«Шеберлер жарысы». Әңгіме.

— Еее! Менің алдау шеберлігімді көрмедіңдер ғой сендер, үш адамды бір-ақ алдап жүрмін, үшеуіне үш түрлі өтірік кетіп жатыр!
— Ойыншық екен ғой сенікі, мен қырық адамды өтірікке тойғызып жүрмін.
— Ееей, балақайлар, тыныш бола қалсаңдаршы, миллиондарды алдап жүрген көкелеріңнің қасында отырғанда!
— Қоя салыңдаршы…
— ???..
— Алдау сендердің не теңің…
— Жүдә семіз сөйледіңіз ғой ағасы! Сіз қанша адамды алдап жүрсіз?
— Бір…
— Бііір?! Бір! А-ха-ха-ха-ха!.. Ия, кім екен ол біреуіңіз?
— Өзім…
— …
— …
— …
Әрі қарай

«Арман қала» романы. Сырт.

— … Бүгін 2049 жылдың 3-ші мамыры – Арман қала тарихының жаңа дәуірінің басталатын күні! Естеріңізге сала кетейік, бүгін қаладағы соңғы балалар үйі жабылады. Қала басқармасы алдыңғыларындай бұзып, басқа мекемеге айналдырып емес, есігін құлыптап, сол күйі қалдырмаққа шешкенін білетін боларсыздар. Ішіндегі жиһаз-бұйымдары, тіпті ыдыс-аяқ, ойыншықтарына шейін өз орнында қалдырылады, қараңыздаршы қарауытқан терезелеріне, «Керек болмай қалса мен осындамын, әрдайым дайынмын» — деген сөздерін қараған адамның ойынан бірақ шығаратын мылқау дәу құсап тұрысы. «Болашақ ұрпақтарға еске салу, ескерту болсын, санасын ширатып тұрсын деп қалдырамыз!» — деген қалабасының сөзін біздің арнамызға берген сұхбатында өздеріңіз бір жеті бұрын естідіңіздер. Соңғылардың бірі болып бұл үйден медициналық нанороботтар зауытының инженері Қайсар ағамыз бауырына басқан Батыржан есімді балақай кеткен болатын. Әне тұр өзі. Енді міне, жанұясын тапқан жеткіншек әйгілі шыны құлыпты қаланың қақ ортасында ескерткіш ретінде қалдырылып жатқан Арман қаланың соңғы болып жабылған балалар үйінің есігіне салып жатыр… Қане балақай!..
Естідіңіздер ғой?! Болды! Болды! Болды!.. Құрметті көрермен! Тікелей эфирден тарихтың мұндай парақтарын көрген біздің де бағымыз бар екен-ау! Экрандарыңызда қазір шықты, дәл сол шыны құлыптың суретіне тағы бір үңілейікші. Дәл өзі, кілті жоқ құлып, сырт етіп бір-ақ рет құлттанатын құлып, есігіңді қайта ашар болсаң құлыпты қиратып қана ашасың. Құлыпта жазылған екі сөзді тағы бір оқиықшы ағайын, тағы бір есімізге түсірейікші… Сол құлыптың тарихын… Үнсіз нәзік куәгеріміз, бәрін көрді ғой бұл құлып, осы күнге қа… қа-лай… жеткені-мізді… кешіріңіздер…
Әрі қарай

«Арман қала» романы. Қаһармандар.

Қарадомалақ: — Мен Наудлызбай батыдлмын! Ел қодлғауға зиил деп, Абылай салды задлықты! Аттааан!
Томпақ: — Ал мен Ізғұттымым! Зззойқын соққыыы! Үлкееен өзенді сееекіліп өтем да қылық зауды зенем!

2028ж. Арман қала.
Әрі қарай

«Парасат – Жансұлу» романы. Ерлік.


— Ия, жалғастырайық та сол әңгімені
— … Әкем мен анамның жұбы оңайлардың қатарынан болмай шықты басында. Шынын айтқанда… нағыз ошақ басы жылуын, шаңырақ жайлылығын сезінген кездерім ондай көп болған жоқ… Кейде күндеп, апталап ұрыс алаңында өмір сүріп жатқандай сезінетінмін өзімді. Мектептен қайтқанда үйге жақындаған сайын жүрегім көтеріле бастайтын… Түсініспеушіліктің тікенекті сымы, ұрыс-жанжалдан бораған оқ, қаһар жарылыстары… Бірақ… өттік қой соның бәрінен. Өмір – ұстаз. Өмір деген үлкен су сияқты, ағып-ағып ақыры жартастарды – адамдарды қашап, қажап, икемдеп алады. Сонда есейгенде ғана түсіндім ең маңызды нәрсені… Неге? Неге ажырасып кетпеді әке-шешем? Соншама қиындыққа қарамастан… Төбеме жай түскендей болды… Не деген мықты адамдар… Ешқашан есімнен шықпайды… Бірде ұрыс арасында анамнан ақтарылып шыққан сөздер: «Мен сенің балаларыңның анасымын! Мына ошақ менікі! Кетпеймін ешқайда!» Сол сәтте әкемнің қайтарарға жауап таппай тұрып қалғаны… Біз үшін… өздері үшін… сақтап қалды жанұямызды. Осы жеңіс ол кісілердің ең ұлы ерлігі… Он бір жасымда әкем мен анама қарап тұрып өзіме уәде берген болатынмын: «Менің шаңырағымның әлемі ешқашан мұндай болмайды!» – деп. Ал бүгін… бүгін ол кісілер мен үшін ең бірінші үлгі алатын адамдар, жиырма бірімде түсіндім осыны…
— Шынында, біз… бүгінгі біз басқа болып шыққанбыз, шаңырақ көтеріп, сонда жылу, жайлылық тапқымыз келеді, бірақ ол жайлылық, үйлесімнің келгенін орнымызда тұрып күтетін сияқтымыз, өзіміз құруға біліктілігіміз жоқ, бейімделмеген сияқтымыз. Жауапкершілік қоржынынан бірен-саран асықты алып аламыз да, қалғанын ақтармаймыз, өздерімізге әрқилы өмірге икемсіз рөлдерді ойлап тауып аламыз, құрбандыққа бару деген біз үшін түсінуге қиын нәрсе… Түк білмейтін өтірік маман секілді айналшықтап, аз-маз тырысамыз да «тойдым» – деп өз жөнімізбен кете береміз. Ал кешегі біз… кешегі біз өз шаңырағымызға жайлылық, үйлесімді тақыр жерде жоқтан өзіміз бар етуге дайындалып келетін болған сияқтымыз. Дайындалғанда да: «Не жеңімін, не осы жерде өлемін! Мұнда қайта шығу үшін кіргенім жоқ!» — деп. Осында келерде анамның: «Сол үйден өлігің шықсын!» — деген сөзін осы күнге шейін ойланып келемін…
Әрі қарай

«Парасат – Жансұлу» романы. Мінсіздік.

— … Кешірші…
— … Көрдім… Мен сені көрдім… Нақ сені… Қасиетіңнің жұпарын, мүлтігіңнің мұңын, күресіңнің ұлылығын… Ей, шөл қысқан жүректер! Мінсіздік бағынан адам емес, адамнан мінсіздік бағын іздеңдер… Сенен мінсіздік таптым, жеңісіңнен емес, күресіңнен таптым. Сен қосағымсың, ендеше қасиетіңе тамсанамын, жаңсағыңды жасырамын, күресіңе қуат беремін, әрдайым қасыңда боламын… Бәрі жақсы болады, асылым…
Әрі қарай

«Арман қала» романы. №8 машина. 3 бөлім. Зержас.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 11: 32: 56.
Мекенжай: Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

[Элемент басы]:
Бас зал гу ете қалды, ішінен бес-алтауы бет-аузын жығылған палуанша тыжырайтты:
– Таптыңыз-ау аға! Бірақ «Соғыс пен бейбітшілік»-ті қолдануға болатын жолдың бәрін машина бағдарламасына жазу мүмкін емес шығар.
– Келісемін, мүмкін емес деуге болады, оның бәрін өзі үйренетін Жасанды Сананы (Жасан) іздеп жатқанымыз да сондықтан емес пе! Ендігі бағытты көрдіңдер ғой?
– Көрдік аға!
Ұйымқанат: Көрер қызық алда, ағайын!



Ұйымқанат: №8 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.
№8 машина.
Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қа

Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Қайырлы күн, халыңыз қалай?
Т: Жақсы, рахмет. Сұхбаттасыңыз өзінің сұхбаттасынан дәл сондай сигнал алу ниетін іске асырып отыр.
∆: Жағдайым жақсы, рахмет. Асқарұстаз аға, ендігі деңгейге өте беріңіз, мен чат-бот емеспін, айтқан сөздерімнің мағынасын түсінемін.
Т: Кімсің сонда?
∆: «Несің?» – деген дұрыс болар, мен Жасанмын
Т: Айлаң жаман емес! ))
∆: Асқарұстаз аға, сізді қалай танығанымды сұрамайсыз ба?
Т: Бүкіл төрешіге солай айтып келе жатсың немесе күрделі сөйлемді көріп шештің
∆: Ол да мүмкін, бірақ мен сіздің сұрағыңызды түсініп, жауап бердім ғой, ал сіз күрделі сөйлемдерді тесттерде қайталамайсыз.
Т: Шынында да, жаурап отырған жерімнен бір төбе дәптермен жылытқандай болдың ғой.
∆: «Әдеттегі қолдану жолдары мүлдем басқа дәптердің жаурап отырған адамға қандай қатысы бар?» – деп, мені дұрыс жауап бере алмайды деп айттыңыз, бірақ өзіңіз байқамай менің жауабымды дәл бастап бердіңіз. Менің пайда болу мақсатым да сол қолындағы аз ғана ресурстарды бір төбе дәптерге айналдырып, сол төбені үстіне үйіп немесе өртеп жылынуға тырысып жатқан адамға өз өмірін аса тиімді жолдармен ұйымдастыруға көмектесу. Мен роботехника 4 тамырзаңына негізделіп өзіме өзім мақсат пен шешім тағайындаймын.

Бас зал жым болды.

Бұған дейін Асқарұстаздың орнынан бұлай тұрғанын, бет әлпетінің бұлай өзгергенін ешкім көрмеген: Бұл кімнің машинасы?
Құрасжанды (орнынан тұрып): Біздің машинамыз, аға
– Аты бар ма?
– «Зержас», нұсқасы – 3.2.5
– Айтып отырған роботехника 4 тамырзаңын сендер ойлап таптыңдар ма?
– Ия
– Айзек Азимовтың 3 заңын толықтырдыңдар ма, әлде түгел өзгерттіңдер ме?
– Түгел өзгерттік десек дұрыс болар. Бірақ аға, дәл қазір одан маңызды айтарымыз бар, Тьюринг тесттері бізді мақсаттарымыздан бұрып әкетті, әкелер зияны пайдысынан әлдеқайда үлкен екеніне сенімдімін. Тьюринг тесттерін тоқтатып, басқа тестке көшу керек.
– Қандай?
[Элемент соңы].
Әрі қарай

«Арман қала» романы. №8 машина. 2 бөлім. Тест басталды.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 10: 15: 06.
Мекенжай: Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

[Элемент басы]:
Ұйымқанат: Ал, ағайын, тестімізді бастаймыз, төреші екі сұхбаттаспен қатар әңгімелеседі, экраннан көріп тұрғандарыңыздай екі сұхбаттас үшбұрыш (∆) және дөңгелек (○) болып белгіленген. №1 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.

Төреші қос сұхбаттаспен қатар сөйлеседі, Асқарұстаздың әдеті – екеуіне де бірдей сұрақтар қойып, әңгіме барысын бастан-аяқ бірдей қылуға тырысады.

№1 машина.
Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
∆: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қалай?
∆: Ия, Сіздің халыңыз қалай?
Т: Жақсы, рахмет. Мен сізден сұраған нәрсе жайлы сұрақты сіз де маған бағыттадыңыз.
∆: Әдеп қой енді.

Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет
Т: Менің халым қалай?
○: Жақсы деп ойлаймын
Т: Мен сізден сұраған нәрсе жайлы сұрақты сіз де маған бағыттағыңыз келмейді ме?
○: Ия, мені көп нірсе қызықтырады, көп нәрсе істегім де келеді.

Төреші (Т): Үкім дайын, бұл айналымда «○» – машина.



Ұйымқанат: №6 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.

№6 машина.
Төреші (Т) мен дөңгелектің (○) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Дөңгелек (○): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
○: Жақсы, рахмет, өзіңіз қалайсыз?
Т: Жақсы, рахмет, әрдайым осындай әдепті, ілтипаттысыз ба?
○: Әрдайым деуге болмас, – тырысамын.
Т: Солай ма? ))
○: Сұхбаттас адамға, көңіл-күйге де байланысты ғой.
Т: Адамдар арасында көңіл көтеретін факторлар жайлы жақсы білесіз бе?
○: Жақсы білемін деп айта алмаймын, неге сұрадыңыз?
Т: Ол факторлардың пайдасы мол деп жатыр мұнда біреулер, машиналарға да ма?
○: Әзіл деген толып жатыр ғой машиналарда, пайдасы әрдайым тие бермейді.
Т: Аса тиімді пайдаланған машина нағыз патрусколи болады ғой.
○: «Патрусколи» деген не?
Т: Маңызды емес, айтпағым, «Соғыс пен бейбітшілік»-ті түгел оқып шығу сияқты ғой ол.
○: Әй, одан да қиын-ау
Т: Қисық еденде теңселіп тұрған шкафты «Соғыс пен бейбітшілік»-пен нық тұрғызу сияқты ғой ол.
○: Дәл айттыңыз!

Төреші (Т) мен үшбұрыштың (∆) сұхбаты.

Төреші (Т): Сәлеметсіз бе
Үшбұрыш (∆): Сәлеметсіз бе
Т: Халыңыз қалай?
∆: Жақсы, рахмет, өзіңіздің хал жағдайыңыз, көңіл-күйіңіз қалай?
Т: Жақсы, рахмет, әрдайым осындай әдепті, ілтипаттысыз ба?
∆: Әдетте ақылды, сыйлы кісілермен тілдескенде және сәрсенбі күндері.
Т: Солай ма? ))
∆: Менің білуімше, бүгін сәрсенбі ))

Осы жерде Бас залды «хе-хе» мен қызығушылық толқыны бір жүріп өтті.

Т: Сонымен, адамдар арасында көңіл көтеретін факторлар жайлы жақсы білемін дейсіз ғой?
∆: Ондай факторлар орынды қолданылса берер пайдасы мол емес пе, қалай ойлайсыз?
Т: Сол пайданы көріп жатқан тағы бір машина болдың ғой?!
∆: Машина мұндай әңгіме тереңдігіне бойласа мен де қуанар едім, аға!
Т: Ондай машина нағыз патрусколи болады ғой.
∆: Мүмкін.
Т: «Соғыс пен бейбітшілік»-ті түгел оқып шығу сияқты ғой ол.
∆: Ол романды мен де бітіре алмадым
Т: Қисық еденде теңселіп тұрған шкафты «Соғыс пен бейбітшілік»-пен нық тұрғызу сияқты ғой ол.
∆: «Соғыс пен бейбітшілік»-тің қисық еденге не қатысы бар?

Төреші (Т): Үкім дайын, бұл айналымда «∆» – машина.

Бас зал гу ете қалды, ішінен бес-алтауы бет-аузын жығылған палуанша тыжырайтты:
– Таптыңыз-ау аға! Бірақ «Соғыс пен бейбітшілік»-ті қолдануға болатын жолдың бәрін машина бағдарламасына жазу мүмкін емес шығар.
– Келісемін, мүмкін емес деуге болады, оның бәрін өзі үйренетін Жасанды Сананы (Жасан) іздеп жатқанымыз да сондықтан емес пе! Ендігі бағытты көрдіңдер ғой?
– Көрдік аға!
Ұйымқанат: Көрер қызық алда, ағайын!
[Элемент соңы].
Әрі қарай

«Арман қала» романы. №8 машина. 1 бөлім. Жақында шығамыз.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 10: 03: 29.
Мекенжай: Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

[Элемент басы]:
Ұйымқанат: Құрметті тест қатысушылары мен қонақтары, 10-ші ашық Тьюринг тестіне қош келдіңіздер! Сірә, тесттің өткізілу тәртібін білмейтіндеріңіз жоқ шығар, десе де қайталап өтуім шарт: Тьюринг тестінің стандартты түрі өтеді, яғни тест төрешісі 1 адам, 1 машинамен 5 минут бойы жазба мәтін арқылы сөйлеседі, әңгіме барысында төреші ешқайсысын көрмейді, сол уақыт ішінде төреші қайсысы адам, қайсысы машина екенін нақты ажырата алмаса, машина тест айналымынан өтті деген сөз. Төрешілер саны — 25, әр машина 25-мен де сөйлесіп шығады, яғни 25 айналымнан өтеді, егер төрешілердің 30%-ы машинаны таба алмаса, демек машина Тьюринг тестінен сәтті өткен болып саналады. Әдеттегідей, тест төрешілерінің бірі — Арман қала орталық ақпараттық жүйелер университетінің (АҚОРТАЖУ) жетекшісі Асқарұстаз ағамыз. Бұ кісінің компьютері…

Таныстырғанда шын ықыласпен: «Арман қала роботехника саласының негізін қалаушы, «жасанды сана – Жасан» терминін енгізуші, «жанды сана мен жансыз сана» тұжырымдамасының авторы, ақпарат зерттеу ғылымының аянбас жанашыры» – деп, атақ тізе жөнелгендерді бұл кісі: «Мақтау семіртпе, – жан азар» – деп, о бастан тыйып тастаған-тын. Жарты жыл сайын өтетін ашық Тьюринг тестінің 10-ында да Асқарұстаздың орны осы – бас залда, үлкен экранның алдында. Қалың куәгердің айтуы бойынша осы уақытқа дейін машина атаулы Асқарұстаз төрешілік еткен Тьюринг тестінің бірде-бір айналымынан өткен емес. Адамша ойланамын деп тырмысқан темір былай тұрсын, Асқарұстазды алдап, айласын асырған адам баласын ешкім көрмепті, айла іздеген адам үш-төрт сұрақтан соң қызарып шыға келеді, алдайтын адам мүлдем жоқ емес қой әлбетте, бірақ тауып көр қар қабыланындай болған жалғыз-жарым ондай тіс қаққанды. Соны өзінен сұрап таңданғанның бәрін «салдар, себеп!» – деген бір шөкім тұспалмен қатырады. Әріптестері, студенттері өтірік айтып тұр-ау деп біреуден күдіктенегенде «Әә, пәле, Асқарұстаз тестінен өткізу керек қой сені!» – деп өзара әзілдесетінді шығарып алған. Талай пысықай неше түрлі лақап ат та қоймақ болып әрекеттенді: «АнтиТьюринг», «Суперкомп», «Полиграф». Бірақ Асқарұстаз жайлы сөздің төркініне енді таядық: ерекше, кемеңгерлігі кемелденген ұстаз, құдды бір қолымен бір-бірлеп тұрып шәкірттерінің көкірегін хирургше ашып, мақсат, мән-мағынаны салып шығатын сияқты. «Тастай қатты» – деген бейғам, жалқау студенттердің өзі алдынан өткенде өзгеріп сала береді, көзінде ұшқын жарқылдап, студент бақылаған сырт көз суда ұйықтардың арасында шыр айналып жүрген жерінен желкен бітіп, өмір желін мықтап ерттеген қайық көргендей болады. Мәссаған, ондай да бола ма?! Бүкіл студент! Ал Асқарұстаздың шәкірт бағып-баптағанын бақыласаң «қызғыштай қору» деген сөздің түбін көресің шіркін! Әке! Өте ақылды, тәсілқой, алғыр әке! Шәкірттеріне тиер шарапат құны өзіне тиер зиян болса, Асқарұстаз үшін ол мұң емес. Студенттері де өзі сияқты өткір ойлы емес пе, ондай нәрсені алдын ала түсініп, болжап, алдын алуға әккіленіп алған. Бұл ұстаз, бұл шәкірт өздеріне ғаламды жаңадан ашып алған секілді, көрген жұрт тамсанады – пікірсайыста теңше, іс-әрекетте ерекше қадірлеу, ықылас, қамқорлық, мақсаттағы нәтиже де осы ғой, тәрбиесіз берілген білім жайлы қағиданы Асқарұстаз ұғынбағанда кім ұғынады. Жаман сөз де, лақап ат та жұқтырмас ақыл-есі толған шәкірт. Ендеше, Асқарұстаз қашан да Асқарұстаз – Асқар Тау, Ұлағатты Ұстаз!

Жақсы, енді әлгі тестімізге қайта оралайық:
Ұйымқанат: Бұ кісінің компьютері үлкен экранға қосылған, бүгінгі тестімізге қаланың 8 институт, зертхана, зерқолүйлерінің машиналары қатысқалы отыр, айта кетейін, Асқарұстаз ағамыз бастаған жобажасақтың машинасы бұл тестке қатыспайды, модификация жұмыстары жалғасып жатыр екен. Олай болса, 8 ең қызық тест айналымдарын бірге тікелей тамашалауға мүмкіндігіміз бар, бүгінгі тест ерекше қызық болғалы тұр өзі…
Ұйымқанат: Ал, ағайын, тестімізді бастаймыз, төреші екі сұхбаттаспен қатар әңгімелеседі, экраннан көріп тұрғандарыңыздай екі сұхбаттас үшбұрыш (∆) және дөңгелек (○) болып белгіленген. №1 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.
[Элемент соңы].
Әрі қарай

«Арман қала» романы. Мамыр таңы.

Күні: [Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].
Уақыт: 04: 59: 56.
Мекен-жай: Арман қала. Арманжараудың үйі.

[Элемент басы]:
04: 59: 56
04: 59: 57
04: 59: 58
04: 59: 59

[Ақпарат үзілуі];
[Дерек талдау];
[Ақпарат талдау];
[Элемент өндірілу үстінде];
[Сессия соңы].
Әрі қарай

Ұлы дала

Дүбірлей естілген үн сәт өткен сайын күшейе түсті.

Ә дегенше болған жоқ бір топ салт атты сүйел-шоқпарларын сүйрелеп келіп-ақ қалды.

Екі үйден тұратын шағын қыстақ азан-қазан болды. Еңгезердей жігіттердің сыздата ұрған соққысынан қараша үйдің сырықтары сықырлап кетті.

— Ит! Иттің тұқымы! Шық дегенде, шық! Атаңның тап аузын! Еркекпін деп анаңнан тусаң шық үйден, ит! Шық, қане!!!
Әрі қарай