Адамды адам еткен - арақ

Блог - patick: Адамды адам еткен - арақДарвиннің теориясы бойынша маймылтектес тіршілік иелері еңбек арқылы саналы адамға айналды. Бірақ еңбек етпес бұрын маймылдар ағаш басынан жерге түсуі керек қой. Дәл осы тұста арақ көмекке келеді.

АҚШ-тағы Дартмут колледжінің зерттеушілері осындай тұжырым ұсынып отыр. Оны мен өзіміздің National Geographic Қазақстан журналынан оқып қалдым. Осы қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп кетті.

Мақаладан үзінді келтірейін:
«Берклидегі Калифорния университетінің физиологі Роберт Дадли – «мас маймыл» болжамы жайлы алғаш ой ұсынған адам. Оның ойынша, ағаштан жерге түсуге батылы барған примат жемістің жаңа түріне қол жеткізді-міс. «Егер сен алкогольдің иісін сезіп, жемісті өзгелерден бұрын алсаң, ол – сенің артықшылығың, – дейді Дадли. – Сен өзіңді жеңімпаз сезініп, калорияға да қарық боласың». Бұл өзгеріс өз кезегінде жаңа өмір салтының пайда болуына итермеледі.[1]».

Оны мен қалай елестетем? Он шақты миллион жыл бұрын ата-бабаларымыз жердегі жыртқыштардың кесірінен ағаш басында тіршілік етеді. Бірақ ағаш басындағы азық шексіз емес, сондықтан пісіп жетілген, иісі бұрқылап жерде шашылып жатқан жеміс-жидектерге қалай да қол жеткізу қажет болады. Сосын ішінен бір батылы аса сақтықпен жерге түсіп, бұзыла бастаған жемістің дәмін татып көреді. Бұзылған жеміс ашытқы бөлетіні белгілі. Ал ашытқы дегеніміз бүкіл алкоголь атаулының негізі. Көп жеп қойғаннан кейін әлгі примат бабамыз аздап көңіл-күйі көтеріліп, тіпті маңайдағы жыртқыштарға сес көрсетіп қояды. Сосын ол енді жемісті жерден теріп жеуді әдетке айналдырады. Өйткені ол әрі тәтті, әрі көңіл-күйді көтеріп, ерекше сезімге бөлейді. Артынан басқа приматтар да оның ісін қайталайды. Оларға да ұнайды. Уақыт өте келе „адам болғысы“ келген маймылдар уақытының көп бөлігін жер бетінде өткізуге бейімделеді. Ал әрі қарайғы эволюцияны менсіз-ақ өздерің білесіңдер: тас қарулар, от жағып үйрену, пісіріп үйрену, дәнді-дақылдар теру мен оны егу және ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы.

Алкоголдің адамзат дамуы үшін рөлі бұнымен бітпейді. Көне дәуірдің ғұламалары қалдырған, біздің заманымызға дейін сақталған тарихи һәм мәдени мұралар мен жәдігерлер арақ-шараптың көмегімен дүниеге келгенге ұқсайды. Өйткені алкоголь адамға шабыт сыйлайды. Шабытсыз бұл жақұттар пайда болмас еді. Тағы да НатГео дерегіне жүгінеміз:

»Шынтуайтында, жер-жаһанда дәнді-дақылдардың түр-түрінен жасалған алкоголь жайлы деректер өркениеттің алғашқы кезеңінен бастау алады. Пенсильвания университетінің биомолекула археологі Патрик МакГоверн: «Мұның бәрі жай сәйкестік емес», – дейді. Оның айтуынша, Тас дәуіріндегі ғұрыптардан бермен адамның ақыл-есін өзгертіп жіберетін ішімдік атаулы шығармашылыққа шабыт бітіріп, тіл мен өнердің дамуына серпін берген. Адамзат тарихының шар­уашылық жүргізуден бастап, жазудың пайда болғанына дейінгі дәуір аралығына көз жіберсек, оның қай-қайсысында да ішімдікпен бір байланыстың болуы әбден ықтимал. «Әлемнің әр түкпірінен табылған бұлтартпас деректер алкогольді ішімдіктің адамзат мәдениеті үшін маңызды роль атқарғаны анық, – дейді МакГоверн. – Отыз жыл бұрын бұл дерек дәл бүгінгідей мақұлдана қоймаған еді». Әзіл-шынын араластыра сөйлеген МакГоверннің айтуынша, ішімдіктің адамзат баласының ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, біз енді өзімізді «Хомо ішкіштер» деп атасақ та болатындай.[2]".

Осыдан келіп адамдардың араққа құмарлығының себебі де анықталатындай. Демек бұл біздің қанымызға сіңген әуестік, бізді ғасырлар бойы алға жылжытып келген инстинкт. Ендігәрі ішкішті кінәлауға асықпа, өйткені бұл геніне программаланып қойылған нәрсе.

Ендеше алкоголь өнімдерін жеккөрінішті қылып көрсету әдетімізден арылып, оның адамзат тарихындағы маңызды рөлін мойындайтын кез келді, ағайын.

Сілтеме:
[1][2]: «Тоғыз мың жылдық құштарлық» © National Geographic Қазақстан, 2017
Әрі қарай