Жиілік сөздік – саясаткерге де таптырмайтын құрал
Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді игеруі керек» деп үлкен бастама көтергені ел есінде.
Бірақ алдағы 3 жыл ішінде айтулы межеге жету мүмкін бе? Түптеп келгенде бұл «Мәңгілік ел» патриоттық жобасымен де үндесетін бастама екені анық. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Мұратқызы Білім және ғылым министрінің тапсырмасымен Жиілік сөздік жасалып, баспаға дайындалып жатқанын жеткізеді. Бүгінде 6 млн 700 мыңнан астам сөз қолданыстан тұратын мәтін базасы дайындалып, шамамен 39 мыңға жуық тілдік бірліктің жиілігі анықталған. Тіл маманының айтуынша, адам жиілік сөздіктегі бастапқы сөзден 1000-сөзге дейін білсе, қазақ тілінің 70 пайызын түсіне алады.
– Президенттің мемлекет алдына қойған тілді игеруге қатысты тапсырмасымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған мақсат-мұраттарды бүкіл халық қолдап отыр, – деп бастайды әңгімесін Анар Мұратқызы: – Елбасының, әсіресе, 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттің тілі – қазақ тілін білуі керек деген сөзін бәріміз қуана қабылдадық. Тіл білу – қажеттілік. Бұл межеге жету үшін нақты істер атқарылуы керек. Президенттің Ұлт жоспары мен «Мәңгілік ел» патриоттық платформасы – мемлекеттік идеологияның негізіне айналып отыр. Бұл тұрғыдан айтсақ та, қазақ тілінде сөйлейтін халықтың санын арттыру – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін, оның қолданыс аясын кеңейтетін тапсырма ғана емес, сондай-ақ бұл – біздің еліміздің ел болып қалатын, болашаққа нық қадам басуға жол ашатын бастама.
Әлемде қазақ тілін ғылыми тұрғыдан зерттейтін жалғыз мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Мұнда іргелі және қолданбалы зерттеулер тұрғысынан барлық мамандар тек қана ғылыми ізденістермен айналысады. Сөйтіп, қазақ тілін түркі тілдерінің бір тармағы ретінде қарастырады, әлемдік лингвистикадағы синхронды және диахронды, яғни тарихи лингвистика тұрғысынан зерттейді.
– Егер осыншама зерттеулер жүзеге асса, неге тіл жалпыұлттық қолданысқа жетпей отыр? Әлі күнге дейін айтылатын мәселелер – қазақша дұрыс әдістемелердің жоқтығы, 12 жыл орыс мектебін оқыған баланың қазақ тілін білмей шығуы, шенділер үшін қазақ тілінің амандасу мен қоштасу тіліне айналып отырғандығы, тағысын тағылары...
– Бүгінде көпшілік қазақша сөйлейді, бірақ оның сапасы жоғары болмай жатыр. Бұл проблеманы әлеуметтік тілтаным тұрғысынан қарастырған мамандар мәселенің шешімін тілдің қоғамдық беделін арттырумен байланыстырады, кез келген тілдің корпустық дамуы оның имиджі мен беделіне тәуелді екені рас.
– Яғни, қазақ тілінің беделі төмен дегіңіз келе ме?
– Қазақ тілінің әлеуметтік беделі тәуелсіздік алған жылдан бері бұрын жетпеген шыңдарына жетті. Бірақ әлі де оның осал тұстарын көтеретін шаралар керек. Осыған қатысты тағы бір мәселені Білім және ғылым министріміз Ерлан Сағадиев анықтап отыр. Ол қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету әдістемесінің әлсіз тұстарын, қоғамның сұранысына жауап бере алмай отырғанын айтып жүр. Расында да, орыс мектебінде бала он жыл бойы қазақ тілін оқиды, бірақ бітіріп шыққан кезде неге қазақша еркін сөйлеп кетпейді? Он жыл оқыған бала қоғамдық өмірдің кез келген саласында қазақ тілін өз мақсатына қарай қолдана білуі керек емес пе?
– Бұл мәселені шешу үшін сіздер не ұсынып отырсыздар?
– Жыл басынан бастап тиісті жұмыстар атқарып, Білім және ғылым министрлігі әдістемені жетілдіру бойынша лексикалық минимумның негізінде тілді үйретуді ұсына бастады. Сөйтіп, мамыр айында Тәуелсіздік алған жылдан бері бірінші рет Тіл білімі институтының табалдырығын аттаған алғашқы министр – Ерлан Сағадиев болып, ұжымға тіл үйрету әдістемесінің негізі ретіндегі қазақ тілінің жиілік сөздігін жасау тапсырмасы берілді. Ол қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру үшін оның ғылыми лингвистикалық платформасын жасақтауды алға тартты. Бұл тапсырмаларды Институт жыл басынан бері әзірлеп келе жатқан «Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау және әзірлеу» жобасы аясында орындауға бел буды. Тіл білімі институты түркі елдерінің ішінде алға шығып, алғашқы жиілік сөздіктерді профессор Қ.Бектаевтың жетекшілігімен өткен ғасырдың 70-80 жылдары-ақ шығарған болатын, ал қазіргі сөздігімізді филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың іргелі еңбектеріне сүйеніп жасап отырмыз.
Әр заманның жиілік сөздігінің өз ерекшелігі, сол уақыт кезеңіне, ортасына, т.б. талаптарына қарай айырым белгілері болады. Өзге тілді мектеп баласына арналған қазақ тілін үйрету құралдары, оқулығы тиімді болуы үшін онда балаға түсінікті сөздердің басым қолданылуы абзал. Ә деп тіл үйрене бастағанда бала кез келген емес, белсенді қазақ сөзін оқып үйренсе, оны күнделікті ортасында жиі естігендіктен, санасына жеңіл сақтап алады, ал ондай сөздер «ауыздан шығуға» асығып тұрады да, баланың сөйлеп кетуіне түрткі болады. Әдістемешілер мен оқулық авторлары, оқытушылар мен мұғалімдер, бала оқытып жүрген ата-аналар осындай сөздерді жиілік сөздіктен таба алады. Мұндай сөздік қазіргі қазақстандық кеңістікте баршаға ортақ қоғамдық өмір салаларындағы тілдік ортада жиі кездесетін сөздерден құралуы үшін осы орталардағы мәтіндер базасында жасалды. Мәселен, жиілік сөздіктің ғылыми стилінің мәтін базасына болашақта мектепте қазақ тілінде оқытылмақ болып жатқан кейбір пәндерге қатысты, балалар энциклопедиясының, т.б. балаларға арналған пән әдебиеттерінің мәтіндері алынды. Көркем әдебиет стилі бойынша балалар әдебиеті мәтіндері, әсіресе, бала тіліне салынғандары, балаға икемделгендері көптеп жиналды, публицистикалық стиль бойынша балаларға арналған мерзімді басылым мәтіндері сұрыпталды. «Балапан» телеарнасындағы әрқилы ауызша бағдарламалардың стенограммасын қағазға түсіріп алдық, бұлар сөйлеу стилі мәтіндерінің базасына енгізілді. Осылайша, 6 млн 700 мыңнан астам сөз қолданыстан тұратын оқу дискурсына тән, оқушы баланың күнделікті тілдік ортасын қамтитын тілдің 5 негізгі стиліне қатысты жиілік сөздіктің мәтін базасы қалыптасты.
– Оның ішінде ең көп қолданылатын сөздер саны қанша?
– Сөзтізбесі 39 мыңға жуық сөзден тұратын жиілік сөздік жасалды. Сөзтізбеде о баста бұдан көп сөз болды, алайда оларға сараптама жасау барысында варваризмдер, жергілікті сөздер сияқты әдеби нормаға жат қолданыстарды шығардық. Кез келген тілде негізгі мағынадан гөрі қосымша мағына үстейтін көмекші сөздер жиілігі жағынан жоғары болып келеді. Қазақ тілінде де «бер», «бол» сияқты көмекші етістіктердің, «мен», «және» сияқты шылау сөздердің жиілігі жоғары. Толық мағыналы сөздерден «бала», «сөз», «қазақ», «адам», «ел», «жер», «тіл» сияқты сөздер жоғары жиіліктен көрініп отыр.
– Бала үшін 39 мың сөз тым көп емес пе?
– Иә, 39 мың сөздің барлығы қазақ тілін екінші тіл ретінде үйреніп жүрген балаға қажетті болмайды, әрине. Соның ішіндегі біріншіден бастап бастапқы 7 мыңға дейінгі сөз мектеп түлегінің мемлекеттік тілде сәтті коммуникация жасауы үшін қажет болып қалуы әбден мүмкін. Біз мұны танымал педагог, әдіскер, тілтанушы ғалымдармен және Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибелі мұғалімдерімен, еліміздің білікті ұстаздарымен біріге анықтап жатырмыз. Бір ерекшелігі, біздің жиілік сөздікте мәтінді қамту пайызы деген көрсеткіш берілген. Ол көрсеткіштің маңызы зор, мәселен, сөзтізбедегі бірінші сөзден бастап 32-сөзге дейінгі сөздерді білсеңіз, онда қазақша мәтіннің шамамен 20 пайызын, ал 78-сөзге дейінгі сөздерді білсеңіз 30 пайызын, 166-сөзге – 40 пайызын, 1-ден 311-сөзге дейін білсеңіз, 50 пайызын түсінетініңізді осы мәтінді қамту пайызының көрсеткіші анықтап тұрады.
– Қазір әлеуметтік желілерді байқасаңыз, ағылшынның 800 сөзі немесе 1000 сөзі арқылы тілді игеру курстары бар. Неге бізде осындай шағын сөздіктер жасалмаған?
– Мұны дұрыс айтып отырсыз. Жиілік сөздіктің негізінде лексикалық минимум дайындалғалы жатыр. Тілтанушы ғалымдар мен педагогтердің ортақ пікірі бойынша, шамамен 3000 сөзден бастап 5000 сөздің аралығында балаға қазақ тілін игертсе, онда оның мемлекеттік тілде сөйлеп шығуына кепіл бар. Сол сияқты Білім және ғылым министрі орыс мектебінде баланың бірінші сыныпта үйренген 200 сөзі мектеп бітіргенше, оқу жүйесінде бірнеше рет қайталануы керек деген талапты да қойып отыр. Осылайша, жыл өткен сайын оның тілдік қоры да көбейіп отыруы керек, ондағы әрбір сөздің қайталануы да қадағалануы керек, сөйтіп, түлектеріміз мемлекеттік тілде кез келген ортада еркін сөйлеуі керек.
– Байқауымызша, ағылшын тілінде бірінші кезекте етістіктер мен зат есімдерге көп мән беріледі. Біз үстеу, шылау, одағай дейсіз бе, бәрін де қамтығымыз келеді. Бәлкім, тілді ағылшын тіліндей жеңіл үйрету формасына көшкен дұрыс шығар?
– Әрине, оқытуды сөйлем құрылысы жеңіл мәтіндерден бастаған абзал. Осындай талапқа сай оқу мәтіндерін құруға көмек болсын деп, ұсынылып отырған сөздікте әрбір сөз табының жиілігі де шығарылды. Демек оқулық не оқу материалын құрастырушылар, сөздікке сүйене отырып, ең жиі қолданылатын зат есімді, етістікті, сын есімді, үстеуді пайдаланып оңай сөйлемдер жасай алады.
– Бұл жиілік сөздіктің басқа сөздіктерден қандай артықшылығы бар?
– Институтымыздың ғалымдары қазақ тілінің әдістемесін жақсартуға сеп боламыз деген игі ниетпен бұл іске үлкен энтузиазммен кірісті. Сөздікте алғаш рет омонимдер ажыратылды. Жалпы, кез келген сөздікте омонимдерді, яғни бірдей айтылып не жазылатын, бірақ мағыналары басқа сөздерді ажырату ісі ерекше күрделі, әрі көп еңбекті қажет етеді. Орыс тілінің жиілік сөздіктерінің өзінде бұл мәселе толық шешімін таппаған. Оларды ажырату ісін жеңілдету, яғни автоматтандыру үшін қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау керек. Біз бүгінде Қазақ тілінің ұлттық корпусына бастапқы тілтанымдық белгіленім қойылған 30 миллион сөз қолданыстық мәтін базасын енгіздік. Мұның өзі де жеткіліксіз, мәселен, орыс тілінің ұлттық корпусы 300 млн сөз қолданыстан әлдеқашан артып кетті. Соның өзінде олар омонимдерді автоматты ажырату мәселесін шеше алмай отыр.
Бірақ, бұған қарамастан, институттың ғалымдары, жиілік сөздікте сөз таптарына қарай омонимдерді ажыратты. Мысалы, «мен» деген шылау, сол сияқты «мен» деген есімдік бар. Яғни, сөздікте «мен» сөзі шылау және есімдік ретінде неше рет қолданылғаны бөлек көрсетіліп тұр. Сөйтіп, бұл жиілік сөздіктегі мәліметтердің дұрыстық деңгейі бұрынғы сөздіктерге жоғары. Екіншіден, сөздіктің түрлі нұсқалары ұсынылды. Мәселен, әліпбилік-жиіліктік (сөздер әліпби бойынша тұрады) сөздіктен тұтынушы қажетті сөзді оңай таба қояды. Жиіліктік-әліпбилік сөздікте сөздер жиілігі бойынша орналасады, яғни ең жиіден ең сирек қолданыс ретімен беріледі. Сол сияқты қазақ тілінің барлық негізгі стильдері бойынша сөздердің жиілігі көрсетілді. Мәселен, ғылыми стильде «қара» деген етістік көбірек қолданылады, ал көркем әдебиет стилінде «қара» сөзінің сын есімді омонимінің жиірек қолданылаты-ны белгілі болды. Тағы бір артықшылығы, әрбір сөз табы бойынша жиілік бөлек берілді. Жоғарыда өзіңіз де ағылшын тілінде сөз таптарына қарай жіктеп, зат есім мен қимылды білдіретін етістікті бірінші кезекте үйрететінін айттыңыз. Сол тұрғыдан оқулық құрастырушыларға жеңіл болу үшін жиілік сөздікті әрбір сөз табы бойынша да алып шықтық.
– Бұл сөздік қашан шығып, әдістемелерде қолданылады?
– Бұл тіл үйрету әдістемесін жақсартудың мықты базасы болмақ. Жалпы, жиілік сөздікке қатысты жұмыстардың барлығы аяқталды. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта оны редакторлық жұмысқа беріп, басылымға дайындаймыз.
Жалпы, кез келген пәннен оқулық жазғанда авторлардың жиілік сөздікке жүгінгені жөн болады. Екіншіден, жиілік сөздік қазақ тілінің курстарын оқытатын жоғары оқу орындарының оқытушыларына керек. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымның түрлі саласының зерттеушілері үшін де қажет. Бұл – тіліміздің қазіргі даму деңгейін, бет-бейнесін көрсететін сөздік. Саясаткерлер үшін де таптырмайтын құрал дер ем. Егер сіз халыққа сөзім жетсін десеңіз, онда жиі қолданылатын сөздерден сөз құрауыңыз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
(сұхбатты aikyn.kz үшін дайындаған журналист Камшат Тасболат)
Әрі қарай