Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?

Әлеуметтік желілер тез ақпарат алмасуда, таныс-жақындарыңмен байланыс жасауда, өз өніміңді насихаттауда таптырмас құрал екені онсыз да белгілі. Бірақ әр нәрсенің өз даму жолы мен ақыры уақыты аяқталатын кезі болады ғой. Әлеуметтік желілердің болашағына үңіліп көрейікші. Әрине бұл жерде сарапшылардың көмегі қажет болады.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Жалғас Ертай, QazaqMedia интернет-агенттігінің жетекшісі:
— Әлеуметтік желі адамның контентті тұтыну талғамына әсер етіп жатыр. Әсер еткенде, оларды қызығушылығына қарай іріктеп жатқан сияқты. Мысалы, Facebook-та әркім өзіне қызық топтарға жазылып, адамдарды оқып, қызық емесін фильтрлеп, шығарып тастайды. Сондықтан, әлеуметтік желі болашақта осы бағытта жылжи беретін сияқты. Жалпыға бірдей контент азаяды, тек қызығушылықтары бойынша ғана топтасатын болады.

Ал, Twitter, тәжірибе көрсетіп отырғандай, ресми жаңалықтардың оперативті ортасына айналып келеді. Жобамен, әлеуметтік желі болашақта өз қатарына адамдарды тарта беріп, өмірдің барлық саласын өзіне кіргізе береді. Мысалы, сауда-саттық, танымалдық, өнерін тарату және т.б. Дегенмен, қазірдің өзінде осы құбылыстардың алғашқы қарлығаштарын байқауға болады.

Ал, ресейлік Вконтакте, Мой Мир желілеріне келсек, Вконтакте — негізі пираттық контенті арқылы танымал болып отыр: Сондықтан әлемдік деңгейге көтеріле алмайтын локалды желі күйінде қалады деп есептеймін. Дегенмен, кирилл қаріпті ортада өз танымалдығын ұстап тұрмақ. Мой Мирдің аудиториясы Вконтактеге көшіп жатыр, сондықтан бұл ӘЖ-нің болашағы бұлыңғыр.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?

Өмірбек Қабайұлы, уеб-программалаушы (Софтвермайнд):
— Әлеуметтік желілер тұтынушылардың қызығушылығына байланысты өзгерістер жасауы заңдылық. Сошиал медиа сайттар көптеген мүмкіндіктерге толы болады. Компаниялар білікті мамандарды табу үшін Social Network көмегіне жүгінеді. Әлеуметтік желілер түпнұсқасы анық емес контенттерге цензура қоятын арнайы бағдарламалар жасап, ақылы әлеуметтік желілердің саны артады.



Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Нұржол Табиғат, уеб-программалаушы (Quest company):
Жалпы әлеуметтік желілер бойынша, Google өзінің Google Plus сияқты сәтсіздеу жобасынан соң, ғаламторға бір жаңалық енгізеді екен. Оны өздері де құпия ұстап отыр, алайда әлеуметтік желі транспортпен байланысады деп күтілуде. Сонымен қатар, ол Қазақстан үшін қалай боларын елестету қиын.

Желілер естелік, уақыт белгілеу арқылы іс-шара ұйымдастыру, жылдам чат, карта т.с.с. басқа да мүмкіндіктерін жетілдіреді деген ойдамын.

Қазіргі кезде елімізде кең таралған әлеуметтік желілер Vkontakte, Mail.ru, Facebook, Twitter, Instagram, Одноклассники деп қарастырсақ, уақыт өте келе қазақстандықтардың сүйікті және көп қолданатын желілері шет елдік болады деген ойдамын. Бұлай ойлаудың басты себебі, алыс шетелдік әлеуметтік желілердің маркетингтік жоспары, зерттеу жұмыстары мен қаржылай көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Оларды біздің елдің қолданушылары жыл санап пайдалануын арттыра бермек, себебі уақыт өте пайдаланушылардың білері мен талғамы өседі. Бұл табиғи заңдылық.

Жоғарыда аталған сарапшылардың сөздерінен түсінгенім, әлеуметтік желілердің қолданушылары өздеріне жақын тақырыптар бойынша біріге бастайды, әлеуметтік желілер да тұтынушылардың қызығушылықтарына бейімделіп, солардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, цензура күшейе түседі екен. Ал, қандай технологиялық өзгерістер болады екен?

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Ербол Серікбай, Сұрақ-Жауап сайтының иесі:
Адамдар зомби секілді өмір сүретін болады. Қазірдің өзінде Google Glass өзінің өнімін аяқтап, нарыққа шығаруда. Бұл дегеніміз 4-5 адам бір дастарханның басында тамақтанып отырып, әлеуметтік желіде сөйлесіп отыруы деген сөз. Брюс Уиллис басты рөлде сомдайтын «Суррогаты» киносындағыдай өмірді бастан өткізуіміз ғажап емес. Көзілдірік арқылы әлеуметтік желіде отыру, қайда бардың, кіммен отырсың, не жеп отырсың — осының барлығы оңтайландырылған көзілдірік арқылы жүзеге асатын болады. Оған Google-ден басқа қазіргі таңда Samsung, Apple және де Қытайдың жаңа технологияларын жасап шығаратын компаниялар бәсекелестік танытатын болады.

Facebook-тың қолданушылар саны артады. Facebook қазіргі таңда ұялы телефонға арналған бағдарламаларды жаппай сатып алып, өзінің өнімімен интеграция жасауда. Олардың қатарында WhatsApp, Instagram және де тағы да басқа ұялы телефон бағдарламалары бар.

Қазіргі кезде барлық әлеуметтік желілер адамға қатысты жеке бас мәліметтерін құзырлы мекемелерге қажетінше бере алады. Бұған қарсылық ретінде персоналдық мәліметтер қорғалуына баса мән беретін ӘЖ ашылады. Оны ерте ма кеш па бір компания жасап шығарады.

Блог - patick: Блогиада #14. Әлеуметтік желілер болашақта қандай болады?Нұрлан Құлымбетов, Ұлттық Интернет ассоциациясының вице-президенті
Болашақта әлеуметтік желілер адамды фотосуреті арқылы танып алатын болады. Бұл қазір де істеп тұр, бірақ қолданысқа әлі толық енген жоқ. Сондай-ақ талғамыңызды танитын болады (әзірше жасырын түрде істеп тұр): қандай жаңалықтарды қалайсыз, не ұнатасыз, т.с.с. функциялар. ID мәселесіне де шешімдер табуы мүмкін. Яғни сіз тек өз атыңызбен ғана тіркелетін боласыз. Фейк аккаунттар болмайтын болады немесе ақылы функция болады. Онлайн төлемдер функциясы да енгізілуі мүмкін. Ұялы операторларды да осы әлеуметтік желі шығарып жіберуі мүмкін. Мысалы Facebook, Google, Yahoo, Apple не болмаса Amazon өздерінің смартфондарын шығарып, өздері провайдер ретінде болады. Ал сіз оны жәй телефон немесе видеобайланыс арқылы сөйлесе алатын боласыз. Ал интернеті біршама арзан, не болмаса тіпті тегін ұсынатын болады.

Пікір білдірген азаматтардың арқасында, болашақ туралы менің де өз болжамдарым қалыптаса түскен тәрізді. Қазіргі кезде адамдар тірілей қарым-қатынасты ұмытты, бәрі әлеуметтік желілерде отырады, Интернет құралдардың көмегімен ғана хабар алмасады дегендей пікірлер айтылып жүр. Менің ойымша, адамдар болашақта әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдаланудан шаршай бастайды, жүзбе-жүз кездесудің мәнін түсіне бастайды. Сол себепті таймлайнға фото жүктеу, пост жазу, лайктау және бөлісу деген функцияларды толықтай автоматтандырып тастайды. Сонымен қатар, клавишпен әріп теру, файл мен хабар алмасу секілді уақыт пен іс-қимылды қажет ететін әрекеттер аудиокомандалар арқылы орындалатын болады.
Әрі қарай