Фотокуә. Білім мейрамы

Блог - bake: Фотокуә. Білім мейрамы
2004 ж. суреттің цифрлы көшірмесін сканерде жасағанда -қағаздағы суреттің түпнұсқасының элементтері құрама бөліктерге сапалы жіктеліпті. Сол кезде компьютер экранында суреттің ұсақ детальдері анық көрінді. Түстерді сәл өңдедім. Жалпы фотосурет туралы не білемін? 1927 ж түсірілген (сол тұста жасалған фотосурет дейік). Фотосуретте кімдер? Жауабы белгілі:
-Мектеп алдында тұрған мұғалім(дер) және оқушылар. Алғашында, бірден назарыма түскен сурет элементі. Сол жақ жоғарғы жағында орналасқан араб графикасының негізінде жазылған жазу. Жазудың мазмұны қандай?
1900-1940 жылдың арасында қағаз бетінд тілді түсіруге кемінде үш әдіс қолданған. Бұған дейін осы жайтқа ешқандай мән бермеппін. Қолға нағыз фотоайғақ түсіпті. Яғни, 1927 жылдың төңірегінде тілді қағазға түсу үшін араб графикасы қолданған. Жазғаным жаңалық емес шығар. Бірақ, осы мектептің кейіннен тастан қаланып, оны қоймаға айналдырған ғимаратты көзбен көрдім десем ше? Тарихтан ауылды жерде мектеп болғанын білеміз. Нақты қайсы жерде, нешеуі және алғашқы мұғалім кім болған?
Кейбір сұрақтарды шешкенге тек архив құжаттары көмектеседі. Ол заманда да бір мұғалімді екі мектеп тарихынан көреміз. Осы жерде кейбір жайттар көңіл аудартады. Өскеменде орналасқан қазіргі Жамбыл гимназиясынан бұрын ашылған қазақ мектебі болған-ды мыс? Негізін кім қалады?
Таласты тарихшыларға қалдырайық. Суретті қарастырғанда нені байқадым?
1) Жазудың мазмұны.
Блог - bake: Фотокуә. Білім мейрамы
Тек жеке әріптерді таныдым. Оңнан солға қарай «б», «і» немесе «н», «л», одан кейін «м» әріпі. Әр түрлі алфавитте тілдің жазылуымен таныс мамандар көңілдерінді аударыңдар. Пікірлеріңді күтемін.
2) Фотосурет түсірілген жылдың мезгілі. Күз болуы әбден мүмкін. 1927 жылы қазіргі бірінші қыркүйектегідей барлық жерде оқу жылы бірдей басталмаған. Көктем болса балалардың көбісі аяқ киім киер еді. Көбісінде аяқ киім жоқ. Бір аяқ киім үлгісін байқадым. Яғни, бәтеңкені (ШҚО климаты жыл бойы жалаңаяқ жүргізбейді).
Блог - bake: Фотокуә. Білім мейрамы
3) Фотосуретте баласымен түскен әке бар. Ортаңғы қатарда, сол жақта бала қасында әкесі отырған сыңайлы. Бастың, құлақтың, көздің ұқсастықтары бар.
Блог - bake: Фотокуә. Білім мейрамы
4) Фотосурет ауылды жерде, әлде қалалы жерде түсірілді ме?
Менің ойымша ауылды жерде. Бірақ нақты айту қиын. Қала тұрғындарыда дәл фотосуреттегідей киінуі де мүмкін. Фотосуретті тапқан тарихшының айтуынша ауылды жер. Сіздер қалай ойласыздар?
5) Бір киім үлгісіне сай киінуге тырысқандары көрініп тұр. Әдейлеп киініп келді десем де қателеспеймін. Барлығы жағалы киім киген. Көбісінде костюм, шалбар. Ақ көйлек. Оң жағында отырған оқушының сырт киімінің тозығы жетіпті. Форма сақтамаған балалар заман туралы басқа мағлұмат береді.
6) Фотосурет түскен күні мектепте сабақ болды ма?
Меніңше сабақ болды. Оң жақта жантайып жатқан баланың қолында оралған дәптер парақтарына ұқсас зат ұстапты. Бір оқушы қыздың қолында анық кітап немесе дәптер, парақ салатын қатты тысты көреміз.
7) Фотосуретте оқушылардың ұстаздары қайда тұр?
Үстінгі қатарда үш азамат, ортаңғысы ең көрнекі жерде орналасқаны мектептің негізгі ұстазы десем қателеспеймін. Мүмкін ортадағы азамат мектептің жалғыз ұстазы шығар.
8) Киімдегі сән үлгісі байқалды. Сол жақта жантайып жатқан бала ұсақ шақпақпен гүлдеген матадан тігілген жейде киіпті. Басында ақ фуражка. Шалбар балағы сыртқа бүріліпті. Жалпы, мата түстері және матадағы суреттер әр түрлі.

Көп қарап, ойланғаннан болар. Қара-ақ түстер түрлі-түстке ауысып, кинолентаға түсірілген деректі фильм үзінділеріндей қатып қалған суретке қас-қағым сәтке жан бітті. Мектеп алдында тұрған мұғалім, оның оқушылары мектеп ішіне кіріп сабақтарын жалғастырды. Қалғандары өз істерімен тарқады. Осындай басы, аяғы жоқ деректі фильм. Оның кейіпкерлерін әлі алда отызыншы жылдар, Ұлы Отан соғысы, тылдағы еңбек, тың игеру күтіп тұрған-ды.
Әрі қарай