Бұта отырғызу

Подъезімнің алды көк тақыр. Көршілес подъездерде бұталар өсіп тұр. Біздегі алаңқайдың тақырға айналуына не себеп екенін кейін білдім — кезінде бірінші қабатта тұратын біреу машинасын өз балконының түбіне қою үшін тал-теректерді жұлып/кесіп/опырып тастаған. Алайда қатты дауыл кезінде жақын маңдағы ағаштардың біреуі сынып, ауыр бұтақ (!) машинасының үстіне құлапты-мыс. Сол кезден кейін есік алдындағы тақыр бос тұр.

Подъездің түбі — автотұрақ, гараж, қойма емес. Ол да жалпыға ортақ территория. Оны бәрі түсінеді, бірақ адамның эгоизмінде шек бар ма? Келесі «умник» келіп, жекеменшік паркингке айналдырғанын күтіп жатқым келмеді. Бірдеңе егіп тастайын дедім.

Осы сенбі-жексенбі соның қамымен өтті. Жер қазып жатқанымды көріп, біреулер мақтауларын жеткізді, тіпті көмекке келген көршілер де бар. Ашық жеріне гүл, көгал егейік деп ұсыныс айтып, қоршау мәселесін қамдайық деген көрші де табылды. Өспей қалады-ау деген скептик те бар екен көршілер арасында, ұрлап кетеді-ау деді бір өткінші. Мені қорқытқаны — өспей қалатыны емес, ұрланып кету ықтималдығы және аяққа тапталып сынып қала ма деген қауіп. Білмеймін, көре жатармыз.

Ал, мынау сол шаруаның видеосы:


ТОЛЫҚТЫРУ!
Кіреберістің екінші жағына да ағаш отырғызылды. Ағаш дегенде сол — бұта ғой ол да. Ақпан айында үйдің жанында бұрыннан өсіп тұрған талдардың бұтақтарын кесіп алып, суға салып қойған болатынмын. Солардың басым бөлігі тамыр жайды. Үш-төрт талдан біріктірдім де, төрт түпке бөліп отырғызып тастадым.
Әрі қарай

Жалпықалалық сенбілікке дайындық жүруде

Естеріңізде болса, 23 сәуір жалпықалалық сенбілікке күні болып белгіленген. Бұл шараға қаланың барлық коммуналды қызметтері қатысады. Қазіргі кезде аудандарда ағаштар мен көшеттер отырғызатын орындар әзірленіп, гүлзарларды, көшелер мен гүлбақтарды тазалау, топырақ пен құм шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланы санитарлық тазарту және жерлерді гүл отырғызуға дайындау жұмыстары қолға алынды. Аудандарда барлық учаскелерде жұмыс істеу кестелері жасалып, жауапты тұлғалар анықталды.

Астана жаңалықтары: Жалпықалалық сенбілікке дайындық жүруде

— Сенбілікке дайындық қызу жүргізіліп жатыр. 2200-ге жуық ірі ағаш, соның ішінде, қарағай, шырша, қайың отырғызылады. Бұдан басқа, үш ауданда 13 900 көшет егіледі. Атап айтқанда, терек, тал, мойыл, шегіршін, шетен және долана. Биыл бір күнде 16 мың ағаш отырғызылады, — деді «Астана — Зеленстрой» АҚ төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.

Елордада Орынбор көшесінде және «Арай» паркінде, Ақыртас, Ғабдуллин, Уәлиханов көшелерінде, Тілендиев даңғылында және т.б. жаппай ағаш отырғызылады. Көгалдандыру объектілерінде тиісті орындар дайындалып, көшеттер қойылады, инерттік материал (құнарлы жер, топырақ, қара топырақ) қажетті мөлшерде әкелінеді.
Астана жаңалықтары: Жалпықалалық сенбілікке дайындық жүруде
Айта кетейік, биыл қаланы жинау мен көгалдандыру жұмыстарында шағын механикаландырылған машиналар пайдаланылатын болады. Оның басты басымдықтарының бірі ықшамдылық пен салмағының жеңіл болуы, бұл кеспе тастар мен жолдың жиектерін байқап тазалауға мүмкіндік береді.

Астана жаңалықтары: Жалпықалалық сенбілікке дайындық жүруде
Мұнымен қоса, биыл бір жылдық гүлдер аз отырғызылады. Олардың орнына елордада көп жылдық гүлдер, соның ішінде раушангүлдер мен қызғалдақтар егіледі.

Жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын жерге 25 мың бірлік француз раушангүлі отырғызылмақ. 2016 жылы жалпы ауданы 162 288 шаршы метрлік жерге гүл өсіріледі.

Қала әкімдігі тұрғындарды елорданы абаттандыру мен көгалдандыруға өз үлесін қосып, алдағы сенбілікке қатысуға шақырады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай