Бронетранспортер немесе «Менің ағам – гвардияшы!»

ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Асқардың идеясымен «әскери көліктерге шолу жасайыншы» деген ниетпен Қазақстан Республикасының әскери күшінің қару-жарақ және әскери техника мұражайына қарай бет алғанымды несін жасырайын. Мұражай 68665-әскери бөлімнің территориясында орналасқан екен. Таксиден түсе сала «КПП» деген жазу көзіме оттай басылды. Себебі Астанаға ең алғаш келгенімде темір жол вокзалынан кейінгі маңдай тіреген алғашқы ғимаратым гвардияның бақылау-өткізу пункті болатын.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Ағам 2 жылдық әскери борышын республикалық «Ұлан» гвардиясында өтеген. Ол кезде мен 8 оқитынмын. Жоғары класс ұлдары мектеп дәлізінде тоқтатып алып «ағаң гвардеец екені рас па?» деп сұрағанда төбем көкке екі елі жетпей қалған. Ол да бір мақтаныш еді.
Отырып алып ағама хат жазамын. Барлық жағымды жаңалықты тізіп шығамын. Әлбетте үйдегі сиырларды дұрыс қарай алмай көтерем қып қойғаным туралы тіс жармаймын. Есесіне Бекзаттың 8-наурызда мейраммен құттықтап келіп кеткенін баса жазам. Бекзат – ағамды әскерге жалынды сертпен шығарып салған сұлу қыз.
Ағам өз кезегінде әдемі фотоларын жіберіп, әскерді ғажап өмір қып суреттейді. «Гвардияда «дедовщина» жоқ, тек қана Уставпен жүреміз» деп қояды, уайымдамасын дейтін шығар. Сол хаттардан есімде қалғаны ағам «әскерде бронетранспортер айдаймын» дейтін. Сондықтан алаңда қатар-қатар сап түзеген ұшақтар мен тікұшақтарға назар аудармастан музей қызметкеріне бірден «бронетранспортерлерді көрсетіңізші» дедім.

***
Бронетранспортер (БТР) – мотоатқыштар бөлімшелерінің жеке құрамын тасымалдау және оларды шайқас кезінде қолдауға арналған брондалған дөңгелекті немесе шынжыр табанды соғыс машинасы.
«Соғыс» ұғымы пайда болғалы адамзат өзін және көліктерін қорғауға тырысып келеді. Антик дәуірінде соғыс арбаларына қалқан орнатылды. Парсы әскерінің соғыс пілдері дәл солай қорғалатын. Шыңғыс ханның әскерінде де бронды пәуескелер болған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерлерге жеңіл брондалған техника қажет болды. Себебі шабуыл кезінде қарша бораған пулемет оқтары жаяу әскердің адымын аштырмайтын. Ол кездегі дөңгелекті броневиктер жеңіл және жүк автомобильдерінің негізінде жасалған және олардың сипаттамалары жаман емес еді. Олар негізінен жаяу әскерге қалқан қылу мақсатында жасалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс әсіресе жаяу әскерді тасымалдау кезінде сенімді қорғаныс керек екендігін көрсетті. Соғыс басында КСРО-да жақсы брондалған техника болмады десе де болады. Қызыл әскерге мұндай техника ленд-лизинг бойынша АҚШ-тан келіп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң барып Кеңес конструкторлары түрлі брондық техника жасауға белсенді түрде ден қойды.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Хат демекші, ағамнан хат келген әр күн мейрам еді. Ол күні мамам мектепке пакет-пакет дәм әкеліп хатты «жуады». Ішімдіксіз әрине. Мектептегі Сейсенбай қу терезеден қарап, мамамның қолынан пакет көрсе «дәу де болса Қанаттан хат келді-ау» деп қуанады екен.
Бірде ағам хатында «БТР-мен оқу-жаттығу жұмыстарында үздік көрсеткіш көрсетіп, алғыс алдым. Бұйырса демалысқа барып қалармын» деді. Ой, бір қуанғанымыз-ай, әсіресе қатты сағынып жүрген мамам көзінің жасын бір сығып алды.


***
БТР — 40
БТР-40 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1950 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1958 жылдары жүзеге асырылды. Машина ГАЗ-63 жүк көлігінің негізінде жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 5,3 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Жауынгерлік комплект — 1250 патрон;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 285 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 78 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 4Х4.

***

Бірақ ағам келе алған жоқ, алғыстан соң кішігірім «косяк» жасап қойыпты. Баланы бір сыбап алып мамам жолға дайындала бастады. Мен қалам ба? Астананы көретініме мәзбін, тіпті ағамның демалысқа келе алмай қалғанына іштей риза сияқтымын. Қазір ғой ол ұшақ мініп, азды-көпті шетел сызып жүргенім, ол кезде пойызға «қонып» жол жүрудің өзі таңсық еді.
***
БТР – 152
БТР-152 бронетранспортеры Сталин атындағы Мәскеу автомобиль зауытының конструкторлық бюросында В.А. Грачевтың жетекшілігімен жасалған. Қарулануға 1950 жылы қабылданған. Сериялық шығарылымы 1950-1955 жылдары жүзеге асырылды. Машина ЗИС-151 жүк көлігін негізге алып жасалған.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 8,7 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 17 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-13 мм;
Максималды жылдамдық – 65 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Қозғалтқыш: карбюраторлы, алтыцилиндрлі;
Максималды қуаты — 110 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 6Х6.

БТР-50
БТР-50 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында Ж.Я. Котинның басшылығымен жасалып, 1954 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1950-1954 жылдары жүзеге асырылды. Машина ПТ-76 жеңіл танкісінің негізінде жасалған.
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 14,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 9 адам;
Қарулану — 7,62-мм станокты Калашников танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 10-13 мм;
Максималды жылдамдық – 44 км/сағ;
Жүріс қоры — 240 км;
Қозғалтқыш: дизельді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 240 а.к.

***
Алдын-ала телефон шалып, біліп алу деген де жоқ сонда. Тіпті «қалада болмай, полигонға оқу-жаттығу жұмыстарына кетіп қалса қайтер едік» деп қоямыз кейін. Қазір өзім тұрып жатқан маңайдағы бөлімге 104-маршрутпен жеткеніміз есімде. Әйтеуір ағам орнында екен. Қуана қауышып, қалаға алып шықтық. Ол кезде сол жағалау деген атымен жоқ. Бар кереметі — ескі алаң, Конгресс-холл, Есілдің жағасы, «Миллениум» галереясы. Соның өзінде Астана мені өзіне ғашық қылды.
***
БТР – 60П
БТР-60П бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында В.А. Дедковтың басшылығымен жасалып, 1959 жылы қарулануға қабылданды. Машинаның сериялық шығарылымы 1961-1963 жылдары жүзеге асырылды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 10,3 т;
Экипаж — 3 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Қозғалтқыш: екі бензинді, алтыцилиндрлі
Максималды қуаты — 180 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Отан қорғаушылар алаңына барған кезде ағам маған «осындағы ең мықты, жаңа университет» деп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін көрсетті. «Не деген керемет білім ордасы мынау» деп кәдімгідей аузым ашылып қалғаны рас. «Әскерде контрактімен қаламын, ал сен қолыма келіп оқисың» деп үміттендіріп қойды. Содан бастап Астанада оқу менің басты арманыма айналды.
***
БТР-70
БТР-70 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухинның басшылығымен жасалып, 1971 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 11,5 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ;
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 20 а.к./т;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

***
Өтпестей көрінген екі жыл да аяқталуға жақындағанда әке-шешем ағама «контрактіңді қой, қарағым, басты қатырмай ауылға қайт» деп хатты қарша боратты. Жалғыз ұл болған себепті қара шаңырақтан асып кете алмаған ағам мерзімі біткенде қайтып келді. Ол бір ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Қазір ойлаймын, ағамның қайта оралуына себепкер болған тек қана қара шаңырақ емес, өзіміздің Бекзат сылқым-ау деп. Шығарып салған Бекзат ағамды әскерден күтіп те алды, олардың махаббаты кез-келген қашықтыққа, уақытқа төтеп беретін «брондалған» махаббат екенін дәлелдеді. Ал маған сол жазда екеуінің үйлену тойында шапқылап қызмет көрсету қуанышы бұйырды. Әжептәуір бой жетіп қалған қызбын ғой ол кезде, бақандай 10 класс бітіргем. Астанада оқу арманы әлі де көкейде және бұл кезде ағама тәуелсіз жоспарлар пісіп қойған

***
БТР – 80
БТР-80 бронетранспортері Горький атындағы автозауыттың конструкторлық бюросында И.С. Мухин және Е. Мурашкиннің басшылығымен жасалып, 1986 жылы қарулануға қабылданды.
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
ТЕХНИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫ:
Масса — 13,6 т;
Экипаж — 2 адам;
Десант — 8 адам;
Қарулану — 7,62 мм станокты Калашников танк пулеметі, 14,5-мм ірі калибрлы Владимир танк пулеметі;
Брондық қорғаныс — 6-8 мм;
Максималды жылдамдық – 80 км/сағ, суда 9 км/сағ;
Қозғалтқыш: КамАЗ-7403
Жүріс қоры — 600 км;
Максималды қуаты — 260 а.к.;
Дөңгелектік формуласы — 8Х8.

Қазір біздің елімізде осы БТР-80 және оның БТР-80А атты модификациясы пайдаланылады. 2012 жылы Украинамен БТР-4 бронетранспортерін жасауға келісіп, арты сиырқұйымшақтанып кеткенін көзім шалып қалды.
Айтылғандардан бөлек 90-жылдары БТР-90 бронетранспортері де жасалған болатын. Бірақ Ресейдің өзі оны пайдаланудан бас тартыпты.
***
ОҒМ жазбалары: Бронетранспортер немесе  «Менің ағам – гвардияшы!»
Шүкіршілік, ағам қазір әскерде болмаса да өндірісте Отанымызға қызмет етіп жүр. Айдай аппақ жеңешем оған өзінен айнытпай 3 ұл туып берді. Әке-шешем соларға қарап мәз, менің сыртта жүргеніммен тіпті шаруалары жоқ. «Ауылға қайт» деп мазаламайды, тіпті мен осында болған 10 жылдың ішінде мамам қайта-қайта шақыртумен Астанаға 2-ақ рет келген деп өкпелеп қояйыншы. Қалжың әрине, мен де өзімнің мызғымас берік мақсатымның жолында жүргенімді түсінеді олар әйтпесе.

Жалпы Отан қорғаушыларымыздың еңбегі ерен-ақ. Басқасын айтпағанда шалшық су маңында орналасқан осы мұражайға барғанда аз уақыт ішінде бармақтай-бармақтай масаға таланып қиналған түрім бар болсын. Ал солдаттар сол жерде таңнан кешке дейін міз бақпайды.
Лайым әскери техниканы тек мерекелік шерулер мен мұражайлардан ғана көруге жазсын. Еліміз тыныш болсын!
Әрі қарай

Қазақ патриотизмінің символы кім?

Блог - asaubota: Қазақ патриотизмінің символы кім?

Жақында бір әлеуметтік сауалнамаға қатысқан едім, патриотизм тақырыбында. «Патриотизм символы ретінде кімдерді атар едіңіз» деп 3 адамды жазуымды өтінді. Менің жазғаным тек 2 адам ғана. Өз жауабымды кейін жазармын. Сіздер үшін кім қазақ патриотизмінің символдары? Кімдерді нағыз патриот дер едіңіз?
Әрі қарай

Алматылық блоггердің 7 белгісі



1. Алматыдағы тәуелсіз БАҚ-та не болмаса коммерциялық құрылымда істейтін немесе студент адам.

2. Журналситика мамандығын бітірген, қазір де сол салада жұмыс істейді. Интернетке жақын белсенді мамандар журналистер деп ойлайды.

3. Алматылық блоггерлер ең ұйымшыл халық және блог саласында алда тұрмыз деп есептейді. Бұл жағынан әсіресе астаналықтардан көп алдамыз деген ойда. Өзінің блоггер бауырларымен жиі бас қосып, шәй ішкенді жақсы көретін юзер.

4. Келесі Блог-құрылтайды Астанада емес Бурабайда өткізген дұрыс деп есептейді.

5. Егер Астанаға үй береміз, жұмысқа келіңіз десе, елдің бәрі барып жатқанда, еңбегімді елеп шақырса, қазақша интернетке еңбек сіңіріп жүрген адаммын, неге маған бармасқа деген ішкі ойы бар пенде.

6. Ұлтшылдық мәселесіне келгенде, да ресми көзқарасы мен ұстанымы биліктікіне кереғар. Өйткені билік қазақша интернетке қолдау көрстепей жатыр дейді.

7. Астаналық блоггер сияқты, өз блогыма шатып-пұтып бірдеңе жазсам да Интернеттегі Қазақ контентіне үлесімді қосып жүрмін дейтін, шын мәніндегі жүрегінде ұлтшылдық сезімі бар патриот қазақ. Кез келген жердегі, кез келген елдегі қазақ блоггерін жақсы көреді, сыйлайды, бауырым деп есептейді.

Осы белгілерге 3 ескертпе тағы да сол жерде.
Әрі қарай

Астаналық блоггердің 7 белгісі



1. Астанадағы ресми билікке жақын мекемеде яки БАҚ-та жұмыс істейтін немесе депутат адам.

2. Дипломы бойынша мамандығы журналист емес, бірақ қазір Интернетке жақын болғандықтан журналистика төңірегінде жүрген адам.

3. Алматылықтардың астаналық блоггерлер ұйымшыл емес дегеніне қарсы, бірақ блоггерлер басқосуына анда-сонда келетін кісі.

4. Келесі Блог-құрылтайды Астанада өткізгісі келеді. Оны астаналық блоггерлер тамаша ұйымдастырады деп есептейді.

5. Қатты қиналған кездерінде Ақтөбесіне, Алматысына немесе Шымкентіне кетіп қалғысы келеді.

6. Қанша жерден ұлтшыл болып тұрса да ресми көзқарасы мен ұстанымы биліктікіне жақындау. Біртіндеп болса да билік қазақша интернетке көңіл бөліп келе жатыр дейді.

7. Алматылық блоггер сияқты, өз блогыма шатып-пұтып бірдеңе жазсам да Интернеттегі Қазақ контентіне үлесімді қосып жүрмін дейтін, шын мәніндегі жүрегінде ұлтшылдық сезімі бар патриот қазақ. Кез келген жердегі, кез келген елдегі қазақ блоггерін жақсы көреді, сыйлайды, бауырым деп есептейді.

МАҢЫЗДЫ! Осы белгілерге қоса үш ескертпемді блогымнан оқуларыңызға болады.
Әрі қарай