Бекболат ТІЛЕУХАН. Дүниенің бәрі махаббаттан тұрады.
Ассалаумағалейкүм, Қазақия!
Қазақтың біртуар азаматы, жырау, қоғам қайраткері, қазақтың жанашыры, айтқан сөзі Абаймен тең Бекболат Тілеухан ағамыз «махаббат» жайлы бұрындары айтқан болатын. «Ештен кеш жақсы» — дейді, көбісі білмейді ау шамасы, сондықтан жазба нұсқасын ұсынып отырмын. Жалпы, махаббат дегеніміз не?
Махаббат дегеніміз тек қана бізге бір қыз бен жігіттің арасында болатын бір сезім сияқты болып қалыптасқан және оның бәрі айналып келгенде аяғы хайуани институтқа айналып келіп тірелетте отырады. Тіпті болмаса да, төсектің ләзатына тіреліп қалатын бір сезім сияқты. Сондай ауқымын тарылтып жіберетін, сондай бір ғажайып сезімді түкке тұрғысыз қып тастаған сыңайлы. Біздің қоғамдық ой – пікірден тану қиын емес. Жалпы махаббат деген не? Сүю. Махаббат деген сөзді біздің қолданбайтын жеріміз жоқ. Оның жалпы атасы – мейірім. Махаббатта, мейірімде Аллаға тән нәрсе.
Кезінде Алаш зиялылары жақсы машина мінгісі келмеді емес, жақсы үйде тұрғысы келмеді емес, оларда өмірдің ләззатын татқысы келді, оларда пенде еді. Бірақ, сол рахаттың бәрін ысырып қойды. Бастарын құрбанға тігіп, ел үшін, жер үшін қиын жағдайларға барды. Басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Сол кезде Болшевниктің сөзін сөйлеп, соның ырқымен томпаңдай берсе, сол заманда өзінің жеке басы үшін өмір сүруге болатын еді. Міне, соларға қарамастан осыншама қадамға барған себеп не? – махаббат, ұлтына деген, еліне деген, ұрпағына деген махаббат. Ата – бабаның аманатына қиянат жасамайын деген иманнан шығып отырған махаббат. Махаббат дегеніміз өте бір терең ұғым.
Мысалы үшін, біз үлкен иттен болсын қорқамыз. Пәленбай атмосферамен сүйегіңді уатып тістейтін иттен кейде зәре – құтымыз қалмауы мүмкін. Енді сол ит келіп сенің жақыныңа, сүп – сүйкімді балаңа келіп басын қажап талап жатса не істейсіз? Бағанағы қорқыныш қайда кеткенін білмей қаласыз, итке ұмтыласыз. Сол сізді итке жүгіртіп қойған – балаға деген мейірім, балаға деген махаббат. Махаббат дегеніміз соншалықты үлкен дүние.
Енді сол махаббаттың ішінде ең жоғары дәрежеде болатын махаббат, ол сені жаратқан, сені ел қылған, халық қылған, сені анадан тудырған, сені әкеден тудырған, саған бауыр берген, саған осындай ұлт берген, отан берген, айта берсек нығыметінде шек жоқ. Саған денсаулық берген, абырой берген кім? – Алла Тағала. Алла Тағалаға махаббат – адамзатқа парыз деп – Абай атамыз бекерден бекер айтпаған.
Рас қыз бен жігіттің арасында махаббат болады. Біздегі түсінік қалай көзбен көреді, сосын жүреді, Алла Тағаланың заңдылығы шегінен шығады, түртіп көреді, шұқып көреді, сөйлесіп көреді, ұрысып көреді, төбелесіп, кетісіп, қайттан табысып, сөйтіп жүргенде қайтып келіп қосылады. Қосылғаннан кйін шұқысып қалған, өзін – өзі тыймаған, заңдылықтан шығып үйренген қызда, еркекте сөйтіп бір – бірінің көзіне шөп салып жатады. Енді осының бәрін ойлану керек. Ол үшін адамға ақыл керек. Ал ақылды жетелейтін бір күш бар ол арине – имандылық.
Дүниенің бәрі махаббаттан тұрады. Қашан иман жүректен кетеді, махаббат жүректен кетеді.Қашан махаббат жүректен кетеді, адам адамдық сипатынан айырылады. Ол хайуан болады. Сондықтан қоғамның бірден – бір емі ол – иман, махаббат, мейірім.
Мына достың – досқа деген қарым – қатынасында бір – бірін ренжітіп аламба деген сондай бір сыйластық қорқыныш болады. Мысалы, мен әкемді сүйдім, анамды сүйдім, осылардың көңіліне келіп қалам ба деген, ренжітіп аламба деген құрметтей қорқыныш болды. Бұл қорқыныш хайуани бір иттен қорыққандай, жаудан қорыққандай емес. Үлкен бір сыйластықтан, құрметтен, ұяттан болатын қорқыныш.
Кейде бір нәрседен ұялған кезде ұяттан кейде өліп кете жаздайсың. Ұяттан жарылып кете жаздайсың. Осы ұяттың атасы – махаббат. Кейде бір адамды қараптан – қарап жақсы көресің. Оның қылығы, оның саған бөліп берген ештеңесі жоқ. Сені таныр – танымас. Сырттай қарап кейбір адамды қылығына қарап жақсы көресің. Сол адам Құдайдан қорқатын, жүрегінде иманы бар, бетінен Нұр төгіліп тұрған. Сол адаммен жақындасқың келеді, сол адамды жақсы көресің, іш тартасың. Осы неден шыққан сезім? – махаббаттан шыққан сезім. Көрдіңіздерма махаббат дегеніміз үлкен дүние. Сондықтан кез — келген нәрсенің осындай — осындай аражігін айырып алу керек.
Ең бастысы Алла Тағала жүректерімізге иман, махаббат сыйласын жамағат! Елімізге амандық, халқымызға бірлік пен ынтымақ нәсіп етсін.