«TAARE ZAMEEN PAR» КИНОСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?

Бұл қай кино деп ойлайсыз? Әлбетте, сіз бұл киноны көрген де боларсыз. Алайда ресми атауына мән бермеген шығарсыз. Негізі, тақырыпта орысша атауын жазайын деген едім, бірақ орыстардың киносы болмаған соң негізгі атауын жаздым. Бір жағынан, осы киноны жарыққа шығарған ұжымға деген құрметім де себеп шығар.
Блог - qonyrbai: «TAARE ZAMEEN PAR» КИНОСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?
Бұл – «Звездочки на Земле» деген Әмірхан (Aamir Hussain Khan) түсірген үндінің киносы. Бұл кинодан Шах Рукх Кханның жылағанын, махаббат сезімін көрмейсіз. Керісінше, Болливудтың басқа да маңызды адамзаттық тақырыптарға кино түсіре алатынына көзіңізді жеткізесіз. Кино 2007 жылы 21 желтоқсанда, мен тоғызыншы класты бітірген кезімде, түсірілген екен. Интернетім болмады ғой сол жылдары. Бұл киноның сценариін Amol Gupte жазған. Мен бұл кісіні әйел адам деп ойлағам. Сөйтсем, еркек екен ғой.Неге сценаристі (screenwriter) бірінші кезекте жаздыңыз десеңіз, кез келген кино сценари(й)ден басталады. Әрине, сценарий идеядан басталады дейтін боларсыз. Бірақ идея сценарий боп жазылмаса, ешқандай да кино түсірілмейді ғой. Киноның режиссері (director) Aamir Khan. Оны үндінің басқа да киноларынан көрдіңіздер, танисыздар. Тағы айтатыным, продюсерден (producer) не пайда киноны түсіретін режиссері болмаса?! Зіл әзіл ғой, продюсері де осы жігіт. Бұл кинода Әмірхан басты рөлде ойнайды. Сондықтан екінші кезектегі режиссер Amol Gupte болады. Әлбетте, бұл киноны түсірген ұжымда операторы, суретшісі, монтаждаушысы, композиторы бар. Олардың есімдерін жазатын болсам, өмірбаянын іздеп, блогқа жазуыма тура келеді.

«Taare Zameen Par» («Звездочки на Земле») АҚШ-та 1 223 869 долларды жинаса, әлем бойынша 20 673 504 доллар жинаған екен. Бұл киноны көруге 165 минут уақытыңыз кетеді. Қысқаша мазмұны былай: 8 жасар Ишан Авасти «біртүрлі» боп туылған. Басқа балалардың ешбір қиындықсыз жасайтын нәрселерін бұл бала оңайлықпен жасай алмайды. Мектебінде үшінші рет орнында қалып, келесі класқа өтпейді. Содан қатал әкесі ашуланып, Ишанды мектеп-интернатқа жібереді. Интернаттың өмірі бәрімізге жақсы таныс қой. Сөйтіп, Ишан әке-шешесіне қатты ренжіп, өкпелеп қалады. Тіптен, ешкіммен сөйлеспей қояды. Бір күні сурет сабағынан қызметке уақытша орналасқан жас мұғалім Рам Никум келеді де, баланың түсінігін, өмірін өзгертуге себепкер болады. Әлбетте, ешқандай да сиқыр, 3D эффект, фантастика жоқ.

Енді осы киноның режиссері мен продюсері жөнінде жазатын болсам, Әмірхан (Aamir Khan) 1965 жылы Бомбейде туылған. Әкесі Tahir Hussain продюсер әрі ақын болған. Көкесі Nasir Hussain де режиссер болған екен. Әулеттен Әбіл Қалам Азат деген саясаткер, ғалым шыққан екен. 1947-1958 жылдары Үндістанның білім министрі болған. Әмірханға осы кісінің себі көп тиген-ді. Әмірхан үндінің көптеген киноларында ойнаған. 2001 жылы «Lagaan: Once Upon a Time in India», 2008 жылы «Jaane Tu», 2009 жылы «Delhi Belly», ал 2010 жылы «Peepli Live» киноларының продюсері болған. Тек бір киноның ғана сценариін 1993 жылы жазған екен: «Hum Hain Rahi Pyar Ke».
Блог - qonyrbai: «TAARE ZAMEEN PAR» КИНОСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?
Ал Amol Gupte үндінің сценаристі, актері, режиссері екен. Байқаған адам біледі, Болливудта актерлардың көбісі режиссер, продюсер, сценарист болып келеді. Мен сөз етіп отырған киноның сценариін әйелі Deepa Bhatiaмен бірге жазған екен. Қазіргі кезде Amol Gupte Үндістанның балалар кино ұйымының директоры болып қызмет етеді.
Блог - qonyrbai: «TAARE ZAMEEN PAR» КИНОСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?
Қорыта айтсам, бұл кино маған өте қатты ұнады. Осыған ұқсас киноны ешбір жерден көрмеппін. Әлбетте, киноның ішіне кіріп кеткен адам емеспін. Сондықтан осы киноға ұқсас кинолар бар шығар. Кино десе асын да ішпейтін адамдар білетін шығар. Бұл киноны кешегі жылы шықты деп жүрсем, «баяғы заманда» шығып қойыпты. Бәлкім, бұл киноны көрген де боларсыз. Көрмеген болсаңыз, қарап көріңіз. Айтқандай, киноның айтар сөзі: «Әрбір баланың өзінше қабілеті бар». Балаларға ұрыса беруге де болмайды. Балаңызды құшақтап, ойнатып, еркелетіп, дұрыс тәрбие беріңіз. Балалар мейірімге мұқтаж жандар ғой.
Әрі қарай