Көктем, көктем. Келуі қиын оның. Әсіресе Астанаға. Қай уақытта кетіп қалғанын түсінбейсің сосын. Бір қарасаң жаз тұрады жайнаңдап. Жарайды, ол бөлек әңгіме. Ал осы «көктем» дегенде не келеді көз алдымызға? Соған тоқталайықшы...
Көктемді түрліше сипаттауға, суреттеуге және жазуға болады. Бұған әрине, біздерге жылулық сыйлайтын осынау мезгілмен қоса келетін түрлі мерекелер мен мейрамдардың да әсері баршылық. Не десек те «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей қытымыр қыстан әйтүп-бүйтіп шыққандар көктем мен жаздан бір үміт күтері анық.
Салыстырмалы түрде қарасақ қала көктемі мен дала көктемі мүлде бөлек. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегенге салар болсақ біздің Арқаның нағыз көктемі осы сәуірде келеді. Сай-салаға жайқала шыққан қызғалдақтар мен сарғалдақтар сәуірдің орта белінен аса, мамыр айының басында дала көктеміне ерекше бір сән беретіні рас. Көкке ауызы тиген қозы-лақ бір мезгіл енесін ұмытып, асыр салатын мезгіл де осы. Бірақ, бұның бәрі сәуір айында.
Наурыз айы далалықтарға ең қарбалас шақ. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін» мезгілі. Қора маңына жинаған шөбінің таусылуға таяйтын, әлдеқалай қыс ұзарып кетсе саусағын мұрнына тығып қалу қауіпінің жоғарылайтын кезеңі.
Дегенмен, биылғыдай қар күрт еріген жылдары дала қазақтары қорадағы ірі қараларын, қой-ешкілерін қарайған қырат жаққа бағыттап жібереді. Жілік майы азайып шыққан малдар сай-саладағы іргесі сөгіле қоймаған қарларға үйелеп қалып жататын оқиғалар да кездеседі. Ертеңгілік инедей жылтырап жатқан жылғаның суы, сай-саладан келіп қосылған қар суымен өткел бермес өзенге айналатыны да көктемнің осыбір айына сәйкес келеді екен. Таңертең жайылымға кеткен малдарын кешке өзеннен бері өткізе алмай, ат сауырынан асатын, сең-сең мұздар жүріп жатқан өзеннен бес-алты атты адам сиырларды қақпайлап өткізтудің азабын сөзбен жеткізті мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Екі көлік соғылып қалса, таяққа сүйенген адам тайып құласа қалта телефондарымызды суырып алып, қызық үшін видеоға түсіріп, интернетке салатын біздердің ол жанталасты, қарбаласты видеоға түсіріп тұрғанымыз ауыл адамдарының алдында ұят қылық. Биылғы көктемнің осы қарбаластарының барлығын өзім арқылы тағы бір сезініп шыққаныммен мен сіздерге бұл жазбамдағы қарбаластардың барлығын суретпен немесе видеомен бере алмауымның себебі осы.
Бұл мал шаруашылығымен айналысатын дала қазақтарының көктемгі тірліктерін суреттейтін жазба. Бұдан бөлек ауылдағы ағайындардың көктеммен қоса келетін егін науқанына дайындық секілді басқа да бітпейтін тірліктері бар.
… Жаз еді. Жадыраған. Тіршілік иесі жан рақатында. Ертең де, арғы күні де жаз тұра беретін сияқты көрінетін. Әрқашан. Өзгермей. Әрине, арасында күн бұлттайтын. Жаңбыр да жауатын. Ол жаздың жаңбыры болған соң артынан көк шығып, айнала одан сайын құлпыра түсетініне ешкімнің күмәні жоқ еді. Бірақ тарих тегершігі көнсін бе… Қазақтың жазы соңғы ханы –Кенесарының басымен бірге солтүстікке көшіп кетті…
… Күз. Бүрсеңдедік. Етек-жеңді жинадық. Теріскейден соққан жел ықтыра бастады. Қатты бұрқасыны қарсы тұрғандарды жұлып кететін. Киіз үйіміздің етегін тартқылап, түндігін төңкере бастаған соң жер қазып, тастан үй қалап, жатаққа айналдық. Ескі шапан арқамызды ызғардан сақтаса, алыстан жіберілген шен көңілге жылу бергендей ме еді… «Алаш» деп Әлихан сынды күн шыққан кезде артынан табиғат жылып сала берердей көрінген…
… Бірақ артынан қыс келді. Қаһарлы. Айналаны сіресе қымтаған қардан бірдеңе болжау мүмкін емес. Сана кіреукеленген. Қыстың ығымен жүріп, ықпалына берілмесең шыбын жаның тілге келіп, бақұлдасып үлгермейді. Аязға қарсы тұрып, боранымен алысқандар, алысқысы келгендер табылды. Бірақ олардың қайда кеткенін көпшілік түсінбей қалды. Қар кеткенде бір хабары болмаса…
… Табиғат ғажап. Ғажап шебер. Әлемнің жартысын орап алып, оны ешкім мызғыта алмас деген қытымыр қыстың соңы желтоқсанда басталар деп ешкім ойламаған болар. Жылымық. Ия, қазір жылымық бар. Жылдан жылға көктемнің иісі сезіліп келеді. Бәйшешектеріміз де гүлдеді. Әзірге нәзік, бірақ… Олар біздің бәйшешектеріміз ғой! Қыстың бұрынғы қауқары болмаса да арасында қар аралас жаңбыр жауады. Соңғы қаһары ма, әлде шарасыздықтың көз жасы ма… Ол маңызды емес, бастысы санамыздағы көктемнің ескегіне желкенімізді тоса білейік…
Биыл Қарағанды қаласында өткен IV Блогқұрылтайдан блогер Эльвира Ерғалина видео дайындап әкелген болатын. Өткен посттарымызда атап өткендей, Эльвира түсіріп келген видеоларды үшке топтастырдық: Блогқұрылтай, Блогиада және Қарағандыға саяхат.
Бүгін Блогиада жайында түсірілген видеоны ұсынамыз.
Бұл видеода Блогиаданың келесі турына өткен 32 қатысушы өз әсерлерімен бөліседі және Блогиаданың алдағы уақыттағы ережелері мен тәртіптері түсіндіоіледі.
Кімнің 32 қатысушы арасында бар екенін көріңіз. Сіздер үшін :)