"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2-айналым, 2017 жылғы 1 шілдедегі эфирінде қойылған сұрақтар
Қазақ радиосындағы «Ой-Зерек» танымдық-интеллектуал ойынының 13-шығарылымына «Найза» командасы қатысып, 2-ойынын өткізді. Есеп 2:9. Команда тәжірибе жинауда.
«Бірінші Еуразия» арнасының қорында және Керекинфо ресурсында «Таныс болыңыз: Маралбек» атты сюжет бар. Сюжеттің пайда болуына белгілі журналистің және кәсіпкерліктің қатысы бар. Сюжеттің басты кейіпкерін атаңыз.
Әзірбайжан мақалын толықтырыңыз. «Қанша білсең, бойыңда сонша адам бар». Қандай сөзді тастап кеттік?
Мамамдық – оқуға түсерде мамасы таңдап берген мамандық; Жатракцион – жатып алып, аяғымен балаңды самолет қып ұшыру. «Жаңа сөздік» жобасы – интернетте сөздерді фонетикалық-лексикалық ұқсастықтары арқылы түрлендіру не синтез жолымен заманауи қазақша сөздер жасайтын түсіндірме сөздік. Бұл сөздік болымсыз етістік арқылы құрастырылған он әріптік жаңа сөзді «Сәтсіз жобаларға жасалған сауатсыз инвестиция» деп түсіндіреді. Сіз де құрап көріңіз.
Генерал Дуглас МакАртур Филиппиннен шегінерде бір сөз тіркесін айтады. Ал 1944 жылы айтқанын орындайды. Ал одан 40 жыл кейінгі (1984 жылғы) осы тіркес айтылатын фильмді атаңыз.
Музыкаға қатысы жоқ қазақ жұмбағын шешіңіз.
Адамға қызмет етіп тұр диірмен,
Тұрады ылғи зарлап бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік жіптері бар,
Тез тауып айтшы, кәне, кім иірген?
«Багси Мэлоун» фильмі – гангстерлік киноға барлық рөлін балалар ойнайтын пародия. Оқ-қару орнына – крем тортттар пайдаланылады, ал автомобильдердегі Х-тер мүлдем басқа түрде. Х-ті атаңыз.
Бір қосымша, яки бағдарлама, шыныққан, шымыр адамды көрсетеді. Жайлап-жайлап оның бұлшықеті кеміп, ақыры кейіпкер мүлдем әлжуаз болған кезде ОСЫ ӘРЕКЕТКЕ қажеттілік туындайды деген сөз. Неге?
Ескендір Зұлқарнайынның әскері шөл арқылы өтіп, өзенге жетеді. Жауынгерлер ішуге лап береді, содан кейін әскер қатары сиреп кетеді. Ал әскербасыларды ажалдан құтқарған не?
Сириялық сериалдар әдетте 30 эпизодтан тұрады. Оның себебін айтыңыз.
1903 жылы негізі қаланған ең ескі америкалық клуб «Кони-Айлендтің ақ аюлары» деп аталады. (Олардың маусымы қарашадан сәуірге дейін созылады) Ал біздер осындай клубтардың мүшелерін қалай атаймыз?
1841 жылы Аргентина мен Уругвай флоты арасындағы айқаста зеңбірек оқтары таусылғанда, уругвайлық адмирал дұшпанға берілгелі жатады. Алайда, кенет трюмда ОНЫҢ бірнеше кесегі бар екенін есіне түсіріп, зеңбірекке салып, дүркін-дүркін атқызады – аргентиналықтар шегініп қалады. Ал Эмилия-Романьеде ОНЫҢ айрықша сұрыбын несиенің кепілі ретінде алатын бірнеше банк бар. Несиені өтейтін шаққа дейін ОЛ да жақсарады. ОНЫ бір сөзбен атаңыз.
Аудиожазбасын мына жерден тыңдай аласыздар.