүретінмін. Мысалы, өйткенде «Жайдарманның» туған күнінде «Ас атасы нан, ал апасы кім?» дегендей. Соны Сатыбалды «мақалдарды өзгертіп айтатын, жоқ жерден прикол шығарып жүретін, күлкілі болмаса да күлкің келетін жазбаларға «Эльвиризм» деген атау тағып берді. Одан кейін ол достарымның, блогерлердің арасында қалжын болып жүрді де, бірде Алмас Тоқабаев оны «лайк» жинау үшін бәріне баратын деді ме, әлде өзінің суреттеріне көп «лайк» жинағыш деді ме сөйтіп жазып шығарған болатын. Негізі оның анықтамасы қате. «Эльвиризмнің» авторы Сатыбалды болғандықтан Сатыбалдыға авторлық құқығының тапталуына жол бермесііің дегім келеді.
Шындығында оның бәріне әзілмен қараймын. Өйткені менің қылықтарыма күлетін, әзіл ететін тұстары бар болса, демек менің жалпы сары массадан ерекшелігім бар деген сөз.
Әрі қарай

Құс қанат менің ғұмырым қанатын тағы бір қақты... (есеппост)

Тағы бір жылды артқа тастадық. Өмірімнің тағы бір парағы жазылды…
2013 мені қалай күтіп алып, қалай шығарып салып жатыр, есеп бере кетейінші мен де…

Отбасы
Әкемнің орыны ойсырап қалған жыл… Тамағыма тіреліп тұратын өксік аралас сағынышымды ешкімге көрсетпеуге үйреткен жыл. Әкемнің «Эпошым, Поным» деп еркелеткенін есітпей өттім бұл жылы.
Анама Астананы көрсеттім. Денсаулығы ұзақ жолға жарамай ма деп қорқушы еді. Әкем көре алмай кеткен әдемі қаланы көрді. Ендігі жыл Меккеге жіберуге мүмкіндік берсе екен…
Аға-жеңге, іні-сіңілі, ботақандарымның әрбір жетістігі үшін қуанумен болдым, болам да.

Қызмет
Бір саладан екінші салаға ауыстым. "Өсер бала Астанаға қарай жүгіреді" © деп, Астанаға келдім. Білмейтін көп дүниені үйрендім, білгендерімді пайдаға асырдым. Бәрінен бұрын қызмет ұсынған адамның үміті мен сенімін ақтауға барынша тырысқаным есте қалды. Жаман нәтиже болған жоқ деген сенімдемін, басшылықтың тарапынан жылы лебіздерді естіп жүрмін. Карьера жолында болашаққа нық басатын қадамдарымның бағыты айқындалды.

Денсаулық
Астанаға ауысарда суығынан қорыққанмын. Сынған сүйектерімді сырқыратып, жылы жаққа қайтарып жібермес пе екен деген қорқыныш болған. Жоқ. Қайта бұрынғы күйімнен жақсара түстім, денім де, тәнім де, жаным да сауықты

Достар
Өмірімде маған тек жақсы адамдар жолығады, достық ниетке дайын еместері өздері кетіп қалады. Дос жағынан еш жамандық та, сатқындық та көрмеппін, шүкір. Менің қазір Қазнетте алар орным болса, оған жеткізген — достарым. Бәрін де жақсы көрем

Саяхат
Биыл еңбек демалысы болмады. Есесіне, іссапарға шықтым. Жасыбайды көрдім алғаш рет. Бурабайға бардық, Шымкентке бардық, Алматыға бардық. Енді Астаналық болған соң  Алматыға қонақ боп қалдық)). Шетелге шыққым келген, тіпті, жоспары құрылып, уақыты белгіленіп қойған жерден болмай қалды. Ендігі жылға бұйырып тұрған шығар.

Жеке өмір
Құпия

Жаңалық
Астанаға көштім. Көөөп, өте көп жандармен таныстым. Хинкали пісіруді үйрендім. Шашымды қысқартып тастадым. Айқаракөзім Қазнетдодада 2 орын алды. Ощм жақсы жаңалықтарға толы болды

Жылан — менің жылым. Жемісті жыл болды. Келер жылдан күтерім көп. Биыл жіберген қателіктерді түзеп, мүлде қайталамауға тырыспақпын.

Жаңа жыл құтты болсын! Өзіңізді жақсы көріңіз, сонда әлем сізді сүйетін болады
Блог - aikarakoz: Құс қанат менің ғұмырым қанатын тағы бір қақты... (есеппост)
Әрі қарай

Домбыра пати Астанада!

Кеше Арқаның төсінде, Астананың төрінде, Бәйтеректің жанында, Керуеннің алдында Керекшілер ұйымдастырған тамаша іс-шара өтті. Шартты түрде «Домбыра пати» атауын алған іс-шараның басты мақсаты — домбыраны, қазақшылықты насихаттау. Ұмытыла бастаған игі дәстүрді қайтадан сәнге айналдыру. Астана уақытымен кешкі 21.30-да басталған пати 23.00-де аяқталды. Керекшілерден бөлек қыдырыстап жүрген адамдар да қызықтады. Өнерлерімен бөлісті.
Соңында «Көп жасаңдар!» мен «Маладестер »-дің астында қалған керекшілер сол жерде әр бейсенбі Бәйтерек маңында 20.00-де осы дәстүрді жалғастырмаққа уағдаласып тарасты.
Ал, әзірге патиден суреттер:

Әрі қарай

Керектіктермен алғашқы кездесуім

Мен бұл күнді расымен де ұзақ күттім. Имандай шыным. Басымда қанша шаруа болса да ысырып қойып Жалғас айтқан керекпатиға бардым. Бұл жолы бармасам, болмайтын сияқты көрінген етін

Мен барғанда Димаш, Жалғас Ертай, Ернар Бекен, Ербол ағай, Айнұр Ракишева, Мадлен, Айқаракөздер болған еді. Кеткенше де солар ғана болды. Барлық керектіктер болмаса да, өзім жақсы көретін Қисық, Ертай Жалғас (Ернар Бекенге онша сезімім жоқ) және қыздармен танысып, бетпе-бет жүздескеніме, тіл қатысқаныма шын қуандым)) Сол баяғы, дәл осы керекинфодағыдай атмосфера. Еркіндік, шынайы болмыс, қызу талқы деген сиқты кете береді…

Қисық — отырған, тұрған беті красавчик екен сол бұрынғыша. Жалғас — тым ақкөңіл сияқты көрінді. Мадлен — аққұба,қарақат көз. Айқаракөз әңгімені джынды айтадкен және күміс қоңырау күлкісімен тәнті қылды Айнұр — ерке қыз. Ернар мен Ерболдың есімдері ұқсас сияқты көрінді маған

Содан сол, жатақханаға үлгерейік деп ерте қайтып кеттік Айнұр екеуіміз. Керектіктермен алғашқы кездесуім осылай болды. Мен қуаныштымын. Бары осы ғана
Әрі қарай